«Тараз-ғасыр» колледжінде М.Шолохов атындағы кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен облыстық газеттің 100 жылдығы аясында «Алаш аманатын арқалаған «Аq Jol» атты іс-шара өтіп, басылымның шығармашылық тобы кітапхана оқырмандарымен кездесті.
Кездесуді ашып, жүргізген колледж директоры Ғазизжан Мадимаров облыстың бас басылымының аймақ өміріндегі алатын орнына тоқтала келе, үзақ жылдан бері газеттің түрақты оқырманы екенін мақтанышпен айтты. Одан кейін «Аq Jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт сөз алды.
— 1922 жылдың 1 мамырынан алғашқы нөмірі жарық көрген облыстық «Аq Jol» газеті осынау жүз жылдан бері елді ынтымақ- бірлікқе үндеп келеді. Облыстық «Аq Jol» газеті сол кездегі Әулиеата уездік Кеңес атқару комитетінің органы «Вольная беднота» газетінің қосымшасы ретінде «Кедей еркі» деген атпен шыға бастаған. Ол төте жазумен 300 дана болып тараған. Түңғыш редакторы Анна Алматинская болды, — деген бас редактор жүз жыл бойы ақ жолынан аинымаи келе жатқан басылым туралы кеңінен сөз етті. Газетте қазақ детектив жанрының негізін қалаушы, белгілі жазушы Кемел Тоқаев бастаған қазақтың белгілі ақын-жазушылары, талантты журналистер еңбек еткенін, редакцияның киелі қара шаңырақ екенін әңгімеледі.
Әр кезеңде Жайык Бектұров, Ғайса Сармұрзин, Төленді Оңғарбаев, Беген Байсақалов, Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет, Ғалым Қасабай, Қуаныш Иембердиев, Көсемәлі Сәттібайұлы, Қуат Әуесбай сынды белгілі журналистер басшылық еткен кездерде де оқырмандарға құнды дүниелер ұсынумен ерекшеленгеніне де жан- жақты тоқталып өтті. Жүз жылдық аясында газетте еңбек етіп өмірден өткен алдыңғы толқын әріптестердің рухына құран түсіртіп, құдайы тамақ берген имандылық шарасынан бастау алған іс-шара жыл бойы жалғасатынын да еске салды.
Одан кейін басылымның шолушысы Ақылжан Мамыт пен осы жолдардың авторы кеңес заманында облыстық партия комитетінің органы — «Еңбек туы», бүгінгі «Аq Jol» -дың ұлт тағдыры, ұрпақ болашағы жолында әділдікті ту етіп көтергені туралы әңгімеледі.
Көңілімізді бір көтеріп тастағаны — колледж ұжымының да, кітапхана оқырмандарының да газетімізді тұрақты оқитындығы болды. Оны қойған сұрақтарынан аңғардық. Кездесуге қатысушылардың әрбір сұрағына бас редактор нақты жауап қайтарып, жазуға икемі бар жастардың дүниелерін, өлеңдерін газетте жариялап тұратындықтарын жеткізді. Басылым Күләш Ахметова бастаған бүгінде поэзия мен проза әлемінде жарық жұлдыздай жарқырап жүрген небір таланттардың тұсауын кескеніне де назар аударды.
Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Назым Мұхамбетиярова, кітапхана меңгерушісі Айнаш Тасмағамбетова, колледж директорының құқықтық тәрбие жөніндегі орынбасары Бауыржан Нұралы газет туралы жылы пікір айтып, жүзжылдықпен құттықтады.
Кездесу барысында ән де шырқалып, белгілі ақындардың өлендері оқылды. «Алаш аманатын арқалаған «Аq Jol» атты көрмені тамашалаған оқырмандар мен басылымның шығармашылық тобы руханият орталығы мен колледж ұжымына әсерлі кездесу ұйымдастырғаны үшін алғыстарын айтты.
Амангелді Әбіл
Aq jol. — 2022. — 28 мамыр