Байырғы заманның дастандарының мұрагері роман және поэзияның алдында проза тұрады деп санаған Шарль Перро француз классицизмі қалыптасқан дәуірдің ақыны, өнертанушы әрі сыншы, және де жемісті жазушылардың бірі болып саналады.
Құрметті достар! Сіздердің назарларыңызға, француз ақыны және классицизм кезеңінің сыншысы, Шарль Перро «Әжемнің ертегілері» (Мама Қаздың айтқандарынан) атты жинағын ұсынамыз:
Перро, Ш. Әжемнің ертегілері [Мәтін] : (мама Қаздың айтқандарынан) / Шарль Перро.; сурет. Г. Доре ; франц. тіл. ауд. М. Арынова.- Алматы : Mereke baspasy, 2024. — 232 б.
Француздың әйгілі ертегішісі, классик жазушысы Шарль Перроның ертегілерін аудармашы Мариям Арынова француз тілінен тікелей қазақ тіліне аударып шықты. Француз тілін еркін меңгерген кәсіби адармашы өз ана тілі — қазақ тілін де терең біледі. Сондықтан да Шарль Перроның қазақ тіліне аударылған ертегілері қазақ балаларының көңілінен шығады деген үміттеміз.
Шарль Перро Людвик XIV сарайының өнер саласындағы саясатына сол кезеңде зор ықпалын тигізген қаламгер. Ол өзгермейтін идеалдық тың ойды ғылым мен қолөнермен қатар алып жүруді құптаған. Сондай-ақ өзі өмір сүрген дәуірінің әдебиет тарихында көне мен жаңа туралы пікірталаста өз ойын ашық білдірген айтулы тұлға.
Ш.Перро әлемге «Мама Қаздың ертегілері» атты шығармасымен танымал. Бұл ертегі ең алғаш 1697 жылы жарық көрген. Жинақ 9 ертегіден тұрады. Олар: «Есек терісін жамылған қыз», «Үйқыдағы ару», «Қызыл желекті қыз», «Көксақал», «Етік киген мысық», «Сиқырлы әйелдің сыйы», «Күлжайна», «Айдарлы Рике», «Шынашақ».
Достар сіздер «Мама Қаз» кейіпкері туралы не білесіздер?
«Мама Қаз» — француз және ағылшын-американ балалар әдебиетіндегі ең танымал кейіпкер. Осы атаумен XVII ғасырдан бастап дүние жүзінде бірнеше әдеби жинақтар шыққан. Сол алғашқы жинақтардың бірі — Шарль Перроның (1697) ертегілер кітабы.
Сондай-ақ ертегінің келесі бір нұсқасы 1760 жылы Англияда «Мама Қаз әуендері» деген атаумен де басылған. Ол кітапта 52 классикалық балалар өлеңдер жинағы (балалар өлеңдері) болған екен.
Сонымен қатар «Мама Қаздың ертегілері» туралы кейбір әңгімелер Льюис Кэрроллдың Алиса туралы, Энн Хогарттың Маффин туралы және Памела Траверстің «Мэри Поппинс» кітаптарында да айтылады.
Достар, Шарль Перроның таңғажайып ертегілер әлеміне саяхаттауға шақырамыз!