Ақәділдің жүрегі

Ақәділдің жүрегі

   20 қазан 1940 жыл

Ол арбада мол денелі, сүйекті, салалы саусақтары буылтық-буылтық, қараторы кең жүзіне терең-терең әжім түскен, қоңырқай дауысты кейуана Тойтан, оның үлкен ұлы, жасы қырықтар шамасындағы қара мұртты бет-жүзі анасына да, Ақәділге де ұқсаған Ертемен, өз қызуынан өзі қып-қызыл шоқтай қызара жалқылдаған үп-үлкен Күн табағы Мойынқұмның бұйраттарынан ыршып шыға сала көлденеңінен көсілген шарбы бұлт белдеуін алмас қылыштай оп-оңай тіліп өтіп, көтеріле бастаған шақта кішкене ауыл Қарасудың негізгі көшесінен қос-қостап ат жегілген үш жәшік арбадан тұратын кішкене керуен асықпай шығып келе жатты. Кішкенелігіне қарамастан даңғазасы әжептәуір. Жұқа темірмен құрсауланған ағаш дөңгелектердің күзгі түн салқынымен сіресе қалған ой-шұқырлы сұрғылт жерге тигендегі сартылы, адамдардың қаңғыр-күңгірі, иттердің әдеттегіше шабаланбай, арсылдамастан бүгін бір түрлі ұяңдау, тіпті ұялғандай үрген даусы ауыл аспанын тырсылдата кернегендей.

Әдетте бұл секілді керуенмен жаздың шықылдаған шілдесінен бастап күзгі салымға дейін колхозшылар Ақшолақ стансасына астық тасыр еді. Кейде арбалардың алдыңғысының үстіне «Астық – Отанға!» деген ақ бормен жазылған жазуы бар екі-үш метрлік қызыл матаны керіп қоятын. Бұл жолы олай емес: бәріне тола адам мініпті.
Көше бойлай тізілген әппақ там-үйлердің жанында, жол шетінде тұрғандар қарасы көп-ақ. Тіпті, шешелерінің етегіне оралып, ұйқылы көздерін қожалақтау, топ-толық жұдырықтарымен дамылсыз уқалап, мазасыздансада әлденені күткендей алаңдап тұрған сәбилер де бірталай. Бәрінің де назары соңғы арбаның соңында жәй аяңдаса да қадамын нық басып келе жатқан шамасы жиырмаға жаңадан іліккен бойы ортадан биіктеу, жауырынды, қараторылау кең келбетті, қоңырақай көзі кісіге мейлінше мейіріммен жылы қарайтын, басына жасыл түсті фуражка, үстіне жартылай әскери көйлек-гимнастерка киіп, белін жалпақ қайыс белдікпен буынған, аяғында көгілдір шалбар балағы қонышына тығылған сықырлауық жап-жаңа хром етік киген жас жігітте. Ақ сақалды қарттар мен әппақ кимешек киіп, күндік ораған кемпірлер құшақтап, бетінен, маңдайынан сүйсе, жастаулары төс түйістіріп, қол қысысып қалып жатыр.

– Аман барып, сау қайт, айналайын!..

– Қосы атаңның әруағы қолдасын, қарағым…

– Отанға, Сталин жолдасқа жақсы қызмет қып қайт!

– Ұмытпа бізді, хат жазып тұр…

– Қарасуыңа аман орал, ағажан…

Өткен түні құрбы-құрдастардың қоштасу кешінен кейін Ақәділ мен Айтай таңға таянғанға дейін айырылыса алмады. Көгалы қыс түскенше жасыл түсін жоғалтпайтын Қарасу жағалауында ұзақ жүрді, иықтаса, құшақтаса отырысты. Екеуінің де көңілі алау-жалау. Әсіресе, айырылысу. Айтайға аса ауыр тиетін секілді. Уайым-мұң, сағыныш әлден-ақ, Ақәділ әлсін-әлсін абайлап, аялап сүртіп отырған ыстық жасқа айналыпты. Кейде тіпті қыз жанының ішкі толқындары тулағандай тұла бойында бір нәзік діріл пайда болғанда Ақәділ өзге амалы қалмағаннан да мағынасын өзі де жөнді аңдап жатпастан әйтеуір бір жұбату сөздерін айтумен қоса сүйіктісін бауырына қысқан күйі сүйе берді, сүйе берді…
– Уайымдамашы, жаным, – деді Ақәділ Айтай сәл тыншығандай болғанда.

– Әскерде де менімен бірге боласың ғой… тіпті, маған қарап тұрасың…
– Қа-алайша? – деді Айтай таңдана.

– Солайша! – деп күлді Ақәділ. – Сенің атың – Айтай. Түбірі – Ай. Анда, мен жүретін жақтың аспанында да бірде толып, бірде жұқарып анадай Ай тұрмай ма? Тұрады, яғни, сен тұрасың. Сөйтіп мен сенен, сен менен көз алмай тұрмаймыз ба, сәулем!

– Ал… ал Айсыз түндерде ше? – деп енді көңілі аздап орнына түскендей күле сұрады Айтай.

– Қараңғы түндерде жүректеріміз не бітіреді? Менікі сен деп, сенікі мен деп соғумен болмай ма?!

– Ол рас, Ақәділім… менің… – Айтай білегін Ақәділ мойнына орады. Менің жүрегім тек сен деп соғады. Сені, сені, жаным, қанша күту керек болса, сонша күтем…

Қыздың сыбыры мен ыстық демі бой балқытты…
Міне, сол Айтай, асыл жары Айтай мұны ұзақ та алыс сапарға аттандырғалы келе жатыр. О-о, оның анау ғажайып көз жанарына тұнған сәуле бұған деген шексіз махаббат қой! Өзі үшін нағыз бақыт та осы емес пе? Әрине, әрине… «Менің де осының үшін мәңгілік алғысымды махаббатыммен қоса ал, сәулетайым!»

Ақәділ ойын Әшім қолындағы гармонның саңқ ете түскен қатты даусы бөліп кетті. Алғашқы аккордтардан соң бәрі бірден өздері өте жақсы білетін, бәлкім, өз ауылдарында туған бір әнді шырқай жөнелді.

– Біздің ауыл Қарасу жағасында-а-ай,

Ал Қарасу тау мен құм арасында-а-ай.

Сонда гүлдей жайнаған, қайран жастық-а-ай,

Сен де өтіп шынымен барасың ба-а-ай!..

Қайран жастық-ай,

Судай тастық-ай,

Жан сәулені сағынып,

Әнге бастық-ай, жастық-ай!..

Үш-төрт шақырымнан кейін жол «Фрунзе» ауылын айналып өте бастағанда Ақәділ.

–Достар, мен Әбдіраштың арбасына ауысайын, — деді күліп.

– Апамның көңілін ауламасам болмас. О кісі мен әскерге емес, барсакелмеске кететіндей уайымдап бітті әбден…

– Бар, барғаның жөн, Ақәділ, – деп Айтай қолын қысты.

Сүйек тұлғасы арса-арса ірі, жігіт ағасы Нұралыбай, оның зайыбы қасы-көзі қиылған Әсел сұлу мен немере ағасы Демесіннің кекселеу келіні Дәмен келе жатыр еді. Арбакеш – Нұралыбайдың ұлы жасөспірім Әбдіраш.

Ақәділ анасының көңіл-күйі бұлар отбасымен түгел «Бірінші Дихан» ауылына Молдаштың қазасына барып келгелі уайым түскендей күрт бұзылғанын байқаған. Молдаш өзінің бірге оқыған құрдасы. Совет – фин соғысына қатысып, фин ормандарында ауыр жарақат алып, үш тәуліктей қар үстінде қансырап жатады. Госпитальда жазылды-ау дегенмен елге, үйіне келген соң жиырма шақты күннен соң қайтыс болды. Өзінен бес-алты күн бұрын бір жасар ұлы өледі. Сөйтіп, артында аңырап, қарт ата-анасы Әбдірахман мен Сұлу, жесір боп жас жары Қиякүл қала береді. «О, Алла-ай, ол байғұстардың ендігі күні не болмақ?! – деп аяныштан қарс ұрғаны бар анасының – Сүттей ұйыған, ұядай ғана отбасы еді ғой!.. Енді… енді ұрпақсыз қалған сорлылардың шаңырағы ортасына түспей ме?! Соғыс деген бәлені ойлап тапқан қай нәлеті екен?!.» Қадірлес замандастарының қайғысына осылайша қайысқан анасын еттеп жұбатқанымен Ақәділдің өзі де қамкөңіл күйге түскен… Молдаш ұяңдау, қыз мінезді жас еді. Ақәділді әрі құрдас, әрі нағашы ретінде қатты сыйлайтын. «Әттең-ай, өмір-жасың қып-қысқа болды-ау, бауырым!.. Қысқа болғаны кенет пайда болған түсініксіз соғыстың кесірі де… Түсініксіз… Сталин көсемнің өзі талай рет біз ешкімге тиіспейміз, бізге ешкімнің жері керек емес, ал өз жерімізден жалғыз вершок та ешкімге бермейміз деген жоқ па еді. Ал алақандай ақ финдердің алып елден ала қойсам деген ниеті қайдан бола қалсын… О-о, Молдаш… Молдаш бауырым-ау, онда сен не үшін жан қидың, кім үшін құрбан болдың? ..Не үшін соңыңа тек қайғы-қасіреттен өзге ештеме қалдырмастан кете бардың?.. Кінәлі кім бұған, кім?.. »

Дос өліміне қоса осындай қапа-нала толы сұрақтар да келер күн, кешер өмірмен сабақтасқандай суық бір тұңғиыққа сүйрелейтін.

Молдаш қазасынан кейін бес-алты күн өткенде пошташы Қойлыбай үйде ұршық иіріп жалғыз отырған Тойтанға бір тілдей қағаз ұстатты.

–  Мұның не қағаз?

– Пәуіске, – деді пошташы «повестка» деген орыс сөзін сындырыңқырап.
– Онысы не тағы әдіре қалғыр? – деді Тойтан шошынғандай.

– Олай деме, жеңеше. Балаң Ақәділді ойенкамат шақырып жатыр…
– Қайда?..

 –     Әскерге, әрине. Басқа қайда болатын еді.

 –    Әс…кер…ге…

 –    Осыны құмыға әрең айтқан Тойтанның ұршық ұстаған қос қолы сылқ түсті де, көз жанары бұлдырап алыс Алатауға қадалғандай қатып қалды.

– Уайымдамаңыз, жеңеше. Қайта әскерден нағыз жігіт, тіпті кәмандир де боп оралар… Ақәділдей баланы Құдай әркімге бере бермейді, сіздерге берген … – Пошташы осыны айтты да шабандау төртбелді сауырдан сипай қамшылап, бұрыла берді. Оған назар да аудармаған Тойтанның көз алдына енді сонау алапаш тау-тас та, сары дала да емес, бірінен кейін бірі Сұлу, Әбдірахман, Молдаш, Қиякүлдер елестеді. Елестер бұған дейін беймәлім, тылсым үрей ала келгендей. Жанның өзін бөтен бір суық қан бірсін-бірсін суыта бастағандай…

Анасының осындай халін айтпаса да іштей түйсінген сезімтал Ақәділ айырылысатындарына санаулы сағаттар ғана қалғанда қалайда ананың алаң көңілін тыныштандыруға, ләжі болса көңілдендіруге әрекеттенді.

– Апа, білесіз бе, мына орыстар Орынбордың түбіт шәлісін өлеңдетіп жүреді. Шамасы, жап-жақсы болуы керек өзі. .. сондайдың біреуін өзіңізге ала келейін бе? – деді Ақәділ анасының бетіне бетін басып. – Қалайсыз ба, а?

– Сенің аман келгеніңді қалаймын, ботам. Шәлі әкелмесең де ештеңе етпейді, – деген ана сөзін жымиыңқырай жалғады. – Ешкінің түбіті өзімізде де аз емес қой… Тоқуды біз де білеміз… Ал алда-жалда әкеле қалсаң, оны Айтай келініміздің басына жабармыз.
– Айтсаңыз болды ғой, апа!

– Құдай тілеуімізді берсін…  Қос алақанымен бетін сипаған Тойтан ана жүзі сәлден соң салқын тарта бастады да:

– Ә…ә… әлгі аты өшкірдің аты есіме түспейді, кім еді…әлгі төңірегімен түгел соғысып жатқан бұзақы бізге тиісіп жүрмей ме? – деді.

– Жоқ апа, тиіспейді, – деп сөзге енді Нұралыбай араласты.

– Онымен біздің шабуыл жасамау… ә-ә, сен тимесең мен тимен… деген сияқты келісіміміз бар.

– Ал анау ұрысшыл бәле күндердің күнінде уәдеде тұрмай…

            – Ой, апа-ай, қайтесіз оған басыңызды ауыртып? Қызықсыз… Сталин жолдастың өзі айтты емес пе соғыс болмайды деп. Түсінесіз бе енді?

            – Түсіндім, Нұраш, түсінем ғой енді… Алла жақсылығын берсін…
Бұдан әрі әңгіме үй тірлігінің аужайына ауысты. Жыл аяғында колхоз еңбек күнге беретін астықты, құмшекерді, ақшаны неге жұмсау қажет, жас отауға арнап салынатын үйдің құрылысын қолға алу керек пе деген секілді жайлар ақылдасылды.
Кішкене керуен Көкбастау, Бірінші Тегістік ауылдарына жақындағанда артқы екі арбадағы жастар үлкендердің құлағын әнмен тұндырып, арба дөңгелегі айғыздай осқан жанама жолмен жарысқа түскендей соқтырта, шаңдата басып озды да Төске қарай бірте-бірте өрмелей, биіктей берді. Теріскейі де, күнгейі де біршама жазықтау, бұл шақта алтын түске анық боялған өңірдің ортасындағы, созыла жатқан, биіктігі анау-мынау аласа тауға біргісіз жалпақ адыр шынында да әлденендей жұмбақ алыптың төсіне қатты ұқсайды. Сол төстің ең биігінен алыстағы жүргіншінің көзіне қара ноқаттай ғана боп түсер бірдеңе жақындаған сайын ұлғая-ұлғая балшықтан соғылған, көп жері мүжілген, құлаған ескі көлемді қорғанға айналады. Соған қапталдаса бергенде Нұралыбай баласына арбаны тоқтаттырды.

– Апамнан басқамыз түсейік. Мен Құран оқиын, – деген Нұралыбай інісіне бұрылып:

– Кімнің қорғаны, білемісің? – деп сұрады.

–  Әрине, Байзақ датқаныкі ғой, аға, – деді Ақәділ.

Иә, бұл көне қорған ХІХ ғасырдың орта тұсындағы Ұлы жүз қазақтары көшбасшыларының және қоқандық басқыншылыққа қарсы көтеріліс көсемдерінің біріне орнатылған өзіндік бір ескерткіш еді. Айлакер дұшпан Шымкентке алдап шақырып, өлтірген соң денесін зеңбірекке салып атқанда ұшып түскен жалғыз шынашағын жаудан әрең құтылған нөкерлерінің бірі елге жеткізгенде ел-жұрт соны азалап көшіп, қорған тұрғызады… Содан бері өткен сексен жылдай мезгіл түрлі басқыншы, елді езгендердің талайын тарих қоқысына былш еткізіп лақтырып тастаса, мына қорғанға зиярат етуге келушілер замана желі қай жақтан соқса да сиреген емес. «Әр дәуірде-ақ халық өзінің еркіндігін де, еркіндік үшін алысқан ерлерін де осылай қастерлеген екен ғой. Қандай әділдік!..» деп түйді ойын Ақәділ өзгелер арбаға бет алғанда. Бұл болса жүзін теріскейге бұрған күйі қыбырсыз тұра берді. Мына жерден еңістегі туған өлкесінің ғажайып бір панорамасы ашылады екен. Сонау-сонау көкжиекте сағыммен бұлаңдай ойнаған Мойынқұмның жиренсары жалдары толқынданып жатыр. Жалдармен жапсарлас тал-терегі қарауытқан Көкөзек ауылы. Онымен аралығын егіні жиналып алынған алтынсары алқап бөліп жатқан әппақ үйлері тізіле, тұтаса көрінген туған ауыл – Қарасу. Ауыл үйлері ылғи мұндай ақ түсті емес-ті. Былтырдан бері ғана, Ақәділ бүкіл комсомолды үй ақтауға жапқан екі күннен соң осындай боп шыға келген… Анау енді Қарасу көлі. Айнадай айдынды, ұзын, бастауын мына Төстің етегінен алып, сонау Көкөзекке тіреледі. Батыс жағасында Түймекент – Буденновка, одан ары Ақжар, Бірінші Дихан ауылдары. Олармен іргелес Талас ару. Жасылкөк лентадай көкжиек асып, алыстарға бұраңдай кетіп барады. Жәй кетіп емес, тоғыз тарау – тоғыз тоған таратып барады. Солардың ең ескісі – Сәмбет тоғанын ХVІІІ ғасырдың ортасында өзінің бабасы, қазақ-жоңғар соғысының қаһарманы Қосы батыр қаздырған. Қалғандарын Байзақ датқа мен оның өрен-жараны Базарбай, Төрегелді, Темірбектен өзге Сенкібай секілді бірталай қайраткер кісілер халық күшімен тартқан. Ұрпақтар солардың істерін жаңа заманда жаңаша жалғастырды. Ұрандары өздері «Интернационалда» шырқайтындай, «Біз жаңа дүние орнатамыз!» Шынында да дүние шапшаң өзгеріп, жаңарып жатыр. Ғаламат!.. Бір сәт Ақәділдің ой-көзі алдында лып етіп қап-қара мақпал түн орнай қалды да Қарасу мен Таластың жағаларына жайғасқан барша ауылдар төбесінен аспанның мың-сан жұлдыздарынан да жарығырақ электр шамдары бірден бәрі жарқ етіп жанып, бөлек-бөлек тізбектері жалғаса келе бейне бір мұның туған өлкесінің төсіндегі жақұт-алмас алқасындай жайнап кетті! «Иә, бұл енді болашақ. Біз орнатар жаңа дүниенің болашағы! Сөз жоқ, орнатамыз. Ал әзірге… әзірге қош… қош, кіндік кескен сұлу өлкем менің!..» Осындай қызулы ой әрі толқытып, әрі қанаттандырған Ақәділ қоңырқай жүзі ағара арайланған күйі күнгей жаққа бұрылып, алға аттады. Бірақ, бұл қадамының әскерге аттану үшін Жамбыл қаласына ғана емес, аз жылдан соң… ажалына, ажал арқылы ажалсыздыққа, мәңгілік даңққа бастайтынын оның өзі де, шығарып салушы туыс, көңілдері қобалжулы болғанымен қаяусыз дос-жаранның бірі де білген жоқ еді…

* * *

Адамзат адамзат болғалы бергідегі бүкіл Еуропаны, Солтүстік Африка мен Шығыс Азияны қамтыған ең ұлы, ең қанқұйлы соғыс 1943 жылдың соңына қарай өзінің апогейі – шырқау шегінен өткендей еді. Әйтсе де, олай болмай шықты. Бұрынғыдан да үлкен ауқымды жалыны шалқып, отты құйыны жер-көкте де, суда да ойнақ салды. Оларды 1944 жылдың көктемінде қабылданған жазғы науқанды өткізу және «Багратион» дейтін атпен Белоруссияны азат ету операциясын жүзеге асыруды көздейтін Жоғарғы Бас қолбасшы Ставкасының түпкілікті шешіміне сәйкес совет қарулы күштері күшейткен еді. Төрт майданның күш-қуатымен жаудың «Центр» армиялар тобын талқандау стратегиялық міндеті қойылған. Ал бұл міндетті орындау фашистерді бүкіл Белоруссиядан және Шығыс Польшадан қуып тастауға мүмкіндік беретін еді. Үлкен дайындықтан соң басталған «Багратион» операциясы орасан үлкен – бет алдынан 1200-ден аса шақырым және 600 шақырым тереңдіктегі аумақты алып жатты. Осынау отты кеңістікте дұшпанның 1 миллион 200 мың жауынгерімен шайқасуға тура келетін ұрыстарда негізгі бағыт Минскі болса, найзаның ұшында 2-ші Беларусь майданы, оның 31-ші армиясы да бар еді. Бұл армияның 174-ші Қызылтулы Борисов дивизиясы құрамындағы 628-ші Қызылтулы полкінде Ақәділ Суханбаев та оқ пен оттың ортасында жүр еді. Әскери қызметті тыныштау 1940 жылы Сібірдегі Томск қаласында бастаған ол соғысқа едәуір тәжірбиелі, шынығып-шыңдалған жауынгер ретінде кіріссе, сұрапыл жылдардың бәрінде солдат тағдырының барша қияметін: қанды шайқастағы сәтсіз шабуыл мен шегіне қашуды да, қоршауда қалу мен, тіпті, контузия алып, тұтқынға түсуді де, одан құтылуды да бастан кешірген-ді. Ар-намысына дақ түсірмей кешірген. Бірақ, бүгінде ол бұрынғы ауылдың ашық-жарқын комсоргы емес-ті. Бой-тұлғасы етек-жеңін, оқ пен от тескен шинелі тарлық етердей іріленіп, мінез-құлқы түнеріңкі болмаса да, мейлінше байсалданған. Бұрынғы балғындау жайдары жүзге суық сұс біткен, алшақтау екі қас арасы жиырылып тігінен терең сызық түссе, тығыз қап-қара шаш арасына ұрлана кірген ақ талшықтар да едәуір.
Иә, майдан өмірі бірінші батальонның екінші ротасындағы бөлімше командиріне де оңай тиіп жүрген жоқ еді. Қар мен жаңбыр, шаң мен батпақ, аяз бен аптап, көмусіз қалған өліктің сасыған иісі, шылқыған су окоп пен траншея… Оларға қоса әрі ең қауіптісі – үнемі, күндіз де, түнде де сені іздейтін ысқырған оқ пен ызыңдаған бомба, снаряд жарықшағы, ұлыған мина және… және солармен қабаттаса келетін қорқыныш… Бір жолы бөлімшедегі ең жас жауынгер, беларусь бозбала Миша Лобацевичтің «Сіз шынымен-ақ қорықпайсыз ба?» деген сұрағына сұрақпен жауап бергені бар: «Сен, Миша, мені шынымен-ақ жаны жоқ деп ойлаймысың, а?..»

Қорқыныш… бұл өзі… жағдайға қарай келеді, кетеді… Кейде, тіпті, мойныңа сұп-суық жылан орағандай оған да бойың үйренеді екен. Ал енді өлімге Ақәділ еш үйрене де, көндіге де алмай-ақ қойды. Қазір ғана өзіңмен сөйлесіп, әлденені айтып әзілдесе күліп отырған немесе қауашақтағы ботқасын асықпай, алаңсыз жеп отырған майдандас серігің кенет… бір жағына қарай қылжия салады… Болды, бітті, жас өмірдің жалыны өшті, арман, мақсат-мұраты да енді жоқ… Мерт болғандар қаз-қатар немесе асығыс жағдайда бірінің үстіне бірі жайғастырылатын бауырластар мүрдесі мекені болмақ немесе бас жағында қызыл жұлдызы бар жеке кішкене, қоянжота төмпешікке айналмақ… Мұндай өлімнің соғыстағы сұмдық заңдылық екенін түсінсе де, әсіресе, өз бөлімдері әлденеше рет жаудың терең тылында қоршауда қалып қойғандағы, жау тұтқынындағы өмір мен өлімнің аяусыз арпалысып, алдағы бір минутыңның өзі немен тынарын білмеу қатты батқан. Тағы бір айрықша азаптаған – алыстағы аяулыларына – анасына, туыстарына… және асыл жар, асық жар Айтайға апталар, айлар бойына өз жағдайы туралы бір ауыз сөзбен хабар беруге мүмкіндіктің болмауы. Ал ауылдағылардың мұның дерегін әр күннен, әр сағат-минуттан үміттің әлсіз, талмаураған шырағын медеу көріп күткендегі жан азаптарын бұл да өте өткір сезінумен жүрді…

Өстіп жүргенде Ақәділ басына зор бақыт, егер қан майданда бірдеңені бақыт деуге болса, біраз бұрын оқыс қонды. Ауылға ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы хатын жөнелте алды. Көп кешікпей Айтайдан хат алғандағы қуанышы… Оған «Мұндай да шексіз зор қуаныш болады екен-ау!» деп өзі де таңданған. Хат сағынышты жардың одан да зор махаббатың, іңкәр жүрек лүпілін жеткізіпті. Атыс-шабыстың ара-арасында алдымен қолға алатыны да сол хат. Он қайтара, жүз қайтара оқыған шығар. Әр сөзі жүрегінде жатталып, жаңғырып жатты. Әрі-беріден соң тозуға айналған қағазды танауына апарады, бейне бір туған өлке – Әулиеатаның ауасы, аяулы Айтайдың жұпар лебі, ыстық демі жетердей…
Жауған оқ, тіміскілеген ажалды елеместен жігіт жаны серпілді, желпінді!..
Бұл аралықта «Багратион» да ойдағыдай жүріп жатты. Шілденің 3-і күні кешке қарай Минскіні ұстап тұрған гитлершілдердің 4-ші армиясы толықтай дерлік талқандалып, 100 мыңнан аса солдаттары мен офицерлері тұтқынға түсті. Белоруссияның от-жалынды қара түтін басқан астанасы азат етілді. Бірақ, барлық құрылыстар, көпірлер, парктер, театрлар қиратылған. Тұрғын үйлер орамдарының орнында сынған шыны, кірпіш, майысқан сояу-сояу темір сырықтарға толы алаңқайлар қалған. Соған қарамастан көздеріне жас үйірілген сан мың адамның қуанғаны да тек соғыста ғана кездесетін бір түрлі бөтендеу көрініс еді.
Минскіге солтүстік беттен жалындағы жаудың астан-кестеңін шығарып басып кірген бронетанк әскерлерінің маршалы Ротмистровтың 5-ші гвардиялық танк армиясының соңынан оқ бората қаптаған құрамалар мен бөлімдердің арасында 628-ші полк те бар болатын. Жауды қуумен қаланың шет жағына жеткен ол сонда шеп құрып, жайғаса бастаған. Осындай шақта әлденеден ақсары жүзі алаулап кеткен Лобацевич Ақәділге жүгіріп келіп, алқына тіл қатты: «Жолдас командир! Біздің үй бізден екі-ақ жүз метрдей жерде! Жүгіріп барып келейін, рұқсат етіңізші?» Мынадай тосын жағдайға сүйінген Ақәділ взвод командирінен рұқсат алды да бөлімшесімен Михаилдың соңынан ерді. Ондағы ой: жауынгердің ата-анасы бар болса, интернационал бөлімше – қазақ, украин, орыс, татар, өзбек, қырғыз бәрі бірге құттықтау, ал қайғылы бірдеңе болса бәрі бірге жас солдатты жұбату…

Шүкір, қартаңдау әке-шеше бар екен. Терілері сүйекке жабыса әбден арыған, әлсіреген олар жартылай қираған, ыс пен оқдәрі сасыған кішкене ғана үйден табылды. Лобацевичтер қуанышында шек болған жоқ. Күліп, жылап-сықтап біраз мауықтары басылғанда селдір әппақ қудай шашы дудыраған егде әйел даусы дірілдей Ақәділге тіл қатты:

– Мишамыз үшін, оны сақтағандарың үшін сендерге рахмет, балам!… Өзіңнің ата-анаң бар ма, қайда олар?

– Анам бар, Қазақстанда, шешей – деп жауап берді Ақәділ.

– Ой, қандай алыстан келгенсіңдер бізді құтқару үшін!.. Анаңа сәлем айт, біздің алғысымызды жеткізгейсің, балам… – деп ана дірілдеген салқын саусақтарымен Ақәділдің қолын қысты.

Мынадай күтпеген кездесу, оқыс қуанышқа тап болған жауынгерлердің әрқайсысы-ақ өз үйін, ата-анасын еске алысып, қарт Лобацевичтер үшін солдаттық паектарынан дастархан жасады, «наркомдікін» де ұсынды. Ақәділ болса мына қауышуды миллиондаған адамдар тозағына түскен трагедияның аяқталып келе жатуының, өзінің де туған ел-жұрт, қимас жандарымен жолығуының алғашқы, жылы жақтан жетер ақ қанатты жыл құсы сияқты жақсы нышанындай қабылдады…

Алайда, ұрыс уақытша толастаған екі күннен кейін көтеріңкі көңіл-күй желге ұшқандай ғайып болды. Өйткізген Курск-Орел доғасындағы қырғында аяғына оқ тиіп, ауылға кемтар, ақсақ боп оралған бұрынғы пулеметші Сүлеймен Шілдебаев досының хаты еді. Сұмдық жайды жазыпты: ауылдан майданға кеткендерден қазірдің өзінде отызға тарта боздақ опат бопты. Олардың арасында зеңбірек командирі Әшім Бекбосынов, взвод командирінің көмекшісі Бекжасар Жұмағұлов, сапер Есіркеп Қазақбаев, атты әскер Әбдіман Төлбасов сынды құрбы-құрдастардан басқа бұрын бірінен кейін бірі колхоз бастығы болған Байсақ Тойбеков пен Көпбосын Қапалбаев ағалары бар екен… Ал әкесі Суханбайдан кейін ауыл молдасы болған Мәдібай екі аяқтан бірдей, Рысбай бір көзінен айрылса, Нұртай мен Бекдүйсеннің беті-бастары қатты жараланыпты… Үрке тулаған жүрек кеудені ұрғылады. Ішін бірдеме өртеп бара жатқандай күйдіреді. Шамасы ауыр қазалар хабары туғызған ауыр қапа, кек алуды тілеп қайнаған қан-зығырдан, жауға деген шексіз өшпенділік – осының бәрі қосыла келе бір тозақы отқоспаға айналғандай лаулайды. Тегінде Ақәділ кекшіл емес-ті. Өшпенділік дейтін де, шынтуайтқа келгенде, алғашқы солдаттың өлгенін және түгел өртеніп, тек пешінің қара күйе мұржалары сорайған алғашқы деревняны, онда дарда салбырап тұрғандарды көргенде ғана пайда болған. Рас, жеккөрушілігі бар-ды. Әсіресе, қилы-қилы әділетсіздікті өте ұнатпайтын. Ол кімнен болса да. Бұрынырақта, интернатта әлсізге тиіскен, яки, ұлты жөнінен кемсіткен күштілерді талай рет жұдырықпен жөнге салғаны да бар. Енді ойласа оның бәрі мына өшпенділікпен салыстырғанда жәй ойын екен ғой. Бұрнағы күні ғана қайдан пайда болғаны белгісіз, бұлардың позициясы маңынан жарты взводтай жау солдаты шыға келіп, атыс басталды да кетті. Сәлден соң жау қашты. Зор денелі біреуі кейін бұрыла беріп қос қолын көтере бастағанда бұл автомат шүріппесін босатудың орнына барынша басты. Дискідегі оқтың жартысы әлгі ұзын сорлының кеудесін жүндей түтті. Мұның дос-бауырларын өлтірген нақ сол боп көрінгені-ақ есте қапты…

Өзінің ой-сезімдері туралы бір адамға ғана барынша кеңірек жазатын. Ол – өзінің Айтайы. Қосылар қосағына деп те емес, жақында колхоз партия ұйымының хатшысы болып сайланған жиырма екі жасар коммунист қыздың майдан жайын, жауынгерлердің өмірін білуде совинформ бюроның немесе газеттердің құрғақ, біржақтылау хабар-ошарымен ғана шектелмеуін де қалайтын…

Минск төңірегіндегі аумақтардан ысырылған герман әскерлері жекелеген бағыттарда қарсылық көрсеткісі келгенімен бүкіл майдан шебі бойынша Шауляй, Каунас, Гродно, Белосток, Брестке қарай шегініп бара жатты. Соғыс театрындағы осындай өзгерістерді ескерген Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннің ставкасы 4 шілдеде қажетті дайындық жасалған соң шабуылды жалғастыру туралы бұйрық берді. 2-ші Беларусь майданына Новогрудок, Гродно, Белосток қалаларын жаудан босату міндеті қойылса, 31-ші армияның еншісіне ескі қала әрі ірі темір жол торабы Гродноны азат ету тиді. Әскери барлау мен партизандардың берген мәліметі бойынша жау да осы қалада табан тіреп қалуға жанталасатын сияқты. Барлық резервін, тіпті, шаруашылық, санитарлық бөлімдеріне дейін жұмылдырып, бекініс салып жатқан көрінеді. Бірақ, бұған қарамастан совет әскерлері Гродноға қарай қызыл жебедей атылды. Солардың бірінің ұшы 628-ші Қызылтулы, қаланы алғанмен кейін Гродно аты берілген атқыштар полкы болатын. Оның құрамындағы Ақәділдің автоматшылар бөлімшесі 16 шілденің кешіне қарай қала сызығын бірінші болып аттады. Ұрыс барысында жаудың екі зеңбірегін тартып алып, расчеттарын жер жастандырды, Неман өзені көпіріндегі бірнеше атыс ұяларын жойды. Фашистерден азаттық алған гроднолықтардың алғаш құшақтап сүйгендері де солар болды. Жаппай қуаныш көзге көрінбес бір ғажайып толқындарымен де, мойнына оралған алтын шашты беларусь қызының білегі түрінде де Ақәділ жүрегін тербеді. Бірақ, ол жеңімпаз-жауынгер бақытын молынан сезінген сол сағаттарда жауға деген өшпенділікке ғана емес, күллі жарық дүниеге деген махаббатқа да толы жүрегінің соңғы рет соғуына дәл екі-ақ апта қалғанын қайдан білсін…

* * *

31 шілде 1944 жыл.

Отызыншы шілденің күні батар-батпаста бөлімшесі шегінген жаумен атыса жүріп Август орманының қалың нуынан шағын бір алаңқайға шыға келгендерінде Ақәділдің алғаш көзіне түскені – снаряд қопарған апанның шетінде қалқайып тұрған үшкіл көрсеткіш тақтайша болды. Бетіндегі қара жазу латынша. Бірақ қырқыншы жылға дейін латын әрпін қолданған барша қазақ секілді Ақәділге оқу қиын болған жоқ: «Стежельцовизне-2 км». Оқыды да қуанғаннан айқайлап жіберді:

– Жолдастар, қырандарым менің! Біз Польша шекарасына шығыппыз!..  Біз советтік Отанымызды азат еттік, ура-а-а!..

Алаңқай Ақәділдің, оған қосылған ұрыс қызуынан әлі арылмаған жауынгерлер даусынан жаңғырықты. Бұйрықсыз-ақ бәрі, жаралылар да аспанға оқ атып, салют берді. Содан соң бір-бірімен көрісіп, құшақтасты. Көздеріне жас алмағаны жоқ…
«…Таңға жақын дұшпанды деревнядан қуып шығу жөнінде бұйрық алдық. Менің тапсыруыммен Ақәділ өз бөлімшесін ертіп, қара бидай арасымен жаудың сол қанатына шықты да бірден шабуылдады. Мұндайды күтпеген фашистер шегіне бастады. Суханбаев берекесін кетірген жауға қарсы бүкіл рота көтерілді. Жау шегінді. Есесіне біздің алдыңғы шепті бомбалай бастады. Одан соң танкілер мен жаяу әскерін жіберді. Олар басқа, қанаттас екі ротаны ығыстырып, менің ротам жалғыз қалды. Жау қысқан үстіне қысып келеді. Батольон командирі қарсы шабуылға шығуды бұйырды. Шықтық. Ақәділ мұнда да нағыз ер екенін көрсетті: танк соңынан шұбырған жаудың талайын автоматпен жер құштырды. Дегенмен, күші басым дұшпан бізді ығыстыра бастады. Шегініп, жаңа шепке жайғастық. Айнала жап-жарық еді бұл кезде. Қару-жарақ, оқ-дәріні толықтырып алған соң ұрысқа қайта кірістік. Ақәділ бөлімшесімен жау траншеясына бірінші болып жетіп, оның ішінде қоян-қолтық ұрысты қыздырды. Осыны пайдаланған рота бұрынғы жағдайын қайта қалпына келтірді. Қосымша күш келді. Тағы да ұрысты бастадық. Дұшпан шегінді. Қайтадан шеп құрып, көл жағасындағы жаңа ұрысқа дайындалдық.
Көлден алғашқы болып өту туралы бұйрық алдым. Ақәділ бөлімшесімен әп-сәтте сал жасап алып, шабуылды күтуде. Ол да басталды. Ақәділ бөлімшесіне бұйрық берді:

– Бәрің – салға, қаруларыңды дайын ұстаңдар!

Сөйтіп өзі бөлімшеге берілген пулемет расчетімен қайыққа отырды. Көлдің орта тұсына жеткенімізде жау пулеметтен, артиллериядан атқылай бастады. Ақәділ:
– Атысты жау пулеметіне аударыңдар! – деп бұйырды.
Фашистер пулеметінің үні өшті. Суханбаев жауынгерлерімен жағалауға бірінші болып жетті. Оның жол ашуын пайдаланған рота бірталай шығынмен болса да көлден өтті. Сөйтіп біздің рота қиян-кескі ұрысқа кірісіп, бүкіл полктың өтуіне жағдай жасады.
Көп кешікпей Стежельцовизне деревнясына да жақындадық. Полк маршпен тік көтерілді. Ақәділ тағы да алдыда. Таяп қалғанымызда жау бізге оқ жаудыра бастады. Полк ұрысқа бейімделіп, қанат жайды. Шапшаң өткен шайқастың нәтижесінде жау өзеншенің арғы бетіне ығыстырылғанмен біз тиімсіз жағдайда қалдық.

Көп ұзамай өзеншеден өтіп, жаудың адам күші мен техникасын барлау туралы бұйрық алдым. Ақәділді жұмсадым. Ол бөлімшесімен тапсырманы мүлтіксіз орындап, қажетті мәліметтің бәрін әкелді.

Арада аз ғана уақыт өтісімен жаңа тапсырма алдым. Өзеншеден алғашқы болып өтіп, жау назарын аударып, ұрысқа кірісу, сөйтіп бүкіл полктың өтуіне қолайлы жағдай жасау.

Рота өте бастады. Тағы да Ақәділ – алда. Жау пулеметтен, минометтен оқ боратып жатыр. Соған қарамастан рота шайқасқа кірді. Бұта-бұтаның арасымен жылжыған оң қанат әжептәуір нәтижеге жеткенімен ашық алаңқайға тура келген сол қанат, ондағы Ақәділдер жылжи алар емес. Ол үш мәрте бөлімшесін шабуылға бастағанымен бораған оқ дес бермеді.

Міне Суханбаев тағы да бұйрық берді:

Тұрыңдар, жүгіріңдер, алға!..

Жауға алдымен өзі ұмтылды. Сол-ақ екен сол қолына оқ тиді. Гранатаның шығыршығын тісімен шығарып лақтырғанда ол жолындағы жалғыз ағашқа соқтығып, жарылды. Пулемет болса оқты төгуде. Екінші гранатаны алды. Екінші, оң қолы да жараланып, граната жерге түсіп кетті. Ақәділ енді жау пулеметіне жақындай түсті. Бір сәт те ойланып тұрмастан пулеметке тұра ұмтылды.

 Тек: – О-отан үшін!.. – деген күшті айғайын ғана естіп қалдық.

…Ұрыс біткеннен кейін Ақәділді таптық. Ол жау пулеметінің үстінде жатыр еді…»
Кейінірек екінші ротаның командирі аға лейтенант Петр Корсаков осылай деп еске алған-ды. Ал онда Ақәділдің қаруластары кешке дейін қапысыз бекінген жаумен жағаласып:

– Отан үшін! Сталин үшін! Суханбаев үшін!.. – деп ашына ұран салып, поляк орманын жаңғырықтырған…

Қызыл іңірде қырғын ұрыста көз жұмған ерлерді, ішінде Ақәділ де бар, бауырластар мүрдесіне жерледі. Үш мәрте салют берілуін күткендей-ақ кенет батыстан қатты жел соқты. Август орманының бұлт пен түтін тұтасқан қара аспанмен тілдескендей, бомба мен снарядтан сау қалған заңғар қарағайлары шайқалып, ысқыра шулап кетті. Сол шуылды аздан соң нөсер жаңбырдың суылы басты. Солдаттардың беті-қолын қан мен терден тазарта сауылдаған тамшылардың жылылығы сонша адамның ыстық көз жасын еске салғандай еді…

Менің Ақәділ ағам жиырма төрт жылға толар-толмас өмір жолын осылай, қас-қағым сәтте жарты аспанды сызып өтіп, ғайып болатын жұлдыздардай аяқтады…
Арада бір апта өткенде полкқа 31-ші армияның қолбасшысы генерал-полковник Глаголевтен бұйрық келді. Суханбаевтай батырдың денесі қайтадан ең жақын совет қаласына жерленсін деп бұйырыпты. Ондай қала Польша шекарасынан он шақырымдай, Неман өзенінің жағасындағы Друскининкай болып шықты. Барлық әскери құрмет жасалып, азалы-салтанатты рәсім өткізілді. Полк сапының алдында Ақәділдің №2811 ППШ автоматы Михаил Лобацевичке тапсырылып, ол жауды Суханбаевша соғуға ант етті. Солдат сөзінде тұрды: Берлинге жетіп, жәдігер автоматтан соңғы рет 1 мамыр күні оқ шығарды. Амал не… нақ сол күні, соғыстың соңғы күні қазақ Ақәділдің беларусь інісі Михаилдың өзі де мерт болды. Ал автомат кейінірек СССР Қарулы күштерінің орталық мұражайындағы Ақәділге арналған бұрышқа қойылды. (90-шы жылдардың аяғында ол қаруды Қазақстанға беруді сұрап Парламент депутаты ретінде екі рет хат жазсам да, Ресей жағы келіспеді).

1945 жылғы 28 наурызда СССР Жоғарғы Советі Президиумының жарлығымен Ақәділге Совет Одағының Батыры атағы берілді. Ал туған халқы өз перзентінің ерлігін мемлекеттің ең жоғарғы органынан да бұрын бағалаған-ды. «Қарасу» колхозы мен батырдың оқыған мектебін Суханбаев атымен атап қойған. Одан біраз кейінірек Гроднодағы негізгі көшелердің біріне аты беріліп, Друскининкайда шағын мұражайы ашылды. Жамбылда, Алматыда, Сарыкемерде Суханбаев көшелері пайда болды. Әдеби-публицистикалық шығармалардың кейіпкеріне айналды. Майдангер ақын Надежда Новосельцова баллада жазса, оны өзіміздің Сырбай ағамыз тамаша аударды. Осы жолдардың авторы қаһармандық драма жазып, ол М. Әуезов атындағы академиялық және Жамбыл облыстық драма театрларында қойылды. Ал дарынды журналист інім Тұрсынхан Толқынбайұлы «Жай отындай жарқ еткен» атты жап-жақсы кітап жазды.
Оның есімі мыңдаған адамдардың аузымен жалпы есімге айналып кеткелі қашан. Ал жаны жәннатта болғыр Тойтан апамыз өле-өлгенше сүйікті ұлының қазасына сенбей өтті. Күтті. Аналық ұлы жүрекпен күтті… Шамасы, Алла тағаланың өзі ана жүрегін сол үшін өлі перзент болмайтын ғып жаратса керек…

* * *

31 шілде 1974 жыл.

Литва. Друскининкай. Айналасы иілген үйеңкі тал кішкене ғана айнакөл – Друсконистің шығыс жағалауындағы жауынгерлер зираты. Ақәділ аға мүрдесінің үстін пырдай боп қанқызыл алаулы гүлдер жапқан. Бас жақтағы тігінен қойылған тас плитаға «Герой Советского Союза Агадил Суханбаев. 1920-1944 гг.» деп ойып жазылыпты. Жергілікті партия – совет қызметкерлерінің бастауымен мұнда келген біз – соғыс ардагері Өмірәлі аға Биторсықов, Михайловка кірпіш зауыты партбюро секретары Валентина Романенко, Свердлов аудандық газеті редакторының орынбасары Қабылбек Құлайысов және мен, облыстық газеттің бөлім меңгерушісі – Суханбаев ерлігінің 30 жылдығына байланысты батырдың мүрдесіне Тойтан анасының бейітінен ала шыққан топырақты сеуіп, ел-жұртынан алғаш рет гүлалқа қою үшін келген арнайы делегациямыз.
Топырақты себу сәті қатты толқытты. «Міне, бірін-бірі өлідей де, тірідей де отыз жыл күткен ана мен бала бірін-бірі тапты, қайта қосылды!..» – деп ойладым мен. Жанар тұманданды… Осындай халде бір құдіреттің кереметімен өзімді ересек адамнан туған ағам Әшім сияқты, үйге жиі келіп тұратын туысқан ағам Ақәділ де қолына алып көтеретін, ойнататын, былдырлаған тіліне мәз бола күлетін кішкентай сәбиге айналып кеткендей сезіндім. Сөйте тұрып, алдымда гүл жамылып жатқан ағатайыммен сөйлесе бастадым: «Тәлім мен Теберік аналарым айтып отыратын, сіз әскерге кетіп бара жатып, ұйықтап жатқан үш жасар мені маңдайымнан сүйіп, «Үлкен жігіт бол, бауырым!» деген деп… Міне, сол мен сіздің рухыңызға тағзым етуге келіп тұрмын, ағажан!..Есітемісіз мені? Әлде… әлде сіз рухыңыз ақ құсқа айналып, шексіз ғаламның бір қиырында жүр ме екенсіз?.. Сіз… сіз екі қолыңыз бірдей жараланғаннан кейін бассауғалауыңызға, содан соң орындалған борыш, ақталған парыз сезімімен ұялмастан елге қайтуыңызға болатын еді ғой. Аяқ-қолдан айрылып, басқа да жарақаттар алып, мүгедек боп келгендер аз ба? Жұрт оларды кінәлаған жоқ, қайта қадір тұтып құрметтеді… Сіз де сөйте алатын едіңіз. Келіп ай дидарлы Айтайға, сізден кейін көп жасамады ғой ол да, үйленіп, бала-шағалы болатын едіңіз ғой… Бірақ, сіз өлім мен өмір беттескен, белдескен сұмдық сәтте басқаша жасадыңыз. Неліктен? Сол сәтте сіздің санаңызды, сіздің жаныңызды, сіздің бірер секундтан кейін жаудың ірі калибрлі пулеметі пәрше-пәрше ететін жалынды жүрегіңізді жай отындай жарқ-жұрқ жарқыратқан қандай сезім? Отанға сүйіспеншілік пе? Әбден мүмкін… Қандыкөйлек серіктеріңізді ажалдан сақтап қалу ма? Бұл да мүмкін… Өзіңіз үшін өзіңіз кек қайтарғыңыз келді ме? Ықтимал… Ар-намыс па? Солай болар… Ата-бабаның ерлік дәстүрі ме? Күмән жоқ, солай… Өйткені мұндай сезім-қасиеттердің баршасы сізде бар болатын. Солардың бәрі сұрапыл сәтте тоғысып, сізге өмірді емес, ер өлімін таңдауды ұсынған, жоқ ұсынып емес, бұйырған болар… Бірақ, туған халқыңыз сіздің өліміңізді мәңгілік өмірге айналдырып жіберді ғой, жан аға Ақәділ!..»
Тойтан ананың мүрдесіне төгіп, араластырып жіберу үшін кішкене ақ қалтаға салғалы алған бір уыс құмақ қара топыраққа бірер тамшы жас тырс-тырс тамды…

* * *

31 шілде 2004 жыл.

Ақәділ ағаның қаза тапқанына 60 жыл. Ертеңгі шәй алдында шәһид кісінің рухына арнап қасиетті Құранның Ихлас сүресін оқыдым. Одан соң облыс әкімі Бөрібай Жексембинге Парламенттің экс-депутаты ретінде телефон соғып, қабылдауын өтіндім. Ол келісті:
– Бүгін Ақәділ Суханбаевтың қазасына тура алпыс жыл… – дедім де үнсіз қалдым.
– Иә, білем. Батырдың топырағы торқа болсын, – деп шапшаң жауап қатты әкім.
– Жақсы. Онда… онда ол кісіні көбірек пайдаланайық, – дедім аздап әзілдегендей.
– Қа-алай? Қайда?.. – Бөрібай Биғожаұлы маған таңданыспен қадала қарады.
– Жастарға, жастар ғана емес, баршаға патриоттық тәрбие беруде… – деп бастадым да негізгі айтпағыма көштім: Жеңістің 60 жылдығы келе жатыр, соның қарсаңында Отан қорғауда ерліктің асқан үлгісін көрсеткен Суханбаевқа қалалық әскери комиссариаттың алдындағы алаңқайда ескерткіш орнатылса өте дұрыс болар еді. Мүсінші Сейіткерім Момыштың макеті дайын. Өте әсерлі, кімді де болса ойлануға мәжбүрлейді. Ондай шығарма, сөз жоқ, «жұмыс істейтін» болады. Екіншіден, мұндай ескерткішті орнату – қазіргі ұрпақтың борышы да ғой, Ақәділ кім үшін жүрегін оққа тосты…
Әкім мені мейлінше зейін қоя тыңдап, жауабын қысқа қайтарды.

– Иландырдыңыз. Айналысатын боламыз.

Солай деді де алдындағы қара тысты қалың дәптерге бірдемелерді жаза бастады…
Кеңес Одағының Батыры А. Суханбаевтың ескерткішін 2005 жылғы 30 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты.

* * *

31 шілде 2014 жыл.

Ақәділ ағаны еске алу күні. Оның мына жарық дүниеде жоқтығына да, міне, жетпіс жыл. Тараз жұртшылығының бұл күні ескерткіш жанына жиналып, құшақ-құшақ гүл шоқтарын қоюы, азалы-салтанатты митинг өткізуі, Құранға қол жаюы дәстүрге айналғанына да талай жыл.

Денсаулығым қатты мазалап тұрса да баруға бекіндім. «Ау, бұл парызым ғой, – деп ойладым. – Шамасы, жиналатын жүздеген адамның ішінде бұдан ширегі кем бір ғасыр бұрын Ақәділ ағам батаға бергісіз тілегін арнаған жалғыз мен болармын-ау қайтсе де… Иә-ә, біз, жасымыз да, кәріміз де сардар Бауыржан, сарбаз Ақәділ сынды Батырлар сапындағылардың, сонау қаһарлы заманда омырауын оққа тосып, мерт болғандардың баршасының әруағы алдында қарыздармыз ғой. Сол қарызды сезіну кейде оларды тірілер қатарына қосардай әрі тәтті, әрі мұңды қиялдарға да бастайды-ау…

Маған кейде оралмаған солдаттар қан майданнан,

Боп көрінер ақ тырнаға – әппақ құсқа айналған…– ұлы Расул Ғамзатов осылай үміттенген. Құдайдың қарапайым пендесі мен де үміттенем…»

Арғынбай БЕКБОСЫН

Ақ жол. — 2014. — 16 қыркүйек  — 4 б.