Ақыртас алдағы жылы есігін ашады

Ақыртас алдағы жылы есігін ашады

         

          «Жақында шет елден Жамбыл об­­лысы­на жеті-сегіз турист келген бола­­тын. Олар өңірдегі тарихи жерлерді ара­­­лап, ең соңында көне Тараз қаласы ор­­­нын­­­да жүргізіліп жатқан қазба жұ­мыс­­­тары­­­мен танысқысы келді. Бірақ біз­­ді ол жаққа күзетшілер жібермей қой­­­ды. Ал кейінгі кездері аймаққа кел­­ген турис­терді көне қала орнында жүр­гіз­і­­­ліп жатқан жұмыстардың көбі­рек қы­­зық­­ты­ратыны белгілі болып отыр. Сон­да бұл жерге турис­терді қашан апара аламыз?»

Қайсыбір жиында «Золотой караван» туристік орталығының директоры Альбина Веймер облыс әкіміне сұрақты осылай төтесінен қойды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бұл мәселе бойынша өз орынбасарын, одан облыстық мәдениет бас­қар­масы­ның басшысын орнынан тұрғыз­ған­да, көне қала орнында жүріп жат­қан қазба жұмыстарын көруге рұқсат беру еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің құзыретінде екені анық­талды. Бұған қоса, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музей жетек­шілері қазба жұмыстарына турис­терді әлі де жақындатуға болмайтынын айтады. Талап солай. «Келген қонақтар қазба жұмыстарына кері әсерін тигізуі мүмкін әрі өздерінің қауіпсіздіктері үшін жақындауға тыйым салынған» дейді мамандар. Тағы бір белгілі болғаны, өткен жылы ғана Қазақ хандығының 550 жыл­дық мерейтойында ашылған «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталы­ғының жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып кеткенімен, жақын күндері бітетін көрінеді. Облыс басшысы өңірдің туризмін дамыту үшін Жамбыл жеріне келген туристерге барлық жағдай жасалатынын баса айтты. Өйткені, ел экономикасының дамуына ерекше серпін беретін бағыт­тар­дың бірі туризм екені бесенеден белгілі. 2013 жылы «Ұлы Жібек жолы» аталымы бо­йын­ша облыстағы 5 тарихи-мәдени мұра – Ақтөбе (Бала­сағұн), Құлан, Ақыртас, Қостөбе, Өр­нек қалашықтары ЮНЕСКО-ның Бүкіл­ә­лемдік мұралар тізіміне енген бола­тын. Жақында «Жібек жолы» номи­на­циясына кіретін Қазақ­стан аума­­ғын­дағы 8 нысанның бүгінгі жай-күйіне мониторинг жүргізу мақ­сатында Қазақстанға Дүниежүзілік мұра орталығының Азия және Тынық мұхи­ты бойынша бөлімшесінен Фенг Жинг және ИКОМОС сарапшысы Наталья Душкина арнайы іссапармен келіп кетіпті.

Жалпы алғанда, Жамбыл облысы аумағында 4 мемлекеттік қорықша мен «Ұлы Жібек жолының» бо­йында орналасқан 5 археологиялық ескерткіш бар. Бүгінде облыста 43 туристік ұйым, 1 киіз үй қалашығы, 10 балалар-сауықтыру лагері, 7 демалыс орны, минералды сулар және батпақтармен емдейтін 5 санаторлық-курорттық мекеме халыққа қызмет көрсетуде. Об­лыс­тағы орналастыру орындарының өсу динамикасының көрсеткіштері 2015 жылы ішкі туризм 2012 жылмен салыстырғанда, 32 пайызға, ал шығу туризмі 71,77 пайызға артса, орналас­тыру орындары 72 бірлікке көбейген.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Болат Есімбековтің айтуына қараған­да, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, аймақтық үйлестіру кеңесі қонақ үй салу және қайта қалпына келтіру бо­йынша жалпы сомасы 512,0 миллион теңгені құрайтын 7 инвест жобаны мақұл­даған. Облыс әкімдігі және «Даму» кәсіп­кер­лікті дамыту қоры» АҚ тарапынан жалпы сомасы 500 миллион теңге бөлі­ніп, облыстың туризм саласындағы ша­ғын және орта кәсіпкерлікті қаржы­лай қолдау туралы меморандумға қол қойылыпты. Сондай-ақ, Инвестициялар және даму министрлігі мен Қытай Халық Республикасы туризм істері бо­йынша мемлекеттік басқармасы арасында Қытай азаматтарының Қазақстанға келуі бойынша топтық визаларын жеңілдету туралы меморандумға қол қойылып, облысымыздың 4 турис­тік ұйымына Қытай туроператор­ларымен жұмыс істеуге аккредита­ция жүр­гізілген. Бүгінгі таңда осы меморан­думға сәйкес Қытайдың Шаньси провинциясынан 27 және Бейжің универ­ситетінен 8 қытай азаматы өңірімізге туристік сапармен келіп кетті.

Әрине, Әулие ата жеріне аяқ бас­қан меймандар ең алдымен Қарахан баба, Айша бибі, Тектұрмас әулие кесене­лерін аралайды. Сонымен бірге, соңғы жылдары Ақыртас кешеніне баратындар да көбейген. Ол Тараз қаласынан – 40, ал Ақшолақ темір жол бекетінен 6 шақырымдай оңтүстікте, Қырғыз Ала­тауының бау­райын­дағы биік төбе­­лердің етегі­не орналасқан. Үлкен қызыл құмтас­тардан қаланған ғажайып қаланың құрылысы аяқталмай қалған. Бірақ ғасырдан-ғасыр озып, ғылым мен білім дамып, адам мүмкіндігі ғарыш­ты бағындырса да, құрылысы бітпей қал­ған қаланың (бәлкім, қамал, қорған, бекі­ніс) құпиясы әлі де ашылмай келе­ді. Міне, осы тарихи кешенге баратын жол өте нашар. Жаңбырлы күндері жүру мүмкін емес. Ақыртас – өңірдің турис­тік әлеуетін арттыруға үлкен үле­сін қосатынын түсінген жергілікті би­лік осы кешенге баратын 8 шақырым жолды жөндеуге 371 миллион теңге бө­ліп, жұмыстар басталып та кетті. Жол са­лы­нып бітсе, келесі жылы өте­тін ЭКСПО-2017 халықаралық көр­ме­сі­­не ағылған туристердің көбісі осы ке­шен­­ге де ат басын бұратыны анық. Айт­­пақ­­шы, бұл халықаралық көр­менің дайын­дық жұмыстарына осы об­лыстан әріптестік туралы мемо­ран­думға қол қойған 4 туркомпания қатысуда. Олар қаламызға келе­тін қонақтар үшін 4,5 және 6 күн­дік туристік бағыттар әзірлеп қойған.

Тағы бір айтарымыз, Жамбыл облысын­дағы кәсіпкерлер палатасы­ның бастамасымен туризм кластерін дамыту және «Жібек жолы» жобасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, оның құрамына әкімдік, туристік қауымдастық мамандары, қонақ үй, мейрамхана, қолөнер бизнесі өкілдері және тарихшылар мен археологтар кірді. Биылғы наурыз-сәуір ай­ларында жұмысшы тобы облыс­тағы туристік нысандарды аралап, түгендеу жұмыстарын жүргізді. Мұның барысында оларда орын алып отырған олқылықтар мен кемші­ліктердің тізбесін жасады. Туристер үшін қысқа және ұзақ мерзімді бағыттардың картасын сызды.

Оралхан ДӘУІТ,

Жамбыл облысы

Егемен Қазақстан. – 2016. – 30 қараша. – 14 б.