Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ!
Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған тұста еліміз көптеген тарихи оқиғаларды бастан кешіріп жатқан еді. Соның бірі – Жамбыл жерінде өткен бірінші Қазақстан әйелдері форумы.
Бұл кезде Әулиеата топырағында ғана емес, бүкіл республикада өндірістер тоқтап, жарық пен газ болмай, жалақы мен зейнетақы да төленбей жатқан болатын. Оған қоса, халықтың ауылдан жұмыс таппай, күнкөріс қамымен үлкен қалаларға үдере көшуі де белең алған тұс еді. Міне, осы кезде Елбасы бірлік пен ауызбіршілікке шақырған ұлы қадамға барып, ұлтаралық достықтың орталығы – Ассамблеяны құруы саяси жағынан аса ұтымды шешім болды.
Қазақстан әйелдерінің тұңғыш форумында Мемлекет басшысы күн тәртібіндегі өзекті мәселелермен қатар, ұлттар арасындағы теңдік пен тұтастықты ерекше атап өтіп, баянды болашаққа тек бірлік арқылы жететінімізді айтты. Талай жыл өткеннен кейін Президенттің сол кездегі сөзінің өміршеңдігін уақыттың өзі дәлелдеп берді.
Ал, 1997 жылы Мемлекет басшысының Жамбыл қаласына тарихи Тараз атауын қайтару туралы Жарлыққа қол қойғаны күні кеше өткендей әлі есімде. Сол сәтте қалалық мәслихаттың депутаттары кезектен тыс сессия отырысын өткізіп, Елбасына ең алғашқы «Тараз қаласының құрметті азаматы» деген атақты беруді бірауыздан мақұлдаған болатын. Депутаттар шешімін хабарлау құрметі маған бұйырып, облыс әкімдігінде Президентке «Тараз қаласының құрметті азаматы» деген атақтың ресми құжатын тапсырдым. Бұл кездегі толқу мен сезім өз алдына бір бөлек.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан» деген сөзі бар. Расында да, туған еліміздің өсіп-өркендеуі, гүлденіп-көркеюі жолында әрбір отандасымыздың қосып жатқан үлесі қомақты. Өз кезегінде Елбасы да халқына жақын әрі жанашыр азамат екенін еселі еңбегімен дәлелдеп келеді. Осы орайда, Президенттің этномәдени бірлестіктердің басшылары мен өкілдеріне әркез құшағы ашық екенін айтқанымыз абзал. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін жиындарға ұйытқы болып, салиқалы сұхбат құруы, өнегелі өсиетімен бөлісуі баршамызды қанаттандырып отыратыны жасырын емес. Бұл Мемлекет басшысының татулықты ту еткен сара саясаткерлігінің көрінісі.
2012 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан маған сенім жүгі артылып, ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылымының депутаты атану бақыты бұйырды. Бұл лауазымды қызметте де Елбасымен бірнеше рет алқалы жиындарда бас қосып, ол кісінің кемеңгерлігі мен даналығының куәсі болдым. Қоғам өміріндегі мәнді де, маңызды мәселелерді саяси көрегенділігімен тамырын тап басып, шешу жолын дөп айтқан сәттерінде таңдай қақпай тұра алмайсың. Әсіресе, Президенттің ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімді нығайтудағы еңбегі ұшан-теңіз. Есесіне, тәуелсіз еліміз жылдан жылға қарыштап дамуда. Ұлт Көшбасшының бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолындағы сарабдал саясаты негізінде мемлекетіміздің әлі талай биік белестерді бағындыра беретіндігі сөзсіз.
Надежда Нестерова
Арай. – 2017. – 30 қараша