Қазақ хандығының құрылуы қарсаңындағы жалпы жағдай

Қазақ хандығының құрылуы қарсаңындағы жалпы жағдай

Алғашында қазақ хандығының жері Жетісу, Шу және Талас өзенінің алабы еді…
Қазақ хандығының құрылуы қарсаңындағы жалпы жағдай
Қазақ хандығының құрылуы қарсаңына (14-15-ғасырларда), қазақ тайпалары Сібірден Сыр бойына, Ертістен Жайық жағасына дейінгі жалпақ өңірге жайылып қоныстанған болатын. Осы дәуірді баяндайтын ортағасырлық тарихшылардың шығармаларында қазақ даласының негізгі тұрғындары Алтын Орда хандары «Қыпшақ патшалары» деп аталды. Қыпшақтар 14-ғасырда Орда Ежен мен Шайбани ұлыстарын біріктірген Ақ Орда халқының, ал кейіннен Әбілхайыр хандығы халқының да едәуір бөлігін құрады.
Батыс Cібір тайпаларымен көрші болып, оларға елеулі ықпал еткен қазақ тайпаларының ретінде қыпшақ, қаңлы, қарлық, үйсін, найман, керей, қоңырат, маңғыт, тағы басқа тайпалар аталады. Бұлар қазақ даласының ежелгі тұрғындары, сондай-ақ бұдан бұрын осы өңірлерде құрылған Ақ Орда, Моғолстан, тағы басқа хандықтардың этникалық негізі еді.
Бұл тайпалар ішінде қыпшақтардың орны өзгеше болды, 13-ғасырдың деректерінде негізгі ұйытқысы қыпшақтар еді. Ертіс өңірінің Торғай, Есіл далаларының қыпшақтары: құлан қыпшақ, қытай қыпшақ, сағал қыпшақ, торыайғыр қыпшақ және мажар (мадияр) қыпшақ бірлестіктеріне бөлінді. Тобылдың төменгі бойынан Ұлытау мен Сырдарияға дейінгі территорияда басқа тайпалардың едәуір бөлегі, олардың ішінде наймандар, керейттер (керейлер) меркіттер мен оңғыттар қоныс тепті.
15-ғасырда Ақ Орда орнына құрылған Әбілхайыр хандығының (1428-1468) халқы арасында қарлық, қоңырат, үйсін, найман, өкіреш найман, қият, маңғыт, шынбай, итжан, тапғұт, дұрман, тубай, таймас, күшті, отаршы, шап, қытай, барақ, ұйғыр, күрлеуіт, ишкі, ишкі-маңғыт, тұман, т.б. тайпалардың болғандығы мәлім.
Ноғай ордасының құрамында маңғыт, қоңырат, найман, арғын, қаңлы, алшын, қыпшақ, кенгрес, қарлық, алаш, тама, т.б. тайпалар болды.
Моғолстанға қарасты Жетісу тайпалары: дулат, қаңлы (бекчик), қарлық, керей, арғынот, күрлеуіт, күшші, барлас, шорас, көнші, қалушы, бұлғаш, т.б. еді.
Қазақ хандығының құрылуы қарсаңында, әрбір қазақ тайпасының өріс-қоныстары ұлан-байтақ территорияны алып жатты:
Наймандар – 14-15-ғасырларда Ұлытаудан Есілге дейінгі аудандардың көпшілігін қоныстанды.
Қоңыраттар – 14-15-ғасырларда Түркістан мен Қаратау аудандарын мекен етті.
Арғындар – 14-15-ғасырларда Ертістен батысқа қарай орталық Қазақстанды, ішінара Сырдарияны және батыс Жетісуды мекендеді.
Керейлер – 14-15-ғасырларда Жетісуда және Тарбағатайда, сондай-ақ Ертіс бойында, Зайсан көлінен Ом және Тобыл өзендеріне дейінгі өңірде өмір сүрді.
Дулаттар – 14-15-ғасырларда Іле, Шу, Талас өзендерінің алқаптарында, Ыстықкөлден оңтүстікке қарай, сондай-ақ оңтүстік Қазақстанда «Отырар жасыл алқабын» мекендеді.
Қаңлылар Қаратау баурайы, орта Сырдария және батыс Жетісудағы өздерінің ежелгі мекенінде болды.
Үйсіндер өздерінің байырғы заманнан бергі мекені Жетісу өңірін қоныстанды. Тарихи деректердің айтуынша, Әбілхайыр хандығында да үйсіндер болған.
«Тарих-и-Рашиди» мен «Раузат ас-сафаның» дерегіне қарағанда, 14-15-ғасырларда Іленің сол жағасында және Янги (Тараз) ауданында керейттер (керейлер), Шу өзенінің оң жағасында арғындар мекендеген.
Жалайырлар Қаратау баурайын, орта Сырдария өңірі мен Жетісуді қоныстанған.
Қазақ хандығының құрылуы осы ұлан-байтақ өңірді қоныстанған қазақ тайпаларының және қазақтың этникалық территориясын біріктірді. Қазақтың өз алдына халық болып қалыптасу барысы біржолата аяқталды.
 
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ НЫҒАЮЫ
Қазақ хандығы – шаруашылықтың дамуы, өндіргіш күштердің өсуі, феодалдық қатынастардың қалыптасуы нәтижесінде ерте заманнан бері Орта Азияның ұлан-байтақ өңірін мекендеген көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ – қазақ халқы негізінде бірігуі арқылы 15-ғасырдың орта шенінде құрылды. Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихындағы төтенше маңызды оқиға болды. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтатуда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды.
1456 жылы Керей хан мен Әз Жәнібек ханның Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріне қоныс аударуы қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды тарихи оқиға болған еді. Бұл оқиғаның мән-жайы мынадай болатын: 1428 жылы Ақ Орданың ақырғы ханы Барақ ішкі феодалдық қырқыста қаза болған соң, Ақ Орда мемлекеті ыдырап, ұсақ феодалдық иеліктерге бөлінгенде өзара қырқыс үдей түсті. Бұрынғы Ақ Орданың орнына Әбілхайыр хандығы мен Ноғай одағы құрылды. Шайбани тұқымынан шыққан Әбілхайыр хан бұрын Орда Ежен ұрпағы билеген Ақ Орда территориясы – шығыс Дешті-Қыпшаққа 40 жыл (1428-1468) үстемдік етті. 15-ғасырдың ортасында Әбілхайыр хандығында толассыз болып отырған қан төгіс соғыстар мен ішкі феодалдық қырқыстар барған сайын үдеп, феодалдық езгі мен қанау халық бұқарасын ауыр күйзеліске түсірді. Аласапыран соғыстар мен феодалдық бытырандылық салдарынан Дешті-Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан мал жайылысын пайдаланудың дағдылы көшіп-қону тәртіптері бұзылды, көшпенді тайпалар мезгілінде жайлау-қыстауларына бара алмайтын болды. Бұл көшпенді мал шаруашылығына ауыр зардабын тигізді. Осындай ауыр тауқымет тартқан халық бейбіт өмірді, Әбілхайырдың үстемдігінен құтылып, өз алдына тіршілік етуді арман етті. Ақ Орданың ақырғы ханы Барақтың балалары Керей мен Әз Жәнібек бұл жағдайды өз мақсаттары үшін шебер пайдаланды да, Әбілхайыр ханның үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларының көсеміне айналды. Қалың қазақ тайпаларын бастап батыс Жетісуға қоныс аударды. Ол кезде Жетісуды билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434-1462 жылдары билік еткен) бұл қазақтарды Әбілхайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді. Бұлар батыс Жетісуды тіректі мекен ете отырып, қазақ хандығын құрды. Тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң, Әбілхайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465-1466) билей бастады…».
Алғашында қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Міне, нақ осы территорияға деректемелерде тұңғыш рет «Қазақстан» деген атау қолданылды (Уасифи, 16-ғасыр), ежелден осы алапты мекендеген қазақтың ұлы жүз тайпалары дешті қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті. Әбілхайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан қанжілік болған қазақ халқы бұл араға келіп ес жиып, етек жауып, экономикалық тұрмысы түзеле бастады. Мұны көрген дешті қыпшақ көшпенділері Әбілхайыр хан қол астынан шығып, бөгеуін бұзған судай ағылып Қазақ хандығына келіп жатты. 15-ғасырдың 50 жылдарының ортасынан 70 жылдарының басына дейін Әбілхайыр ханның қарамағынан батыс Жетісуға 200 мың адам көшіп барды. 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға қайтыс болған соң, бұл мемлекетте ішкі феодалдық қырқыс күшейіп, өкіметсіздік жағдайдың өріс алуы, Амасанжы Тайшы бастаған ойрат жоңғарларының жасаған шабуылы салдарынан Моғолстан мемлекетінің шаңырағы шайқалған кезде Жетісуды мекендеген қазақ тайпаларының Қазақ хандығына келіп қосылуы үдей түсті. Бұлар жаңадан құрылған Қазақ хандығының үкімет билігін нығайтып, оның беделі мен әскери-саяси күш-қуатын арттыра түсті.
Алайда жаңадан құрылған Қазақ хандығының экономикалық негізі әлі де әлсіз еді. Бірсыпыра қазақ тайпалары Әбілхайыр хандығының, Моғолстанның, Ноғай одағының және Батыс Сібір хандығының қол астында төрт хандыққа телім болып отырған болатын. Оның үстіне шығыс Дешті-Қыпшақты билеген Әбілхайыр хан өзіне қарсы шығып, Жетісуға қоныс аударған қазақтардың өз алдына хандық құрып, масайрап отырғандығына, әсіресе Әбілхайыр хандығынан көптеген тайпалардың оған ағылып барып жатқанына азуын басып, қылышын қайрап отырды. Ол жаңа құрылған Қазақ хандығын тарпа бас салып жойып жіберуге сұқтанды. Он шақты жыл айналасында батыс Жетісу өңіріне екі жүз мың жан саны бар көшпелі тайпалардың жиналуы кең өріс-қоныс керек етті. Ал көшпелі елдің отырықшы-егіншілігі көркейген аудандармен, әсіресе қолөнері мен саудасы дамыған экономикалық орталық – Сырдария жағалауындағы қалалармен сауда-саттық қарым-қатынастарына қолайлы жағдай жасау халық тұрмысындағы маңызды мәселеге айналды. Бұл қарым-қатынастың оңалуына тек көшпелі халықтар ғана емес, отырықшы аймақтардағы егіншілік өнімдерін өткізіп егіс көлігін алуды аңсаған егіншілер де, қолөнер өнімдерін өткізіп шикізат (жүн, тері, т.б.) алуды аңсаған қолөнершілер де, сауда тауарын өткізіп пайда табуға саудагерлер де мүдделі болды. Бай аймақтар мен қалаларды қол астына қаратуға феодалдар тіпті де мүдделі еді, әсіресе жаңадан шаңырақ көтерген Қазақ хандығын саяси-экономикалық база негізінде нығайту үшін Сырдария бойындағы қалаларды қарату төтенше маңызды еді. Сөйтіп жоғарыдағы жағдайлардың талабына сай, Қазақ хандығының алдына үш үлкен тарихи міндет қойылды.

1. Мал жайылымдарын пайдаланудың Дешті-Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан дағдылы тәртібін қалпына келтіру (бұл тәртіп Әбілхайыр хандығындағы аласапыран арқылы бұзылған) көшпелі шаруалардың көкейкесті мүддесі еді.

2. Шығыс пен батыс арасындағы сауда керуен жолы үстіне орнаған Сырдария жағасындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Яса (Түркістан) т.б. қалаларды қазақ хандығына қарату. Бұлар осы өңірдегі саяси-экономикалық және әскери-стратегиялық берік база болатын.

3. Қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық территориясын біріктіру, бұлардың ішіндегі маңдайалды маңызды міндет – Сырдария жағасындағы қалаларды қарату күресі болды.
Сырдария бойындағы бай қалалар бұдан бұрынғы мемлекеттік бірлестіктердің – Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының саяси-әкімшілік және сауда-экономикалық орталықтары еді. Бұдан бұрынғы тарихта осы Сырдария бойындағы қалаларды өзінің экономикалық және әскери тірегіне айналдыру Дешті-Қыпшақ даласын билеудің басты шарты болып келген. Сондықтан бұл қалалардың саяси-экономикалық және соғыс-стратегиялық маңызы зор еді. Сырдария бойындағы егіншілігі мен қолөнері өркендеген қалалы аудандар мен сауда-саттық жасауға тек даланың әкімдері ғана емес. Дешті-Қыпшақтың шаруалары да ділгір болып отырды.
Сырдария бойындағы қалалар мен Дешті-Қыпшақ даласы үшін күресте қазақ хандығының басты бәсекелесі және ата жауы Әбілхайыр хан еді. Қазақ хандығы Әбілхайырға қарсы күресу үшін ең алдымен Моғолстан мемлекетімен тату көршілік, одақтық байланыс орнатты. Бұл одақ ойрат жоңғарларының тайшасы Амасанжының Моғолстанға шабуыл жасауынан және Әбілхайыр ханның Жетісудағы қазақ хандығына шабуыл жасауынан тізе қоса отырып қорғануды мақсат етті. 1468 жылы қыста Әбілхайыр хан қазақ хандығын қиратпақ болып, Жетісуға жорыққа аттанды, бірақ сапары сәтсіз болып, жорық жолында қаза тапты. Әбілхайырдың қаза болуы қазақ хандығының нығаюына және көлемінің кеңеюіне үлкен орай тудырды. Әбілхайыр өлгеннен соң оның елінде қиян-кескі қырқыс басталып, хандық ыдырай бастады: «Өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды, ірі шиеленістер басталды. Оның (қарамағындағылардың) үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті». Мұндай тиімді жағдайды дер кезінде пайдаланған қазақ хандары Керей мен Әз Жәнібек бұдан 12 жыл бұрын өздері ауып кеткен ата қонысы Дешті-Қыпшаққа қайта оралды. Қазақ хандары Әбілхайыр ханның мұрагерлеріне қарсы күресте олардың тап болған ішкі-сыртқы қайшылықтарын толық пайдаланды, бұрыннан бері Әбілхайырмен билікке таласып келген Жошы ұрпақтары – Ахмет хан мен Махмұд Батыс Сібірдің билеушісі Ибақ хан мен, сондай-ақ Ноғай одағын билеген мырзалармен одақтасып, тізе қоса отырып күрес жүргізді.
Әбілхайыр ханның орнына отырған мұрагер баласы Шайх Хайдар бұл күресте мүлде жеңілді және өлтірілді. Әбілхайыр ханның немерелері Мұхаммед Шайбани мен Махмұд сұлтан Астраханьға барып паналады. Әбілхайыр ханның мұрагерлерімен күресте толық жеңіске жеткен қазақ хандығы Әбілхайыр хан 40 жыл билеген шығыс Дешті-Қыпшақ даласын және ондағы көшпелі тайпаларды бірте-бірте өзіне қосып алды. «15-ғасырдың 70 жылдарында қазақтар Сырдария бойымен оған жалғас Қаратау өңірінің бірсыпыра территориясын басып алды». Сөйтіп қазақ хандығының территориясы әлдеқайда кеңейді, оған тұс-тұсынан қазақ тайпалары келіп қосылып жатты.
Алайда Сырдария жағасындағы қалалар үшін Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен күрес отыз жылдан астам уақытқа созылды. Бұл күрес Керей ханның баласы Бұрындық ханның (1480-1511) тұсында да толастаған жоқ. Сырдария бойындағы қалаларды алу үшін қазақ хандығымен таласқан белді бәсекелес Мұхаммед Шайбани еді. Сонымен қатар Түркістан аймағын билеген Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан мен Моғолстан ханы Жүніс хан да бұл қалаларды қолдарына түсіруге сұқтанды. Бұлардың бәрінің назары – Сырдария жағасындағы стратегиялық маңызы зор шұрайлы қалалы аудандарға арқа сүйей отырып, қазақ даласын басып алу және ондағы халыққа өктемдік жүргізу еді. Бұл қалалар үшін қазақ хандары да қажырлы қайрат жұмсады. Бұл күрестің мән-жайы мынадай болды: Әбілхайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар өлтірілген соң Астраханьға барып паналаған Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани Астрахань қоршауынан қашып шығып, Түркістан аймағына келіп, Әмір Темір тұқымынан шыққан Мұхаммед Мәзит Тарханға паналады. Ол Мұхаммед Шайбаниды қолдап, қазақ хандығына қарсы аттандырмақ болды. Бірақ Мұхаммед Шайбани оның бұл үмітін ақтамады, керісінше оның қолынан Түркістан аймағын тартып алды. 1470 жылы қыста қазақ ханы Керей қол бастап Түркістанға шабуыл жасады. Қазақ ханы Әз Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын бағындырды, екінші баласы Еренжі (Иренжі) Сауранды иемденді. Сауран түбінде қазақтардан соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты. Сөйтіп, Сырдария жағасындағы екі қала – Созақ қаласы мен Сауран қаласы Қазақ хандығының құрамына кірді.
Екі жылдан соң Мұхаммед Шайбани Түркістанға қайта оралып, Ноғай ордасының әмірі Мұса мырзаның көмегіне сүйене отырып, Аркөк бекінісі мен Сығанақ қаласын басып алды. Бұл уақытша жеңіс еді, Бұрындық сұлтан мен Махмұд сұлтан бастаған қазақтың біріккен әскерлері Қаратаудағы Соғынылық түбінде Мұхаммед Шайбанидың әскерлерін талқандады. Бұрындық сұлтан Сығанақ қаласын қайтарып алды, бұл шайқаста күйрей жеңілген Мұхаммед Шайбани Маңқыстауға қашты. Сырдария жағасындағы қалалар қайтадан қазақ хандығына өтті, бірақ аумалы-төкпелі жағдай үздіксіз өмір сүріп отырды.
15-ғасырдың сексенінші жылдарында Әмір Темір әулетінің өкілі Сұлтан Ахмет мырза мен Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд арасындағы соғыста Мұхаммед Шайбани Моғолстан хандарына болысып, олардың қолдауымен тағы да Аркөк, Сығанақ қалаларын басып алды. Қазақ ханы Бұрындық хан қырдан келіп Сығанақ қаласын қоршады. Бұл кезде Мұхаммед Шайбани әскерлерінің бір бөлегі қала бекінісін қорғауға кеткен-ді. Қаланың тұрғындары қазақ әскерлеріне қала бекінісінің қақпасын ашып берді. Сонымен бұл аймақ Бұрындықтың қолына өтті. Бұдан соң қазақтар Мұхаммед Шайбанидың туысы Махмұд Сұлтан билеген Яса (Түркістан) қаласын қоршауға алды. Қазақтардың біріккен әскери күшінен қорғанған Шайбани әскерлері Аркөк қаласына қырық күн бекінді. Үш жыл бойы қазақтармен соғысқан Мұхаммед Шайбани жеңіліске ұшырады. Бұрындық хан мен Қасым сұлтан бастаған қазақтардың қысымына төтеп бере алмай, 1466 жылы Түркістанды тастап, Хорезмге кетуге мәжбүр болды.
Қазақ хандығы, Шайбани әулеті, Әмір Темір әулеті және Моғолстан билеушілері арасындағы тайталаста қазақ хандығы мен Мұхаммед Шайбани арасындағы жауласумен қатар, Әмір Темір әулеті мен Моғолстан билеушілері арасында да арпалыстар асқына түсті. Осындай арпалыстар барысында Моғолстан ханы Жүніс 1482-1485 жылдары Ташкент пен Сайрам қалаларын басып алды. Моғолстан билеушілері Әмір Темір әулетіне қарсы жұмсау үшін Мұхаммед Шайбаниды қолдады, ал Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан оларға қарсы қазақ хандығымен одақтасты. Сонымен бұлар екі шекке айырылды. 15-ғасырдың басында Моғолстан билеушісі Жүністің баласы Сұлтан Махмұд хан Отырар қаласын басып алды да, оны Мұхаммед Шайбаниға берді. Мұндағы мақсаты – Мұхаммед Шайбаниды Әмір Темір әулетінен шыққан Ахмет мырзаға қарсы аттандыру еді. Моғолстан ханының қолдауына және Отырар сынды маңызды стратегиялық орынға ие болған Мұхаммед Шайбани тағы да Сауран мен Яса (Түркістан) қаласын басып алды.
Қазақ ханы Бұрындық пен Қасым және Жәдік сұлтандар Мұхаммед Мәзит Тарханмен күш біріктіріп, Мұхаммед Шайбаниға қарсы аттанып, Созақ қаласына шеру тартты. Созақтың атақты адамдарының бәрі Бұрындық ханға тілектес және онымен байланысты еді. Сауран қаласының халқы қазақтың біріккен қалың қолын көрісімен-ақ Мұхаммед Сауранды билеуге қалдырған тауыстарын қамап ұстап алды. Бұрындық хан Сауранды қайтарып алған соң Мұхаммед Шайбанидың тиянағы Отырар қаласының қамалын қоршады. Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд Ташкенттен Мұхаммед Шайбаниды құтқаруға көмек жібергендіктен, қазақтар Отырар қамалын қоршауды тоқтатты. Мұхаммед Шайбани хан қазақтармен бітім жасады.
Мұхаммед Шайбани Сырдария бойындағы қалаларды алуға және атасы Әбілхайырдың Дешті-Қыпшақта құлаған үстемдігін қайта орнатуға ұмтылып, қазақтармен 30 жыл соғысты. Ол осы соғыстарда бірде Әмір Темір әулетіне, бірде ноғай мырзаларына, ақырында Моғолстан хандарына сүйенді.
Бұл соғыстар Сырдария жағасындағы отырықшы-егінші аудандар мен қалаларды қатты күйзеліске ұшыратты. 15-ғасырдың ақырында Отырар, Яса (Түркістан), Аркөк, Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлігі Мұхаммед Шайбаниға қарады да, Сығанақ, Сауран, Созақ қалалары мен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі Қазақ хандығының иелігінде қалды. Ташкент пен Сайрам қалаларын Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд биледі.
Қазақ хандығы шаңырағы көтерілген батыс Жетісудағы иеліктерін және Сырдария бойындағы отырықшы-егіншілік аудандары мен сауда, қолөнер және мәдениет орталығы болған Сығанақ, Созақ, Сауран қалаларын саяси, шаруашылық және әскери тірек еткен қазақ хандары Дешті-Қыпшақты басып алуға ұмтылғандардың бірінен соң бірін жеңіп, өз иеліктерін едәуір ұлғайтты. Қазақ хандарының билігінің нығаюы Шайбани ханды Дешті-Қыпшақ тайпаларының біраз бөлегімен Мауараннахрға ығысуға мәжбүр етті. Ол 1500 жылы ондағы Әмір Темір әулетін талқандап, Мауараннахрды жаулап алды да, Шайбани әулетінің негізін қалады. Бұл дәуірде, феодалдық-қайшылықтардың шиеленісуі, түрлі феодал – шонжарлар арасында үкімет билігіне таласқан ішкі қырқыстардың күшейуі, толассыз соғыстардың халық шаруашылығына тигізген зардабы салдарынан туылған халық бұқарасының наразылығы нәтижесінде ауыр дағдарысқа тап болып отырған Мауараннахр билеушілері (Әмір Темір әулеті) пәлендей қарсылық көрсете алмай, топырақтай тозып кетті. Мұхаммед Шайбани ханға ілесіп Мауараннахрға енген көшпелі тайпалар да бірте-бірте жергілікті отырықшы халыққа сіңіп, олардың тілі мен мәдениетін қабылдап, өздерінің бұрынғы (Дешті-Қыпшақтағы) өзгешеліктерінен бірте-бірте айырылды. Бұл көшпелі тайпалар Дешті-Қыпшақтан ала келген «өзбек» деген атау бірте-бірте Мауараннахрдың байырғы тұрғындарына жалпыласты. Бірақ олар «өзбек» деген аты болмаса, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне ықпал жасай алмаған».
15-ғасыр мен 16-ғасырдың өліарасында (1500 жылы) Мұхаммед Шайбани (Шайбах) ханның Дешті-Қыпшақтан ығысып барып қос өзен аралығын (Мауараннахрды) жаулап алуы Орта Азия тарихындағы, әсіресе қазақ пен өзбек үшін елеулі оқиға болды. Бұл ең алдымен қазақ хандығының жерін кеңітіп, беделін арттырып, ерікті елдігін нығайтты. Бұрынғы дәуірлерде бытыраңқы болып келген қазақ тайпаларының басын бір жерге қосуға, қазақтың этникалық территориясын біріктіруге, сонау 6-7-ғасырдан басталған қазақтардың халық болып қалыптасу барысын біржолата аяқтатуға мүмкіндік берді. Бұрын Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығында қолданылған «өзбек-қазақ» деген жалпы атау бір-бірінен ажырады. «Қазақ» термині бірте-бірте Дешті-Қыпшақ пен Жетісуда қалыптасқан халықтың тұрақты атына айналды. «Өзбек» термині Мұхаммед Шайбаниға еріп кеткен тайпалардың этникалық атауы ретінде Орта Азияда ғана қолданылатын болды».
                                                                                                                                                                                                                                        «Қазақтың көне тарихы»                       
ҚХР. Шинжаң халық баспасы. 1987 жыл.
 (Араб қарпінен аударған Мұратхан Қани
Ақ жол. — 2014. —  28 қазан. —  2 б.