Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің Абай атындағы орталық кітапханасында мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай «Мәдениет пен өнер — рухани өміріміздің мәйегі» атты дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Жиынға Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының артисі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Галина Қойшыбаева, осы театрдың белді актері Абу Шонбаев, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, ҚР Мәдениет қайраткері Разия Мәдіханова қонақ ретінде қатысты.
Жиында Галина Қойшыбаева өзінің өнер әлемімен сабақтасқан өмірі жайлы, өмірлік жолдасы, талантты актер болған Спандияр Мұқышев туралы толғана сыр шертті. Разия Мәдіханова да бойына әншілік өнердің қалай қонғанын, Ұлы Отан соғысынан кейінгі қиын жылдар, әжесінің қолында өскен тағдырын әсерлі етіп баяндап берді. Абу Шоңбаевтың да әдемі естеліктерін көпшілік қызыға тыңдады. Қонақтар кітапхана оқырмандары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп отырды.
Келесі сәтте кітапхана қызметкерлері Қазақстанның өнері мен мәдениеті туралы, осы саланың белгілі маман иелері жайлы кітаптар мен фотосуреттер, мерзімді басылымдардан мақалалар қойылған «Дархан дарын» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, оқырмандар назарына ұсынды.
Осынау іс-шараны Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Сәулебаева қорытындылап, өнеріміз бен мәдени мұрамызды насихаттаудағы мәртебелі мамандық иелерінің еңбектеріне жеміс, шығармашылықтарына табыс тілеп, сый-сияпат тапсырды.
Ғалия ТҰРЛЫБАЕВА,
Абай атындағы қалалық кітапхананың бөлім меңгерушісі
Aq jol. — 2021. — 25 мамыр (№61). — 8 б.