Ақжолтай Ақжүрек

Ақжолтай Ақжүрек

   Парижде өткен әлем чемпионатында 70 килоға дейінгі салмақта Ақжүрек Таңатаров Қазақстан қоржынына қола медаль салды. Ширек финалда италиялық Франк Чамизо Маркестен жеңілді. Маркес деген бір жампоз. Жолындағының бәрін қиратып, финалдың ауылына атойлап кіріп кетті. Соның арқасында Ақжүрек жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алды. Алдымен өзбекстандық Ихтиёр Наврузовты жеңді. Әлем чемпионатына осал балуан келмейді. Ихтиёріңіз Рио-де-Жанейро олимпиадасында қола медаль алған. Риодан кейінгі әлем чемпионатында финалға шыққан. Азия чемпионаттарында талай рет топ жарған оғлан осымен екінші рет Ақжүректің қанжығасында кетті. Таңатаровпен әлем чемпионатының қола медалі үшін кілемге шыққан түрік Якуб Гора әлем және Еуропа чемпионаттарында жүлде теріп жүрген жігіт.

 Алғашқы кезең тепе-тең өткенімен, екінші бөлікте Ақжүректі кілем шетіне жыққан Якуп біздің балуанның аяғын сағыздай созып тартты-ай келіп.

 Мұндайда жаттықтырушылардың жаны кеудесінен шығып кете жаздайды. Қазақстан еркін күрестен үміт етіп отырған жүлде қызыл түлкідей көз алдыңда бұлаңдап кетіп барады. Таңатаров талай рет таңғалдырғанымен бұл жолғы жеңісіне сену өте қиын еді. Атой салып түріктің қамалын бұзғанымен, әбжіл жігіт төрттағандап алдырмайды. Оған да қола медаль ауадай керек. Төреші түрікке ескерту жасады. Тоғыз секунд қалғанда Ақжүрек «ұрыста тұрыс жоқ» деп, бар қайратын бойына жиып, шабынған арыстанша атылды. Соңғы секундтар. Түрікті бұқаша сүзген қалпы дырылдатып кілемнің сыртына шығарады. Жеңіске бір ұпай аз еді. Зу етіп артына шығып кетті.

Якуптың жаттықтырушысы басын ұстап, ойбайлады да қалды. Әлгінде ғана қолда тұрған қола медаль жанкешті қазақтың мойнында кетіп бара жатыр.

 Париж спорт залындағы аз қазақ сарайды мойнына іліп кетердей ұран салады.

Соңғы секундта жүлдені жұлып алды-ау сабазың. Ақжүрек Таңатаровтың Лондон олимпиадасындағы ерлігі тағы да еске түсті. Көбіне құрамадағы тау халықтары балуандарының көлеңкесінде жүретін Таңатаровқа да кезек келіпті, әйтеуір. Жолдаманы жеңіп алғаны болмаса, әлемдік жарыстарда олжа салған кезі жоқ. Төрт рет Қазақстан чемпионатында топ жарған. Қазақстан кубогының жеңімпазы. Бар болғаны осы. Бірақ, бас бапкер Алтай Танабаевтың құсы 66 кило салмақта осы Ақжүрекке түскен. Қазақ баласы күрессін деген.

Олимпиада алдындағы оқу-жаттығу жиынына тауға іздеп бардық. Бас бапкер Алтай Танабаев сұңғыла жігіт қой.

– Жүрегім сезеді. Лондонда қазақтың бір баласы жүлде алады. Уәде беремін, – деген.

Ол жолы құрамада әлем чем­пионаттарында жасындай жар­қылдаған қазақ балуандары қос Дәулет бар. Халықаралық жарыстарда топ жарғандары көп.

Басталды. Елеусіздеу жүретін Ақжүрек украиналық Андрей Квятковскийді еліне қайтарды. Ширек финалға армян үміті Давид Сафарянды тастап кетті. Жартылай финалға ат ойнатып шықты. Қарсыласы үнді Сушил Кумар. Оны ұтса – ақтық сын. Обалы кәні, Сушил Кумардың екі аяғын бір етікке тығып жіберді біздің Ақжүрек. Үнді балуа- ны жаны ышқынғаннан харам әрекеттерге барды. Көріп отыр- мыз. Кумарды құмары қанғанша илеп жатқан Ақжүрек бір көзін ұстаған қалпы аунап кетті. Бір жақ құлағынан қан саулап тұр. Сөйтсе, үнді жігіті жеңіліп бара жатқан соң құлағын тістеп алғаны аздай көзіне саусағын тығып алған. Ортадағы төреші мелшиген қара тастай былқ етпейді. Көпе-көрінеу Ақжүректі Кумардың астына салып берді.

Біздің бапкерлер де қарсылықты кештеу білдірген.

Қола медаль үшін тартыста біздің Ақжүрек түріктің атақты балуаны Рамазан Сахинді жеңді. Айтуға ғана оңай. Рамазаны­ңыз 2008 жылы Бейжің олимпиадасының алтынын мойнына таққан жігіт.

Әлі есімізде. Бауырымызды күтіп алдық. Құлағы таңулы, бір көзі қызарып кеткен Ақжүрек жаңа ғана олимпия ойындарының жеңімпазын жерге қаратқанын білмейтіндей еркін. Есесіне, бас бапкер Алтай Танабаев ботадай боздап келеді.

 – Бәке, айтым ғой қазақтың бір баласы жүлде алады деп. Уәдеде тұрдық.

Ақжүректі тік көтеріп алған Дәулет Шабанбай да еңіреп жүр. Біз көңілшектеуміз. Біздің көзден де қуаныштың көз жасы бұрқ ете қалған.

Лондондағы атақты жеңісінен кейін Ақжүректің қолы жүрмеді. Елішілік чемпионатта мықты жігіттер шықты. Риоға бара алмады. Жолы түспеді.

 Бапкерлер де үлкен спорттан кетем десе, тосқауыл болған жоқ. Бірақ, отыздан асқан жігіт ағасы кілеммен қоштаспады. Азия чемпионатының алдында Қазақстан біріншілігі өтті. Финалда қызылордалық балуан бірінші кезеңде Таңатаровты 4:0 есебімен жеңіп тұрды. Жарыс Шымкентте өткен. Көріп тұрып іштей аядық. Болдырған екен деп. Жоқ, екінші кезеңде қарсыласын керіп тастады. Одан соң Азия чемпионатына барды. Нью-Делиде өткен чемпионатта Қазақстан құрамасының жампозының жолына ешкім тұра алған жоқ.

Енді, міне, отыздан асқан шағында әлем чемпионатының қола медалін мойнына ілді.

Айтқандай, Лондон олимпиадасында әр елдің балуандары «Спортқа лайық емес әрекет жасадың» деп Сушил Кумарды жүндей түткен екен. Су тиген тауықтай сүмірейіп келіп Ақжүректен кешірім сұраған екен. Жаттықтырушымен. Кешіріпті біздің батыр. Атасы қазақ «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деп ұрпағына нақыл қалдырған. Міне, біздің Ақжүрек бауыр осындай жігіт.

Бақтияр Тайжан

Егемен Қазақстан. — 2017. — 5 қыркүйек