Атлақ шайқасы жайлы не білеміз?

Атлақ шайқасы жайлы не білеміз?

Әбіш Кекілбайұлы

                                                                                                                                                     

            Батыс түріктердің қайта көтерілуіне қарлұқтар себепші болды. VII ғасырдың орта тұсында олар Жоңғар, Алтай, Тохарстан аумағына билік құрды. Қара Ертістегі жоңғар қарлұқтарының 630-жылғы көтерілісі Батыс түріктің Тон-жабғы қағанын мерт етті. Оларды 647-650 жылдары Тан империясына қарсы көтерілген шығыс түрік билеушісі Шабыш қағанның да бағындырғысы келгені аян. Бұл ержүрек тайпа VIIІ ғасырда өз тәуелсіздігі жолында Білге қаған мен Күлтегін қағанның әскерлерімен үш рет кескілесе шайқасып, Тез (Таз) өзені бойында ойсырата соққы бергені де белгілі. Алғашында басмылдармен, ұйғырлармен одақтас болғандарымен, кейін тіл табыса алмай, 746 жылы «он оқ» еліне ауып кетуге мәжбүр болды. Жаңа жерде оларды жаңа шайқастар күтіп тұр еді.

           Қытай әскері 740 жылы Таразды шауып талқандады. Қара сор әулетінің билігі жойылды. Ашина Сянь деген қытай боданы «он оқтың» ханы болып тағайындалды. Ол 742 жылы Құланда өлтірілді. Қытайдың ауыр қолы 748 жылы батыс түрік астанасы Суябты алып талқандады. 749 жылы Шаш (Ташкент) шабылды. Оның әкімін Қытайға апарып, дарға асты. Соғдыларға арабтарға мойын ұсынудан басқа жағдай қалмады. Оқиғалардың бұлай өрістеуі Хорасандағы Аббас халифтерінің әкімі Әбу Мүсілімді атқа м інуге мәжбүр етті. Ол Қытайға апарылып дарға асылған марқұмның баласы Зияд ибн Салихтың әскері қоршаудағы Таразға көмекке аттанды. Қытай жағында 30 мың ферғаналықтар, қашқарлықтар, құшастықтар бар еді.

Екі әскер 751 жылғы шілдеде Талас өзені маңындағы Атлах деген жерде кездесті. Бес күн бойы екеуі де бірінші болып шабуылға шыға алмай, теке тіресіп тұрып алды. Істің түйінін бесінші күні қытайлардың ту сыртынан тұтқиылдан тап берген қарлұқтар шешті. Сол-ақ екен бір қанаттан арабтардың қалың қолы қаптағайлап шабуылға шықты. Тан әскері сан жағынан көп болса да, қапы қалып, сетінеп сөгіле бастады. Зор шығынға ұшырап, шегіне-шегіне, ақыр аяғында бет-бетіне қаша жөнелісті. Мұсылмандар мен қарлұқтар жеңіске жетті. Мол олжаға кенелді. Тұтқынға түскен қытай кәсіпкерлері Самарқан мен Иракқа апарылып, қағаз бен жібек өндірісін жүзеге асырады (Большаков О.Г.К истории Таласской битвы. (751 г.) «Страны и народы Востока». 1980, вып. 22. Кн. 2. 132-бет).

Бұл шайқас жөнінде Л.Н.Гумилев: «Жеңіліс қытайлықтарды қорқытып тастағаны соншалық, олар батысты басып алмақ ойларынан түңіле бас тартты» (Көне түріктер. 371-бет) – десе, О.Г.Большаков: «Тан қытайының Орта Азия істеріне араласу ниетіне түпкілікті тыйым салынды» (Аталмыш еңбегі. 132-бет), дейді. Ал бұл шайқас мұсылман мәдениетінің Орта Азияда қытай мәдениетінен басым түскендігінің көрінісі дейтін пікірді Л.Н.Гумилев сияқты біз де ұшқырлық санаймыз. Ол екі мәдениеттің емес, екі саяси мүдденің шайқасы еді. Қытай империясы кезекті құлдыраудың алдында тұрса, Араб халифаты қайратына енді мініп келе жатқан-ды. Оның үстіне шайқасқа түскен екі әскердің құрамында да арабтар мен қытайлардан гөрі жергілікті отырықшы, көшпелі, қазір түркі тілді болып кеткен тайпалардың өкілдері көп еді. Сондықтан, біздің ойымызша, Атлақ (Талас) шайқасы Орталық және Орта Азия түріктері ол кезде қытай мен араб экспансиясына санының аздығынан да, мәдениетінің төмендігінен де, әскери құдіретінің кемдігінен де емес, бірқатарының емін-еркін ерсілі-қарсылы көшіп жүретін мекендік тұрақсыздығынан, бірқатарының, керісінше, сауда мен қолөнерді талап етіп, бір базар мен бір қоныстың төңірегінен шыға алмай қалған мекендік томаға-тұйықтығынан, соның салдарынан туындайтын шашыраңқылық пен әр ыңғайластықтан тиісті тойтарыс бере алмағандығын көрсетеді.

Солай болса да біз Л.Н.Гумилевтың: «Талас шайқасы оқиғалардың ұзын тізбегіндегі бір ғана буын болды», (Көне түріктер… 371-бет) – деген қорытындысына қосыла алмаймыз. Ол бұған дейін жергілікті қарсылықтарға килігіп, Орта Азияның оңтүстік аймағында ғана іркіліп тұрған ислам ықпалына күллі Орта Азиямен қоса Орталық және Шығыс Азияға қанат жаюға жағдай жасап берді. Ең бастысы, аталмыш аймақтарды исламдандыруға ынталы жергілікті күштер қатары көбейе бастады. Әрине, бұл процесс әлгі шайқастан соң бір күнде немесе бір жылда жүзеге аса салған жоқ. Көп жылдарға созылды.

«Талайғы Тараз» кітабынан, «Елорда», 2002.

Астана.

Ақ жол. – 2015. – 6 қазан. – 4 б