Айша бибі жайлы ақиқаттар

Айша бибі жайлы ақиқаттар

         Тараз қаласының оңтүстік жағында — 20 шақты шақырым жерде Аса өзенінің жағасындағы Айша бибі ауылында өткен-кеткен талай жолаушы, әсіресе, зерттеушілер, жаңа үйленген жастар ат бастарын арнайы бұратын екі ғимараттұр. Олардың бірі — Айша бибіге, екіншісі — Бабаәжі қатынға орнатылған ескерткіштер. Үлкен археолог А.Н.Бернштамның өткен жүзжылдықтың 30-40 жылдарындағы зерттеулері негізінде бұл көне ғимараттар ХІ-ХІІ ғасырларда салынған деп жазылған. Археологтар мұнда ескерткіштердің салынған жылын дәл атап көрсетпесе де, құрылыс ерекшеліктеріне байланысты жалпы мерзімін негізінен дұрыс топшылайды. Әйтсе де, ежелгі тарихымызды зерделегісі келген әрбір адам бұл ғимараттар кімдерге, қашан салынғанын, оларды кімдер салғанын білгісі келетіндігі табиғи нәрсе. Біз де журналист, яғни, әрбір жазатын тақырыбын зерттейтін қаламгер ретінде ұзақ жылдардан бері түрлі тарихи әдебиеттерді, Ташкент, Алматы қалаларындағы мұрағат деректерін іздестіріп, біраз белгісіз жайлардың бетін ашқандай болдық.

1964 жылғы желтоқсанның 6-14 күндері сол кездегі облыс басшыларының жұмсауымен Ташкенттегі Өзбекстан республикалық орталық архивінен «Туркестанские ведомости» газетінен Айша бибі туралы алғашқы мәліметтерді кездестіргенбіз. Рас, Айша бибі туралы алғашқы аңызды ақкөлдік Жұмабек қожа Сейдалыұлынан естіген болатынбыз. Арабша, парсыша, көне түркіше үлкен сауаты бар бұл кісі Айша бибінің әкесі Зеңгі баба деген шейх екендігін айтқан еді. Ал, қалың жұртшылық білетін аңыз бойынша, Айша сол әкесініңтілін алмай, Таразға — ғашығы Қараханға аттанғаны үшін Зеңгі баба теріс батасын беріпті-міс. Содан су жағасында қызды жылан шағып өлтіріпті-міс. Бұл — аңыз. Ал, ақиқаты қандай?

Ташкент архивінде бір кездегі Әулиеата қаласын билеген қалабасы (городской и уездной начальник) Василий Андреевич Калаур Түркістан өлкесінің әуесқой археологтары үйірмесінде жасаған баяндамасында Айша бибі ескерткіші туралы біраз деректер келтірілген екен. Тіпті, мазардың маңдайшасына арабша жазылған бірқатар жазулардың көшірмелері де Ташкент архивінде әлі күнге дейін тұр. Сол қалабасы Калаурдың Шымкент және Әулиеата ояздарының Әулиеата Қарахан туралы жазылған арабша, парсыша, шағатай түркіше кітаптарды оқыған молдаларынан жинастырған деректері де сақтаулы. Қарахандар шежіресі туралы араб әрпімен жазылған деректердің әуелі фотокөшірмесін, кейін ксерокспен түсірілген көшірмесін алған едік. Олар қолымызда бар.

Ең бастысы — Ташкент мұрағатындағы «Туркестанские ведомости» газетінің 1900 жылғы №97 және 1904 жылғы №37 сандарында Әбубәкір Диваев Айша бибінің әкесі Сүлеймен Бақырғани, яғни, Хаким ата және асырап алған әкесі Зеңгі бабаның тегі туралы деректер жариялапты. Сондай-ақ, Ташкент түбінде Зеңгі бабаның мазары, Айша бибінің анасы Әнбар бибінің және әжесі Ұлықпатшаның басына тұрғызылған қабырлар жақсы сақталған. «Зеңгі» — арабшадан аударғанда қара түсті деген мағынаны білдіреді. Оның өзінің азан шақырып қойған аты — Айқожа. Әкесінің аты -Тәжіқожа. Зеңгі бабаның алтыншы атасы атақты Қожа Ахмет Йассауи сопының ұстазы Арыстан баб екен. Өзбекстандық зерттеушілер бұл шежірені Пәкістандағы Лахор қаласынан алыпты. Өзбекстанның көп томдық экциклопедиясының 4-томында Зеңгі атаның өлген жылы 1258 жыл екендігі анық жазылған. Бірақ туған жылы белгісіз.

Зеңгі бабаның зәулім биік мазарда Ташкент қаласынан 25-30 шақырымдай жерде — оңтүстікке, Самарқанға қарай апаратын жол бойында. Бұл атырап қазір Зеңгі ата ауданы деп аталады. Байқайсыздар ма, қазақтар сиыршылардың пірін Зеңгіні «баба» десе, өзбек ағайындар «ата» дейді, мұның өзі оның жас шамасы кемінде сексеннен асқан-ау деп болжалдауға мүмкіндік береді. Өзбекстан энциклопедиясында сол сияқты Зеңгі атаның басына көтерілген күмбездің әр қырынан түсірілген суреттері, оюлы кірпіштерінің кескіндері берілген. Зеңгі ата мазарының ішіне еніп, бір кезде оның қолына ұстаған аса таяғын көрдік. Сол сияқты Самарқанның көктасымен көмкерілгенӘнбар бибінің — яғни Айша бибі анасының қабіріне де зиярат еттік, әжесі Ұлықпатшаның (өзбекше — Улугподшо) қабірі де Әнбар бибінің зиратына ұқсайды екен. Амал не, Қазақ Совет Энциклопедиясында Зеңгі баба туралы дәл деректер жоқ. Есесіне, Шоқан Уәлиханов 1858 жылы қазанның 25-күні «Қашқар күнделігінде»: «В Ташкенте — могила Зенги ата… Анбар-ана — жена Зенги, вдова учителя Хенги Хаким-ата, Эрхуббу, сын ее от первого брака. Али-Аскар — от второго. Анбар-ана носила обед, когда муж пас коров…», — деп жазыпты (Собрание сочинений, 3-т., 50-51 б., 1985).

Қазақтардың да, өзбектердің де арасында Әнбар бибінің алғашқы жұбайы Сүлеймен Бақырғани сопы өлген соң оның шәкірті әрі жақын туысы да болуы керек Айқожа шейхқа Әнбар бибінің қалай ерге шыққаны туралы да аңыз бар…….

***

Айша бибі — шамамен ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген ару қыз. Әкесінің есімі — Айғожа. Айша бибі еліне сапар лап келген Қараханмен жүздесіп, бір-бірін ұнатады. Алайда тұтқиылдан еліне жау шапқанын естіген Қарахан дереу еліне аттанады. Уәделі кезде хабар болмаған соң алаңдаған Айша бибі күйеу жігіт еліне барып, бір хабарын білейін, аман болса алдыңызға келіп, ақ батаңызды алып қосылармыз деп, әкесінен рұқсат сұрайды. Бірақ қыз әкесі келісімін бермейді. Үш рет өтініп, меселі қайтқан Айша бибі 40 қыз жолдас ертіп, Қараханның еліне өз бетімен аттанады. Ел шетіне таяғанда демалмақшы болып су бойына тоқтап жуынады. Сол кезде сәукелен ішінде жасырынып қалған улы жылан Айшаның басынан шағып өлтіреді. Қыздардың хабарын естіп Қарахан да жетеді. Бірақ Айша тілге келмейді. Ең болмаса о дүниеде қосылайық деп Қарахан осы жерде Айшамен некесін-қидырады. Келін болып босаға аттамаса да, уәдеге берік Айшаның соңғы демі өз қолында шыққанына әрі риза. әрі құса болған Қарахан сол Айша бибі қабірінің үстіне күмбез тұрғыздырады. Халық Айша бибіні.әулие санатына қосып, табынады.

«Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы, 1-том

***

Бабажы қатын кесенесі — Х-ХІ ғасырлардан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Тараз қаласынан 18 шақырым қашықтықтағы Айша бибі кесенесінің маңында орналасқан. 1897 жылы В.А. Каллаур, 1938 жылы А.Н. Бернштам, 1953 жылы Т.Қ. Бәсенов зерттеген. Текше тәрізді тік бұрышты, қызыл кірпіштен тұрғызылған ескерткіштің ауданы 6,8×6,8 метр, биіктігі 5 метрден астам; қабырғаларына қаланған кірпіштерінің көлемі 24x24x5 см. Қасбеті мен екі қапталы бір-біріне ұқсас, мәнерлеп қаланған кірпіштен күн тәрізді өрнектер жасалған. Жоғары жағы аркалы, ішке кірер есік шығыс жақ қабырғасында. Қабырғалардан сегіз қырлы барабанға ауысатын тромпбелдеу жасалған. Оның үстінен ішкі еңсенің 16 қырлы күмбезі басталады. Ал, сыртқы күмбезінің биіктігі 86 см қырлы призманың үстіне орнатылған. Мұндай қобылы күмбездер Қазақстандағы Көккесене, Жұбанана сияқты көне ескерткіштерде кездеседі. Бір-біріне қаптағай салған қос күмбез ескерткіштің ұзақ сақталуына себепші болған. Күмбез тұғыры аршамен құрсауланып, тақталардан суағарлар жасалуы сол кездегі құрылыс өнерінің өте жоғары дәрежеде болғанын көрсетеді. Ғимаратта шағын көлемдегі архитектуралық детальдар ұтымды әрі үйлесімді пайдаланылған. Бабажы қатын кесенесі сыртқы пішімінің жинақылығымен, құрылысының беріктігімен ерекшеленеді.

«Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы, 2-том

Сонымен, Айша бибі — қазақ халқының, әлбетте, түркі халқының екі жарым мың жылдан да ары тарихына терең бойлататын Қарахан әулетінің бір ұрпағына ерге шыққан қасиетті анамыз. Өзінің асырап алған әкесі Зеңгі бабаның сиыршы — падашылар пірі болғаны, Айшаның махаббат пірі ғашықтардың пірі саналатындығы тегін емес. Айтпақшы,«Айша қатын»деген атау ұлы тарихшымыз Дулат Мұхаммед Хайдар мырзаның «Тарих-и Рашиди» кітабында да кездеседі. Қазіргі Аса өзені бұдан бес ғасыр бұрын Айша қатын аталса керек. «Қатын» демекші, бұл сөз, кейбіреулер жазып жүргеніндей, ешқандай парсы сөзі емес, көне түркі атауы. XI ғасырда өмір сүрген қашқарлық ғұлама Махмуд бабамыз өзінің түрік сөздігінде «қатын» деген атау Алып Ер Тоңаның қыздарына байланысты айтылғандығын жазады. Айша бибі ескерткіші қасындағы Бабәжі қатын күмбезі де Қарахан әулетінен шыққан ақсүйек әйелге тұрғызылғандығын осыдан да білуге болады. Ал Бабәжі атауына келсек, «бажы» деген сөзтіпті қазіргі түрік тілінде де тұңғыш қызға байланысты айтылады. «Ажа» — көне түркіше билеуші деген сөз. Мәселен, «Қой!» дейтін қожа жоқ, «Әй!» дейтін ажа жоқ» деген қазақ мәтеліндегі «ажа» осы билеуші мағынасында. Айтпақшы, қазіргі қырғыздар өз президентін «ажа» да деседі.

Қарахан әулеті қожалар арасында да бар. Олар Қожа Ахмет Йассауи сияқты өздерін Мұхаммед пайғамбардың немере інісі әрі күйеу баласы хазірет Әли халифаның Әнафия атты әйелінен туған ұлы Мұхаммед-Әнафиядан таратады. Сірә, бұл арабтардың Түркістан өлкесіне 714-75 жылдары келуінен кейін қойылған-ау.

Айша бибінің тегі, туған, өлген жылдары, заманы туралы осындай мәліметтерді ортаға сала отырып, оның мазары басындағы ХІ-ХІІ ғасыр деген болжам мезгілді XII ғасырдың соңы — XIII ғасырдың басы деп дәлірек жазсақ деген ұсыныс өзінен-өзі туындайды.

Бақытяр Әбілдаұлы

Аңыз адам. – 2017. — №5.