Ауылдан шыққан дарабоз қаламгер

Пернебай Дүйсенбин — 80 жаста.

Шежіре мен шерлі сырларды бойына сіңіріп, жас ұрпаққа насихаттап жүрген мерейлі той иесі үнемі ізденіс үстінде тыңнан хабар, тамырлы тарихтан тағылымдарды табуда. Майталман жазушыны еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін құрмет тұтып, төрден орын береді. Осы бағытта көзі қарақты, көкірегі ояу әрбір азамат көсемсөз шебері Пернебай Дүйсенбинмен мақтанады.

Тараз қаласының Абай атындағы орталықтаңдырылған кітапханасында балалар жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығыныңлауреаты, Сарысу ауданы Жайылма ауылының тумасы Пернебай Дүйсенбиннің «Кеудесі қазына, қаламы жүйрік тұлға» атты кездесу кеші өтті.

Басқосуда Пернебай Дүйсенбиннің ардагерлер мен жас оқырмандар алдында атап өткен өмір жолы, ұстаздық қызметтегі сәттері тыңдаушыларға ерекше әсер етті. Жиында алғаш сөз алған драматург-жазушы Елен Әлімжан қаламгердің балалар тақырыбына сәтті қалам тербегенін, «Кішкентай генералдар», «Жұмбақ жұлдыз», «Ән салыңызшы, Әке», «Елгезек ертегілер елінде» атты кітаптарында ауыл балаларының психологиясын, мінез- құлқын тайға таңба басқандай айқын суреттеп, ешкімге ұқсамайтын өз стилімен сәтті бере білгенін атап өтті.

Кездесу барысында белгілі жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, ақын Баймағанбет Ахмет сөз алып, кеш куәгерінің талантына, суреткерлік шеберлігіне тоқталды.

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Алдаберді Мақашев Сарысу ауданында білім саласында, партия, әкімдік жүйесінде қызмет атқарып жүрген кезеңінде Пернебай Дүйсенбинмен етене арласып еңбек еткендігін, оның жазушылық қасиетімен қатар басшылық қызметтерде де абыройлы жемісті жұмыс атқарғандығын, белгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақпаевтан кейінгі үлгі тұтарлық балалардың сүйікті туын- дыгеріне айналғандығын атап өтті.

Кеш соңында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Рысбайұлы қала әкімінің атынан құттықтап, жазушының иығына шапан жапты. Басқосудың куәгері Пернебай Дүйсенбин қатысып отырған қонақтарға алғыс сезімін білдіріп, кітапханадиректоры Ұлбосын Сәулебаеваға өзінің көптомдық кітаптарын сыйға тарту етті.

Облысқа танымал әнші Мерей Әбуованың «Сайра, бұлбұл», өнерпаз ардагер Аманқұл Ысқақовтың «Ойлан, балам» атты әндері көпшіліктің қөңілінен шықты. Сонымен қатар, кітапхананың мәжіліс залында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылған.

Айта кетуіміз керек, дарабоз қаламгердің мерейтойына арналған шаралар сонау Алматыдан бастау алып, облыс, аудан көлемінде кеңінен аталып өтуде.

 

А. Меңлібайұлы,

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

  Ардагер айнасы. — 2023. — 14 қазан