Кітап оқитын ұлт — озық ойлы ұлт

     Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» идеясын жүзеге асыру — жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Өйткені кітап оқитын қоғамның ой-өрісі кең, таным-түсінігі терең, рухани иммунитеті берік болады.

Осы мақсатта М.Әуезов атындағы кітапханада «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романына арналған әдеби іс-шара өтті.

Рухани кездесуге Тараз гуманитарлық техникалық колледжінің студенттері, «Атпал» газетінің директоры Гүлсара Байданова және колледж кітапханашысы С.Дүйсеметова қатысты.

Іс-шараны жүргізген Светлана Қожахметова «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонының мән-маңызына тоқталып, кітап оқудың адам өміріндегі орны мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі туралы ой қозғады.

Кездесу барысында Шерхан Мұртазаның өмірі мен шығармашылығы таныстырылып, «Ай мен Айша» романының мазмұны мен көркемдік ерекшелігіне шолу жасалды. Әсіресе шығармадағы Айша бейнесі, ананың бала тәрбиесіндегі орны, адамгершілік, төзімділік, мейірімділік және туған жерге деген сүйіспеншілік тақырыптары кеңінен талқыланды.

Жазушының бұл туындысы – бір отбасының тағдырын суреттеу арқылы тұтас бір дәуірдің шындығын, ана жүрегінің ұлылығын, өмірдің ауыртпалығына мойымаған адам рухының беріктігін танытатын шығарма. Романдағы Айша бейнесі арқылы ананың бала алдындағы жауапкершілігі мен қайсарлығы, мейірімі мен өнегесі терең сезіледі.

Кездесу аясында кітапханашы Нұргүл Маликова «Қазақ әдебиетінің алтын қоры — ұлттың рухани мұрасы» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап, оқырмандарды ұлттық әдебиеттің асыл қазыналарымен таныстырды.

Мұндай әдеби басқосулардың маңызы ерекше. Себебі кітап оқуға шақыру — жай ғана насихат емес, жас ұрпақты ойлануға, ізденуге, сөз қадірін түсінуге баулу. Әсіресе Шерхан Мұртазадай қаламгерлердің шығармаларын оқу арқылы жастар тарихты танып қана қоймай, адамдық қасиеттердің қадіріне де терең бойлайды.

Кітап оқитын ұлт болу — рухани кемелденуге ұмтылған қоғамның таңдауы. Ал сол таңдаудың негізі бүгінгі жас оқырманның қолындағы кітаптан басталады.

Нұргүл Маликова, кітапханашы

Ar—Ai. — 2026. — 13 қараша (№87). — 3 б.