Құрметті оқырмандар!
Әр бір жанның жүрегінде әке сөзі ерекше орын алады. Әке — отбасының тірегі, баланың қорғаны, өмірдің бастапқы бағдаршамы іспетті. Оның әрбір айтқан ақылы, әрбір жасаған ісі балаға бағыт, отбасыға тұғыр. Әке тек асыраушы ғана емес, ол үлгі, тәрбие, мінез мектебі. Оның маңдай тері мен маxаббаты, үнсіз жанашырлығы мен өмірлік сабыры әр перзенттің жүрегінде өшпес із қалдырады. Әке туралы сөз — мейірім мен құрметке толы шынайы алғыс пен қадірлеудің көрінісі.
Әке деген биік шыңы адамның,
Әке деген — тірегі ғой ғаламның.
Сіздердің назарларыңызға түріктің көрнекті жазушысы Орхан Кемалдың ең сүйікті танымал болған кітаптарының бірі «Әке үйі» романын ұсынамыз.
Кемал, О. Әке үйі [Мәтін] : роман / Орхан Кемал. ; [түрік тіл. ауд. Ж. Мақсұтхан]. — Алматы: Балалар әдебиеті, 2025. — 128 б.
Бұл жазушының 2 кітаптан түратын «Кішкене адамның романы» кітабының алғашқысы. Кітапта балалық шақтан бозбалалық жас аралығын ең көркем түрде бейнелеген шығарма.
Түрік әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі Орхан Кемалдың «Әке үйі» (Baba Evi, 1949) романы — жазушының автобиографиялық шығармаларының алғашқысы. Роман оның «Балапан шақ — жастық кезең» циклінің бастамасы саналады және жазушының өмірлік жолын, әлеуметтік ортаның адам мінезіне әсерін, кедейлік пен әділетсіздікпен күрес тақырыптарын терең суреттейді.
Шығарма бас кейіпкердің балалық шағынан басталады. Оның әкесі — әділетсіздікке төзбейтін, бірақ мінезі қайшылыққа толы, жиі қудалауға ұшырайтын қоғам қайраткері. Әкенің күрделі мінезі, отбасылық қиындықтар, тұрмыс таршылығы баланың психологиясына үлкен әсер етеді. Бала қай жерде тұрақтап өмір сүрсе де, тағдыры біртіндеп әлеуметтік әділетсіздікпен бетпе-бет келіп, өзін және өз орнын іздеуге ұмтылады.
Шығармада әкенің тұлғасы әрі шабыт көзі, әрі ауыр сабақ ретінде суреттеледі. Кейіпкердің өмір жолы арқылы Орхан Кемал қоғамдағы таптық айырмашылықтарды шынайы бейнелейді. Роман қиындықтарға қарамастан, адамдық қадір мен сенімнің жоғалмауы туралы.
Орхан Кемалдың тілі қарапайым, шынайы, жылы. Ол күнделікті өмірдің ішкі драмасын асыра көрсетпей, өмірдің өзінен алынған көріністермен әсерлі жеткізеді. Бұл роман да жазушыға тән гуманистік және реалистік бағытта жазылған.
Оқырманға жеңіл әрі әсерлі оқылады. Автордың өз өмірінен алынғандықтан, оқиға өте табиғи және сенімді. Түрік қоғамының ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік ахуалын түсінуге мүмкіндік береді.
«Әке үйі» — Орхан Кемалдың шығармашылық әлеміне кіретін тамаша бастау. Бұл — тек әке мен бала туралы роман емес, адамның өмір жолын, оның қалыптасуы мен күресін ашатын терең туынды. Шынайылық, жылы адамгершілік пен өмірлік сабақтарға толы бұл кітап көптеген оқырмандардың жүрегіне жол тапқан.
Оқырман бұл кітап сіздердің жүректеріңізден орын алар кітап екені белгілі. Олай болса «Әке үйі» романын оқуға шақырамыз.