Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында Абай атындағы орталық кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып, «Сөзбен сурет кестелеген ақындар» атты іс-шара ұйымдастырылды. Бұл рухани кеш жерлесіміз, қазақ халқының көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кұләш Ахметованың 75 жылдық мерейтойына арналды. Осы күні поэзия әлемінің ақ гүлі атанған Күләш ақынның кітаптарынан көрме ұйымдастырылды. Оны жұртшылық қызыға тамашалады.
Іс-шараға ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Күләш ақынның өмірлік серігі Қайырбек Асанов, ақын, ҚР Білім беру ісінің үздігі Үміт Битенова, жас ақын Мұқағали Балтабай қатысып, Алаштың ақыны Күләш Ахметованың және өздерінің сыр тұнған өлендерін оқыды. Күләш ақынның «Құт», «Бақ», «Орман» және басқа кітаптарына назар аударылып, автордың поэзия әлемінде ойып алар орны туралы ойлар кеңінен айтылды.
Бұл күні Тараз қалалық Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінің әншілері Қайырбек Асановтың сөзіне жазылған бірнеше әнді орындаса, аталған кітапхана қызметкерлері Күләш Ахметова, Қайырбек Асанов, Үміт Битенова секілді ақындардың жыр кітаптарына библиографиялық шолу жасап, қаламгерлердің туындыларын насихатгады. Бұл кеште Тараз қаласының тұрғындары өлеңнің ғажайып нәрімен сусындап, кереметтей әсерлі көңіл-күйге бөленді. Бұлақтай таза жырлар мөлдірлігімен жүректерге нұр құйды.
Барасыңдар қай жаққа кетіп бәрің,
Сырт-сырт етіп тоқтамай өкінтті әр күн.
Бір сөз, бір ой, бір демге ұзарыңдар,
Құдіретті, қуатты секундтарым, — деп жырлаған Күләш ақынның жақұт жырлары әлі барша халықты мөлдір сезімге бөлей беретіні анық. Іс-шараны Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева қорытындылап, ақындарға алғысын білдірді.
Есет Досалы
Aq jol. – 2021. – 5 мамыр