«Су патшалығындағы» ханшайым

     Қыздар жағы мектеп бітірерде әдетте мұғалім, дәрігер болуды, әдебиет, мәдениет бағытын таңдап жатады. Ал, Салиха болса, ер азаматтардың өзі тәуекел ете бермейтін су шаруашылығының әйдік маманы болды да шықты. «Ертеден кешке дейін үй бетін көрмей аңызақ далада канал жағалап, суқоймалардың жағдайын бақылап, керек болса белуардан су кешіп коллекторлардан егістікке бөлінген су деңгейін өлшеп жүру қыздарға лайық па?» дерсіз. Ал, Салиха Қасабекқызы үшін бұл өмірінің мәніне айналғалы жарты ғасырдан асыпты.

     Шыны керек, тәуелсіздік жылдары су шаруашылығына жете мән беріле қоймады. Кеңес үкіметі кезінен бері бүкіл елге су мамандарын дайындап келген жалғыз оқу орны – Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты жабылды, су шарушылығы министрлігі таратылды. Суқоймаларын, өзен-көлдерді, каналдарды бақылауға бөлінетін қаржы азайды, мардымсыз жалақымен қалған су мамандары басқа салаларға кетіп жатты. Оның зардабы көп күттірген жоқ, бұрнағы жылы ғана жарты Қазақстанды жайпап өткен алапат су тасқынынан кейін шұғыл түрде барлығы орнына келтіріліп жатыр. Министрлік қайта құрылды, Тараздағы арнайы оқу орны да қайтадан ашылды. Міне, осының өзі-ақ біздің кейіпкеріміз таңдаған мамандықтың қаншалықты маңыздылығын көрсетсе керек-ті.

Салиха да әуелде мұғалім болмақшы еді. Өйткені, Михайловка (бүгінде Қарасай) ауылдық мектебінде қырық жылдан аса ұстаз болған әкесін өзіне мият тұтты. Бастауыш сыныптар мұғалімі Қасабек Сатылғанов бүкіл ауылға қадірлі кісі болатын. Анасы Бүбіхан да бес бала тәрбиелеген елге сыйлы жан еді. Олардың қолдауымен Салиха мектеп бітірген 1973 жылы Қырғыз мемлекеттік университетіне құжатын тапсырып, өзі жақсы оқып меңгерген неміс тілін таңдайды. Бірақ, аяқ астынан ауырып мемлекеттік емтиханға қатыса алмай қалады. Сөйтіп, келесі жылды тосуға тура келеді. Бір жыл үйде бос отырғанша деп аудан орталығында тұратын әпкесіне келеді. Ол кезде әпкесі Роза банкир, жездесі Рахат Смағұлов Төменгі Шу суландыру жүйелері басқармасында бас инженер болатын. Олар Салиханы су технигі етіп жұмысқа орналастырады, «уақытша істей тұрсын, келесі жылы қалаған оқуына түсе жатар» деп ұйғарысты. Бірақ, бұл «уақытшаның» бүкіл ғұмырына созыларын ол кезде кім болжапты? Алғашқы тәлімгері болған Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі Иван Андреевич Леонтьев оған өз мамандығының қыр-сырын ыждаһатпен үйретіп, сүйіспеншілігін де оята білді. Жаратылысынан елгезек, не жұмысты да тыңғылықты атқаратын ойы жүйрік, қолы епті пысық қыз лайықты білім алса, бұл саланы да игеріп кетері анық еді. Сөйтіп, облыстық су шаруашылығы басқармасының мінездемесімен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына келіп түсті.

Кезінде бұл оқу орнының мәртебесі биік болды. Бүкіл республикадан жыл сайын екі жүзден аса бала қабылданатын. Көбіне ер балалар, қыздар жағы саусақпен санарлық. Оқу орыс тілінде жүреді, бірыңғай сызбалар, есептеулер, тіл бұрайтын ауыр терминдер. Оқуға түскендердің барлығы бірдей институтты аяқтай да бермейтін. Ауылда орыс мектебінде оқыған, әрі неміс тіліне жетік Салихаға «Кең профильді гидромелиорация» факультетінде оқу аса қиын болмаған. Есесіне, сызудан, техникалық есептеулерден алдына жан салмайтын-ды.

Үшінші курсты бітірген жылы институтта бірге оқитын Аманғалимен тұрмыс құрды. Ол бұдан бір курс төмен оқитын. Салиха инженер-гидротехник мамандығымен оқуын бітіріп, жолдамамен Қордай ауданына жіберіледі. Бір жылдан кейін ері де дипломын алып, екеуі қол ұстасып оның туған жері Атырауға жол тартады. Бірақ, батыстың ауа райы оңтүстіктің қызына жақпай, бір жылдан соң олар қайта Қордайға келді. Аманғали – «Искра Ленина» ұжымшарының бас инженер-гидротехнигі, Салиха – Төменгі Шу суландыру жүйелері басқармасында паспорттау ісімен айналысып жатты. Ол кезде бұл жүйе облыстағы Қордай, Шу, Мойынқұм, Меркі, Луговой сияқты бес бірдей ауданды сумен қамтитын ірі құрылым еді. Осы бес ауданның су шаруашылығы нысандарын паспорттау айтқанға ғана оңай, бірақ өте маңызды міндет. Әр суқойманың, каналдың, арық-атыздардың сыйымдылығы, ұзындығы, көлбеулігі, су өткізу мүмкіндігі тәрізді техникалық өлшемдері алынып, құжатталуы тиіс. Бұл қолда бар су ресурстарын дәл есептеп, суды дұрыс бөлу арқылы егістіктің өнімділігін арттыруға жол ашады.

Жылдар өтіп жатты, Салиханың да тәжірибесі молайды, басқармадағы беделді де білікті мамандардың біріне айналды. Қатардағы маманнан бас маманға, одан бөлім басшысына өсті. Одан әрі 2004- 2008 жылдары жаңа құрылған «Қордай берекесі» кәсіпорны су шаруашылығы бастығының орынбасары, кейіннен 2015 жылға дейін жеті жылдай бастығы болып еңбек етті. Арасында бір маусым «Алтын қазық» ауылдық су пайдаланушылар кооперативін басқарғаны бар. Зейнетке шыққан соң да оны демалысқа жібермей, осында су пайдалану бөлімінің бас маманы болып тағы екі жыл жүрді. Бүгінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаментіне қарасты «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің Шу, Қордай, Мойынқұм аудандары бойынша бөлімшесінде өзі бастық, өзі инженер-гидротехник. Шу, Мойынқұм тараптағы бес-алты, Қордайдағы үш – «Алтыайғыр», «Ешкілі Қордай» және «Майбұлақ» суқоймаларының жай-күйін қадағалау міндеті мойнында.

С.Қасабекованың он жеті жасынан бастап елу жылдан аса су шаруашылығы саласына сіңірген еңбегі әріптестері тарапынан лайықты бағалануда. «Ол өз ісін нақты білетін маман, су шаруашылығы жүйесіндегі көп жылдық еңбек жолында бай тәжірибеге ие болды. Жауапкершілікті обьектілерде жұмыс істей жүріп, өзіне жүктелген тапсырмаларға аса зор жауапкершілікпен қарады, еңбекқор және сауатты маман ретінде танылды» деп жазды Салиха туралы облыс су шаруашылығы саласының майталман маманы Дәулет Асамбеков «Су патшалығымен сырласқан жылдар» деген естелік кітабында. Сондай-ақ, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында қызмет еткен ғылым докторы, академик Оразхан Қарлыханов, КСРО кезінде Мелиорация және су шаруашылығы министрі болған Нариман Қыпшақбаев, гидроқұрылғылар бойынша ұтымды жобаларды басқарған Нұртаза Құдайбергенов тәрізді сала корифейлері де Қордайдағы қаршадай сушы қыздың еңбегіне құрметпен қараған екен.

Иә, Қордай ауданының 55 мың гектар суармалы егістіктеріне жалпы ұзындығы 150 шақырымдық қым-қиғаш тармақты каналдармен су жеткізудің қиындықтарын сол саланың мамандары мен диқандар ғана біледі. Үкіметаралық келісім бойынша егістік суының 80 пайызын трансшекаралық Шу өзенінен алатын аудан егіншілері үшін әр тамшы су алтындай бағалы. Кейде қырғыз ағайындар шөміштен қысып, су бөлуде алашапқын тудыратыны бар. Диқан қауымның ала жаздай кетпен көтеріп, бел талдырып еткен еңбегінің еш кетпеуі – суды қасықтап өлшеп, әділ бөлуге жауапты су мамандарына да ауыр сынақ. Ал, сонау Қарасайдан мына жағы Қайнарға дейінгі аралықтағы жүздеген шаруа қожалықтары мен агросеріктестіктердің егіншілері мен диқандары үшін Салиха өз адамына айналып кеткелі қашан. Оның әйел басымен уақытпен санаспай судың басынан табылатынын, өз ісіне жоғары жауапкершілігі мен принциптілігін құрметтейді.

     – «Су – өмірдің нәрі» деп тегін айтылмаған. Халықтың саны ұдайы өсуде, егістік көлемі артып, өсірілетін дақыл түрлері де көбейіп жатыр. Бірақ, судың көлемі өспейді, тіпті, жаһандық жылынудың салдарынан барған сайын оның тапшылығы арта бермек. Сондықтан, әр тамшы суды тиімді пайдалану күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселеге айналған. Суды үнемдеудің тамшылату, жаңбырлату тәрізді озық технологияларын барынша кең қолданатын кез қазір, – дейді Салиха Қасабекқызы.

Мамандыққа адалдық – С.Қасабекқызының еңбек жолының айқын көрінісі. Нағыз ер азаматтарға лайық жұмыстың басы-қасында жүріп талай мәрте төтенше жағдайлармен бетпе-бет келіпті. 2008 жылы «Георгиевка» каналының оң тармағы «Поле чудес» тұрғындар аумағының тұсынан жырылып кетіп, қаншама үйді лай су басып қалды. Салынғанына сексен жылдан асқан топырақ каналдың бұзылуына оны бойлап ін қазған көртышқандар «кінәлі» деп танылды сол кезде. 2010 жылы «Алтыайғыр» суқоймасы жауын-шашынның нормадан көп болуынан ернеулей толып, желдің әсері су айдынында толқындар тудырып, бөгетті бұзып кету қаупі туғаны ше? «Қарақоңыз», «Қақпатас» суқоймаларында да осындай жағдайлар орын алып, су мамандары қауіпті сейілтуге бірнеше күн ұйқысыз жанталасқан кездер қалай ұмытылсын. Тағы бірде Салиха бухгалтері, шофері үшеуі «Нива» көлігімен көктемде суы тасып жатқан Қақпатас өзенінің ортасында қалып қояды. Бұлардың белуардан су кешіп көлікті итеріп шығармақ болған әрекетінен түк өнбейді, талай дүниелері суға ағып та кетеді. Салиха болса ерте көктемдегі еттен өтіп, сүйекке жеткен мұздай суға қарамастан, сушыларға апара жатқан жалақы қаражаттары салынған сөмкеден тістей қатып айырылмайды…

Өмірдің, көңілі қалаған кәсіптің осындай ыстық-суығын тең тата жүріп, бүгінгі күнге жетті. Аманғали ертерек өмірден өтіп кеткен. Шүкір, бір ұл, бір қызын өзі өсіріп, адам қатарына қосты. Ұлы Нұрғали полиция майоры, келіні Флюра кәсіпкер, немерелері Әділхан Испанияда, Раяна Алматыда оқып жүр. Қызы Жұлдыз Астанада қызмет етеді. Екі інісі Жақсылық пен Жангелді әкеден қалған қара шаңырақты шайқалтпай келеді. Кейде өзінің желкілдеп өткен балалық шағы, жас кездері ойға келеді. Бақытбек, ерлі-зайыпты Мэлс пен Нағипа, Ғани, Раул, Дүйсенкүл сынды сыныптастарымен өткен күндер қандай ғажап еді. Германияға, Ресейге көшіп кеткен Наталя Гельман, Зинаида Шамина деген неміс, орыс достарын да сағынады. Институтта бірге оқыған курстастарының көбімен әлі де тығыз байланыста. Өткен айда ғана Ақтөбеден Рая Аманова, Шымкенттен Баян мен Әзиза, Құланнан Айымкүл Мұсаева келіп, тараздық Тамара Егембердиевалармен емен-жарқын кездесу өтіпті.

Өмір бір орында тұрмайды, жастар өсіп аға ұрпақтың орнын басып жатыр. Бүгінде «Қазсушар» Жамбыл филиалының «Қордай» өндірістік бөлімшесін басқарып отырған Мақсұт Ершібұлов та шәкірттерінің бірі. Елу жыл бұрын өзі де осылардай жас болса, енді міне, тәлімгер, ана, әже атанып отыр. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін 2018 жылы сол тұстағы облыс әкімі Асқар Мырзахметов өз қолымен кеудесіне тағып еді. Өткен жылдың қараша айында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың Алғыс хаты, ҚР «Ауыл шаруашылығы ардагерлер Кеңесі» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер» төсбелгісі, «АMANAT» партиясы облыстық филиалының құттықтау хаты тапсырылды. Жалпы, оның «Су патшалығында» қызмет еткен жарты ғасырлық еңбегі сала министрлігінің, облыс, аудан әкімдерінің, мәслихаттардың, облыстық ардагерлер кеңесінің нешеме Құрмет грамоталары, Алғыс хаттарымен бағаланған.

  Құрманбек Әлімжан,

ардагер журналист, Қордай ауданының Құрметті азаматы

Ar-Ai. — 2026. — 6 наурыз.

Адал еңбек абыройға бөлейді

   Елімізде ұзақ жылдар бойы маңдай терін төгіп, адал еңбегімен елге танылған абыройлы жұмысшылар аз емес. Солардың қатарында жуалылық білікті маман Дәулетбай Нұрабаев та бар. Ол ауылшаруашылығының маңызды тармағы саналатын сушаруашылығы саласында жарты ғасырға жуық уақыт табанды еңбек етіп, өз ісіне адалдығымен және кәсібилігімен көпке үлгі болды.

    Дәулетбай Мырзайұлы 42 жылдан бері «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының Жуалы аудандық «Ақсай» өндірістік бөлімшесінде қызмет атқарып келеді. 1984 жылы аталған өндірістік бөлімшеге су бақылаушы маманы болып жұмысқа орналасып, алғашқы еңбек жолын осында бастаған. Талапты жас қызмет барысында сатылап өсіп, өндірістік бөлімшенің «Ақсай» каналы участогының, 2000 жылы «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің басшысы болып тағайындалады. Содан бері қызметін асқан жауапкершілікпен және абыройлы атқарып келеді.

Кейіпкеріміз 1963 жылы Қайрат ауылында туған. Осындағы №2 Мыңбұлақ (бұрынғы «Октярьдің 40 жылдығы» атындағы) орта мектебін жақсы үлгеріммен бітірген талапты жас алғашқы еңбек жолын аудандағы «Ақсай» сушаруашылығы мекемесінде су бақылаушы болып бастаған. 1984-1989 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында инженер-гидротехник мамандығында оқып, білімін жетілдіреді. Институт бітіргеннен кейін өндірістік бөлімшеде инженер-гидротехник қызметін атқарған оның майталман мамандардан үйренгені көп болды. Атап айтқанда, бас инженерлер Тұрғынбек Сыдықов, Еділбай Ақынтаев секілді алдыңғы буын ағалардан мол тәжірибе жинақтаған ол да өз кезегінде жас мамандарға үйретуші тәлімгер бола білді.

Дәулетбай Мырзайұлының тәлімін алған шәкірттері Мұхамеджан Әсемов, Ыбырай Асықбаев, Рамазан Шоңғаров, Нұржан Қолаханов, Нұрлан Ілесов, Абзал Байдосов және Ринат Сейділдаев бүгінде «Ақсай» өндірістік бөлімшесіндегі тәжірибелі мамандарға айналып отыр. Ауданның ауылшаруашылығы саласының жоғары қарқынмен дамуы мен еңбек өнімділігін арттыруда «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің де қосқан үлесі зор. Бөлімше аудандағы 7 000 гектардан астам егістік алқапты суландыруға қауқарлы. Суару маусымы кезеңінде өндірістік бөлімшеге қарасты «Көксай» каналынан 74, «Ақсай» каналынан 76, ал «Тихий» каналынан 150 шаруа қожалық тұрақты түрде су алып, егіс алқаптарын ағын сумен қамтамасыз етіп отыр. Бөлімшеден келісімшарт арқылы су алатын шаруашылықтарда негізінен көпжылдық шөп, арпа, бидай, картоп, жүгері, күнбағыс және бақша дақылдары орналастырылып, суарылу үстінде.

Қазіргі таңда аудандық «Ақсай» өндірістік бөлімшесінде барлығы 41 сушаруашылығы маманы мен жұмысшылар тұрақты қызмет атқарады. Мұндағы жұмыстар кәсіби маман, жұмысшылармен қатар, арнайы техникалардың күшімен атқарылу үстінде. Өңірдегі шаруашылықтардың егістік алқабын суландыру үшін бөлімшеге қарасты каналдар тұрақты жөндеуден өтуде. Атап айтқанда, 2013-2015 жылдары «Көксай» каналының 20,5 шақырымына жерасты темір-бетон құбыр-лотоктар қойылып қолданысқа берілсе, «Ақсай» каналының да 5 шақырымына темір-бетон лоток қойылған. Бір сөзбен айтқанда, «Ақсай» өндірістік бөлімшесі өңірдің сушаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосып келеді.

Өндірістік бөлімшені ширек ғасырдан бері басқарып келе жатқан Дәулетбай Нұрабаевтың еселі  еңбегі мемлекет тарапынан елеусіз қалмай, бірқатар медальмен марапатталған. Ол әр жылдары ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Сушаруашылығы саласының ардагері» салалық медаліне, «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медаліна ие болса, ал былтыр 9 шілде – Сушаруашылығы қызметкерлері кәсіби мерекесінің қарсаңында «Құрмет» орденін кеудесіне жарқырата тақты.

– Былтыр бір топ әріптестеріммен  бірге Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, Президенттің сала мамандарына деген құрметі мен жылы лебізін естуге мүмкіндік туғанына шын жүректен қуаныштымын. Қабылдауда Президент отандық сушаруашылығының үздіктеріне жоғары наградалар табыстап, оның ішінде мен де «Құрмет» орденіне ие болдым. Бұл марапатты – жалғыз менің емес, ұжымдық еңбектің ортақ жемісі деп қабылдадым. Қазір Президенттің тікелей тапсырмасымен сушаруашылығы саласының дамуына мемлекет деңгейінде жіті көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылғанын ерекше атап өткен жөн. Мен сушаруашылығы саласында 40 жылдан бері тұрақты еңбек етіп келемін. Қызмет барысында жинаған мол тәжірибемді жас мамандарға үйретуден жалыққан емеспін. Сала жұмысын дамытуға сүбелі үлес қосуды өзіме азаматтық парыз санаймын, – дейді Дәулетбай Нұрабаев.

Адал еңбекті ту етіп, ауыр жұмыстан қашпаған кәсіби маманның еңбегін мемлекет те жоғары бағаласа керек. Жұмысты дұрыс жолға қойып, тиімді ұйымдастыра білгеннің нәтижесінде «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің жұмысы облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Дәулетбай Нұрабаев сушаруашылығы саласында еңбек ете жүріп, отбасын құрған. Отанасы Анар Болысбекқызы екеуі отбасында төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ұлағатты жандар. «Әке көрген оқ жонар» деген қағиданы алға ұстаған ұлы Жанболат әкесінің жолымен инженер-гидротехник мамандығын игеріп, қазір «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасында су реттеуші болып қызмет атқару үстінде.

Өмірдің өзі дәлелдегендей, «ақырын жүріп, анық басып», адал еңбек еткен жан ғана биік абыройға бөленеді. Абыройдың биігінде болу азаматтың өзіне тікелей байланысты екенін ұмытпайық.

Нұржан Манасұлы, журналист, Жуалы ауданы

Ar-Ai. — 2026. — 18 ақпан.

Шотайдың шыңы

Шотай Тайбағаров 1945 жылы ауданымыздағы Қылышбай ауылында туған. Сол ауылдағы Карл Маркс жетіжылдық мектебінде оқып жүрген кезінен бастап, кеңшардың сан-салалы жұмысына қолғабыс тигізіп, қой қырқу науқанына қатысып жүрді.

  Бесінші сыныптың бозбаласы қой қырқудан ауылдың жеңімпазы атанып, алтыншы сыныпта оқып жүргенде сол кездегі «Фурманов» кеңшарының жеңімпазы болып, бағалы сыйлыққа ие болады. Қой фермасының меңгерушісі Әлкен Жапаров бозбаланы аудан орталығына алдыртып, қой қырқудың ата-бабадан келе жатқан әдіс-тәсілдерінен мағлұматтар беріп, қойдың аяғын байламай, жамбасқа жатқызып, басынан құйрығына дейін үзбей қырқуды, тағы басқа әдістері туралы кеңесін беріп, қамқорлығына алды.

№62 кәсіптік-техникалық учи-лищені бітірген жас жігіт Шотай, сол шаруашылықтың Әлкен Жапаров басқаратын бөлімшесіне келіп, жүгерішілер бригадирі болып тәлімгер ағасымен қоян-қолтық еңбекке араласып кетті. Шотай 1967 жылы, 22 жасқа толған кезінде КСРО бойынша қой қырқудан жарыстарға шыға бастады. 1968 жылы бүкілодақтық жарысқа мойынқұмдық жас Шотай алғаш рет қатысты. Ал, 1969 жылы Херсон облысында 11 одақтас республикадан 116 қырықтықшы қатысқан бәсекеде алдына жан салмай бас бәйгені жеңіп алды. Рекордтық көрсеткіш, әр қойды 2 минут 12 секундта қырқып 100 мүмкіндіктен 100 балл жинап, жеңімпаз атанды. 23 жастағы Ш.Тайбағаров КСРО чемпионы атанды. Кейіннен осы атақты екінші рет иеленіп, Қазақстанның жеті дүркін жеңімпазы болды.

1970 жылы Рессейдің Белгород облысында өткен қырықтықшылардың Одақ бойынша біріншілігінде атақты рессейлік қырықтықшылар Н.Холод пен С.Байрамқұловтарды артқа тастап бас жүлдені жеңіп алып, осы саланың ең жоғарғы марапаты «Алтын жабағы» алтын медалін тақты. Сол жылы Польша, ГДР, Венгрия, Болгария, Монғолия және Чехословакияның дүлділдерімен тұңғыш халықаралық бәсекеге қатысып, үшінші орынды иеленді. Қазақстанды, қазақ деген ұлт-ты дүниенің түкпір-түкпіріне танытты. 1979 жылы Болгарияның Толбухин қаласында өткен Еуропа елдері мен Монғолия қырықтықшылары қатысқан жарыста 100 мүмкіндіктен 95,11 балл жинап чемпион атанды. 10 қойды 29, 27 минутта сапалы қырқып, басымдыққа ие болды. Бұл атақты екі рет жеңіп алды.

Дүниежүзінің чемпионы Годфри Боуэн Англиядағы халықаралық жарыста 9 сағат ішінде 559 қой қырқып ерлеген болатын. Осы кездесуде Шотай мен Г.Боуэн жеке бәсекеге түсіп, Шотай бір қойды 1 минут 15 секундта, ал Г.Боуэн 1 минут 35 секундта қырқып шықты. Жеңілісін мойындаған әлем чемпионы, Шотайдан:

– Сен, қандай тәсілмен қырықтың – деп сұрайды.

Аз ойланып алған Шотай:

– Оны «Әлкен тәсілі», – деп атайды, –дейді.

Классикалық еш тәсілді меңгермей қазақы болмыспен, табиғат берген қуатпен жарысқа түсіп жүрген Шотай өмірлік ұстазының атын осылай анықтамаларға енгізген.

Риза болған Г.Боуэн Шотай інісін Австралияға қонаққа шақырады. Бұл орындалмаған арман болып қалды.

1972 жылы Шотай мен жары Жаңыл жеңгемізді Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Қонаев қабылдап, ұзақ әңгімелеседі.

Әңгіменің үстінде:

– Шотай күніне қанша қой қырқып жүрсің, – деп сұрайды.

– 400 — 500 қой…

– Бригада құрсаң бір ауданның қойын өздерің қырықсаңдар да болады екен ғой, – дейді, риза көңілмен, елағасы.

– Иә, бір аптада бір кеңшардың қойын қырқып беріп жүрміз, Пернебай, Төлеген сияқты жігіттердің басын қосып, – деп жауап берді, жас жігіт. Сол жолы Шотай темір тұлпар мініп қайтты.

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев Шотайды жанынан қалдырмай ертіп жүріп, елмен араластырды. Жас жігіт Жазатаның батасын алып еңбекке құлшына кірісті. Жүгері өсіріп, егіс бригадасын ұйымдастырды. Бұл салада да абырой биігінен көріне білді. Бүгінде Шотай егін еккен Радай өзенінің жағасындағы алқапты жерлестері «Шотай алқабы» атап кеткен.

Ел құрметіне бөленген Шотай Айқожаұлы КСРО-ның «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Қылышбай топырағында дүниеге келген Шотай Тайбағаров ауылымыздан шыққан тұңғыш Парламент депутаты болып Қазақстан тарихына енді.

  Мақсат Сейдалиев,

еңбек ардагері, Мойынқұм ауданы

Ғүмыр-Дария. — 2024. — 25 шілде 

Кран тізгіндеген келіншек

Бүгінгі қоғамда әйелдер араласпайтын сала жоқ десек, қателеспейміз. Әрі қай мамандықтың иесі болса да, биікке өрлеп, ерге бергісіз қабілетімен талайды тамсандырып жүрген нәзікжандылар арамызда көп-ақ.

Жуырда редакцияға бойшаң келген, сұлу мүсінді, ашық-жарқын бір әйел кіріп келді. Ол кран машинисі Оксана Глазетдинова еді. Ер азаматтардың өзі жүрексінетін бұл қызмет түрімен айналысып келе жатқанына 20 жылға жуықтапты. Оксанамен әңгімелесіп, салаға қалай келгені және жұмысының қыр-сыры жайында сұрап білдік.

Оксана Валерьевна Мойынқұм ауданы «Шығанақ» станциясында орналасқан «Эврика-Барит» ЖШС-нде мұнара аспалы кранының машинисі болып жұмыс істейді. Айта кетейік, «Эврика-Барит» ЖШС — барит рудасын өндірумен айналысатын Жамбыл облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі. Аталмыш кәсіпорынның қызметкері Оксананың міндеті — кранның жағдайын күнделікті бақылап, содан соң техниканың көмегімен 1,5 тонналық қаптарды көліктерге салып, жөнелтіп отыру. Мұның бәрін ол 30 метр биіктіктен басқарады. Ол өз жұмысының қиын емесін, жиырма жылдың ішінде үйреншікті болып кеткенін айтады. «Биіктік — бұл менің таңдауым», — дейді өзі.

Оксана — Ақсүйек ауылының тумасы. Қазір жұмыс істеп жатқан кәсіпорын бұрын сол жерде орналасқан екен. Тұрақты табыс табуды мақсат еткен ол кран басқаруды сол кезде үйреніпті.

— Өндіріс орны өзі оқытты. Бастапқыда, әрине, қорқыныш болды. Бірақ, менің бастығым айтпақшы, «Бәрі уақытпен және сынақпен келеді». 10 жылдай сол жерде мұнаралы кранда жұмыс істедім, вагондарға жүк тиейтінмін. Біздің жұмыс өте қауіпті. Тіректі кранның биіктігі — 10 метр, аспалы кранның биіктігі 40 метрді құрайды. Аспалы кранда істеп жүргенімде, «аман-есен түсейінші» деп Құдайдан сұрайтынмын. Өйткені балаларым бар. Бір күні оқыс оқиға орын алды. Желді ауа райының салдарынан кран құлап, ана дүниеге аттана жаздағанмын. Қайта дәл сол уақытта мен төмен түсіп үлгергеніме шүкір, — деген ол қызмет жолында түрлі жағдайлар орын алғанын айтады.

— Бұл жылдар ішінде жылататын да, күлдіретін де оқиғалар болды ғой. Қараша айының соңы болатын, дала тұман. Оған қарамай біз көліктерді жөнелтіп жатырмыз. Мен жүк ілдірушінің бұйрығымен ғана жұмыс істеймін. Ол маған төменде қолымен бұйрық беріп отырады. Сол кезде бір қызметкеріміз қаптарды тиегенге көмектеспекші болады. Бірақ қолында арнайы қолғабы жоқ, мен жүк ілдірушінің бұйрығымен қапты көтере бергенде, байқамай әлгі кісінің саусағын жаншып алыппын. Осы оқиғадан кейін өзімді кінәлі сезініп, жұмыстан кетуге арыз жазған болатынмын. Бірақ «басшылық басқа істейтін адам жоқ деп жібермеді», — дейді Оксана.

Иә, онын мамандығын естіген адам таңданысын жасыра алмайды. Ал өзі бұл жұмысын жақсы көреді. Оксана вахталық әдіспен жұмыс істейді, 15 тәулік өндірісте, 15 тәулік отбасының жанында. Десек те, күш-жігері тасыған келіншек демалыста да қол қусырып отырмайды екен. Ол адамдарға өзінің клинингтік қызметін көрсетеді. Үй-жайды тазалаумен айналысып келе жатқанына 4 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында тұрақты клиенттерін де жинап үлгерген. «Егер адамда таңдаған кәсібіне деген қызығушылығы, жүрек қалауы болмаса, оған кірісудің қажеті жоқ», — деп санайды Оксана.

— Бізге түрлі қыз-жігіттер келеді, осы күнге дейін сегіз адамға кранды басқаруды үйретіппін. Қазір, мысалы, 20 жасар бойжеткен менің жанымда өндірістік тәжірибеден өтіп жүр. Бірақ мен барлығына «биіктікте жұмыс істегенше, жерде жүріңдер» деп кеңес беремін. Өйткені біздің жұмыста қауіп-қатер көп және жұмыс көлемі де үлкен. Тәулігіне 12 сағат жұмыс істейміз. Бұрын уақытқа қарамай, жұмысымды аяқтамайынша төменге түспейтінмін. Бір күні дала тас қараңғы, кранның ішінде отырмын. Төменге қарасам, бәрі қайтып бара жатыр, мені ұмыт қалдырып, — дейді кейіпкеріміз.

Кран машинисіне қойылатын басты талап — қан қысымының қалыпты болуы, көзінің көруі және есту қабілеті жақсы болуы қажет. Оксананың жұмыс күні күнделікті медицина маманынан тексерістен өтуден басталады.

— Алкотесттен өтеміз, қан қысымымызды тексереді, барлығы дұрыс болса ғана жұмысқа кірісеміз. Ал кранға отырғаннан кейін басқа нәрсемен айналысуға құқығым жоқ. Бұл — үлкен жауапкершілік. Краншы кез келген ситуацияға дайын болуы қажет, — дейді ол.

Нәзік иығымен нардың жүгін көтеріп жүрген Оксана Валерьевна ерлерге тән жұмысты істесе де, ешқашан өзінің әйел екендігін ұмытқан емес. Бұл оның жып-жинақы сыртқы келбетінен, сұлу жүзінен байқалып-ақ тұр. Оксана цехтағы жалғыз әйел екен. Қызметтестері оны өжет, ақкөңіл мінезінен бөлек, тәжірибелі, білікті маман ретінде құрмет тұтады. Жолдасы да жанында, карьерде жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейді. Екеуі — екі қыздың ата-анасы, тәп-тәтті немерелерінің ата-әжесі.

Р.S. Оксана секілді жігері жасымаған, ісіне мығым, алдында тау тұрса да тайсалмайтын өжет мінезді жандармен аз уақыт болса да әңгімелескенде, ыстық күнде мұздай бұлақтан шөліңді қандырғандай күй кешесін, өмірге құштарлығың арта түседі.

Сәуле Мүхадинқызы, журналист, Қордай ауданы

Jambyl-Taraz. — 2024. — 8 наурыз

Жер емген қария

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

— «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет.

Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға

тиіспіз. Табанды еңбек — еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын басты формуланың бірі. Тіпті, бірегейі деуге болады.

Тараз қаласында Базарбай Шалдарбеков деген қария тұрады. Мен ол кісіні көп жылдан бері білемін, араласып тұрамыз. Еңбекқор қария зейнетке шықса да үйінде кейбіреулер сияқты қол қусырып босқа қарап отырмайды. Біраз жылдан бері үй маңындағы жеріне қызанақ, қияр, асқабақ, сәбіз тұрған жерді тазалап, жем-шөбін беріп күту де аз шаруа емес.

Бақшасын суару үшін Базекең жерасты суын пайдаланып жүр. Сол үшін есігінің алдына жер астынан су соратын арнайы құрылғы орнатып алған. Зиянкестерден қорғау үшін жеміс ағаштары мен көкөністерге дәрі шашып отырады. Ауладағы сияқты көкөністерді егіп, жеміс ағаштарын өсіруді кәдімгідей кәсіпке айналдырған. Одан бөлек мал қорасында бірер бас қой ұстап, семіртіп, қажет кезінде көжеқатыққа сойып алады. Әрине, мұның бәрі оңай шаруа емес. Бақшаны арамшөптерден тазартып отырудың өзі бірталай жұмыс. Оның үстіне өсімдіктер мен жеміс ағаштарын уақтылы суарып, жерін ерте көктемде көкөністер егуге дайындай бастайды. Кейбір көкөністерді үй жағдайында ұрығынан өсірігі алып, күн тұрақты жылынғанда даладағы жеріне отырғызады. Бұл әдіс олардан өнімді жазда ерте ала бастауға мүмкіндік береді.

Базекеңнің еңбекқорлығы арқасында отбасы көп нәрсені дүкеннен, базардан сатып алмай пайдаланады. Қазір баға шарқырап тұрған кезде бұл отбасы үшін жақсы көмек емес пе. Бірде Базекеңнің үйіне барғанымда еңселі алмұрт ағашының бұтақтарында алмұрт пен асқабақ бірге салбырап тұрғанын көріп таң қалғаным бар. Сөйтсем жерді тиімді пайдалану үшін асқабақ ұрығы алмұрт ағашына өте жақын егілген екен. Асқабақжоғары қарай да өсе беретін ұзын сабақты өсімдік болғандықтан, ағаштың бұтақтарына дейін көтеріліп барып, оларға оралып алыпты.

Базарбай қария тек бау-бақшамен ғана айналысып қоймай немерелеріне көңіл бөлуге де уақыт таба біледі, сабаққа дайындықтарын қадағалайды. Күнде үш немересін жеңіл автокөлігімен кезек-кезек мектепке тасиды.

Бағбан қария үй іргесінде жеміс-жидек және көкөніс өсіруден жалыққан емес. Қайта есік алдына шығып бір мезгіл бой жазып, қимылдан, тер шығарудан рахат тапқандай болады. ІІІындығында денсаулықтың бір ұшы еңбекте жатыр ғой. «Еңбек етсең ерінбсй, тояды қарның тіленбей» деп ұлы Абай айтқан ғой. Осы ұстанымды өмірлік қағида еткен Базарбай қария әлі тың, ширақ.

Өкінішке орай, көп адамдар үйлерінің маңындағы жерлерін тиімді пайдалануға көңіл бөле бермейді. Бұған соңғы жылдары облысымызда орын алған су тапшылығы мен арықтардың көп жерлерде бітеліп қалуы әсер еткен болар. Бірақ, үй маңындағы жерлерін бау-бақшаға айналдырғысы келетіндерге жер асты суын сорғы арқылы тартып, жер асты суын пайдалануға болады емес пе.

Базекең бір сөзінде:

Мен үшін жермен айналысу дағдылы іс. Өз қолыңмен өсіріген жеміс-жидектер мен көкөністердің дәміне не жетсін?! Өз еңбегіңнің жемісін көруден артық, не бар? Ала жаздай үй іргесіндегі уылжып піскен жеміс-жидекке, көк-сөкке қарық боламыз да жатамыз,- деген.

Оның бұл сөздерінің жөні бар деп ойлаймыз. Биылғы көктем де жақындап келеді, Базарбай қариядан үлгі алып, үй маңындағы жерді игеріп, тиімді пайдалануға көңіл болейік.

Сейітқасым Тәжбенов,

ардагер дәрігер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Тараз қаласының Құрметті ардагері.

Ғұмыр дария. — 2024. — 10 ақпан

Жұрт іздейтін дәрігер

Дәрігер мамандығы аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет етеді. Осы бір жауапкершіліктің үдесінен шығып жүрген жанның бірі – Жамбыл аудандық орталық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Жетпісбай Аихожаев.

Қашанда алдына келген сырқатты туысындай құшақ жая қарсы алып, аяқтан тұрғанға дейін ем-домын жүргізетін ол 1962 жылы 18 қарашада Шымкент облысы, Созақ ауданының Аққолтық елді мекенінде дүние есігін ашқан. 1979 жылы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебін бітіріп, 1982 жылы Түркістан қаласында медициналық училищенің фельдшер мамандығын тәмамдаған.

1982- 1984 жылдары Белоруссияда әскери қызметін өтеп, 1985 жылы Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медициналық институтына түсіп, 1991 жылы оқу ордасын үздік аяқтап шығады.

1991-2010 жылдары Жуалы аудандық орталық ауруханасында хирург болып еңбек жолын бастап, талай жуа лылықтың а лғысына бөленеді.

Содан Жетпісбай Бұзауұлы 2010 жылы Жамбыл аудандық орталық ауруханасына ауысып, 2013 жылдан бері хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Құдай қосқан қосағы Мира Көшкімбаева да дәрігерлік жолды таңдап, бір-біріне арқа сүйеп отыр. Алла нәсіп еткен екі қызынан немере сүйіп отырған бақытты отбасы.

– Дәрігерлік–жауапты мамандықтың бірі. Адам өміріне араша түсетін жандарға еш қателесуге болмайды. Дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Біздің бөлімнің негізгі міндеттері де – осы. Әріптестердің көмегінсіз біз бедел биігіне шыға алмаймыз. Қандай жиын болса да әріптестерім – ақ халатты абзал жандарды мақтан етіп отырамын. Өмір жолымда осы күнге дейін 3000- ға жуық ота жасаппын. Ота үстелі – өмір мен өлімнің арпалысқан мекені. Осы жерде біздер адам өмірін сақтап қалуға бар күш-жігерімізді саламыз. Өмірде түрлі оқыс оқиғалар кездеседі. Алла берген қасиет болғаннан кейін қолдан келген көмегімді аянып қалған емеспін. Жол апаты, жазатайым оқиғалар салдарынан дене жарақатын алған азаматтарға да қолдан келгенше алғашқы көмегімізді көрсетеміз. Оларға үміт отын сыйлау үшін кейбір кездері ауруханада түнеуге тура келеді. Ауыр ота кезінде таң атқанға дейін қалған күндері пәтерімді әлдекімдер тонап кеткен жағдай да кездескен болатын. Дегенмен, мен өзімнің мамандығымды жанымдай жақсы көремін. Бүлдіршіндерге де ауыр оталарды жасаған кезде жаныңды шүберекке түйіп, өмір жарығын енді көре бастаған жан иелеріне қатты алаңдайсың. Бірақ қорқынышты жеңіп, ата-аналарына қуанышты жаңалықпен ораламын. Бұл менің – өмірлік ұстанымым. Мен мамандығымсыз өзімді елестете алмаймын. Әлгінде айтқандай, жол апаты жиі орын алатын учаскелер болады. Сондай қауіпті аймақтарға қажетті жол белгілері орнатылса, билік жол- көлік оқиғалары көптеп орын алатын жолдардың статистикасына назар аударып, тиісті шаралар қабылдаса дейсің. Бәлкім, оқыс оқиғалар саны азаяр ма еді?! Бүгінде біздің бөлімнің басты ұстанымы – науқастың көңіл- күйі. Қызметкерлер бұл жұмыстарды жылулықпен атқарады. Науқастар да мұны сезініп, ризашылығын білдіріп жатады, – дейді Жетпісбай Бұзауұлы.

Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәрестеден бастап, еңкейген қартқа дейін ақ халатты дәрігерлер қызметіне жүгінетіні рас. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан бұл өмірде кемде-кем. Өз істерінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді.

Күнделікті келіп жатқан науқастарға ем-шаралар көрсетуден бөлек, аурухананың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан, ол әрқашан жайдары мінез танытып жүруден жалыққан емес. Еңбек өтілі 32 жылға жуықтаған дәрігер туралы науқастардың айтары да көп. Тіпті, арнайы іздеп келетін тұрғындардың да қарасы қалың екен.

Қабылдаудан шыққан Қанат Рәшімбайұлының дәрігерге деген ықыласы шексіз. «Дәрігерді ұлықтау, құрметтеу – әрбір азаматтың борышы. Ауырсақ, сырқаттансақ бірден осы адамдарға жүгінеміз. Алдына барған бізге мейірім төге қарап, емдеп, ақыл- кеңестерін береді. Күн демей, түн демей қажет кезде жанымыздан табылады. Осындай абзал жандардың бірі ретінде аудандық орталық аурухананың хирургі Жетпісбай Аихожаевты айтар едім. Қай кезде барсаң да күлімдеп, жайдарланып қарсы алады. Ем-дом көрсетіп, әр күн сайын таңғы сағат 07.00-де палатадағы науқастардың жағдайын сұрап отырады. Міне, нағыз дәрігер дегеніміз осы. Жаныңа жылу сыйлап, көңіліңді көтеретін Жетпісбайдай дәрігерлер көбейе берсін. Біліктілігі мен тәжірибесіне басымды иемін, – дейді Қанат Рәшімбайұлы.

Жетпісбай Аихожаевтың адал еңбегі еленбей қалған емес, аудан, облыс көлемінде түрлі деңгейдегі марапатында есеп жоқ. Соның ішінде 2010 жылғы «Шапағат» медалі Ж.Бұзауұлына ыстық көрінетін секілді.

Әлбетте, дәрігер үшін халықтың алғысынан артық баға жоқ. Адам саулығын өзінің өмірлік ұстанымы ретінде қабылдап, жұрт өмірінің сақшысы бола білетін азаматтар әрқашан аман болсын.

Серікболсын СЕРПЕН

Ақ жол. – 2023. – 24 маусым