Роботтар мен дрондар 20-шы ғасырдың жаңалығы емес, олардың тарихы әлдеқайда тереңде жатыр. Жапониядағы «каракури-нингё», әйгілі әл-Джазаридің автоматтан- дырылған субұрқағы мен заманауи сағаты олар туралы түсініктің өте ерте заманда қалыптасқанына дәлел бола алады.
Жас оқырман, қолыңдағы қызықты иллюстрациялармен безендірілген Скотт, М. «Роботтар мен дрондар. Кеше, бүгін, ертең» атты комикс-кітап сені робототехника тарихымен, робот құрастыруға мүмкіндік беретін негізгі құралдармен таныстырады.
Скотт, М. Роботтар мен дрондар. Кеше, бүгін, ертең [Мәтін] : ғылыми комикс / Мейргрид Скотт. ; ил. Д. Чабот ; ағыл. тілінен ауд. М. Шынарбекқызы. — Астана: Фолиант, 2024. — 128 с.
Роботтар мен дрондар олар зауытта! Олар аспанда! Олар көліктер мен телефондарда! Үйіміздің бұрыш-бұрышында! Қазіргі уақытта роботтар барлық жерде! Тарихы сонау ортағасырлық Жапонияның шай ұсынатын ойыншықтарынан бастау алып, заманауи марсоходтарға дейін түрленген роботтар ғасырлар бойы адам баласының сенімді серігі, көмекшісі әрі қорғаушысы болып келеді. Қолыңдағы комикс-кітаптан әлемнің ең ежелгі роботтарының бірі Полли есімді механикалық құспен бірге роботтардың тарихымен танысып, олардың бүгінгі күнге дейін қандай өзгерістерге ұшырағанын бақылай аласың!
Сонымен, роботтар біздің күнделікті өміріміздің маңызды бөлігіне айналды, уақыт өткен сайын олардың қоғамға тигізер пайдасы артуда! Олар біздің жұмысымыз бен өмірімізді жеңілдетіп, жаңа нәрселерді игеруге мүмкіндік беруде. Мысалы, қазір Марсты зерттеп жүрген роботтар бар!
Сондай-ақ біз көптеген шаруаны тындыру үшін олардың көмегіне жүгінеміз. Болашақта кей роботтар фермерлерге азық-түлік өсіруге көмектессе, күтуші роботтар қартайған адамдарға күтім жасайтын болады. Дәл қазір ақылды протездер мен экзоскелеттер мүмкіндігі шектеулі адамдардың өздігінен жүруіне мүмкіндік берсе, дәрігерлер ота жасау үшін роботтарды пайдалануда. Олар кейде сондай күлкілі. Роботтардың футбол ойнағанын көргенсің бе?
Роботтар әлемде қаншалықты көп таралса да, оның жетілдірілген бір ғана түрін жасау көп еңбекті талап етеді. Компоненттерді біріктіріп, қарапайым ғана тапсырманы орындайтын бір роботты жасау үшін дизайнерлер, инженерлер және бағдарламашылар біраз уақыт пен күштерін жұмсайды. Роботтар шаңды сору, аспаннан суретке түсіру және көлікті жүргізу сияқты іс-әрекеттерді жақсы жасағанмен, адамдар секілді бәрін бір уақытта жүзеге асыра алмайды. Осыған қарамастан олар күннен-күнге дамып келеді. Тіпті кейбірі машиналық оқу үлгісін пайдалана отырып өздігінен оқып, жаңа іс-әрекеттерді үйрене алады!
Бұл комикс — балаларды технологиялар әлеміне қызықты жолмен жетелейтін көңілді әрі танымдық кітап. Онда роботтар мен дрондардың қалай пайда болғаны, олар бүгінгі таңда қайда қолданылатыны және болашақта қандай мүмкіндіктер ашатыны қарапайым түрде түсіндіріледі.
Кейіпкерлер оқырманды алғашқы автоматтардан бастап, алғашқы роботтардың жасалу тарихына дейін алып барады. Балалар ежелгі өнертабыстардың робототехника негізін қалай қалағанын біледі.
Барлығы комикс стилінде, жарқын суреттермен және күлкілі диалогтармен көрсетілген. Сонымен қатар кітапта өз роботыңды құрастыру үшін бірнеше кеңес берілген.
«Роботтар мен дрондар: кеше, бүгін, ертең» атты комикс-кітабымен роботтар әлеміне саяхатта!