Тараз қаласындағы Абай және Мұхтар Әуезов атындағы кітапханаларда 1 мамыр — Қазақстан халқы бірлігі күніне орай «Татулық пен бірліктің мерекесі» атты мазмұнды кездесулер өтті. Айтулы мереке қарсаңында өзге ұлт өкілдері оқырмандармен жүздесіп, болашағы баянды елдің бірлігін нығайтып, берекесін арттыру бағытында ой өрбітті.
Көзі тірісінде «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» мәңгілік өсиет қалдырған хакім Абай атындағы кітапханада өткен іс-шараға «Полонез» поляк тілі орталығы және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лариса Калькова мен И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясының мұғалімі Людмила Галиницкая қатысып, Қазақстан халқының бірлігі күні — татулық пен ынтымақтың көрінісін айқын көрсететін мейрам екендігін, елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келе жатқандығы туралы сөз етті.
«Еліміздің әрбір азаматы үшін ынтымақтан артық ырыс жоқ. Сондықтан бір шаңырақтың астында бірлігі жарасқан еліміздің келешегі баянды болсын. Кітапханадағы қаншама классик жазушылар мен авторлардың барлығы өз ұлтына ғана емес, күллі адамзатқа ортақ ойларын қағазға түсірді. Олардың шығармалары қазіргі таңда әрбір адамзат баласының ортақ игілігіне айналып келеді. Барлығы адамзатты достыққа, бірлікке шақырды. Енді сол ізгі достықты бауырластыққа айналдырып, ұрпаққа аманаттау бүгінгі буынның азаматтық парызы», деді Лариса Викторовна.
Басқосу барысында «Достық — біздің ең басты байлығымыз» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды. Оқушылар ән мен жырдан шашу шашты.
Татулықты ту еткен іс-шара М.Әуезов атындағы кітапханада да жалғасын тапты. Онда «Қазақстанда ұлыстар тамыр жайған ежелден» атты этнос өкілдерімен кездесу өткізілді. Іс-шараға қарашай және балқар республикалық бірлестігінің Жамбыл «Архыз» филиалының директоры Леля Узденова қатысып, Қазақстан алуан ұлтты бауырына басқаны, бейбітшілік пен татулықты әлемге үлгі еткені, халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасын таба беретіндігі туралы әңгімелеп берді.
Кездесу барысында «Асыл арман» өнер орталығының өнерпаздары халықты бірлікке шақырған рухты әндер орындады. Мұнда да «Қазақстан — береке-бірлік мекені» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Нұржан Қадірәлі
Aq jol. — 2024. — 30 сәуір (№49). — 4 б.