Журналистермен жылы кездесу

     Қай кезеңде де баспасөз қоғамның үні, уақыттың айнасы, бұқара мен биліктің арасын жалғайтын алтын көпірі болған. Бұл қатарда жарқын із салып келе жатқан жағымды жаңалықтар мен жарқын жетістіктердің жаршысы, шаһарымыздың бас басылымы — «Jambyl-Taraz» газеті биыл 30 жылдық белеске қадам басты. Осыған орай Тараз қаласындағы М.Әуезов атындағы кітапхананың ұйымдастыруымен «Шаһардың үнпарағы» атты кездесу кеші өтті.

Ардагерлер, кітапхана кызметкерлері мен студент жастар қатысқан шарада сөз алған «Jambyl-Taraz» газеті бас редакторының орынбасары Мұратхан Әлімхан басылым тарихына терең тоқталды. Сонымен қатар газет тілшілері Арайлым Шабденова мен Жұматай Көксубайұлы басылым көне шаһардың жылнамасын түзіп қана қоймай, еліміздің қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өмірінің де шежіресін жасап келе жатқанын атап өтті.

Шара барысында оқырмандар «Jambyl -Taraz газетінің тарихы» атты бейнебаян арқылы басылымның қалыптасу жолымен танысты. Сонымен бірге қатысушылар журналист мамандығына қатысты көкейдегі сауалдарын қойып, кеңірек мағлұмат алды.

Мерейтой аясында өткен басқосуда кітапхананың тұрақты оқырманы, №13 мектептің 7-сынып оқушысы Д.Сұлтанхан домбырамен әуелете ән шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйласа, кітапхана қызметкерлері «Шаһардың шырайлы шұғыласы» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, көпшілік назарына ұсынды.

Салтанатты шара соңы «Радонеж» орыс этномәдени бірлестігінің «Пламя» вокалдық ансамблінің он шашуымен түйінделді.

Айта кетейік, «30 жылдыққа — 30 шара» аясындағы мұндай тағылымды кездесулер алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

 

Жұмаш Жолболды

Jambyl -Taraz. — 2026. — 22 мамыр (№40). — 2 б.