Жуырда Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты №5 кітапхана мен «Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің ұйымдастыруымен «Қазақстан — Республикам менің!» атты салтанатты кеш өтті.
Рухани кештің шымылдығын ашқан Салтанат Қойгелді «Тәуелсіздік таңы» әнін әуелетсе, «Дарын» шығармашылық клубының мүшелері мен колледждің 1-курс студенттері Отан, туған жер туралы жалынды өлеңдерін оқыды. Студенттердің орындауындағы күмбірлеген күй мен МБС 11-26 тобының қыздары мың бұрала билеген «Қазақ биі» жиналған қауымға ерекше көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Гүлжан Қордабайдың орындауындағы «Туған жер» әні де кештің ажарын аша түсті.
Іс-шара аясында «Тәуелсіз елім – Қазақстан» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге еліміздің тарихы, Мемлекеттік Рәміздері, Тәуелсіздік шежіресі мен мемлекеттің дамуына үлес қосқан тұлғалар туралы құнды әдебиеттер мен сирек фотосуреттер қойылды.
Жиында «Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің директоры, профессор Пернебай Асқаров және орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Саулебаева сөз сөйлеп, іс-шараның тағылымы мен тәлімі ерекше болғанын атап өтті.
Құралай Сейсенбекқызы
Ar-Ai. — 2026. — 4 қараша (№84). — 2 б.