Әр жүректе шырқалған Шәмші әндері

     Абай атындағы Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты кітапханалар оқырмандарды тарта отырып, түрлі іс-шаралар өткізіп тұрады. Мұндай ізденістер аталған мәдениет ошақтарына келетін әр кісіге жақсы әсер сыйлайды.

Мәселен, №6 кітапханада кіт ап оқуды ілгерілету мақсатында «Менің сүйікті кітабым» атты мәнерлеп оқу өткізілді. Оқырмандар өздерінің сүйікті шығармаларынан үзінділерді мәнерлеп оқып, кітап мазмұны туралы өз ойларымен бөлісті. «Кітап – рухани қазына» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, таныстырылды. Оның ішінде мектеп партасында отырған Еркенұр Жармамбет, Шерхан Бейсетай секілді оқушылардың кітапқа деген құштарлығын ерекше байқадық. Жақсы ұйымдастырылған мұндай көрмелер оқырманды молайта түсетіні анық.

Жалпақтөбе алабының кітапханасында оқырмандарға аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, осы замандағы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында «Ән падишасы – Шәмші аға» атты әдеби вернисаж өткізілді. Бұл іс-шараға да алқапта тұратын тұрғындар көп жиналды. Себебі, тұрғындардың көпшілігі – дүнген ұлтының өкілдері. Олардың Қалдаяқовқа деген құрметтері ерекше. Тіпті, олар «Дүнген қызын» әншілерге қосылып, бірге шырқады. «Шәмші әндері – халқымыз үшін мәңгілік мұра. Мұндай кештердің жиі өтуі тыңдарманның жүрегіне жағымды әсер сыйлайды, әр жүректі ізгілікке тәрбиелейді. Себебі, Шәмші әндеріне толқымау мүмкін емес», – дейді әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев.

М.Әуезов атындағы кітапханада оқырмандарға спорттың адам өмірінде алатын орны туралы түсіндіру, салауатты өмір салтын ұстануға баулу мақсатында «Жанға дауа, қолға күш» атты спорт алаңы өткізілді. Іс-шараның жас оқырмандарға берер пайдасы мол болды. Себебі, спортты серік еткен адам сергек болады. Сергек жүрген адам кітапты да жақсы сіңіріп оқып, айналасына шуағы мен нұрын шашып тұрады. «Мұндай іс-шаралар жоспарға сай үнемі өткізіліп тұрады», – дейді аталған кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Сәулебаева.

Есет Досалы

Aq jol. — 2025. — 23 тамыз (№95). — 12 б.