Қашағанұлы Н. Елде тұрам

Жан емеспін ойсыз-қамсыз, сезімсіз,

Күдіктенсең, көңіліме көзің сүз.

Білемін мен күндердің бір күнінде

Бір тойымның өтетінін өзімсіз.

Жас ұлғайды, жағалады дерт енді,

Жамылғанда ақырғы рет көрпемді.

Жан-жүректен адал сөзін айтатын,

Кім екен сол асыл досым ертеңгі? — деп жырлаған ақын Нарша Қашағанұлының 1 сәуір — туған күні.

Құрметті оқырмандар! Ай кітабы айдарына Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Талас ауданының Құрметті азаматы Нарша Қашағанұлының 75 жылдығына орай «Елде тұрам» атты жыр жинағын ұсынамыз:

Қашағанұлы, Н. Елде тұрам [Мәтін] : өлеңдер / Нарша Қашағанұлы. — Алматы : Нұрлы Әлем, 2017. — 120 б.

Бұған дейін «Өлеңге менің-дағы бар таласым», «Жақсылық, жаса адамға», «Туған ел тұлғалары» аталатын кітаптары шыққан ақын Нарша Қашағанұлы көп жылдан бері өз кейіпкерлері ортасында тұрады. Сондықтан да бұл жинағына туған жер, ел, отан, оның даңқты тұлғалары туралы, сондай-ақ «Саған жазған хаттардан» жырлар шоғыры және бүгінгі өмір мен уақыт, көңіл мен өлең жайлы өзекті ой-толғаныстары топталған.

Нарша Қашағанұлы 1951 жылдың 1 сәуірінде облысымыздың Талас ауданына қарасты Ойық ауылында дүниеге келген. Он жылдық мектепті бітірген соң алғашқы еңбек жолын ауылдық мәдениет үйінде, аудандық комсомол комитетінде бастады. 1970 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, арасында әскери борышын өтеп қайтқан. Оқуды тәмамдаған соң облыстың Байзақ, Жамбыл аудандық газеттерінде әдеби қызметкер, аудармашы болып жұмыс істеді. Әр жылдары «Шапағат» газетінің бас редакторы, Талас аудандық әкімдігінде аудандық тіл бөлімінің бастығы, ұлт саясаты жөніндегі комитет төрағасы, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы, аудандық өлкетану музейінің директоры секілді қызметтерді де абыроймен атқарды.

«Елде тұрам» — ақынның азаматтық ұстанымын, елге деген сүйіспеншілігін айқын көрсететін жыр жинағы. Шығарма атауының өзі-ақ автордың негізгі идеясын аңғартады: ақын үшін туған ел — ең қымбат құндылық.

Ақын поэзиясының басты өзегі — патриотизм. Ол «ел» ұғымын тек географиялық кеңістік емес, рухани орта, халықтың тағдыры ретінде қарастырады. Мысалы, оның жырларында ауыл «ауыспайтын астана» ретінде бейнеленеді.

Сонымен қатар қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігі, ұлттық құндылықтар, өткен мен бүгіннің байланысы, терең философиялық тұрғыда беріледі.

Ақын әр өлеңін «халқына жазған хатындай» қабылдайды, яғни оның шығармалары оқырманмен тікелей сырласуға құрылған.

Бұл кітап жас ұрпақты елін сүюге тәрбиелейді, ұлттық сана мен рухты көтереді, қазақ поэзиясындағы ауыл тақырыбын жаңаша қырынан көрсетеді.

«Елде тұрам» — туған жердің қадірін, елдің мәнін терең түсіндіретін мазмұнды поэзиялық жинақ. Ақынның шынайы сезімі мен азаматтық позициясы арқылы бұл кітап оқырманды ойлануға, өз еліне деген көзқарасын қайта қарауға жетелейді.