Конституциялық реформа-мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа келісім. Ал, ел өміріндегі мұндай маңызды шешімдерге жаңа толқын үнемі үн қосып келеді. Осы бағытта Қазақстан Халық партиясының облыстық филиалы М.Әуезов атындағы кітапханада Қазақстан Республикасының Конституциясы жобасын түсіндіруге арналған кездесу өткізді.
Маңызды басқосуға жас мамандар, қалатұрғындары, қоғамдық белсенділер мен түрлі сала өкілдері қатысып, елдің негізгі заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөнінде жан-жақты мағлұмат алды.
Кездесуді партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Б.Колтаев ашып, Конституциялық реформалардың қоғам өміріндегі маңызына тоқталды. Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, мемлекеттің даму бағытын айқындайтын басты құжат екенін атап өтті. Ал, филиал төрағасының міндетін атқарушы Р.Аққозиев Конституция жобасын халық арасында кеңінен түсіндірудің маңыздылығына назар аударды. Оның айтуынша, мұндай кездесулер қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал етеді.
Кездесудің негізгі спикері — Тараз қалалық мәслихатының депутаты Қ.Бибазарова жаңартылған Конституция жобасында ұсынылып отырған өзгерістерді жан-жақты түсіндіріп, әрбір түзетудің мәні мен маңызына тоқталды. Спикердің айтуынша, бұл реформалар заң үстемдігін күшейтуге, азаматтық қоғамды дамытуға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Кездесу ашық әрі мазмұнды пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі тұшымды жауаптар алды. Іс-шара соңында жиынға қатысушылар Қазақстан Республикасының Конституциясы жобасын қолдайтын- дарын білдіріп, мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулерінің қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Амангелді Әбіл
Әулиеата. — 2026. — 10 ақпан.