Құрметті кішкентай тапқырлар, табиғат жанашырлары мен жас оқырмандар!

     Көк жүзінде еркін қалықтап, әдемі әуенімен табиғатты оятатын қанатты достарымыздың құпиясын ашқыларың келе ме? Біздің бабаларымыз ежелден-ақ бүркітті — өрліктің, қарлығашты — берекенің, ал аққуды — сұлулықтың белгісі деп білген. Ендеше, сендерді құстар әлемінің ең қызықты жұмбақтары күтіп тұр!

     Назарларыңызға белгілі ақын, жазушы, журналист Әли Ысқақбайдың «100 құс жайлы 100 жыр-жұмбақ» атты ерекше танымдық кітабын ұсынамыз!

   Ысқақбай, Ә. 100 құс жайлы 100 жыр-жұмбақ [Мәтін] / Әли Ысқақбай. — Алматы: Балалар әдебиеті, 2026. — 48 б.

     Бұл кітап — нағыз жұмбақтар жарысы! Кітапта әлемдегі ең ерекше 100 құс іріктеліп алынған. Әр құстың өзіндік суреті мен оның құпиясын жасырған әдемі өлең-жұмбағы бар. Кәне, бірінші жұмбақты шешіп көруге дайынсың ба?

      Тапқыр болсаң, тауып көр!

Құстар пірі — падишасы, Момық тінді шағидасы.

Денесіне кір шалдырмай — Басты ұстанар қағидасы.

Үлпілдетіп тербетеді, Мөлдір сулы дариясы.

Әсемдіктің әлқисасы, Сыңғырлаған ән-сазасы.

Барша қауым ұнататын, Білесің бе, әзізді осы?

Бұл қай құс?

     Ал қалған 99 құстың жұмбағын шеше аласың ба?

    Кітап ішінде бұдан да қызықты, бұдан да күрделі жұмбақтар өте көп!

  • Қай құс түнде ұйықтамайды?
  • Ең жүйрік және ең кішкентай қанаттылардың қандай құпиясы бар?
  • Орман емшісі деп кімді атайды?

     Бұл кітап мектепте өтетін «Құстар — біздің досымыз» атты қызықты сайыстар мен ашық сабақтарға да нағыз таптырмас көмекші құрал!

     Жұмбақтарды шеше отырып, сенің ой-өрісің кеңейеді, сөздік қорың байып, нағыз байқампаз зерттеушіге айналасың. Ең бастысы — тірі табиғатты аялап, қанатты достарымызды қорғауды үйренесің.

    Құстардың жұмбақ әлеміне бірінші болып сүңгіп, достарыңмен жарысқың келсе, кітапханамызға асық! «100 құс жайлы 100 жыр-жұмбақ» кітабы сені күтуде!