Айтыс өнерінің алыбына арналды

     Қазақ халқының рухани қазынасында айрықша орын алатын Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы – улттық болмыстың, елдік сананың, әділдіктің, халықтық рухтың жарқын көрінісі. Биыл жыр алыбының туғанына 180 жыл толуына орай «Ел болып оқимыз» жобасы аясында қалалық Ғ.Мұратбаев атындағы кітапхана мен №63 орта мектеп бірлесе, «Жамбыл жырлары — ұлттық құндылықтың бастауы» атты библиокеруен өткізді. Бұл іс-шараның мақсаты — жас ұрпаққа Жамбыл мұрасының құндылығын кеңінен таныту, өлең-жыр арқылы ұлттық рухты нығайту, оқушылардың көркемсөзге деген қызығушылығын арттыру. Библиокеруен барысында жыр алыбының өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталып, оның поэзиясындағы елдік, бірлік, адамгершілік идеялар насихатталды.

   Кітапханашы Бағира Бұлтанқұлова Ж.Жабаевтың халқымыздың тарихы мен тағдыры, арман-мұраты, бірлік пен ынтымағы, достығы қамтылған жырлары баға жетпес рухани қазына екеніне тоқталды. Сондай-ақ ақынның өлең-жырларынан үзінділер оқып, мысал келтірді. Мектептің кітапхана меңгерушісі Дина Қартабаева жыр дарабозының айтыс өнеріне қосқан үлкен үлесі мен жетістіктеріне, өнегелі өмір жолына жан-жақты тоқтала келе, «Жамбыл менің жай атым, Халық менің шын атым» деп жырлаған Жамбыл шығармасын оқу мен насихаттау оның өлмес туындыларының құны мен маңызы артып, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретінін тілге тиек кетті.

Онда ақынның өлеңдері жатқа оқылды. Мұнда 8 «ә» сыныбының оқушылары Мейірлан Айтқұл, Мира Мэлс, Кәусар Атабек белсенділік танытып, Жамбылдың жырларын мәнерлеп оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ XX ғасырдың Гомері атанған бабамыздың айтыстарынан бейне үзінділер көрсетілді.

Шарапатты шара соңында Жамбыл Жабаевтың шығармалары мен Жәкең жайлы жазылған бірнеше қаламгердің еңбектері қойылған «Жыр алыбы Жамбыл» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалды. Қатысушылар ақын мұрасымен жақынырақ танысты. Көңілге түрлі ой салған бұл көрме оқушылардың кітапқа, әдебиетке, айтысқа деген қызығушылығын арттырумен қатар, жыр алыбының шығармаларын оқуға ынталандырды.

Елордамыз Астанадан бастау алып, өз өңірімізде де жарасымды жалғасын тапқан бұл библиокеруен тәрбиелік мәні мен нәрі зор игі шара ретінде мамандар мен көпшілік тарапынан жоғары бағаланып, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға құрметпен қарап, саналарына сіңірулеріне септігін тигізіп, халқымыздың рухани қазынасын молайта түскен Жамбыл мұрасының мәңгілік екендігін тағы да дәлелдеді.

Көркем кешке жиналғандар Жамбыл жырларынан сусындап, әдемі әсермен тарасты.

Марат Құлибаев

Әулиеата. — 2026. — 24 ақпан