«КІТАП-АСЫЛ ҚАЗЫНА» КІТАПХАНА ТҮНІ

Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі» қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне атсалысу, қала тұрғындарын кітапқұмарлыққа баулу кітапханамен қоғамның арасындағы байланысты нығайту, кітап оқуды дәріптеу мақсатында Абай атындағы орталық кітапханасында «Кітап-асыл қазына» атты кітапхана түнін өткізді. Кітапхана түніне жиналған қала тұрғындарына «Кітап әлемді бағындырады» атты кең көлемде кітап көрмесі, түрлі кітап инсталяциялары ұйымдастырылып, әдебиеттерге шолулар өткізілді. Кітапхана оқырмандары Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың, ұлы кемеңгер ақын Абай Құнанбаевтың, қазақ әдебиетінің классигі, ақын Мағжан Жұмабаевтың бейнесін сомдап, Рахымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» атты пьесалық драмасынан үзінді, Абай Құнанбаевтың «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек», Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңдерін оқыды.
«Әдеби қонақжай» алаңында зиялы қауым өкілдері ақын, журналист, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызы, филология ғылымының докторы, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры Сәмен Құлбарақ, Тараз қалалық ардагерлер үйінен аға буын өкілдері қатысқан, еліміздің руханиятын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан жазушы, драматург, публицист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елен Әлімжанмен сұхбат өткізіліп, оқырмандар қойылған сауалдарына тұщымды жауап алды. Кітапхана қызметкерлері жазушының «Тақталас» атты кітабынан «Қызыр баба немесе Ұлыс күн хикаясы» атты екі бөлімді аңызға құрылған хикаясынан үзінді көрсетті.
Кітапхананың «түнгі қонақтарына» арналып түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Әлем әдебиеті мен әлем халықтарының ертегілері, баспа беттеріне жарияланған жаңалықтар бойынша сұрақтар, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар жарысы, ән айту,би билеу,өлеңдер оқитын «Әдеби-библио бар» алаңы, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы ойындар ойналатын Ойын «Академиясы» алаңы, шарлардан түрлі мүсіндер жасайтын, ойындар ойналатын «Шар-шоу» алаңы, ұлттық нақышта жабдықталған, ертегілер оқылатын «Әжемнің ертегісі» алаңы, ойды дамытатын түрлі ойындар ойналатын «Теңіз қарақшылары» алаңы және әндер сайысы өтетін «Караоке» алаңдары жұмыс істеді. Әр алаңда ерекше форматта өткізілген, оқырманға рухани білім мен демалыс сыйлаған тағылымды шаралар өз оқырмандарын қызықтырып, ерекше көңіл күйге бөледі.Тағылымды шара келушілердің тарихи танымын кеңейтті, жаңа туындыларға қанықты.
Мерекелік кітапхана түні қала тұрғындары үшін маңызды да қызықты демалыс кеші болып, қала тұрғындары алғыс білдіріп тарасты.