Бедел биігі — У. Бишімбаев
Айналаңа қарасаң тынымсыз тіршіліктің куәсі боласың. Үлкен де, кіші де алдына қарап ұмтылады. Біткен ісіне ризашылық танытып, қапы қалған тұсына сәл қарайлап, соның орнын қайтсем толтырамын, толықтырамын, дейді. «Заулаған заман-ай!» деп құс қанатын талдыратын, тұлпар тұяғын егейтін шарадай басындағы арман-мақсат шарқ ұрады. Сол заулаған заманның тамырын ыңғайымен басып, дүрмегі мен күрмеуі көп өмірдің өрі мен еңісін таразы басында екшеп, телегей теңіз жұмыстың арасынан өз жолын адаспай тапқан бір заман адамымен, ел азаматымен көптен бері сырлас болып келе жатқан жаймыз бар. Ол – Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, техника ғылымдарының докторы, профессор, бір әулеттің белді де беделді өкілі, ұлтына қызмет етіп, жұртына танылған Уәлихан Бишімбаев еді.
Мені кем, алды кең көрнекті ғалым көсіліп көп сөйлей қоймайды. Жібек суыртпақтан жіп суырғандай ақырындап әңгімеге тартсаң, өзінен бұрын алдыңғы толқынның өнегелі ісін, кейінгі жастың таланты мен талабын сүйсіне айтады. Дүниеге әкелген әкесі мен анасының, атасының үлгісін үкілейді. Әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өсетінін ой-санаңа құяды. Әр азаматтың тек-тамыры, оның бастау басы, содан арна тартқан тарау-тарау ұрпақ сабақтастығы, өмір өткелдері болады. Бұл тұрғыдан келгенде мейіріміне бөленген, бақытты балалық шағында аялы алақанында ұстаған Бишімбай атасын еске түсіреді. Ауылдың ұл-қызы төңіректеп жүретін, айналасы қоғамды әулет ұйытқысының жақсы ісін сабақтайды. Ал әкесі Қозыке Бишімбайұлы сұрапыл соғысты бастан өткерген, мемлекеттік қауіпсіздік саласының қызметкері ретінде елмен етене араласқан, көргені көп, көңілге түйгені мол адам болыпты. Ең бастысы рухы мықты, ұлттық талғамы бөлек, жаратылысынан жақсыға жақын жүріпті. Анасы Мәрия ұстаз болған. «Әкем талантты еді, ғылымға ден қойып, өлең өрнектеп, сурет салып, әуезді ән шығаратын. Бірақ өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы алапаттың оты талайдың тағдырын тәлкекке салғаны белгілі. Оған соғыс зардабы қосылып, әкемнің өмір жолын өзге арнаға бұрып жіберіпті. Ісіне адал, сөзіне берік қадірлі жан әскери салада да абыройлы қызмет етті. Ұлт интеллигенциясын дайындауға көп үлес қосты. Ондаған емес, жүздеген ізбасарлар әзірледі. Сол қызметте жүргенде де шығармашылықпен айналысты. Кейін өлең, ән жинақтарын оқырмандарына ұсынды. Қазір сол құндылықтарға қарап отырғанда халықтық қасиет, ұлттық болмыс айқын көрініп тұрады. Халқын қадірлеген, оның асыл қасиеттері бойына сіңген әр адам ізетті де инабатты болатынын, әке өміріне, өткен жолына көз салғанда айқын аңғарамын. Бізді де сол бағытта тәрбиеледі. «Ешкімге жамандық жасамаңдар, мен шықпаған биіктен көрініп, мен аспаған арман асуынан асыңдар», деп қарғадайымыздан құлағымызға құйды. Әке сөзі қашанда балаға бағдар ғой», дейді ғалым өткенге бір көз жіберген тұста.
Сол әке көрсеткен бағдар Уәлихан Қозыкеұлын инемен құдық қазғандай иірімі көп ғылым әлеміне бұрады. Мектептен кейін кейіпкеріміз Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтына оқуға түсіп, оны бітірген соң өзін балапандай баулыған білім ордасындағы «Бейорганикалық заттардың технологиясы» кафедрасына ассистент қызметіне тұрып, еңбек жолын бастайды. Әйтсе де ғылымға деген құлшынысы оны алға талпындырады. Сол талпыныс іргелі ғылымның ірі орталығы Д.И.Менделеев атындағы Мәскеу химия-технологиялық институтының аспирантурасына бет түзетеді. Үш жылдық ізденіс өз нәтижесін беріп, «Сақар ерітіндісімен SO2 лықсыма газдарын тазарту барысында калий сульфитін тотықтыру» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтімен қорғап шығады. Талантты жастың талабына сүйсінген мәскеулік оқымыстылар ғылыми зерттеумен айналысып жүргеннің өзінде оған студенттерге дәріс оқытып, қалса барлық жағдайды жасайтындықтарын, тіпті зертхана меңгерушісі болатынын алға тартады. Бірақ елге деген патриотизм оны туған топырағына жетелей береді. Кейін докторлық диссертациясын қорғауға барғанда да бұл тілектерін мәскеулік ғалымдар тағы да білдірген екен. «Мен өзге жерде, өзге ортада қызмет етіп, абырой-атақ алуға қызыға қоймадым. Қасиетті қазағымның ортасында жүру басты мақсатым болды», дейді Уәлихан Қозыкеұлы.
Қазақ химия технология институтында оқытушы, аға оқытушы болып жүргенде, ректор бір кездері бүкіл оңтүстік жұртының арасынан шыққан, жалғыз ғылым докторы, академик Сұлтан Сүлейменов зерделі шәкіртіне «Бейорганикалық заттар технологиясы» кафедрасының меңгерушілігін ұсынады. «Сұлтан Тәшірбайұлы кең пішілген кемел адам еді. «Жастарға сенім артпай, өзімізді көріп жүре берсек, олар қалай өсіп, өркен жаяды. Қай кезде тәжірибе жинап, кәсібін терең меңгереді», деп қалай болар екен деген күмәнімді ұстазым осылайша сейілтті. Жиырма жеті жастағы маған үлкен кафедраны сеніп тапсырды. Қолдап қамқорлық көрсетті», деп ардақты азаматты еске алған Уәлихан Қозыкеұлы, алғашында алдыңғы толқынға жалтақтай қарап, қайтсем көңілден шығам депті. Дегенмен өмір өткелінің біраз белесін артқа тастаған оқытушылар оны жатырқамай, жылы қабақ танытады. Бұл жас ғалымды жұмысқа құлшындырады. Білім мен ғылымды ұштастыра жүргізудің нәтижесінде кафедра үздіктер қатарынан табылады. Кафедра жұмысымен қатар, студенттік ғылыми ұйымға басшылық етіп, талаптыға ерекше көңіл бөледі. Ондағы мақсаты, алғыр жастарды ғылымға тарту, олардың ізденісіне ұйытқы болу еді.
Білімімен көрініп, ғылымдағы жетістіктерімен сүйсінткен, ұйымдастырушылық қарым қабілетімен де танылған Уәлихан Бишімбаевты сол кездегі Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының ректоры, мемлекет және қоғам қайраткері Марс Үркімбаев өзі басқарып отырған мекеменің Қызылордадағы филиалына директоры болып баруды ұсынады. Бірақ ол оның алдында ғылым мен білімнің ордасы саналатын Алматыға барсам деген оймен бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бітімі бөлек ұлт ұлы, академик Өмірбек Жолдасбековте болып, қызметін ауыстыруға келісімін алып қойған еді. Артынан Өмірбек Арысланұлы: «Сен маған ренжіме, ірі қалаларға ғана емес, өңірлерге де техниканы меңгеретін маман қажет болып тұр екен. ҚазМУ-ге келіп үлгересің, Марс Фазылұлының тілегін қабыл ал, Сыр өңіріне бар. Көптің бірі болмай, ұйымдастырушылық қызметіңмен, жасқа тән жақсы істеріңмен таныл», дейді. Қазақтың екі жақсысының сөзін жықпаған жігіт ағасы жігерін жанып, Қызылордаға барады. Тыңнан із салу алғашында оңай бола қоймапты. Тоғыз ойланып, жүз толғанып, Жамбыл, Шымкент, Алматыдан кадр шақырыпты. Облыс басшысы Исатай Әбдікәрімов ортақ іске үлес қосуға келген азаматқа оң қабақ танытып, мүмкіндікке қарай жағдай жасапты. Ұстазы Сұлтан Сүлейменов үлгісімен оннан аса талабы бар жасты Мәскеу мен Ленинградқа оқуға жібереді. Тынымсыз ізденіс филиал жұмысын ілгері жылжыта береді. Алғашқы жылы 150 студент қабылданса, бес жылдан кейін тілек білдірушілердің саны – күндізгі бөлімге 702, сыртқы бөлімге 450-ге жетеді. Оларға сабақ беретін ғалым оқытушылар 14 қызметкерден тұрса, оның 7-еуі ғылым кандидаты санатында екен. Уақыт өте келе ғылым кандидаттары 21,4 пайызды құрапты. 1976-1977 жылдары аймақтағы институт филиалының үлгерімі 81 пайызға жетсе, екі жылдан кейін бұл көрсеткіш 90 пайыздан асады. Ал жарияланған ғылыми еңбектер саны 40-тан, әдістемелік оқу құралдары 155-ке артқан. 1981 жылы 126 маман дайындап шығарады. Олардың ішінде 126-сы инженер, 45-і гидромелиорация, 43-і гидромелиоративтік жұмыстарын механикаландыру, 38-і ауыл шаруашылығы құрылысы кадрлары екен. Сол түлектердің қатарында болған білікті маман, ел тәуелсіздігін алғаннан бергі кезеңде бизнес саласына ерекше үлес қосып, өңір жұртын, сонымен қатар, бүкіл елімізде күріш өндіру мен өңдеу ісін жолға қойған Қазақстанның Еңбек Ері, Мәжіліс депутаты Абзал Ералиевтің болғанын Уәлихан Қозыкеұлы мақтанышпен алға тартады. Талапкерлерге білім беру ісіндегі талпыныс оқу ғимараттарын салумен де жалғасыпты. Соның бір дәлелі төрт оқу корпусының іске қосылып, аумағы 2045 шаршы метр болатын 280 орындық жатақхана студенттер мен оқытушыларға қызмет көрсетеді. 22 зертхана мен 13 оқу кабинеті жабдықталып, оған қажет дүниелер Мәскеу мен Одессадан жеткізіледі. 10 кафедра оқу тәрбие жұмысын жүргізеді. Облыстың экономикасына жас кадрлардың қосып жатқан үлесі ескеріліп, филиалды жеке жоғары оқу орнына айналдыру күн тәртібіне шығады. 1990 жылдың қарашасында Үкімет қаулысымен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалы негізінде жаңа техникалық жоғары оқу орны – Қызылорда Агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институты жұмысын бастайды. Іргетасы қаланып, ісі ілгері жылжыған оқу орнына күріш өсіруден дүниежүзілік рекорд жасаған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ыбырай Жақаевтың есімі беріліп, еңселі ескерткіш бой көтереді. Жоқтан бар жасалып, филиалдан дербес оқу орны құрылғаннан кейін мамандықтар санын арттыру жұмысы жүреді. Соның қатарында экология, экономика салалары бойынша, мұнай кен орындарын игеруге қажет мамандықтар ашылып, ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің топтасуына ерекше мән беріледі. Қызылорда облысының минералды шикізат қорларын тиімді пайдалану ісін шешуге зор үлес қосып, сода алудың технологиялық шешімін тауып және оның негізінде шыны зауытын салуға болатын зерттеуге Уәлихан Қозыкеұлы жетекшілік етеді. Полиметалл кенішін өңдеу жолымен құрылыс материалдарын, мырыш, қорғасын мен тағы басқа сирек кездесетін элементтерді өндіруге болатынын дәйектеген де аталмыш азамат екенін еске сала кетсек дейміз. Бұл оның ғылымдағы тың ізденістерінің бір бөлшегі ғана еді. Жалпы, мұнай-битум мен геология және минералогия саласында әлемдік деңгейдегі ізденістер жүргізіліп, одақтағы инженер кадрлар дайындайтын техникалық оқу орындарымен иық тірестіреді. Мұның бәрі Уәлихан Қозыкеұлының табанды қимылының, тартымды жұмысының, ұйымдастырушылық қабілетінің, істің ығын он саусағындай білетін қайраткерлігін танытары анық.
Іздеген мұратына жетеді, талпынған талантты таппай қоймайды. Біз мақалаға арқау етіп алған ғалым Қызылорда өңірінде қызмет еткен жылдардағы еңбегі ұшан-теңіз. Филиалдан институтты аяғынан тік тұрғызып, мыңдаған кадр дайындау оңай бола қоймағаны да рас. Алғаш рет аспирантура ашып, ғылыми атақ қорғайтын кеңестің іргетасын қалады. Бұрын ғылыми атақ алу үшін ат сабылтып алысқа баратын ізденушілер енді өздері жұмыс істейтін іргесі мықты оқу орнында ғылыми дәреже алуға қол жеткізеді. Сол жіті қимылдың нәтижесінде 108 ғылым кандидаты, 12 ғылым докторы оқу орнының беделін көтереді. Бұл облыс көлеміндегі оқу орны үшін аз көрсеткіш емес. Бірінші жылы 150 студент қабылданса, кейін талапкерлер саны 3500-ге жетеді. Сөйтіп, институттың берік базасы қаланады. Кейін ондағы оқу орындары бас біріктіріп, Қорқыт ата атындағы университет бой тіктейді. Қазір осы ғылым-білім мекемесін Уәлихан Қозыкеұлының шәкірті, ізбасары Қылышбай Бисенов басқарып отыр.
«Мен үшін Сыр өңірі ерекше. Бетімнен қақпай, әр ісіме жанашырлық жасаған, жетістіктерімді бағалап, олқы тұсыма қол ұшын берген қазақтың алтын діңгегі саналатын Сыр өңірінің үлкен-кішісіне дән ризамын. Сыр перзенттері – мені өз перзентіміз деп білді. Үлкені ақылын айтса, кішісі кісілігін көрсетті. Мемлекет және қоғам қайраткерлері И.Әбдікәрімов, Т. Есетов, Е.Әуелбеков, С.Шаухаманов, В.Брынкин, И.Қалиев, Б.Сапарбаев, өзге де ел ағаларына, бүгінгі толқынға алғысым шексіз, ізетім ерен. Сол жерде ұлды, қызды болдым. Ғылым докторы атандым. Академик деген абыройлы атқа қол жеткіздім. Иә, қандай ілтипатқа кенелсем, биіктен көрінсем, соның бәрінде Сыр жұртының үлесі бар», дейді өзім болдым, өзім толдым демей кішілік танытқан Уәлихан Қозыкеұлы.
Іскерлігі мен ісі тең түсіп, алға қойған жұмысы аяқталғанша тыным көрмей тірлік ететін Уәлихан Қозыкеұлы өзі сұранып, Жамбылдағы педагогикалық институтқа 1996 жылы басшылық қызметке ауысады. Онда да біраз қиындықтар алдынан шығады. Тәуелсіздіктен кейінгі аласапыран уақыт. Қаржы мәселесі де етектен тартып, есті шығарып тұрған кез. Шешінген судан тайынған ба? Тығырықтан шығудың жолын қарастырады. Жеті ай бойы айлық алмаған оқытушылар мен стипендия көрмеген студенттер алғашында – не бітіре қояр дейсің деген күдікпен қарайды. Оның үстіне ғимараттардың тозығы жетіп, ұжымның береке-бірлігіне сызат түскен. Ойлана келіп, алдымен қаржы мәселесін шешуге білек сыбана кіріседі. Ұшқан құстай Алматыға жетіп, Қаржы министрі Е.Дербисовке, Білім және ғылым министрі М.Жұрыновта болып, барлық мәселені алға тартады. Азаматтар жағдайды түсініп, қолдау көрсетеді. Жеті айлық қарызды жапқанда оқу орнындағы күдікті үміт жеңеді. Бұдан соң дәуір талабына қарай, институтты университет жасауға кіріседі. Бұл қадам да өз жемісін береді. Қала сыртындағы жайсыз ғимараттардан орталыққа ауысу мәселесі қолға алынады. Сол тұста облыс, қала көлеміндегі басшылық тізгінін ұстаған А.Тышанов, Б.Жылқышиев мақұлдап, мақсат орындалады. Алған ғимараттарды жедел жөндеу жұмысына кіріседі. Осындай жұғымды істің келешегіне сенген ұжым мүшелері ендігі жерде бас бағып тұрмай, жұдырықтай жұмылады. Жастар жағы: «Өз оқу орнымызды өз қолымызбен жасаймыз!» деп күш-жігерлерін біріктіреді. Жиырмаға жуық мамандықтар ашылады. Кандидаттық, докторлық диссертация қорғайтын кеңес жасақталады. Бұл ғылым жолында жүргендер мен ізденушілерді серпілтеді. Өңірдегі үш оқу орнын біріктіріп, қуатты бір университет құру бастамасын көтереді. Бұл ниет те қабыл алынып, 1998 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті құрылады. Осы арада Уәлихан Қозыкеұлының аталмыш университетке М.Х.Дулати атын беру жөніндегі еңбегі ерекше болғанын айтуға тиістіміз. Ол өткен ғасырдың 80-ші жылдары ғылыми ізденістерін ұштап жүргенде, қолы босай қалса, Мәскеудегі Ленин атындағы кітапхананың тарихи анықтамалық материалдарына да көп зейін қойыпты. Ондағы мақсаты, қазақ халқының арғы-бергі тарихын тасқа басылған жәдігерлерден іздестіру екен. Бір жолы «Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати» деген дерекке көзі түседі. Бойлап қараса, бүкіл әлем мойындаған ұлы ғалым болып шығады. «Бұл қай М.Х.Дулати?» деген сұрақ көкейінен кетпейді.
Тәуелсіздіктен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл аталып келген көне қалаға Тараз атауын қайтаруға қатысты айтулы шараға келгенде ұлт ұлысына университет атын беру мәселесін Уәлихан Қозыкеұлы бір орайлы сәтте айтып қалады. «Алдымен оқу орнын жақсы университет жаса, тарихшылар терең зерттеулер жүргізсін», – дейді Президент.
Елбасы сөзі Уәлихан Қозыкеұлын қанаттандырып, өзі куә болған дерекке қайта оралып, зердеден өткізеді. Көптеген зерттеу еңбектерімен танысады, тарихшылармен кеңеседі. Сөйте келіп, түйткілді істің түйінін шешу үшін алқалы жиын өткізеді. Оған алыс-жақын шетелдерден ғалымдар қатысады. Мәліметтерді саралай келіп, зердесі биік, шындықтан ауытқуды ар санайтын оқымыстылар М.Х.Дулати қазақ ғұламасы деген байламға келеді. Оның үстіне 1999 жылы М.Х.Дулатидің 500 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланғаны белгілі. Көрнекті араб танушы ғалым Әбсаттар Дәрбісәлі Дулатидің қабірі Кашмирде екенін айтады. Енді зиратқа тәу етіп барып қайту идеясы туады. Сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов оң ниет танытып, бұл істе өз шешімін табады. Сөйтіп, ұлы бабамыздың аты мен еңбегі елге оралады. Парсы тілінің мамандарын тартып М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабын түпнұсқадан қазақ тіліне аударып, көп кешікпей жарыққа шығады. Бұл құндылықтағы деректер 2015 жылы биік дәрежеде аталып өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына негіз болғаны ақиқат.
М.Х.Дулатидің еңбегі жұрт қолына тиіп, аты университетке берілгеннен кейінгі жерде оның бейнесін салып, ескерткішін тұрғызу ісі жүре бастайды. Көптеген суретші, мүсіншілердің басын қосып, келбеті түзіледі. Алып ескерткіш салынады. Мұражай ашылып, оған 1500-ге жуық экспонаттар қойылады. Сөйтіп, ол рухани орталыққа айналады. 1998 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Таразға іссапармен келіп, Мұхамед Хайдар Дулатидің тұңғыш ескерткіштің салтанатты түрде лентасын қиып, құттықтау сөз сөйлейді. «Біздер батыр да дана бабаларымыздың еңбегі мен ерлігінен жігер алып, жастарды сондай рухқа тәрбиелеуіміз қажет. Мұхаммед Хайдар Дулатиге ашылған ескерткіш ұрпақты рухтандырады. Бабаларымыздың әруағы қолдап, ісімізді оңдайды деп сенемін», – деп ұлы тарихшыны үлгі етеді.
«Мен университеттегі білім мен ғылымды өрістетумен қатар, тәуелсіз елдің ұрпағын тәлімді де тәрбиелі етіп өсіру үшін тек тамырымыздың да тереңде екенін ұқтыруды міндет санадым. Өйткені, тегі мен тарихын білген жастың бойында отаншылдық рухы мықты болады. Осы арада М.Х.Дулатидің ескерткішін орнату кезінде қамқорлық көрсетіп, үлесін қосқан бір ардақты азаматты атай кетсем деймін. Ол – кезінде Жамбыл облысын басқарған Сарыбай Қалмырзаев еді», дейді ұлт жұмысына бүкіл саналы ғұмырын арнаған академик.
Қандай іске салса да қарымымен танылған, атқарылуға тиіс жұмыстың иірімін ақыл-ойымен, білім-парасатымен шешетін, Қызылордада инженерлік білімнің негізін қалап, білім ордасын аяғынан тік тұрғызған, Тараз университетін тағылымды жолға салған азаматқа жоғарыдағы басшылық тағы бір оқу орнының тізгінін ұстатады. Ол – Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті еді. Мұндағы жұмысты жолға қою оңай бола қоймайды. Барлығын ой таразысына сала келіп, Уәлихан Қозыкеұлы студент – оқытушы – ректорат деген қағиданы қалыптастырады. Осы үштікті біріктіргенде ғана жұмыс оңға басатынын зердесіне түйді. Студент тек тыңдаушы ғана емес, тең дәрежелі азамат деп қарау қажеттігін ойластырады. Студент – ректор, студент – проректор арқылы өзін өзі басқару идеясын ұсынады. Бір күнді студенттерді қабылдау күні деп белгілейді. Оқытушылармен санасуды, жағдай жасап барып талап етуді жолға қояды. Ондағы ниет, жұрт сеніміне ие болу. Арада аз уақыт өткенде білім ордасындағы ала-құла әңгіме сап тыйылады. Соның нәтижесі шығар бұрын 400 грантқа ие болған оқу орны бұл межені 2,5 жарым мыңға жеткізеді. Сөйтіп, еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында грант алудан екінші орынға шығады. Ғылыми-тәжірибелік жұмыстармен 1300 адам айналысса, 7 ҰҒА академигі, 150-ден астам ғылым докторы, 650 ғылым кандидаты, 101 мамандық иесі болатын 26 мың студентке дәріс оқиды. 2001 жылы халықаралық аккредитациядан өткен Отанымыздағы бірден-бір оқу орны М.Әуезов атындағы университет болғанынан хабардармыз. Елімізде алғаш рет инновациялық оқыту технологиясын меңгеріп, кредиттік білім беру жүйесін, сапа менеджментін енгізген де осы білім ордасы болатын. Спорттық олимпиадаға қатысқан студенттер саны 4-тен 10-ға жеткені және бар. Мұндай жетістіктерді тізбелей берсек, аз емес. Ең бастысы, академик ұстазы Сұлтан Сүлейменов жас ғалымдарды, болашақ ғылым қайраткерлерін қалай тәрбиелесе, Уәлихан Бишімбаев та сол жолмен кейінгі толқынға көңіл бөлуді нысана етіп алғаны кейінгіге үлгі деп білеміз. Ол жастармен жүздескен сайын олардың рухын көтеріп, елді сүю, Отанды қадірлеу жайлы ауқымды әңгіме қозғап, тәуелсіз мемлекетімізге әр жас өзіндік үлесін қосу парыз екенін жеткізіп, «Сендердің араларыңнан әлі талай ғалымдар шығады. Ел басқаратын азаматтар қалыптасады. Елдің ертеңі де, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үміті де сендерсіңдер», деген мемлекетшілдік қағиданы өзі басқарған үш оқу орны жастарының санасына сіңіріп, ойына ұялатумен болғанын академикпен бірге қызмет еткен, шәкірт болып білім алған азаматтар әркез айтып жүреді.
Жоғары білімдегі жетістігін Уәлихан Бишімбаев Парламент Мәжілісіне депутат болған тұста елдік іспен ұштастырды. «Отандастарым маған «…екі тізгін, бір шылбырды» сеніп тапсырып отыр… бәрі де бауырым болсын, мен де қарап қалмаймын, қамдарын жеймін, олардан бөлек уайымым да жоқ, олардан бөлек қайғым да жоқ», деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатына қолдау көрсетеді. Әсіресе, жоғары білімнің проблемалары жұрт талқысына түскенде оның қыр-сырын саралай айтумен қатар, өзі де түйінді ойларын іркілмей ортаға салып отырды. Маман дайындау саласына үңілгенде кемімізді түгендеп, кемел істің жол-жобасын ұсынды. Бір сөзбен айтқанда, өмір тәжірибесін мемлекетіміздің өркендеуіне жұмсады.
Уәлихан Қозыкеұлы – дарынды ғалым. Оның ғылыми зерттеулері ел өркендеуіне өзіндік үлес қосып келе жатқанын баса айтуға тиістіміз. Ол қоршаған ортаны қорғау, табиғи қорларды тиімді пайдалану, құрылыс және силикаттық материалдар саласындағы ірі ғалым. Батыс Қазақстан мен Арал өңіріндегі мұнайлы битумды, сапасыз сазды жыныстарды және өнеркәсіп қалдықтарын өңдеу мен өндірісте қайта қолдану әдіс-тәсілдерін зерделеп, табиғи күрделі гетерогендік жүйелердің құраушыларға ыдырау механизмін ашқан. Фазалардың бөліну бетіндегі коллоидтық-химиялық құбылыстарды анықтап, мұнайлы битумды жыныстарды геоэкологиялық жағдайларды ескере отырып өндіру әдістерін, битумдық эмульсия алудың қалдықсыз технологиясын ұсынған. Санамалай берсек академиктің ғылыми еңбектері аз емес. Оны тарата айтуды алдағы күннің еншісіне қалдыралық.
«Ұстазсыз шәкірт – тұл» деп данышпан Абай айтпақшы, Бишімбаевтың бешпентінен шыққан ғалымдар өз алдына бір ұжымды құрайды десек, артық айтқандық емес. Оның жетекшілігімен 12 докторлық, 40 кандидаттық диссертация қорғалған. Академик 13 монографияның, 32 оқулықтың, елімізде және алыс шетелдерде жарияланған 900 ғылыми мақаланың, 130-дан астам авторлық куәліктің, патенттің авторы болып саналады. Еткен еңбек, төккен тер мемлекеттік деңгейдегі марапаттарға да қолын жеткізген. Кеңес дәуірінде «Құрмет белгісі», тәуелсіз Отанымыздың «Құрмет», «Парасат» ордендерін өңіріне тағып, одан өзге де атақтар алған.
Елге қызмет етудің, ұлтқа жақсылық жасаудың, ұрпаққа адал болудың, ғылымға кінәратсыз берілудің – соның бәрін ретінмен атқарып, абыройға бөленген көрнекті ғалым Уәлихан Бишімбаевтың өнегелі өмірін бір мақаланың аясына сыйғызу әсте мүмкін емес. Кітап жазсаң да бір сыры мен бір қыры сыймай қалуы мүмкін. Оның алдыңғы толқынды әспеттеп, кейінгі жасқа үміт арту үлгісі екінің бірінің бойынан табыла бермейтін қасиет. Адамдық пен азаматтықты бәрінен жоғары қойып, оны пір тұтқан жақсының жайсаң мінезі кейінгіге өнеге деп білеміз. Уәлихан Қозыкеұлы жары Альмира екеуі ұлды ер жеткізіп, қызды бой жеткізіп, оларды құтты қонысына қондырып, немере сүйген бақытты отбасылар қатарынан. Осы орайда, Абай дана тағы еске түседі. Ол: «Ырыс баққан, дау бақпас» дейді. Ендеше, бүкіл саналы өміріне ырысты ұйытқы етіп, қабырғалы халқына риясыз қызмет жасаған, жеті белеске шыққан ел азаматы, заман адамы Уәлихан Қозыкеұлының қашанда еңсесі биік, қазақ ғылымы мен білімінде өзіндік орны бар қайраткер деп білеміз.
Сүлеймен МӘМЕТ,
Егемен Қазақстан. – 2016. – 19 қазан. – 7 б.