Алдаркөсе мен Қожанасыр хикаялары

Балалар бұл жолы сендерге қазақ ауыз әдебиетінің кейіпкері Алдаркөсе туралы кітабын оқуға ұсынамын.

Ол ақылды, ойлы, зерделі қудың жиынтық бейнесі. Алдаркөсе өзінің асқан айлакерлігі мен тапқырлығының арқасында көздеген мұрат-мақсатына жетіп отырады. Ол айналасындағы ашкөз байларды пайдакүнем саудагерлерді, әділетсіз қазыларды келеке- мазақ етеді. Мысалы, Алдаркөсе ел-жұртқа сараңдығымен әйгілі болған Шықбермес Шығайбайды масқаралап, бергісі келмеген асын ішіп, атын мініп, қызын алып кетеді. Сол сияқты байлықтың соңына түскен дүниеқұмар керуенбасын сазға отырғызып, өгіздерін олжа етеді. Әрі қарапайым халық оның бұл әрекеттерін еш уақытта айыптап кінәламайды, қайта, көптің көңілінен шыққандықта оны қоштап, әрдайым қуаттап отырады.

Алдаркөсе туралы хикаялар сонау ерте заманнан айтылып, ауыздан ауызға көшіп келе жатқан көне дүниелер. Оның өмірде болғанын, қай уақытта өмір сүргенін дәлелдейтін тарихи деректер жоқ. Негізінен Алдаркөсе образының терең қатпарларында алғашқы қауымдағы мифологиялық түсініктердің ұшқыны бар екендігі белгілі фольклоршы ғалым, академик С.Қасқабасов пен әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы Е.Тұрсыновтың зерттеу еңбектерінде айтылады. Олар Алдаркөсенің Шайтанмен сапарлас болуы, жын-перілердің қолбасшысымен дауласқанда әлемнің жаратылған мерзімі туралы куәлік айтуы біздің басты кейіпкердің арғы тегі мифологиядағы трикстер бейнесімен астасып жатқандығын көрсетеді деген тұжырым жасайды.

Қалай айтқанда да, қарапайым жұрттың діттеген жерінен шығып, еш ұмытылмай күні бүгінге дейін жеткен Алдаркөсе әрмен қарай да қазақ халқымен бірге мәңгі жасай бермек. Соңғы кездері осынау ғажайып кейіпкердің еліміздің театр және кино өнері туындыларына айналуы соның жарқын көрінісі болса керек. Тұңғыш рет 1942 жылы сахналанған «Алдаркөсе» пьесасы мен 1964 жылы қойылған «Алдаркөсе» фильмі келешекте дәстүрлі жалғасын табатынына риясыз сенгіміз келеді.

Ал енді Қожанасыр туралы айтар болсақ, ол түрлі халықтардың арасында ХІІІ-ХІV ғасырларда мейлінше кең таралған күлдіргі әңгімелердің ұмытылмас кейіпкері. Осынау әңгімелерде Қожанасыр бірде қу, бірде аңқау, бірде шешен тілді қалжыңбас бейнесінде сипатталады. Ол туралы хиқаялар бүкіл Азия, Арабия, Грекия, Румыния, Сербия, Еділ бойы, Кавказ халықтары фольклорында Молда Насреддин, Қожа Насреддин, Насреддин Әпенді деген аттармен кең тараған. Оның ұлты мен туған жерін дөп басып айту қиын. Тіпті ол өмірде болмаған, халықтың қиялынан туған кейіпкер де болуы әбден мүмкін.

Қожанасыр қоғамдағы келеңсіз жайттарды күлкіге айналдырып, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жеңілдетуге тырысқан. Әпенді бейнесінің ажырамас бөлігі — оның есегі.

Есек кейде қалжыңның бас кейіпкері болса, кейде Қожанасырдың айнымас серігі ретінде көрініс табады. Сол үшін де әлемнің көптеген елінде Әпендіге ескерткіш орнатқан кезде оны есектің үстіне отырғызып қояды. Сондай зәулім ескерткіштердің бірі — Өзбекстандағы Бұқара қаласында тұр.

Сайып келгенде, Алдаркөсе де, Қожанасыр да халық ұнатқан, халық таңдаған жағымды кейіпкерлер. Сондықтан да олар халықпен бірге мәңгі жасай бермек. Қос кейіпкердің бүгінгі жас буын үйренер, үлгі тұтар тұстары да аз емес деуге толық негіз бар.

Ең бастысы, олардың кедей-кепшікке, жәбір көрушілерге деген жанашырлығы, қамқорлығы һәм риясыз сүйіспеншілігі жеткіншектерге ой салғандай үлгі-өнеге болып қала бермек.

Бұл жинаққа Алдаркөсе мен Қожанасырдың терең, мағыналы, пәлсафаға толы ұтқыр әзіл-оспақтары, күйдіргідей ойып түсетін қалжың хикаялары енгізіліп отыр. Кітап жеткіншектер үшін тәлім-тәрбиелік жағы ескеріле отырып құрастырылды.

Кітаптың тартымды болып шығуы үшін, жинақты көркем безендірген елімізге жақсы танымал суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайртакері, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Ағымсалы Дүзелхановтың еңбегін зор ықыласпен атап өткіміз келеді. Ойлы да әсем суреттер жинақтағы әңгімелердің ажарын мейлінше аша түскен.