Асыл сөздің алыбы

       Тараз қаласының «Ұлы дала» (15) шағынауданы кітапханасының ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының дүлдүлі, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Екі ғасыр алыбы» атты әдеби портрет кеші өтті.

Тағылымы мол іс-шара ақынның өмір жолына шолу жасап, оның ақындық талантын жас ұрпақ жүрегіне ұялату, поэзияны сүюге, сөз өнерін қадірлеп, тәрбиелеуге бағытталды. Кешке №67 орта мектептің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімдері Пакизат Даутпаева мен Назерке Бұрылбай қатысты. Сондай-ақ аталмыш білім ордасының да оқушылары белсенділік танытты.

Шараны кітапханашы Жанерке Серікова жүргізіп, жиналған қауымды ақынның өнегелі өмірімен, шығармашылық мұрасымен таныстырды. Кеш барысында оқушылар Жамбыл оқуларынан үзінділерді жатқа оқып, ақын жырларын ерекше тебіреніспен жеткізді. Жыр додасының көрінісі ретінде Жамбылдын Айкүміспен айтысы сахналанып, оны Еркебұлан Мелдебек пен Сезім Бағдат шебер орындап шықты. Сонымен қатар бала Жамбылдың өмір жолын хронологиялық тәртіппен таныстырып, ақынның қалыптасу кезеңдеріне кеңінен тоқталды.

Кітапханашы Анар Тілеген «Ғасыр ақыны» атты кітап көрмесіне шолу жасап, Уәлихан Қалижановтың «Жамбыл» кітабы бойынша библиографиялық таныстырылым өткізді. Көрмеде ұсынылған еңбектер арқылы оқырмандар ақын мұрасының тереңдігіне тағы бір мәрте көз жеткізді.

Жамбыл — халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ұлы ақын, айтыс өнерінің биік шыңы. Оның жалынды жырлары елге рух беріп, отансүйгіштікке, бірлікке, адалдық пен адамгершілікке үндейді. Ақын шығармалары арқылы жас буынның бойында ұлтжандылық сезімді ояту, ел өнерін қастерлеуге баулу кештің негізгі өзегі болды.

Тағылымды шара №67 орта мектептің «Арлан» тобы орындаған «Қазақтың ұландары» әнімен қорытындыланды. Мұндай мазмұнды шаралар жас ұрпақты сөз құдіретін түсінуге, поэзияны бағалауға және ұлттық мұраны құрметтеуге тәрбиелейді.

Зере Қуаныш

JambylTaraz. — 2026. — 25 ақпан