Құрметті оқырмандар!
Қазақ сатирасының кең тынысын, шымыр сөзін, шындықты шымшып айтатын шебер қалам иесі — Кәдірхан Баққараев. Ол — шындықты шырылдатып айтудан қорықпаған, қоғамның көлеңкелі тұстарын күлкімен түйреген, ұлт мінезін әзілмен айшықтаған қаламгер. Қазақ әдебиетінде сатира мен әзіл-сықақ жанрын өркендеткен көрнекті қаламгер.
Кәдірхан аға — күлкіні қару емес, құрал еткен. Ол үшін сатира — адам жанын жараламай, есігін ашып, айнасын көрсету. Оның әрбір әңгімесі — өмірдің бір үзігі, қоғамның бейнесі. Әзілінің астарында — ауыр шындық, қалжыңының түбінде — қапалы шын жүрек жатыр.
Сіздердің назарларыңызға белгілі журналист, жазушы Кәдірхан Баққараевтың 90 жас мерейтойына орай «Арбаның артық дөңгелегі» атты жинағын ұсынамыз. Бұл жинақта Кәдірхан ағамыздың ой ұшқырынан тізбеленген жазбалары көрсетілген.
Баққараев, К. Арбаның артқы дөңгелегі [Мәтін] / Кәдірхан Баққараев. — Алматы: Таймас, 2014. — 192 б.
Кәдірхан Баққараевтың «Арбаның артық дөңгелегі» деген жаңа жинағына хикаяттар, эсселер, әңгімелер, балаларға арналған ертегілер, тәмсілдер, фельетондар, хат ізімен жа- зылған өткір сынға құрылған көркемсөздер енгізілген. Журналистика мен жазушылықтың барлық жанрларының қамтылуы кітаптың танымдық жүгін көтеріп түр. Автордың мұнан бұрынғы кітаптарынан айырмасы эпикалық жанрларға тән шығармаларды игеруі болып табылады. Автордың тілі отты, ойы ұшқыр. Оқырманын бірден баурап алады.
Кәдірхан Жұматайұлы Баққараев — 1935 жылы 1 қыркүйекте, Жамбыл облысы Талас ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген. Кәдірхан Баққараевтың қаламынан шыққан туындылар арасында:
— «Ұзатылған қауын»
— «Штирлицтің ішірткісі»
— «Алтын жұмыртқа»
— «Арбаның артық дөңгелегі»
— «Қазақ тілін ардақтау – ардың ісі» сияқты жинақтар бар. Бұл шығармаларында автор сатиралық тәсілмен қоғамдағы түрлі мәселелерді, адам мінез-құлқындағы кемшіліктерді әшкерелейді.Кәдірхан Баққараевтың шығармалары қазақ әдебиетінде сатира жанрының дамуына елеулі үлес қосты.
Кәдірхан ағаның шығармасы оқырмандарға күлкі арқылы ой тастайтын, тұшымды тағылым қалдыратын өмір сабағы.
Қазақ әдебиетінде сатиралық жанрдың шынайы өкілі ретінде Кәдірхан Баққараевтың мұрасы – болашақ ұрпаққа үлгі, өмір мен өнердің арасындағы шекараны тап басып көрсете алған үлкен мектеп.
Кітап көпшілік оқырман қауымға арналады.