Тараз тарихы – табыс көзі
Тараз – 2000 жыл бойы жеті бас аждаһа жаудың жалынына, жеті жұттың кеселіне төтеп берген шаһар. Жеті рет жермен жексен болып, жеті мәрте қайта құлпырған мекен. Жетпіс елдің өкілін қабылдап, қырық рулы елге пана болған қасиетті орда. Қанша қиын-қыстау кезеңді көрсе де, Тараз – бар байлығымен, тарихи мұрасымен, аңыз-әфсанасымен бүгінгі күнге дейін жетіп, өзінің өміршеңдігін паш етіп келеді.
Екі жыл бұрын бұл шаһарда дүркіреп Қазақ хандығының 550 жылдығы, ал 2002 жылы Тараздың екі мың жылдық тарихы атап өтілген. Қаншама көне ескерткіштер қалпына келтірілді. Тараз табанындағы ежелгі шаһардың орны қазылып, топырақтан тазартылды. Туризмді дамытуға, қонақтарды қарсы алуға барлық жағдай жасалды. Қонақүйлер, түрлі деңгейдегі мейрамхана, мәдениет ошақтары өз қызметін ұсынуда. Ұлы Жібек жолы қайта жаңғырып, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізі пайдалануға берілді. Тіпті әуежайдың өзінде жаңа терминал іске қосылды. Жаңа ұшу алаңы төселіп, барлық типтегі ұшақтарды қабылдау мүмкіндігі туды.
Туризмнің кіндігіне айналуға әлі де көптеген жағдай жасалынып жатыр. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, Тараз бен Түркістан қалаларын жылына 1,5 миллион турист тамашалайтын көрінеді. Бұл көрсеткіш қуантарлық жағдай. Алайда мұның басым бөлігі өз азаматтарымыз екенін мойындауымыз қажет. Туризм ошақтарына қаржы көптеп құйылу үшін шетелден қонақтардың көптеп келуі абзал. Бір турист кемі 300 доллармен қазақ шекарасын аттаса, оны бізде қалдырып кететініне күмәнданбаңыздар. Біздің міндет – иіліп жастық, жайылып көрпе болып қызмет ету. Келесі келгенде ол екі есе ақшасымен, екі досын қосақтап ертіп келетін болады.
Бұл тұрғыда ел үкіметі туризм бағытына қолдан келген көмегін көрсетуде. Сонымен қатар жеке компаниялар да, кәсіпкерлер де атсалысуда. Жақында Qazaq Air әуе компаниясы да киелі шаһарға Алматы – Тараз бағытындағы жаңа рейс ашты. Елдің ірі мегаполисі мен көне шаһардың арасында бұған дейін әуе жолымен ешқандай байланыс болмағанын ескерсек, бұл қадам үлкен өзгерістердің бастауы екені, әсіресе, ел аралаушылардың айы оңынан туатынын көруге болады. Алматы әуежайы Орталық Азиядағы ең ірі әуе қақпасы екені аян. Бұл қалаға батыс пен шығыстан қатынайтын әуе компаниялардың санында шек жоқ. Енді шетелдік тәкаппар туристі Алматыдан алты сағат уақытын жолға сарп еткізбей, небәрі 55 минутта Әулиеата әуежайына Bombardier Q400 ұшағымен жеткізуге болады.
Осы рейсті пайдаланып өткен аптада алматылық бір топ турист, журналист, блогері бар он шақты кісі жиналып, Таразға барып тамсанып қайттық. Жаңадан ашылған рейспен аптаның сенбі, жексенбі демалысында қандай қызыққа бөленуге, қанша тарихи орынды аралап көруге болатынын көзімізбен көрдік.
Көне Тараз» археологиялық паркі
Алматының мың жылдығын дәлелдеу, әлбетте қиынға соққаны белгілі. Таразға 2000 жыл толғанын – қаланың қақ ортасында табылған жеті қабат жерастында ғасырлар бойы сақталған ежелгі шаһардың орны айтпай-ақ көрсетіп тұр. Қалашықты қазу кезінде мәдени қабаттардың барлық қатпарларын ашу арқылы көне Тараздың ең төменгі қабаттары б.д.д. І ғасырдың соңында бұл аймақта тіршілік болғанын көрсетеді.
Жамбыл облысының басшылары екі жылдай уақыттың ішінде бұл аймақты «Көне Тараз» археологиялық паркі етіп ашты. Аспан астындағы музейде әлі күнге дейін құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жер қойнауында қалған ежелгі шаһар толық аршылып біткен жоқ. Дәл осы жерден табылған түрлі бұйымдар мен жәдігерлерді парк аумағындағы жабық музейде экспонат түрінде сақтаулы. Аршылған ежелгі қаланы жаңбыр суы шайып кетпес үшін оның аумағын үлкен шатырмен жауып қойғаны қуантты. Қонақтар әр тасты, әрбір аршылған дуалды түртпектеп шұқыламас үшін арнайы ағаштан жасалған жолдар салынғаны – мәдени мұрамыздың сақталуы жолындағы оңтайлы шаралар екеніне көзіміз жетті.
Бірақ біздің топ, Тараздың тарихын білмекке, көрмекке келген басқа да туристер бұл игіліктерге қолы жетпей, құйған қаржысының желге ұшқанын түсініп, Қарахан мен Айша бибі мазарына барудан басқа амалы жоқ екенін түйсінді. Ұзын лентамен жауып тастап, «бұл жерде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, басшылық кіргізбесін деген талап қойды» деп қарауыл көне шаһардың маңайына бармауымызды өтінді. Дегенмен «біз журналист едік, анау едік, мынау едік» деп маңайлап барып көруге рұқсат сұрап, суретке түсіріп алдық. Көктем мен жаз айларында туристердің қаптап жүретінін ескерсек, Тараз қаласы басшыларының мұндай қадамға барғаны қызық-ақ. Не болмаса ескертпе жазылған қағазды да ілмеген. Көзі ашық, көкірегі ояу шетелдік турист, өз еліне барған соң Таразда дым көре алмағанын отандастарына айтады, жеткізе алмағанын әлеуметтік желідегі парақшасына жазады. Қанша бюджетке түсетін қаржыдан қағылатынымыз хақ. Осыдан кейін «елімізге турист неге аз келеді» деп бас қатырып, түрлі конференциялар ұйымдастырып тағы ақшамызды шашамыз.
«Сын болмай, мін болмайды» дейді атам қазақ. Барымызды насихаттасақ, бай мұрамызды көрсетуге қолжетімді етсек, төл тарихымызды танытсақ – Ұлы дала елін көргісі келетіндердің қатары көбейіп, елдегі туризм саласы аяғынан нық тұрып, бюджет түсімдерінің негізгі тетіктеріне айналар еді.
Бір өкінішті бір қуаныштың басатыны рас екен. Археологиялық парк аумағында шығыс стилінде өрілген мұнара бар. Осы күні есігі айқара ашық екен, бізді мұнараның жоғарғы қабатына көтерілуге тегін кіргізді. Жалпы, төлеп кіретіндерге бағасы қолайлы – 200 теңге. Әлгі биіктен Тараздың бүгінгі келбетін айқын көруге болады.
Жұмбақ шаһар Ақыртас
Өңірдің сан қатпарлы тарихын баяндайтын тағы бір мұралардың бірі – Ақыртас қалашығы. Тараздан 45 шақырым қашықтықта, тау баурайында тұрғызылған тас қамал іспеттес шаһардың тылсымы көп. Тарихшылар әлі күнге дейін нақты деректер келтіре алмай, түрлі болжамдар айтуда. Бір дерек көздері араб шапқыншылығы кезінде тұрғызылған қамал десе, енді бір тарихшылар буддизм шіркеуі болуы ықтималдығын айтады. Одан бөлек те түрлі әфсана ел аузында айтылып жүр. Бұл қалашық жайында алдағы нөмірлерде жеке мақала жазуды топшыладық.
Сапарды қолдап, жай-күйімізге алаңдаған «Алтын керуен» туристік мекемесі, оның басшысы Альбина Веймер, «Айша делюкс» қонақүйі, «Әулиеата» халықаралық әуежайы Тараз туризмінің дамуы жолында қыруар жұмыс атқарып жатқанын айта кетуіміз керек.
Асқар Бек
Айқын апта. – 2017. – 27 мамыр