Мама

Құрметті жас оқырман!

       Сіздердің назарларыңызға Бельгиялық жазушы, ақын Элен Дельфорж жазған және де оның отандасы, суретші Квентин Гребан иллюстрацияларын салған «Мама» кітабын ұсынамыз.

     Дельфорж, Э. Мама [Мәтін] / Элен Дельфорж, Квентин Гребан. ; [француз тілінен ауд. З.Батаева, С.Батаева]. — Алматы: Steppe&World Publishing, 2020. — 64 б.                     

                                               Әлі алда ең алғашқы қадамың,

                                              Ең алғашқы қылқалам мен кітабың.

                                              Суға жүзген ең алғашқы құлашың,

                                                 Ең алғашқы әлди-әні анаңның,

                                             Ең алғашқы балауыз шам, мерейің.

                                            Ең алғашқы таспадағы бейне-фильм.

   Ең алғашқы «Мама» деген асыл сөз,

   Ең алғашқы жақсы көрген сезімің.

Әлі алда ең алғашқы әзілің,

Ең алғашқы қасық толған балшырын,

Ең алғашқы түймедағың бақтағы.

Міне, солай.

Ояндың ба, құлыным?

Болашаққа жоспарымыз осындай!

      Бұл жыр жинағы тек тамаша шумақтарымен ғана емес, бельгиялық автор Квентин Гребанның 32 акварель суретімен де тәнті етеді. «Мама» жыр жинағы 2018 жылы жарық көріп, әлемнің 25 тіліне аударылған.

           Мама — адам баласының ең алғашқы сөзі. Мама — барлық аналарға ортақ есім. Мама — махаббат, мейірім, байланыс, кейде сағыныш. Әлемде қанша бала болса, сонша ана бар. Сонда да, барлық құрлықтардағы аналар сәбиін құшағына алғанда, олар бір-біріне ұқсайды екен.

    Бұл кітапта әр дәуірдегі, әр континенттегі ана тағдырының қуанышы мен қайғысы өлең түрінде суреттелген. Автор ана махаббатының қаншалықты терең екендігін көрсетеді. Қазір «Мама» өлеңмен жазылған заманауи кітаптар арасында ең танымал шығармалар қатарына кіреді.

     «Ана» әлемнің бар жақсылығы мен махаббатын сыйғызуға болатын жалғыз сөз. «Ана» дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ. Осы үш қана әріптен тұратын «Ана» сөзінің астарында теңіз сияқты терең ой жатыр.

     Кітапты қолыңызға алып, ананың махаббатына толы әлемге бірге саяхаттайық! Ана жүрегі — мейірімнің мекені. Бұл кітап соның дәлелі. «Мама» — жүрекке жол табар ерекше шығарма. Сіздерді жүрекке жылы, ерекше сезімге толы Элен Дельфорждың «Мама» кітабын оқуға шақырамыз.

                                                           Кітап — сенің жан досың!