Нұрмахан Тілегенов

Нұрмахан Тілегенов

Нұрмахан Тілегенов 1942 жылдың 1 қаңтарында Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Пионер ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институын бітірген. 1964-1977 жылдары ферма зоотехнигі, бас бухгалертердің орынбасары, совхоздың бас экономисі қызметтерін атқарып, 1978 жылы «Пионер» совхозының партия комитетінің хатшылығына сайланған.1981-1990 жылдарда Қазақстан Компартиясы Жамбыл аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болған. 1990-1993 жылдары «Пионер» совхозының директоры, 1993 жылдың маусымынан 2005 жылдың ақпаны, яғни, зейнетке шыққанға дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының экономика мәселері жөніндегі орынбасары болды. Мемлекеттік үш медальмен марапатталған. 2001 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Алғыс хатын алған.

Толығырақ…

Болат Бекжанов

Болат Бекжанов

Болат Бекжанов 1958 жылы 4 қарашада Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылында туған. Жамбыл мәдениағарту училищесін, Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған. Еңбек жолын 1978 жылы Жамбыл облыстық Абай атындағы қазақ драма театрында актер болып бастаған. 1982 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық кеңшарының Мәдениет үйінің директоры, халық театрының режиссері болып қызмет еткен. 1989 жылдан облыстық телерадио комитетінде режиссер, редактор, аға редактор, «Ақ жол» газетінде тілші, «Шабыт» гуманитарлықэтнографиялық бірлестігінде ұйымдастырушы, облыстық денсаулық сақтау департаментінде баспасөз орталығының жетекшісі, облыстық «Ақ жол» газетінің әдеби қызметкері, Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі – баспасөз жөніндегі хатшысы, облыстық «Ақ жол» газетінде әдеби қызметкер болып қызмет еткен. Қазір Жамбыл облыстық «АрАй» қоғамдық саяси және танымдық жастар газетінің Бас редакторы. «Шымылдықтың арғы жағы» (1998), «Құс қанатындағы сағыныш» (2008) атты кітаптары жарық көрген. «Үйші», «Бестамнан жаяу барып, Берлинді алған», «Байғыз, Пәтес, Пәуескі» атты хикаяттары оқырманның ықыласына бөленген. 1998 жылы Жамбыл облыстық Абай атындағы Қазақ драма театрында «Шонашоу» атты әзілсықақ спектаклі қойылған.

Толығырақ…

Көсемәлі Сәттібайұлы

Көсемәлі Сәттібайұлы

Көсемәлі Сәттібайұлы (3.2. 1959 жылы туған, Талас ауданыАмангелді ауылы) – жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналист мамандығы бойынша бітірген (1985). 1976 – 77 жылдары Жамбыл облысы, Талас ауданына қарасты А. А. Жданов атындағы кеңшарда құрылысшы болып жұмыс істеген. 1979-1981 жылдары КСРО-ның Моңғол еліндегі әскери қызметінде болған. 1981 – 86 жылдары Талас ауданындағы «Ленин жолы» («Талас тынысы») газетінде тілші, 1986 – 91 жылдары облыстық «Еңбек туы» («Ақ жол») газетінде тілші, 1991 –93 жылдыры Жамбыл облыстық телерадиотарату компаниясында редактор, аға редактор болды. 1993-1994 жылдары республикалық «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі, 1994 – 97 жылдары республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің осы облыстағы тілшісі, 1998 жылы Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің баспа-коммерциялық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1998 жылдан 2004 жылға дейін республикалық «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі болып еңбек етті. 2004 жылдан 2014 жылға дейін республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болды. 2014 жылдан бүгінгі күнге дейін Жамбыл облыстық «Ақ жол» газеті ЖШС-ның директор-бас редакторы. 1988 жылы жазушы К. Сәттібайұлы «Елгезек Бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар» атты ертегі-хикаятымен «Жалын» баспасының жабық бәйгесіне қатысып, екінші жүлдеге ие болды. Содан бері қаламгердің әр жылдарда «Шеткері үйдің жарығы», «Бағдаршамның басынан кешкендері», «Күнге ғашық өлкеде», «Тараздан тәбәрік», «Шындыққа… қызығамын, Шындықты… аяймын», «Сайқымазақ дүние», «Шарбақтының жалғызы», «Аран», «Шың мен Шынар» және «Хауа Ананың көз жасы» атты көркем және публицистикалық кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ, «Бастау», «Қазақ балуандары», «Елбасы», «Кәусәр бұлақ» және басқа да ұжымдық жинақтарға әңгімелері, ертегілері, хикаяттары мен эсселері енген.

Ол халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің бірнеше дүркін жүлдегері. К. Сәттібайұлы Қазақстан Жастар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып (2009 жыл), «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына (2014 жыл) ие болған. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен (2001 жыл), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен (2005 жыл), Қазақстан Республикасының және оның астанасының дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқаны үшін «10 жыл Астана» мерекелік медалімен (2008 жыл), «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен (2009 жыл), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен (2011 жыл), «Қазақстан полициясына 20 жыл» мерекелік медалімен (2012 жыл), «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медалімен (2014 жыл) марапатталған. Талас ауданының Құрметті азаматы (2009 жыл), Тараз қаласының Құрметті азаматы (2016 жыл).

Толығырақ…

Серікбаев Нұрхат

Серікбаев Нұрхат Тірібосынұлы 

Серікбаев Нұрхат Тірібосынұлы 15.03.1985 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданы, Байқадам ауылында дүниеге келген.1991-2002 жылдар аралығында Өндіріс ауылы Ж. Отарбаев атындағы орта мектепте білім алған. 2002-2006 жылдары М. Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетінің «тарих және құқық, экономика негіздері» мамандығын бітіріп, 2015 жылы Тараз инновациялық гуманитарлық университетінде магистратураны «тарих» факультеті бойынша аяқтаған.Археологиялық  ғылыми- зерттеу жұмыстарымен айналысып, нәтижесінде Халықаралық, республикалық, конференциялар жинағына (сборник) ғылыми мақалалары жарияланған. «Тараз тарихымыздың темірқазығы» (2015), «Әулиеата зерттеулері» (2019 жыл) атты кітаптардың авторы, облыстық, қалалық, аудандық газет беттеріне отыздан аса әртүрлі тақырыпта жарияланған ғылыми мақалардың авторы. ҚР «Президенті Архиві», ҚР «Орталық мемлекеттік архиві», «Ұлттық мемлекеттік архиві», Өзбекстан республикасының Ташкент, Самарқанд, Сырдария, облыстарында ғылыми- зерделеу жұмыстарын жүргізген өлкетанушы, тарихшы. 

Толығырақ…

Қуаныш Ауғанбаев

Қуаныш Ауғанбаев

Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Еңбек ауылының тұрғыны, 27 жастағы ақын Қуаныш Ауғанбаевтың тұңғыш өлеңдер жинағы. Автор жырларына адамгершілік мұраттарды, сүйген жүрегін, туған жерге деген перзенттік періште сезімін арқау етіпті. Ойлы да сырлы өлеңдері тартымды оқылады. Тіршілік тамырын тап басқан туындылар көпшілік көңілінен шығады деген үміттеміз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  Толығырақ…

Мақұлбек  Рысдәулет

Мақұлбек  Рысдәулет

Мақұлбек Қайыпбекұлы Рысдәулет 1949 жылы мамыр айының 20 жұлдызында Жамбыл облысы, Жуалы ауданы Бақалы ауылында шаруаның отбасында дүниеге келген. Әке- шешесінен ерте айырылған Мақұлбек туысы, солдат жесірі Тыңдықыздың қолында төртінші жетім болып тәрбиеленеді. Өмірдің тауқыметін көп көргене ол 1956 жылы мектеп табалдырығын аттайды.  1966 жылы Жуалы ауданының Қайрат ауылында мектеп-интернатта орта білім алған соң «Большевик» ұжымшарында екі жыл жұмыс істейді.1968 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне  оқуға түсіп, оны 1973 жылы бітіріп шығады. Өмірлік жары Дәметкен Ахметовамен бірге Жезқазған облыстық  «Жезқазған туы» газетіне жұмысқа орналасады. Барлық еңбек сатысынан өтіп, Жезқазғандағы қызметін облыстық газеттің жауапты хатшысы болумен аяқтайды.1991 жылы ол жаңадан ашылған «Халық кеңесі», одан кейін «Заң газетінің» Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болады. Ал 1996 жылдан бастап Мақұлбек «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы  тілшісі.Журналистика саласындағы еңбегі әркез марапатталған.  Ол Журналистер одағаның Баубек Бұлқышев  атындағы сыйлықтың лауреаты. Газетті безендіру шеберлігі бірнеше рет одақтық, республикалық жарыстарда аталып өткен, арнаулы сыйлықтармен марапатталған. Жамбыл облысы әкімінің 2002-2003 жылдардағы «Өрлеу», «Ынтымақ» сыйлықтарының иегері Оның ең таңдаулы очерктері мен публицистикалық шығармалары онға жуық ұжымдық кітаптарға енген. «Жұлдыздардың жарығы», «Күміс белдік» атты кітаптары жарық көрген.

Толығырақ…

Қаламы ұшқыр қарымды журналист Мақұлбек Рысдәулеттің бұл кітабында туған өңірдің табиғаты мен төл перзенттерінің тағдыр- талайы тартымды суреттелген. Кейіпкерлерінің көпшілігі авторға етене таныс, бірге жүріп, біте қайнасқан ел азаматтары, ауыл адамдары болып келеді. Жазушының қолынан шыққан көркем хикаяттары мен деректі дүниелерінің оқиға желісі қызғылықты, өзіндік ой – толғамдарының өмірлік маңыздылығы да көкейге қона кетеді. Кітап жалпы оқырман қауымға арналған.

Баймаханбет Ахмет

Баймаханбет Ахмет Тоққошқарұлы 

 Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылында 1956 жылы 12 тамызда туылған. ТарМУ-дің әлем тілдері факультетін филолог мамандығы бойынша бітірген. Баспасөз саласындағы еңбек жолын 1987 жылы Талас аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінде әдеби қызметкер болып бастап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары секілді қызмет баспалдақтарынан өткен. 1997 жылдан бері облыстық «Ақ жол» газетінде жұмыс істейді. Бүгінде газеттің «Руханият» бөлімінің меңгерушісі. Баспасөз саласындағы көп жылдық еңбегі үшін Мәдениет және ақпарат министрінің, Жамбыл облысы әкімінің, облыстық Мәслихттың Құрмет грамоталарымен марапатталған. Бірнеше өлеңдер, әңгімелер, эсселер жинақтары жарық көрген. Бірқатар облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

 

 

Толығырақ…

Үміт Битенова

Битенова Үміт Қыранқызы

Битенова Үміт Қыранқызы, ақын, жазушы, сазгер, әнші, педагог, заңгер, қоғам қайраткері, Әлем Халықтары Жазушылары Одағының мүшесі.Қаламгер 4 желтоқсан 1964 жылы Жамбыл облысы, Мерке ауданында туылған. 1971 жылдың қыркүйегінде алғаш табалдырығын аттаған Талас ауданындағы Үшарал орта мектебін 1981 жылы үздік бағамен тәмамдап, Шымкенттегі Н.К. Крупская атындағы пединститутқа оқуға түседі. 1985 жылы Шымкент педагогикалық институтының филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін және шетел тілдері факультетінің ағылшын тілі бөлімін үздік бітіріп, мұғалім квалификациясын алған. Сондай-ақ, Қаратау технология, білім және бизнес колледжін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған Үміт Битенованың біліктілік дәрежесі — кеңесші-заңгер. 1985-1993 жылдары Жамбыл облысы Талас ауданының Ильич атындағы және Үшарал орта мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәндерінен сабақ беріп, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген.Шығармалары «Қазақстан жас ақындарының антологиясы» ( Астана — 2000 ж) және «Жамбыл облысы ақын-жазушыларының шығармалары» (Алматы -1999 ж) жинақтарына, «Жыр маржаны» атты он томдық қазақ поэзиясының (Mereke baspasy-2014) антологиясына енгізілген. «Ауады да тұрады аңсарым», «Көңіл күнделігі», «Шын ғашықтар қосылмайды деген кім?», «Мендегі іңкәр махаббат» атты жыр кітаптарының, «Мен сүйген жар», «Қай жерден кетті қателік?» атты прозалық кітаптардың, «Балабақшадан басталған» атты мемуарлық кітаптың авторы.

Толығырақ…

 

Ерман Әбдиев

Әбдиев Ерман Қанжанұлы 

 Қазақстан Журналистер  Одағының мүшесі.  Қазақстан Республикасының ақпарат саласының үздігі.  Өлкетанушы.  1973 жылы 12 сәуірде Жамбыл  облысы, Талас ауданы, Ойық ауылында  дүниеге келген. Ойық ауылындағы Д.А.Қонаев атындағы орта мектептің түлегі. Абай  атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті». Мамандығы бойынша тәмамдаған.  Еңбек жолын  Ақкөл  орта  мектебінде  мұғалім болып бастаған.  1993-2004 жылдар аралығында Талас,  Байзақ аудандарында мектептерде мұғалім болған. Талас аудандық білім бөлімінде бас маман болып еңбек еткен. 2004 жылдан бүгінгі күнге дейін  БАҚ-та еңбек етіп келеді. Б.Момышұлының 100 жылдығына шығарылған «Батыр шапағаты», Қазақстан Конституциясына 20 жыл, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл, Д.А.Қонаевтың 105 жылдығына шығарылған мерекелік медальдардың иегері. Жамбыл облысы әкімінің жанындағы БАҚ  жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі.  

Толығырақ…

Есет Досалы

Досалы Есет Жаңабайұлы

Қазақстан журналистер одағының мүшесі. 1977 жылы 9 наурызда Жамбыл облысы Талас ауданы Ойық ауылында туған. Осындағы Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектептің түлегі (1994) . Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген (2007 ).
Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ, айтысқа деген бейімін байқатып, көзге түсті.1993 жылы аудандық, облыстық оқушылар айтысының бас жүлдегері атанды.Облыстық «Наурыз» айтысының бас жүлдегері (2002), Таразда «Ақ орда» қозғалысының қолдауымен өткен «Елбасы Жолдауы-халықтың қолдауы» атты республикалық айтыста ІІІ орын (2005), Облыстық жастар айтысында бас жүлде (2005), осы жылы Талдықорғанда өткен С.Аронұлының 190 жылдығына орай өткен халықаралық ақындар айтысында Қалқа Жапсарбаев атындағы арнайы сыйлықты иеленді. Облысаралық телеайтыстың ІІІ орын (2008), Еліміздің Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына орай өткен облыстық ақындар айтысының бас жүлде (2011), Қызылорда облысы Байқоңыр қаласында өткен республикалық айтыстың ІІ – орын (2013) иегері. Қазіргі таңда облыстық «Арай» жастар газетінде аға тілші болып еңбек етеді. Әңгіме, өлеңдері республикалық газет-журналда жарияланып тұрады. ҚР Журналистер одағының мүшесі, облыс әкімінің 2009 жылғы «Әдебиет» аталымы бойынша жастар сыйлығының лауреаты.

Толығырақ…