Тараздың шығысынан жаңа қалашық бой көтереді
Тараз қаласындағы Достық үйінде Ұлттық құрылыс саласы ассоциациясының төрағасы Мұхит Әзербаев облыс əкімі Кəрім Көкірекбаевты автобекет аумағындағы 14- шағын ауданның құрылыс жобасымен таныстырды. Жалпы аумағы 100 гектар болатын шағын аудан 16 мың тұрғынға есептелген. Онда 250 орындық 3 балабақша мен 1200 оқушыға арналған 2 орта мектеп, спорттық, медициналық, балаларды сауықтыру кешендері мен заманауи сауда нысандары бой көтермек. Мұхит Бақытұлы аталған шағын ауданға Абай көшесі арқылы баруға да болатынын айтады. Оның сөзіне сүйенсек, Сыпатай батыр көшесімен шектесіп жатқан Абай көшесінің құрылысы жалғастырылып, көлденең жатқан темір жолды қиып өту арқылы шағын ауданның арасымен «Алматы – Ташкент» бағытындағы үлкен жолға қосылады екен. Аталған көшенің бойында да тұрғын үйлер қатар түземек.
– Таныстырылып отырған жоба алғаш 2013 жылы ұсынылған еді. Осыған дейін жоба бірнеше рет егжей-тегжейлі нақтыланып, көптеген өзгерістер енгізілді. Шағын аудан «Алматы-Ташкент» бағытындағы Тараз қаласына кіреберіс жолдың тұсынан салынады. Осыған орай, қаланың кіреберісі болғандықтан, жобада көп ерекшеліктерге мән берілді. Айта кетер бір жайт, тұрғын үйлер, кинотеатрлар, мейрамханалар мен қонақ үйлер, сауда, спорттық-медициналық, сауықтыру кешендері секілді кез келген әлеуметтік нысан заманауи сәулеттік үлгіде салынатын болады. Аталған аумақта, сондай-ақ мұз алаңы, саябақтар да орналастырылады. Шағын аудан арқылы өтетін Абай көшесі мен Жамбыл даңғылының қиылысынан көрікті алаң ашылады. Жалпы, мұнда барлығы 49 көп пәтерлі тұрғын үй салынады. Оның ішінде 27-сі – 5, 16-сы – 9, алтауы – 12 қабатты тұрғын үй, – деді ол.
Кәрім Нәсбекұлы аталған шағын ауданның құрылыс жобасымен танысқаннан кейін, онда негізінен жастар тұратынын тілге тиек етіп, «Жастар қалашығы» деп атап өтті. Сонымен қатар, қалашыққа көрік қосу үшін саябақтардан бөлек өзге де жерлерге субұрқақтар орнату, сауда үйлерін үлкен көшенің бойына емес, мейлінше тұрғын үйлерге жақын орналастыру керектігін еске салып, жобаға осы тектес мәселелерге қатысты бірқатар түзетулер енгізуді тапсырды.
Облыс әкімі өзінің халық алдында берген есебінде жаңа шағын аудандар салынатынын айтқан болатын. Бұл сол есепте айтылған жұмыстардың жүзеге асырылып жатқанының көрінісі. Шағын ауданның құрылысы келер жылы басталады.
Нұрым Сырғабаев,
Ақ жол. — 2017. — 15 сәуір