Қордай қақпасында — төрт тұлға

Қордай қақпасында — төрт тұлға

Ежелгі Жібек жолы мен бүгінгі «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомагистралының бойында – Қордай асуының бас қақпасында тарихи монумент бой көтерді.

 Алыс жолдан келетін асығыс жолаушы ат кідіртетіндей айшықты ескерткіш қазақтың белгілі төрт азаматының құрметіне қойылды. Салтанатты ашқан Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев өз сөзінде болашақ ұрпақты елдік, ерлік рухта та тәрбилеудегі өтіп жатқан бұл шараның  саяси-рухани мәніне де кеңінен тоқталды. «Бұл – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясындағы халқымыздың ұлы тұлғаларын есімін жаңғыртудың жарқын дәстүрі, ұлттық өрлеуіміздің айқын көрінісі, кісілік келбетіміздің үлгісі» деді тебірене сөз сөйлеген облыс әкімі.

Әдетте, діттеген бағытты бетке алып көк жүзінде қалықтап келетін кез-келген әуе лайнері  Алматы әуежайына қонатыны туралы алғашқы хабарды осынау Қордай асуының үстінен өткенде хабарлайды. Кеңес Одағында «Төтенше жағдайда Қытай шекарасына бір түннің ішінде жетеміз» деген есеппен құрылған аса ірі Отар әскери гарнизоны да осы Қордай асуында  салынған еді…. Жиналған қауым алдында ақтарыла ой түйіндеп, ақ батасын берген айтулы ақсақалымыз – мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді «Күре жолдың бойындағы осынау биіктен көкжиекке көз салсаңыз аттың дүбірі, жауынгердің жалынды ұраны құлағыңа естілгендей әсерде қаласың. Өйткені, қазақтың тарихи тағдырын талқыға салған Аңырақай шайқасы осы Қордайдың қақпасынан бастау алған» деуі де тектен-тек емес секілді. Орналасқан жер жағдайы жағынан осындай үйлесімдіктер байқатқан қасиетті Қордай асуында халықтың ниетіне сай ұлы дүрмек қызу жалғасын тапты.

Шаңырақпен көмкерілген төрт тұғырдағы төрт тұлғаның біріншісі – сөз сүлейі Сүйінбай мен жыр алыбы Жамбылдың жырларына арқау болған, ата жауын қазақ даласынан  шеттете қуып шыққан атақты Өтеген Батыр еді. Ұлтын сүйген оғланның халқына деген шынайы сезімін Жамбыл атамыз былай жырлаған-ды.

…Жапан түзде жол шегіп,

Қорқыттай-ақ қаңғырдым!

Күн күркіреп асапанда,

Найзағай ойнап жатса да

Жанарымды жандырдым

Мен халқымды сүйемін…

Одан кейінгі барельефте Майқы биден бері қарай ғұмыр кешкен қазақтың мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққан 50 бидің қатарына орын алатын атақты қордайлық Кебекбай мен  Ноғайбай шешендер. Ауыздарын айға білеген екі тұлға да халық алдында әділдік төрелік айтып қана қоймай, ел тағдырын шешетін қоғамдық саяси қайраткер дәрежесінде болғаны тарихтан мәлім.

Заманынан асып туған қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов кезінде «Сіз Кенен ата, қазақ-қырғызға тең ортақ ұлы адамсыз. Сіздің тойыңыз – біздің тойымыз. Сіздің мерекеңіз біздің мерекеміз. Қырғыздар сізді ардақ тұтып өз атамыз, өз ақынымыз, өзіміздің өнердегі Алатауымыз деп есптейді» деді емес пе?! Әңгіме – қазақ әлемінде бір ғасырдан астам уақыт әсем әуезді бұлбұлдай болған Кенен Әзірбаев хақында. Ескерткіштен орын алған төртінші тұлға –Қордайдың бозторғайы,  халқыны сүйіктісі Кеене Әзірбаев болатын.

Биік тұғырдан орын алған батыр мен шешендер, күміс көмей әншінің бейнесі алдында кең байтақ елімізге есімдері аса танымал ғалымдар мен  өнер тұлғалары, депутаттар мен қоғам қайраткерлері танымдық пікірлерін білдірді, ойларын ортаға салды.

Жамбыл облысының Қордай  ауданына көршілес жатқан Алматы облысының Жыр алыбы Жамбыл атындағы ауданның құрметті делегациясын бастап келген, ел алдында сөзі жүретін абыройлы ақсақал Әскербек Абаев былай дейді: «Күре жолдың бойында көз тартар жерден орын алған тарихи ескерткіш бүгінгі және келер ұрпақты ой тұңғиығына жетелері даусыз. Халықтың кім екенін ұғындыратын айшықты бұл белгі кешегі мен бүгінгі дәуірдің арасын жалғап жатқан  алтын көпір десе болады. Халықтың жадының жаңғырып, өткенімен бүгінгісін сабақтастырып отыруы тарихи құбылыс. Күні кеше ғана халық өзінің өткен жолдарына бағамдап баға бере алмайтын мүсәпір күй кешті емес пе, естеріңізге түсіріңіздерші?! Ендеше мұның бәрі де ел егемендігінің арқасы. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсыңында болып отырған бұл салатанаттың мәнін әлеумет осы тұрғыдан түсінеді деген ойдамын».

Атақты Жамбыл триосы осы өңірде туған Кенен әндерін шалқытып, халықтық салтанатқа шырай берді.

Арыстарға арналып Құран бағышталды, ас берілді.

Талғат СҮЙІНБАЙ,

Суретті түсірген  Нұрғали ӘШІР

Егемен Қазақстан. – 2016. – 19 қазан. – 8 б.