Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттер аясында біраз уақыт бұрын «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары анықталған еді. Еліміз бойынша жүзден жүйріктерге түскен таңдау болғандықтан, бұл санатқа қосылатындарға қойылған талаптың да үлкен болғаны белгілі. Аталған жоба жеңімпаздарының бірі, Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімовпен Абай атындағы орталық кітапханада өткен «Жұртына үлгі жүз есім» тақырыбында іс-шара өте әсерлі өтті.
Іс-шараны Абай атындағы орталық кітапхана мен Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Кез келген кісі «Қазакстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы бола бермейді. Сембек Әбетайұлының бұл қатардан табылуы бекер емес. Ол — ел десе еміреніп, жұрт десе жомарттығы көзге көрініп тұратын адам. Оның бірнеше отбасын баспанамен қамтамасыз етуі, қазынадан қаржы бөлдіріп, 3 мың гектар алқаптың суландырылуына ықпал етуі, өз ауылында мектепті «Алтын белгімен» бітіргендерге 400 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындауы — сөзімізге дәлел.
Сембек Сейдәзімовпен жүздесуге кітапхана қызметкерлері мен тұрақты оқырмандар жиналды. Іс-шарада Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастыру секторының жастар ісі жөніндегі инспекторы Әйгерім Садықбекова кітапхана қонағының өмір жолына тоқталып өтті. Сембек Әбетайұлы өз сөзінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы үлкен мереке, Тәуелсіздік — бақытымыз екенін айтып, осынау шуақты күнді бағалай білуге шақырды. Сондай-ақ ол жарық көруіне өзі себепкер болған «Тарихымен табысқан Тараз» атты кітап жөнінде де кеңінен әңгімелеп, тарихтан сыр шертті. Іс-шараға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Кездесу соңында аталған кітапхананың директор орынбасары Назым Мухамбетиярова ойлы толғамдары, әсерлі әңгімелері үшін Сембек Сейдәзімовке алғысын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ
Aq jol. – 2021. – 20 сәуір