Таразда қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Құтты келін — шаңырақ ырысы» атты келіндер байқауы өтті. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, халқымыздың мәдениеті мен әдеп-ғұрпын кеңінен насихаттау мақсатымен ұйымдастырылған шараға қала әкімдігі қолдау көрсетті.
Шараның шымылдығы облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркеповтің ақ батасымен түрілді. Ал сайыс басталып, ақ жаулықты келіндер сахнаға шыққанда зал іші нұрға толғандай болды. Келіндердің әр қимылынан — ізет, әр сөзінен — ілтипат, күлкісінен мейірім төгіліп тұрды.
Бес кезеңнен тұрған байқауға келін мен енеден құралған 5 жұп қатысты. Әр саланың тізгінін ұстап, қызметке де, үй шаруасы мен бала тәрбиесіне де үлгеріп жүрген нәзікжандылардың бірінен-бірі өтетіні ә дегеннен-ақ байқалды. Келіндерін қолдаған енелерінің демеуі де бірден аңғарылды. Осылайша қатысушылар кезең-кезеңмен өз өнерлерін ортаға салып, ұлттық тағам пісіріп, кесте тігіп, қазақ келінінің шебер де сыпайы болмысының биіктігін көрсетті.
Айталық, қатысушылар «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» бөлімінде өрнекті сөз, көрікті оймен өздерін таныстырды. Мұнда қазылар алқасы келіндердің сөз саптауы, иба-инабаты мен сахналық киіміне баса назар аударды. «Атамұра — асыл қазына» бөлімінде жұптардың шығармашылық қабілеттері сыналды. Ал «Балалы үй — базар» кезеңінде келіндер бала тәрбиесіндегі ұлттық тәрбиеге қатысты ситуациялық сұрақтар арқылы қазылар қойған тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар бесік жырын айтудан да сынға түсті. «Әйел — үйдің қазығы» бөлімінде ақ жаулықтылардың отбасылық құндылықтарға байланысты салт-дәстүрлерді, жанұяға қатысты жөн-жоралғыны қаншалықты білетіндері, туыстық қарым-қатынастар жайындағы түсінік-танымдары тексерілді. Қорытынды бөлімде келіндер өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ шай құю мәдениетін меңгеруіне көңіл бөлінді.
Байқау нәтижесі бойынша «Көрермен көзайымы» аталымы М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Мәдениет және өнер» кафедрасының оқытушысы Айгүл Байсмақоваға бұйырды. Абай атындағы кітапхананың кітапханашысы Гүлжанар Золина «Сүйкімді келін» атанса, «Almaz Medical Group» емханасы «Диагностика» бөлімінің медбикесі Бибінұр Қабдраш «Парасатты келін» номинациясын иеленді. Ал Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының мұғалімі Алтынай Рысбекова – «Инабатты келін», балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының оқытушысы Ақбота Қосақбаева «Өнерлі келін» аталымына лайық деп танылды. Осылайша барлық келін жеңіс тұғырынан көрініп, ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар ұсынылды.
— Бүгінгі заманда адам жанына жылу сыйлайтын рухани құндылықтар екінші қатарға ысырылып бара жатқандай. Осындай сәтте келіндер байқауы – халқымыздың салт-дәстүрін қайта жаңғыртып, аналық ізеттің, отбасы бірлігінің, инабаттылықтың мәнін ұғындыратын ерекше шара. Бұл байқаудағы әр сәлем, әр тағам, әр киім ұлттың тарихынан сыр шертеді. Келіннің иіліп сәлем салуы — құрметтің белгісі, тіліміздегі әдепті сөздер — тәрбиенің негізі, ал шебер қолынан шыққан тағам мен кесте — өнер мен махаббаттың көрінісі.
Келін — шаңырақтың шырағы. Сондықтан келіннің бойындағы инабат пен иман, мейірім мен ізет — ұлт болашағының кепілі. Міне, осыны ұғындыру үшін өткізілетін әрбір келіндер байқауы — тек сахналық көрініс емес, ұрпақ сабақтастығының, рухани жаңғырудың жарқын көрінісі, — дейді қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы «Аналар алқасының» төрайымы Жанат Сарыбекова.
Осылайша бұл күн ұлттың ұлағатын ұлықтаған күн болып, қазақ келінінің жүрегіндегі мейірім мен парасат нұры ел іргесін бекем ететін ең асыл қазына екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Арайлым Шабденова
Jambyl-Taraz. — 2025. — 24 қазан