Азаттықтың айбаты мен айғағы
Тәуелсіздіктің 25 жылында мемлекетіміздің тарихи тағдыры түбегейлі өзгеріп, еңсесін тіктеп, іргесін нықтап, өркениеттің жаңа өрнегін қалыптастырды. Кешегі сақ пен ғұн дәуірінің датын балбал тастар жеткізсе, бүгінгі тәуелсіздікке қаламыздағы әрбір өнер туындысы өзіндік үн қосып тұрғандай.
Керуен-керуен дәуірлердің күймесімен ұрпаққа жеткен Күлтегіннің тасқа қашалған аманаты, талай ғасырдан бері сестіліктің символына айналып кеткен Тектұрмас пен Қараханның, сұлулық пен махаббаттың киесі Айша бибінің кесенесі қазақ даласында текке бой көтерген жоқ. Астарында сол заман мәдениетінің, руханиятының, бір сөзбен айтқанда, тарихтың табы бар. Тіпті тарихтың өзі осындай жәдігерлердің жұрнағымен жазылған.
Ал осыдан жиырма бес жыл бұрын еліміз маңдайға жазылған тәуелсіздігіне қол жеткізіп, жоғын түгендеп, барын саралайтын мүмкіндік алды. Қағидалар өзгеріп, қазығынан жұлып кетіп азаттығына жеткен қазақ еліміз үшін нәубетті жылдарға нүкте қойылды.
Экономикалық, саяси, әлеуметтік ахуалдың буыны босап, Азияның алтын құрсағынан қайта туылған нәрестедей Қазақстан Республикасына осының барлығын оймен саралап, ақылдың алдаспанына салу еңбегі қатпаған балаға асау арғымақтың тізгінін ұстатқанмен бірдей еді. Дегенмен, даналықтың дәнегінен өніп шыққан бәйтеректей, дархан халқымыз бен ұрпақтың тағдырын ойлаған ел ағалары мемлекетіміздің іргесін биіктетпесе, төмендеткен жоқ. Кешегі халқым деп жүрегі қарс айырылып, жазықсыз жаланың жетегінде кеткен азулы ғұмыры абақтыға сыймаған арыстан ұл, мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың ізімен қанатын қылыштай сермеген Отанымыз армандаған ақ сәулесіне, Тәуелсіз тұғырына қонып, күннен тәж киді. Сонау тарихи сәтте елімізде елеулі өзгерістер орын алып, сәулетті нысандар, ескерткіштер бой көтерді.Соның бірегейі — Тараз төріндегі Тұрар Рысқұловтың ескерткіші. Қысқаша айта кетсек, Т. Рысқұлов (1894-1938) — Кеңес мемлекеттік, партия қайраткері.
1917 жылдан КПСС мүшесі болған. 1916 жылғы Орта Азия көтерілісіне қатысушы. Түркістан АКСР ОАК Төрағасы (1920), РСФСР Ұлттық істері жөніндегі халық комиссарының орынбасары (1921-1922), РСФСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары (1926-1937), Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің мүшесі. Түркі халықтарының мемлекет ретінде қайта дамуын қолдады. Ұлтшылдығы үшін кінәланды, қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы қайтыс болды. 1965 жылы ақталды.
Мүсін Абай көшесінің бойындағы қайраткердің атымен аталған мәдени және демалыс саябағының кіреберісінде тұғыр тұлғаның туылғанына 100 жыл толуына орай орнатылған. Мүсіншісі Ю. Баймұхашев, сәулетшісі Т. Жұмағалиев. Ескерткіштің ашылуына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан президенттері қатысқан болатын. Т. Рысқұловтың есімімен Жамбыл облысының бұрынғы Луговой ауданы, елді мекендер, көшелер, саябақтар мен алаңдар аталады. Ескерткіш композициясы — мінбе түрінде жасалған гранит тұғырға орнатылған қола мүсін. Тұғыр көлемді стилобатқа қойылған, қызыл жылтыр гранитпен қапталған. Тұғырдың беткі жағында қазақша бедерлеп жазылған «Тұрар Рысқұлов» деген сөздер және өрнек бар. Ескерткіштің жалпы биіктігі — 1,7 м. Мүсін биіктігі — 4,0 м, қоладан құйылған. Ел егемендігін алғаннан кейін араға екі жыл салып, тарихтың темірқазығы атанған Тараз шаһарында еңсе көтерген туынды бүгінде қала халқының рухани демалыс орнына айналған.
PS: Тараз тарихы қалың қазақтың арғы-бергі һәм болашақтың тарихымен де тығыз байланыста десек тіліміз жазықты болмас. Тәуелсіздік алғалы бері шаһар келбетіндегі өзгерістер мен сәулеті жарасқан мәдени орындарға жеке-жеке тоқталуды жөн көрдік. 25 жыл ішінде қала ажарын арттырған сәулетті туындылармен газетіміздің әр нөмірінде танысатын боласыздар.
Нұржан СЕРІКХАНҰЛЫ
Жамбыл-Тараз. – 2016. – 20 шілде