Қай кезде де ұлттың рухын көтеретін, елдік пен ерліктің мәнін ұқтыратын тұлғалар бар. Солардың бірі — аты аңызға айналған батыр, жазушы, ұлт ұлағатының символына айналған Бауыржан Момышұлы. Оның өмір жолы мен ойлары — тек соғыс даласындағы ерліктің ғана емес, рухани биіктіктің де көрінісі.
Бауыржан Момышұлының шығармашылығының бір саласы оның өлеңдері мен қанатты сөздері, мақал — мәтелдері. Батыр жазушының өсиет сөздері күні бүгінге дейін елдің аузында.
Құрметті оқырмандар! Желтоқсан айында Ай кітабы бетіне Ұлы Отан соғысының хас батыры, атақты қолбасшы, екі тілде бірдей жазған қаламы жүйрік жазушы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай «Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері» атты кітабын ұсынамыз:
Момышұлы, Б. Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері [Мәтін] — А.: Sana Publishing, 2025. — 120 б.
Нақыл сөз — белгілі бір ойды терең мағынамен, әсерлі және ықшам түрде жеткізетін даналық тұжырым. Ол адамгершілікке, еңбекке, ерлікке, білімге, өмірдің мәнін түсінуге үйретеді.
Бұл кітап аты аңызға айналған қазақ батыры, жазушы әрі ойшыл Бауыржан Момышұлының терең ойлы, мән-мағынаға толы қанатты сөздері мен нақылдарын жинақтайды. Ерлік пен елдіктің символына айналған Бауыржан Момышұлының өмірлік тәжірибесінен, әскери және рухани мұрасынан алынған бұл цитаталар оқырманға ой саларлық, шабыт берерлік қуат сыйлайды. Кітапта батырдың Отан, парыз, батылдық, тәртіп, білім, достық және өмір мәні туралы айтқан ақыл-кеңестері ұсынылған. Әрбір сөзінде терең даналық, ұлт рухын асқақтатар жігер мен адамгершілік ұстанымдары көрініс табады. «Бауыржан Момышұлының даналық сөздері» — жастарға үлгі, аға буынға тәрбие құралы бола алатын, рухани байлыққа толы кітап. Ол әрбір қазақтың үйінде орын алатын құнды туынды болмақ. Бұл кітапты оқи отырып, батырдың ой әлеміне үңіліп, өзіңіздің де рухани көкжиегіңізді кеңейтіңіз!