Өз ғасырының бір туар перзенттерінің бірегейі ретінде тарихтың алтын парақтарында өмір жолы мен қызметі хатталып, халқының жадында мәңгілік сақталып қалған ұлы тұлға — Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Айрықша құрметтеуге лайықты қарымды қайраткер ретінде ел есінде қалған еңсесі биік жан.
Осынау тау тұлғалы азаматтың туған күніне орай Тараз қалалық ардагерлер кеңесі Абай атындағы орталық кітапхана ұжымымен бірлесе отырып, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың 110 жылдық мерей тойына арнап «Ұлтымыздың ұлы тұлғасы» атты оқырмандар конференциясы өткізілді.
Бас қосудың мақсаты — жас ұрпаққа дәуірдің дара тұлғасы, адамдықтың Алатауы Дінмұхамед Қонаев туралы жан-жақты түсінік қалыптастыру, кемеңгер тұлғаның мемлекетке және халқына сіңірген ерекше еңбегін, қажырлы жүргізген саясатын үлгі ету, жастар бойына халқымыздың құндылықтарын сіңіріп, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін әдебиеттерді насихаттау.
Іс-шараға Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Малтабар Жаманбаев бастаған бір топ ардагерлер, колледж білімгерлері мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Алғашқы сөзді қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы, кезінде Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің полковнигі болған Сауранбек Жамалбеков алды. «Химпром» өнді- рістік бірлестігінде ауысым басшысы болып жүрген кезінде 1969 жылы маусым айында зауытқа Д.Қонаевтың келгендігін айтып, қол алысып тұрып, өзіне айтқан жылы лебізін, тілегін тебірініспен жеткізді.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Д.Қонаев» медалінің иегері Баймағанбет Ахмет бүкіл Алаш жұртына аты мәлім Димаш ағаның елінің өркендеп өсуіне қосқан үлесі мен сіңірген еңбегінің зор екендігін айта келе ол кісі жөнінде жазған туындыларымен жан-жақты таныстырды. Өз кезегінде ақын Құрманғазы Мыңжасарұлы Д.Қонаевқа арнаған арнау өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы Әкелер кеңесінің төрағасы Аманқұл Ысқақов та өлең жолдарын домбырамен нақышына келтіріп, орындап берді.
Қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру-әдістемелік комиссиясының төрағасы Алдаберді Мақашев Д.Қонаевпен ұмытылмас әсерлі кездесуін ерекше шабытпен баяндады.
1980 жылы 12 маусымда Д.Қонаев Сарысу ауданына іс-сапармен келіп, бірқатар шаруашылықтарды аралағаннан кейін аудандағы жаңа типтік жобамен салынған № 124 Байқадам селолық орта кәсіптік-техникалық училищесіне атбасын бұрып, ондағы инженер-педагогикалық ұжыммен оқушылармен кездесіп, оқу орнының оқу-материалдық базасымен танысты.
Өзіне жарасымды еңселі биік бойы, жайдары жүзі бізге ерекше жылы көрінді. Ардақты кісінің өз көпшілікпен қол беріп амандаса бастады. Мен ол кезде директордың орынбасары едім, жұмсақ та аялы алақанын директордан кейін екінші болып алып ерекше қуанышқа кенеліп қалдым. Аса құрметті кісімен түскен суретті сары майдай сақтап келемін.
Кітапхана қызметкерлері өзінің телегей теңіздей білімі мен тәжірибесін, жеке өмірін тұтастай халқына, ұлтына арнап, мансап пен байлықтың құлы болмай, өзінің емес қара ормандай халқының, ұлты мен ұрпағының қамы үшін адал ғұмыр кешіп, баршамызға үлгі болған Д.Қонаевқа арналған «Заманының заңғар тұлғасы» атты кітап көрмесімен таныстырып, библиографиялық шолу жасады. Д.Қонаевтың өмірі мен еңбек жолына арналған «Елін танытқан ер» атты бейне шолу көрсетілді.
Тараз қалалық ардагерлер кеңес төрағасының орынбасары М.Жаманбаев қоғам қайраткері Д.Қонаев өз заманының ұлы саясаткер болғандығын, ол билік басында болған уақыт қарама-қайшылықта күрделі болғанымен, елдің экономикасын әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңіргендігін айтып өтіп, жас ұрпаққа ұлы тұлғаның жүріп өткен жолын насихаттау санасына жеткізу бүгінгі күннің талабы екендігін атап өтті.
А.Меңлібайұлы
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі
Ардагерлер кеңесі. – 2022. – 2 наурыз