Тараз қаласының Абай атындағы орталық кітапханасында «Bookdating» жобасы аясында шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған «Шығыстың ұлы ойшылы» атты окырмандар конференциясы өтті.
«Bookdating»-кітапсүйер кауымның зияткерлік алаңы. Ол түрлі тақырыптар мен бағыттардағы кітаптарды талқылайтын тиімді, заманауи платформа. Жобаның мақсаты — білімді қоғам топтарын шоғырландыру, отандық жазушыларды қолдау, оқырмандарға міндетті түрде оқу үшін кітаптың өзің таңдаған нұсқасын ұсыну.
Басқосуда алғашқы сөз Тараз қаласындағы №46 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Меруерт Юсупова:
— Әбу Насыр әл-Фараби — ғұлама ғалым, Түркі жұртының жарық жұлдызы. Ғұламаның отаны Қазақ жерінің оңтүстігіндегі Отырар қаласы. Әл-Фараби-көрнекті ойшыл, өзінің замандастарының арасындағы ірі ғалым, философ және шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі. Өзінің білімділігімен және сауатгылығының арқасында «Екінші Ұстаз» атанған. Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор. 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактат жазған, — деп сөзін түйіндеді.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәмен Оразғалиұлы Құлбарақ өз сөзін ғұламаның еңбектерімен тұжырымдады:
— Биыл елімізде Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1155 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Әлемнің ұлы ойшыл-философтары әр дәуірде бақытты өмір, бақуатты тұрмыс мәселелері жөнінде ой толғаған. Солардың ішінде Әбу Насыр әл-Фарабидің осы тақырыпқа арналған «Бақыт жолын сілтеу», «Бақытқа жету жайында» атты еңбектерінің орны бөлек. Ол өз шығармаларында адамзат өміріндегі ең өзекті мәселе-бақыт идеясын ұсынады. Ғұлама ғалым адам бақытын басты орынға қояды. Бақыт дегеніміз-өмірден ләззат алу емес, әрекетшіл ақыл-парасат арқылы мақсатқа жету екенін айтады. Фараби бақытқа кенелу формуласын «Адамның өзін өзі жетілдіре отырып, кемелдікке жету жолы» деп көрсетеді.
Тараз қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің жетекшісі Алдаберді Мақашев та өзінің ой-пікірін білдірді.
— Шығыстың ұлы ойшылының шығармашылық мұрасына деген үлкен қызығушылық бүкіл әлемде және Қазақстанда толассыз артып келеді. Әл-Фарабидің өзінен кейінгі мәдениетке, Шығыс және Орталық Азия халықтары, соның ішінде дүйім түркі жұрты мен қазақ халқының мәдениетінің дамуына ықпалы ұзақ және жан-жақты болды.
Сондықтан, бүгінгі ұрпаққа шығыстың ұлы ойшылының мұраларын насихаттауда шығармаларының шыңына жетіп түсіндірсек және Әл-Фарабиді тереңінен тануына жол ашылары сөзсіз, — деп Алдаберді Меңлібайұлы өз сөзін қорытындылады.
Конференция соңынан «Әл-Фараби — әлемнің ұлы ойшылы» атты кітап көрмесі ұсынылды.
Сауранбек Жамалбеков, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы
Ғұмыр-Дария. — 2025. — 30 қыркүйек