Әр адамға керек асыл қазына

   Кітап таусылмайтын асыл қазына десек, сол қазынаны пайдаланатындар аз емес. Барлық мамандық иелері де білімді кітап арқылы жинайды. Жетістікке сол көркем шығармаларды оқу арқылы жетеді. Ол айдай ақиқат.

   Кітап рухани азық болса, су – материалдық азық. Су – біздің өміріміз бен денсаулығымыздың қайнар көзі, ол адамдарға және басқа да тіршілік иелеріне өмір сыйлайды. Сусыз адамзат өмірін елестету мүмкін бе? Осы сауалдардың жауабын білу үшін М.Әуезов атындағы кітапханада «Су – тіршілік нәрі» тақырыбында «Тараз су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қызметкері Дархан Құлтасовтың қатысуымен кездесу кеші өткізілді.

Кеш қонағы су шаруашылығы туралы ақпараттармен бөлісіп, оқырмандар сауалына тұщымды жауаптар берді. Судың маңыздылығы, оны пайдалану, қазіргі таңдағы су тапшылығы туралы мәліметтерді қамтитын кітап көрмесімен кітапханашылар таныстырып, ондағы қойылған кітаптарға библиографиялық шолу жасады.

Кездесу кешінің ажарын кітапхананың тұрақты оқырманы Аман Нариманның тамаша ән шашулары аша түсті. Кітапханашылар мен оқырмандар су мәселесі бойынша жақсы мәліметтер алды.

Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында №5 кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Қазыналы кәсіп – металлургия» атты кездесу кешінің де оқырмандар үшін әсері мол болды. Кеш қонақтары Тараз металлургияның пульт жүйесінің басқару операторы – Эльдар Молдашев, шебер – Ахмет Ибрагимов, ТЗМК-ның газбен кесуші жұмысшысы – Александр Тебякин өз мамандықтарына қатысты ойларымен бөлісті.

М.Шолохов кітапхана қызметкерлері де «Ветеринария: жауапты міндет, жан-жақты жұмыс» атты кездесу кешін өткізді. Іс-шараға тәжірибелі ветеринар маман Дина Хабиева қатысып, адамзатты емдейтін саланың қызығы мен қиындығы жөнінде өз ойларын ортаға салды. Іс-шарада ветеринария саласының тарихы, дамуы, қазіргі таңдағы жетістіктері мен өзекті мәселелері туралы айтылып және де жануарларды емдеу мен алдын алу жолдары, заманауи технологиялардың ветеринария саласындағы орны туралы ақпарат берілді.

Оқырмандар мамандардан жануарлар арасында таралатын аурулар мен адам өміріне тигізетін әсері жайлы, жануарларды емдеу жолдары, алдын алу шаралары, вакцинация, адам мен жануар арасындағы зооноздық аурулардың қаупі жөнінде нақты мәліметтер алып, сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Сонымен қатар ветеринар мамандығының қоғамдағы рөлі, жануарлар әлеміне деген жауапкершілік пен жанашырлық жайлы бейнематериалдар көрсетілді.

«Мейірімді мамандық – ветеринар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, ветеринарияға қатысты әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.

Есет ДОСАЛЫ

Ақ жол. – 2025. – 29 шілде (№84). – 8 б.