Абай Құнанбайұлының нақыл сөздері

Құрметті оқырмандар

      Абай Құнанбайұлы — қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл, композитор,  аудармашы әрі ағартушы.   XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген  ұлы тұлға қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірді.

Ақын өз шығармалары арқылы халқына білім мен ғылымды меңгеруді, әділет пен адалдықты ту етуді, еңбек пен жауапкершілікті қадірлеуді үйретті. Абайдың терең философиялық ойлары, өмірлік көзқарасы мен адамзатқа ортақ танымы — бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес.

Биыл қазақ халқы данышпан перзенті Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы мерейлі дата аясында ақын мұрасын насихаттау — әрбір ұрпақ үшін рухани парыз, елдік жауапкершілік.

Абайдың терең ойлары мен ұстанымдары топтастырылған  «Нақыл сөздер» кітабын назарларыңызға ұсынамыз. Ақынның әрбір сөзі — жүрекке жетер шындық, ойға жетелер даналық.

Қазақ халқының  ұлы  ақыны, ойшыл әрі ағартушысы Абай Кұнанбайұлының нақыл сөздері — өмірдің  мәнін терең  ұғынуға жетелейді. Шығармашылығымен қоса, даналығы, тағылымды ойлары ұрпақтан-ұрпаққа  мұра болып келеді

Кітапта топтастырылған нақыл сөздер әрбір оқырманның жүрегіне  жол табары сөзсіз. Оқырман назарына ұсынылып отырған «Абайдың нақыл сөздері» атты бұл жинақ — ой тереңдігімен, өмірлік даналықпен көмкерілген аса құнды рухани еңбек. Кітапта Абайдың қара сөздерінен, өлең жолдарынан, айтқан ғибратты ойларынан үзінділер берілген.

Абай Құнанбайұлының нақыл сөздері [Мәтін] / [бас ред. С. Теңіз]. — Алматы : Sana Publishing, 2025. — 144 б.

Бұл нақыл сөздер адамгершілікке, ізгілікке, парасаттылыққа жетелейді. Әрбір сөз — өмірдің мәнін ұғынуға, өзіңе және қоғамға сын көзбен қарауға бастайтын шамшырақ тәрізді. Кітап тек жастарға ғана емес, кез келген жас ерекшелігіндегі оқырманға арналып, терең ой саларлық дүниелерді қамтиды.

«Нақыл сөздер» жинағы — ұлттық тәрбиенің негізі, Абай даналығының айнасы. Бұл кітап әрбір қазақтың рухани сөресінде тұруға лайық. Оның өнегелі ойлары — жеке тұлғаның қалыптасуына, ұлттың болашағын тәрбиелеуге қызмет етеді.

Абайды тану — өзіңді тану. Абайды оқу – жүректі тәрбиелеу, ақыл-ойды дамыту. Сізді ұлы ақынның даналыққа толы сөздерін бірге оқуға, ойға шомуға, рухани биіктікке бет бұруға шақырамыз.

Кітаппен дос болыңыз — Абаймен сырласыңыз!