Бибісара Асаубаева, шахматтан әлем чемпионы: Жеңісті жолым Астанадан басталды

Бибісара Асаубаева, шахматтан әлем чемпионы: Жеңісті жолым Астанадан басталды

 

Ел намысын қорғау – ерлікпен пара-пар. Әлемге қазақты таныта жүріп, өзін дүниежүзіне мойындату – мықтылық. Қазақ елінің мерейін асырған, көпке үлгі таланттар санаулы. Елбасы «Астана – шахмат әлемінің астанасы болады» деп жас шахматшылардың келешегіне үмітпен қарайды. Шахмат патшаларын таңғалдырған жастарға сенім артады. Халықаралық шахмат федерациясының тарихында тұңғыш рет небәрі жеті жасында FIDE-нің шебері атанған Бибісара Асаубаева – Тараздың тумасы, Астананың түлегі. Қазір Ресей туының астында өнер көрсетеді.

– Бибісара, күні кеше шахматтан АҚШ-та өткен әлемдік додада 12 жасқа дейінгілер арасында жеңімпаз атандың. Жеңісіңмен шын жүректен құттықтаймын! Бизнесмен Рекс Синкфилд өзінің шахмат клубында ойнауға шақырды деп естідік. Болашақта АҚШ-қа кету ойыңда бар ма?

– Маған жарыста тілекші болып, қолдаған жан­күйерлердің жүрекжарды лебізіне рақмет! Былтыр қазан айында Батумиде өткен жарыста әлем чемпионы атандым. Жуырда АҚШ-та Рекс Синкфилдтің турнирінде сынға түстім. Ойын тартысты, қызықты өткенімен, оңай болған жоқ. Кіл мықтылар жиналған. Рекс Синкфилд өзінің шахмат клубында ойнауға шақырды. Оның шахмат клубына ауысу жөнінде әлі нақты бір шешімге келмедім. Өзімді әлі де шыңдай түсемін. АҚШ-қа кету, клуб ауыстыруда қандай да бір нақты шешім қабылдасам, бірінші кезекте жанкүйерлерімді хабардар етемін.

– Шахматты ақсүйектердің ойыны десек те, екінің бірі шаршы тақтаның есігін қақпайтыны анық. Шахматпен «сырласпай» ма, әлде шахмат адамдарға сыр ашпай ма?

– Шахмат – ойындардың төресі. Шахматтың құпиясын білсе, барлық адам гроссмейстер болар ма еді, бәлкім. Меніңше, әр ойыншының өзіне тән ерекше қасиеті, өзіне ғана мәлім тәсілі, жеңіске жетелейтін құпия кілті бар. Әркім тәжірибесін, мықтылығын, алғырлығын ақыл-ойына бағындыру арқылы ұтады. Шахматта жеке-дара қайталанбайтын шешімдер, әдіс-тәсілдер ақылға серік. Себебі, шахмат – тақта үстіндегі соғыс. Қарсыластың ойын оқып, әрбір қадамын талдап, тойтарыс беріп отырмасаң, ұтыласың. Теорияны көп оқып-білгенімен, кәдеге жаратпасаң, жеңістің ауылы алыс.

– Шахмат тақтасындағы әрбір фигураның өмірдегі атқаратын құқығы мен міндеттерін меңгеруде неге мән бересің?

– Әрине, шахматтағы әрбір фигураның орны, міндеті, қызметі және мақсаты бар. Әрқайсысының артықшылығы, кемшілігі, тіпті «тағдыры» бар. «Өмір – шахмат» деп тектен-текке айтылмаған. Жаңадан шахмат үйренгісі келе­тіндер мен қызығатындарға айтарым, ең алдымен шахматты жақсы көру керек. Сол кезде оның жұмбақ әлеміне қорықпай қадам жасауға болады. Кәсіби шахматшы тек жеңісті ойлайды. Жан-жақты ізденісті кәдеге жаратып, әр әдісті өз пайдаңа орнымен қолдану да тапқырлық. Әр жеңісте шыңдаламын, алға ұмтыламын, мақсатыма жетемін. Әрбір жеңісім – тыңғылықты дайындықтың, мықты жаттықтырушы еңбегінің жемісі.

«Шахмат – оңай шағылатын жаңғақ емес. Әр ойынға жеке дайындаламын. Қарсыласымның рейтингі менен төмен болса да, оны ешқашан осал деп ойламаймын. Әркімнің қабілеті әртүрлі. Әдісті өзі таңдайды»

– Ізденіс, жаттығу, зерттеу, оқып меңгеру… жүз пайыз жеңіске жеткізе ме?

– Жеңістің басы – ізденіс, бел ортасы – жоғары деңгейдегі жаттығу, соңы – үйренген, мең­герген біліміңді кәдеге жарата білу. Осы үш тұғыр шахмат ғана емес, өмірде де мақсат-мұратқа жеткізеді. Дайындықта барлық назарыңды тәсілді ұтымды пайдалану қажет. Кез келген спортшы өз құпиясын ашпайды. Менде де солай. Құпия сыр – күшті қару. Ойын барысында әрбір қарсыласыма жеке-дара әдіс, өзгеше тәсіл қолданамын. Себебі, бұған дейінгі ойындарыңды зерттеп, талдап, өз әдісіңді өзіңе ұтымды пайдалана білетін шахматшылар жетерлік. Бірыңғай жүріс, бір тәсілмен жеңемін деу шахматта – бос әурешілік. Ешқандай қарсылас осал емес. Жарысқа қатысуға емес, жеңуге келеді. Сол үшін табандылық, төзімділік, ұшқыр ой, батыл шешім өте маңызды.

– Қарсыласты зерттеп, оның ойынын талдау маңызды ма?

– Әр ойынға жеке дайындаламын. Қарсыласымның рейтингі менен төмен болса да, оны ешқашан осал деп ойламаймын. Бүгінде шахматты меңгеремін, жете зерттеймін, құпиясын ашамын деген адамға барлық мүмкіндік бар. Ізденуге, мықты турнирлерде бақ сынап, өзімді шыңдауға кедергі жоқ. Теорияны, әдісті жаттықтырушы әрбір спортшыға жеке талдап үйретеді. Әркімнің қабілеті әртүрлі. Әдісті өзі таңдайды. Шахмат – оңай шағылатын жаңғақ емес. Қызыққанмен құпиясы ашылмайтындығымен шахмат.

– Дайындық, жарыстардан бос уақытың болғанда демалысты қайда өткізесің? Жеке өмірің құпия ма?

– Оқу-жаттығудан бос уақыт болса, туған-туыстарымның ортасында болған ұнайды. Табиғат аясында демалғанды жақсы көремін. Тауға шығу, шаңғы, коньки тебу, шанамен сырғанауды ұнатамын. Демалыс күндері табиғат аясында кәуап пісіріп, таза ауада емін-еркін тыныққанды жаным қалайды. Қазақпын. Жылқының етін жақсы көремін. Мәскеуде күнде ет аспасақ та, анам үнемі ұлттық тағамдарды жасауға тырысады.

– Қазақстанда да шахмат дамып келеді. Таңдауың неге Ресейге түсті?

– Қазір Ресейдің жасөспірімдер құрамасында дайындаламын. Шетелде жаттығу көптеген мүмкіндікке жол ашты. Кіл мықтылар ғана қатысатын жарыстарда, дүние­жүзі мойындайтын шахмат клубтары арасындағы бәсекеде бағымды сынаймын. Жоғары деңгейде өтетін турнирлерге мені үнемі шақырады. Әр жарыстағы жеңіске жетудің ең қарапайым әдісі – жауапкершілік. Шахмат әлемінде өз атымды қалыптастырудың алғашқы қадамы.

– Туған жерің – Тараз. Астанада мектепке барып, шахматты бастадың. Қазір елге жиі келіп тұрасың ба?

– Қазақстанды жақсы көремін. Отанымның патриотымын. Елге жолым түскенде ең әуелі Тараздағы атам мен апама барамыз. Астанада білім алдым. Шахматтағы жеңісті жолдарым Астанадан басталды.

Әлемнің көптеген елін араладым. Маған ұнайтын, ұнаймайтын елдер бар. Өйткені әрбір елдің өзіне ғана тән ерекшелігі, артықшылығы, өз заңы, мәдениеті бар.

– Ең алғашқы жүлдең есіңде ме?

– Тұңғыш жеңісім, қуанған сәтім, тіпті қарсыласым да әлі есімде. Ең бірінші рет IV разрядты диплом алғанмын. 5 жасымда І разрядты иелендім. Жеті жасымда Қазақстан чемпионы атандым. Халықаралық шахмат федерациясын ың тарихында алғашқы рет FIDЕ-нің шебері атандым. Қазір Италияда өтетін турнирге дайындалудамын. Уругвайдың астанасы Монтевидеода 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы бәсекеде бағымды сынаймын. Шетте жүрсем де Қазақстанға, барлық жанкүйерлеріме алғыс айтамын!

 Әңгімеңе рақмет!

Сұхбаттасқан Майра Жанысбай

Айқын апта. – 2017. – 9 қыркүйек