Баймаханбет Тоққошқарұлы Ахмет — Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, прозашы, аудармашы, журналист. Ол — көркем сөз бен көсемсөзді қатар өрістетіп, қазақ руханияты мен ұлттық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан қаламгер.
Баймаханбет Тоққошқарұлы 1956 жылдың 12 тамызында Жамбыл облысы, Талас ауданының Ойық ауылында дүниеге келген. Тараз мемлекеттік университетінің Әлем тілдері факультетін филолог мамандығы бойынша тәмамдап, саналы ғұмырын әдебиет пен журналистикаға арнаған.
Еңбек жолын 1987 жылы Талас аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінде әдеби қызметкер болып бастап, кейін бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 1997-2020 жылдар аралығында Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде тілші, жауапты хатшының орынбасары, «Алтын шырақ» журналының жауапты шығарушысы болған. Сондай-ақ «Руханият», «Әлеумет», «Саясат», «Индустрия және инновация» бөлімдерін басқарып, қоғамның өзекті мәселелерін көтерген мазмұнды мақалаларымен оқырман құрметіне ие болған.
Қаламгердің шығармалары мен публицистикалық еңбектерінде елдік мұрат, ұлттық құндылықтар мен руханият тақырыптары кеңінен көрініс тауып, азаматтық ұстанымы мен қаламгерлік қолтаңбасы айқын танылған.
Ұзақ жылғы жемісті еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» және «Қазақ журналистикасының қайраткері» төсбелгілерімен марапатталған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ақпарат және байланыс министрінің, Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хаттарына және облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасына ие болған.
Құрметті оқырмандар! Сіздердің назарларыңызға сөз өнері мен көсемсөзді қатар өрістетіп, ұлттық әдебиет пен баспасөз саласына өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті қаламгер Баймаханбет Ахметтің «Қаратөбе» атты роман, хикаят, әңгіме-эсселер жинағын ұсынамыз.
Ахмет, Б. Қаратөбе [Мәтін] : роман, хикаят, әңгіме-эсселер / Баймаханбет Ахмет. — Тараз : Формат-Принт, 2025. — 264 б.
Бұл жинаққа енген шығармалардың негізгі арқауы — кеңестік дәуірдегі қазақ ауылының тыныс-тіршілігі, қарапайым еңбек адамдарының өмірі, тоқырау кезеңінің әлеуметтік ахуалы мен заман шындығы. Автор сол дәуірдің ауыл өміріне тән ерекшеліктерін, халықтың тұрмыс-салтын, еңбекке деген адалдығын, қуанышы мен күйінішін шынайы суреттеп, уақыт келбетін көркем тілмен өрнектейді. Сонымен қатар қоғамдағы келеңсіз құбылыстар, жоғары және төменгі буындағы басшылардың әділетсіздігі, мансапқорлығы, жауапсыздығы мен адамгершілік қағидаларынан ауытқыған жат қылықтары өмірлік шындық негізінде нанымды бейнеленген.
Жинақтағы «Көке» деректі хикаяты соғыс және еңбек ардагері Жанбек Кеттебекұлының тағдырлы ғұмырына арналған. Туындыда кейіпкердің ел басына күн туған қилы кезеңдердегі ерлігі, бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі, адамгершілік болмысы мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегелі өмір жолы әсерлі баяндалады.
Ал кітапқа енген әңгімелер мен эсселерде адам тағдыры, туған жерге сүйіспеншілік, ұлттық құндылықтар, өмірдің сан алуан қырлары, уақыт пен қоғамның өзекті мәселелері кеңінен сөз болады. Автор әрбір туындысында оқырманды өткенді ой елегінен өткізуге, адамгершілік қасиеттерді қадірлеуге, ел мен жердің тарихына құрметпен қарауға үндейді.
Тілі шұрайлы, баяндауы тартымды бұл кітап тарихи кезеңнің шынайы келбетін көркемдікпен бедерлеп, тағылымды оқиғалар арқылы оқырманды терең ой-толғамдарға жетелейді. Өмір шындығы мен адам тағдырын арқау еткен бұл жинақ барша әдебиет сүйер қауымға ұсынылып, оқырманды өткеннен өнеге алуға, рухани қазынамен сусындауға шақырады.