«100» қайраткер әйел

«Қай жерде, мейлі, қай елде,

Әлемнің мәні – әйелде», — деп Жүрсін Ерман ағамыз айтқандай,  қай заманда да, қай халықта болмасын әйел адамның орны ерекше. Қазақ халқында әйел адамға өмірдің әні мен сәні, үйіміздің жылуы, ер адамдардың ақылшысы, балаларымыздың тәрбиешісі деп қараған.

Әйел – ибалы қыз, инабатты келін, ана, әпке, апа, әже.

«Алып анадан туады», — деген сөздің астында терең мағына жатыр. Ертедегі ел басқарған хандарымыз бен билеріміз, ер жүректі батырларымыз, ақын-жазушыларымыздың барлығы дерлік алтын құрсақты аналарымыздан туған. Балаларын данадай етіп өсірген, сондай ардақты аналарымызға кешегі тарихымыздағы  Домалақ ана, Ұлжан, Ұмай, Зере аналарымыз, әулиелілігімен танылған Бегім ана, Шоқанның әжесі Айғаным анамыз бірден-бір мысал бола алады.

Қазақ қоғамындағы әйел заты ерін сыйлаған, ерінен бір саты төмен тұрған.  Дегенмен, қазіргі таңда отбасына да, жұмысына да үлгеріп, отбасында аяулы жар, ардақты ана, үлгілі келін болып, жұмысында  биік-биік белестерден көрініп, абыройлы басшы боп жүрген әйел адамдары қаншама.

Құрметті оқырмандар, шілде айында Ай кітабы бетіне «100» қайраткер әйел атты анықтамалық-энциклопедияны ұсынамыз:

«100» қайраткер әйел [Мәтін] : анықтамалық-энциклопедия / [жоба авторы Г.Амантайқызы ; ред. Г.Амантайқызы, Қ. Жомарт, Е.Ержанұлы]. — Алматы, 2020. – 408 б.

Бұл анықтамалық-энциклопедияда Тәуелсіздік алған күннен бүгінге дейінгі Егемен Қазақстанның қалыптасуына үлес қосқан қайраткер тұлғалардың ғұмырнамалық келбеті топтасты. Елім деген азаматтардың қоғамды алдыға қозғап, ғасырға бергісіз 25 жылда мемлекетіміздің нығаюы жолында жасаған еңбектері нақты деректермен көрсетілген. Еліміздің әрбір жетістігінің астарында алуан түрлі тағдырлар бар екенін ескеріп, олардың үлгілі ғұмырларын дер кезінде хатқа түсіріп, келешекке ұлағат боларлық қайраткерлік болмыстары сипатталады.