Қойшыбаев Б. Тәуелсіздік һәм зиялылар

Тәуелсіздік — халықтың ғасырлар бойы арман-мұратының жүзеге асқан сәті. Бірақ сол азаттықтың қадірін түсініп, оны нығайта білу — әр буынның тарихи жауапкершілігі. Құрметті оқырмандар! Қараша айында Ай кітабы бетіне жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың 80 жасына орай  «Тәуелсіздік һәм зиялылар»  атты кітабын ұсынамыз:

Қойшыбаев, Б. Тәуелсіздік һәм зиялылар [Мәтін] : (тарихи миниатюралар, зерттеулер, мақалалар, сұхбаттар) / Бейбіт Қойшыбаев. — Алматы: Тоғанай Т, 2024. — 368 б.

   Жазушы, публицист, тарих ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері Бейбіт Орынбекұлы Қойшыбаев 20 қарашада 1945 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданы Саудакент ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітірген.

1968-69 жылдары Байқадам кәсіптік-техникалық училищесінің оқытушысы, 1969-71 жылдары Қазақ КСР-і Министр Кеңесінің “Қазақ ауыл шаруашылығы техникасы” бірлестігінде инженер, аға инженер, 1971-75 жылдары Алматы облысы комсомол комитетінің кәсіптік-техника білім секторының меңгерушісі болды. 1975-85 жылдары «Қазақстан пионері», «Білім және еңбек», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газет-журналдарында жауапты қызметтер атқарды. 1985-87 жылдары Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесі Төралқасы аппаратында Жоғары Кеңес актілерін жариялау тобының аға редакторы болды. 1988-89 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде аға тілші, бөлім меңгерушісі, 1990-91 жылдары «Денсаулық» журналының бас редакторы, 1991-96 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, сонымен бірге Қазақстан әдеби қоры басқармасының төрағасы, «Тіршілік» журналының бас редакторы, «Әдеби қор жаршысы» газетінің бас редакторы, 1997-2001 жылдары «Zaman – Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары болды. ҚР Экономика және сауда министрлігі автор құқығын қорғау агенттігі бас басқармасының бастығы, Алматы облысы көші-қон және демография басқармасында бөлім бастығы қызметтерін атқарды. 2001-2003 жылдары «Қазақ энциклопедиясы» баспасында бастығының орынбасары, 2003-07 жылдары «Заңгер» журналының жауапты редакторы, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары болып істеді.

Өз еңбектерінде тарихтың «ақтаңдақ» беттерін зерттеуге ден қойды. Шығармалары орыс, беларус, болгар, қытай тілдеріне аударылған. Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Құрмет» орденімен марапатталған.

Бейбіт Қойшыбаевтың «Тәуелсіздік һәм зиялылар» атты кітабында өткеніміздің белгілі-бір кезеңдеріндегі мәселелер жайлы уақытында қағаз және электронды бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жария еткен зерттеулері, тарихи миниатюралары, публицистикалық мақалалары, дөңгелек үстел материалдары, журналистердің сауалдарына берген жауаптары белгілі бір жүйемен топтастырылған. Біріне бірі ішкі үндестікпен жалғасқан материалдардың бәрі оқырманның тарихи жады мен санасын жаңғыртуына септесіп, тәуелсіз еліміздің қазіргі жағдайы мен болашағы жайында ой түюіне, зиялылықты, зиялылардың әр кезеңдегі әрекеттерін сын көзбен саралай білуіне, сөйтіп қазіргі таңда аса қажет айқын азаматтық позициясын бекемдей түсуіне жәрдемдесуді көздейді.

Кітап Отан тарихының ақиқатын білуге құмартатын, бүгінімізді дәл танып, — 2022 жыл басындағы халықтық революцияны тұншықтырған Қанды қаңтардан кейін алға тартылған Жаңа Қазақстан құру идеясын, күн тәртібіне шыққан ұлы мұраттарымызды тереңнен түсінуге және жеке басының иланымдық тұғырын мығымдай түсу арқылы жүзеге асыруға бекіген ізденімпаз азаматтарға, жастарға, қалың жұртшылыққа арналған.