Сөзі көсем Көсемәлі

Сөзі көсем Көсемәлі

 Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы, журналист, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Қаламгердің «Елгезек Бағдаршам, Тоқ-Қуат және басқалар» деп аталатын ертегі-хикаяты «Жалын» баспасының жасөспірімдер мен балаларға арналған шығармаларға жарияланған жабық бәйгесінде (1988 ж.) екінші жүлдеге ие болды. «Дарабоз» әдеби жабық бәйгелерінің бірнеше дүркін (2007–2008) жүлдегері. Б.Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты. Жазушының «Шеткері үйдің жарығы» (1995 ж.), «Елгезек Бағдаршам, Тоқ-Қуат және басқалар» (қазақ, орыс тілдерінде, 2000 ж.) және «Күнге ғашық өлкеде» (2001 ж.), «Тараздан тәберік», «Шындыққа қызығамын, шындықты аяймын…», «Шарбақтының жалғызы», т.б. кітаптары жарық көрген.

Ертеден үзеңгі әріптес белгілі қаламгер Жарылқап Бейсенбаев Астанадан телефон шалған. Ұзақ жылдар елдік жастар басылымында бірге қызметтес болдық.
Әрине, амандық-саулықтан соң жайшылық па дейміз ғой.

– Төменгі Талас бойының азаматтарын түгендеп жатқан жайым бар, – деді әдеттегідей жайдары жұмсақ күлкісіне басып.

Көптен өнер тақырыбын зерттеп, қаузап жазып жүрген Жақаңды дүлдүл суретші Әбілқан Қастеевтің бір сапары қызықтырыпты.

Өткен ғасырдың қайсыбір жылында Әбекең Талас өңіріне шығармашылық сапар жасап, бірнеше картиналар жазып қайтқаны бар. Сондағы болған жайларға орай өзінде бар деректерді толықтырып, нақтыламақ екен.

Әйгілі суретші бұл сапарында бірқатар еңбек адамдарының портреттерімен қатар, кең тынысты «Талас жазығынданы» жазған еді. Сірә, осы жазықта еңбек еткен жандардан соғыс жылдарынан соң дүркіреп елу тоғыз Еңбек Ерінің шыққанына тәнті болып, атының басын бұрған болар.

– Көсемәлімен қалай байланысамын, керек еді.

Әрине Жақаңа қол ұшын бердім. Және осы ұлы суретшінің ол сапарында жанында жүріп, күн сайын жағдайына қамқор болған, сол Талас ауданының Ойық ұжымшарында жастар жетекшісінен бастап ауылдық округтің әкімдігіне дейінгі барлық тұтқалы қызметте болған Досмұрат Шахзадаев туралы да мәлімет бердім.

Ол енді бөлек әңгіме.

Мәселе Көсемәліні іздеп, Көсемәліге көңіл аударуында еді.

Талас топырағынан шыққан Көсемәлінің алдында да небір жайсаң, өлке тарихынан хабары мол азаматтар көп болғаны белгілі, әлі де шүкір, жетерлік.

Жамбыл облыстық газетінен ауысып жастар басылымында қызмет жасап жүргенде Жамбыл өңіріндегі тілші Көсемәлі Сәттібаев өңір үшін жақсы қолқанат болып шыққан, өңірдің тарихын, жалпы қай саласының болсын жай-жапсарын жақсы білді, танып жазатын, сөзі тұщымды, қысқасы «сөзі көсем Көсемәлі» деп әзіл-шынын араластырып айтатын еді әріптестері. Жақаң сол жылдардың әсерін ұмытпаған сыңайлы, содан шығар. Әзілдің астарында мысқалдай болса да ақиқат жатады.

Көсемәлі сол жылдардан бастап бертіндегі өріс алған еңбек жолында сол сөздің ақиқатын дәлелдеді де.

Ол жылдардан бері де арада сынаптай сырғып жиырма бес жылдай уақыт өткен екен.

Ал одан ертеректе Таластың аудандық газеті алғашқы жазбасының тұсауын кесті. Мектеп бітіре салып туған ауылы Амангелдіде қатардағы құрылысшы болып жүрген талапты жасты тілшілік қызметке шақырды.

Ол жылдар өзінше бір үлкен мектеп болған. Шаруашылық басшыларымен, ауыл еңбеккерлерімен, ауыл зиялыларымен, өмірдің ащы-тұщы дәмін татқан ауыл ақсақалдарымен кездесулер, жүздесулердің өзі санасына сәуле құйып, еңбек, өмір туралы түсінігін байытатын. Шығармашылық адамдары осындай кездесулерден соң ой-өрісін, танымын тереңдетіп, ойына ой қосып дегендей жазар шығармасын шыңдай түсер еді. Оның үстіне жанында жүрген жаны жайсаң жақсы ағалардың бітім-болмысы, іс-әрекеті де қатты әсер ететін. Әсіресе Нарша Қашағанов пен Серік Томановтың қай жерде болмасын өздерін еркін ұстауы, жалтақтап жасқанбауы, поэзиялық туындылырында болса еліктің лағындай жеңіл ырғақ есіп тұратын, бәріненде әр шумақтан төгіліп жататын шуақты ойлары қандай терең еді, шаң басқан сананы сілкір еді.

Осындай ортада танылып, қаламы ұшталған Көсемәлінің ауданның сан-салалы тіршілігінен жазған көкейкесті мақалалары облыстық «Ақ жол» газетінде жарияланып жатады. Жас журналистің қарымын қадағалап жүрген белгілі қаламгер, басылымның бас редакторы Арғынбай Бекбосынов қызметке шақырады.

Бұл еліміз тәуелсіздігін жариялап, бодандықтан басы босап, ел рухтанып, еңсе көтеріп қалған жылдар еді.

Бірақ ел ішіндегі жағдай күйзелісте болатын. Малдың құны кетіп, жаппай жойылысқа ұшырап, ірі зауыт-фабрикалар кешегі одақтас елдермен экономикалық байланыстар бірте-бірте үзілген соң жұмыстарын тоқтатып, соның салдарынан ауылдық жерлерде де, қалалық жерлерде де жұмыссыздық қатары күрт белең алып, халық арасында «кешегі күніміз жақсы еді ғой» дегендей іштей наразылық болатын еді, оған алауыз партиялар леп беріп елдің берекесі қашыңқырап тұрған кезең-ді.

Көзі ашық зиялы қауым өкілдері бұның өтпелі екендігін, енді еркіндігімізге ие болу керек екендігін айтып шырылдағанымен және де сыртқы күштердің «ел бола алмайды» деген бопсаласы бар, әйтеуір ел іші түсініксіз дүрбелеңді кешіп жатқан-ды.

Бұл өтпелі уақыт тәуелсіз елдің әкім қараларынан басқа саяси партияларынан, жалпы халықтан сабырлықты, төзімділікті қажет етті.

Осы тұс журналистердің қоғамдағы орны бұрын-соңды болмаған мұқтаждыққа ие болды, беделі артты. Олардың ұстамды да өрелі сөздері халыққа ой салып отырды, ел ішіндегі бірліктің сақталуына айрықша дәнекер болды. Сары басылымдар мен телеканалдардың жаңа тынысы ашылып, ащы шындықты шырылдап жеткізуге тырысты. Дегенмен олардың біразы байшікеш иелерінің мүддесін көздеп ұлт мүддесіне қайшы келетін хабарлар да жасайтын. Бүгінде олар жуасыған.

Бұл жылдары өңірдің көзі әрі құлағы болып отырған облыстық басылымдардың үні батылдығымен жарқырап көрінген жылдар еді. Әрине бәрі бірдей емес. Сондай басылымдардың сарбаздары қатарында өзінің өткір де өжет, шыншыл, оқырман санасына ұялап ой салатын жариялымдарымен көзге түсіп, көріне білген Көсемәлі Сәттібаев Алматы, ондағы республикалық жастар басылымы «Лениншіл жастың» (дәл сол кезде аты «Жас Алаш» болып өзгерген) бас редакторы Уалихан Қалижан мырзадан шақыту алады.

Өңірлерде қандай да бір тақырыпты танып еркін игеретін, көтеріп отырған мәселесіне орай көкейкесті ой тастай алатын, жаңа формациялық нарықтық қоғамның мән-маңызын, мақсат-мүддесін оқырмандарға түсіндіріп бере алатын осындай журналистерге зәрулік болды десем асылы артық айтқандық емес. Сондай-ақ ішкі және сыртқы саясаттан түсінік- танымы, хабары мол болуы да қажет еді. Өйткені сол жылдары еліміздің ашық қоғам орнатуы жолына түсуі, соған орай түрлі мақсаттағы сырттан ағылған діни ағым иелері, түрлі саяси қозғалыстар мен ұйымдардың өкілдері ел ішінде боданнан енді босанып азаттық алған аңқау халықтың санасын лайлап, өзінің арамза мүдделеріне бұрмалаушылар көбейіп, етек алған еді.

Осы шақта республикалық, өңірлік деңгейлердегі ұлттық басылымдар мемлекет үшін, оның іргесінің беріктей түсуі үшін зор жұмыстар атқарды. Мерзімді баспасөздің төртінші билік атануы осы жылдардан бастау алып еді.

Осы қарусыз майданда ұлт журналистері мемлекет саясатына демеу болып, шамасынша халқына қорған бола білді. Осы қарулы қалам иелерінің сапында сөз жоқ, жамбылдық журналист Көсемәлі Сәттібаевтің шығармашылық үлесі зор деп айтуға болады. Оның жекешелендіру кезінде тұралап қалған ауылдың ауыр халі, кежегесінен кейін кеткен химия өндірісінің мүшкіл ақуалы, кешегі алпауыт өндіріс ошақтарының тарылған тынысы туралы жазған толғақты дүниелері оқырмандарының көңілінен шығып, мақұлданып жататын.

1991-1994 жылдары жастар басылымында танылып, ой-өрісінде кең тыныс қалыптасқан қаламгер енді, республикалық аға басылым «Егемен Қазақстаннан» табылады. Мұндағы өткен жылдары да Көсемәлінің кесек азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Басылымның бас редакторы көрнекті ақын, парасатты азамат Нұрлан Оразалиннен бас-тап Ержұман Смайыл, Жанболат Аупбаев сынды және басқа да қарымды қаламгерлермен қатар жүріп, тек журналистік қарымын шыңдап қана қоймай, ағаларынан еңбекқорлықты, парасаттылығы мен азаматтық асыл қасиеттерін бойына жұғысты етті.

Жақсы журналист және жақсы жазушы болып қалыптасу әлгіде айтқандай үлкен еңбекқорлықты, талантпен қатар табандылықты қажет ететіні дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бірақ, олар әрине көп емес. Кешелері өмірден озған Әзілхан Нұршайықов, Шерхан Мұртаза және басқа да азаматтарды бұл қатарға жатқызып атауға болады. Тараз аймағынан айтқанда егіз саланы өгейсітпей қатар алып жүруі Көсемәлінің еңбекқорлығын айғақтады.

Ол көркем әдебиет жанрында ерте танылып, ерте жазушы болып қалыптасты. Әп дегеннен талай таланттың көзін ашып, жазушылыққа танытқан «Жалынның» жабық бәйгесінде «Елгезек бағдаршам», «Тоқ қуат және басқалар» атты көркем шығармалары бәйге сөресінен табылған. Содан бері бірнеше көркем прозалық және публицистикалық кітаптары жарық көріп, өз оқырмандарын тапты.

Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ордені мен бірнеше мемлекеттік медальдардың иегері.
Ең бастысы осы жылдар аралығында жиған бай тәжірибесімен бүгінде өзі басқарып отырған өңірлік «Ақ жол» қоғамдық-саяси басылымына білікті басшылық жасауда. Алпысқа аяқ басып отырған Көсемәлінің және «Ақ жолдың» да сөзі көсем шыға берсін деймін енді.

Ерғали САҒАТ, 

жазушы, Б. Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты

       Jambyl -Taraz. — 2019. — 6 ақпан

 

Балалардың сүйікті ақыны.

Балалардың сүйікті ақыны. Совет Әлімқұлов тірі болса 80 жасқа толар еді

Қазақ жазушыларының қара шаңырағы Қазақстан Жазушылар Одағының үйінде табаны күректей он төрт жылдай қызмет істегенім өмірімнің ішіндегі ең бір белесті кезең ғой деп есептеймін. Өйткені «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істей жүріп, қазақтың қаншама қабырғалы қаламгерлерімен танысып, үлкеніне іні, кішісіне аға болдым десеңізші…

Совет Әлімқұловтың туғанына 80 жыл толып отыр. Жерлес балалар ақыны Луговой ауданында 22 ақпанда дүниеге келген. Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесі мен қазіргі Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Луговой, Меркі, Красногор ауданы газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Жамбыл ауданында «Шұғыла» газеті редакторының орынбасары және «Әулиеата» газетінің редакторы қызметтерін атқарған. Лирик ақынның тырнақалды туындысы 1958 жылы Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде жарияланған. Ал алғашқы өлеңдер жинағы «Тұңғыш кітап» деген атпен жарық көрген. Сол жинақта «Ленин және балалар» деген атпен бүлдіршіндерге арналған топтама өлеңдеріне ерекше тоқталған Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Қалижан Бекхожин: «Совет үлкендерге жазудан гөрі балалар тілін табуға икемді екен. Ізденсе, осы жеңісінен қол үзбесе, бала жанын баурап әкететін дүниелер беруге икемділігі беки түсер, бәлкім» – деп атап көрсеткен. «Сол пікір ой салып, балауса балғындардың тілін тапсам деген үлкен талап қолына жармастым» депті балаларға өлең арнаудан алдына жан салмаған ақын өзінің бір жазбасында. Ақынның «Жазушы» және «Жалын» баспаларынан «Жайсаң жер» (1968), «Күн көсем» (1970), «Қыран» (1971), «Еліктің лағы» (1972), «Өрімтал» (1974), «Қол айна» (1980), «Сыбызғы» (1982), «Ықылас» (1984), «Ораласың ба, көктемім?» (1986) жыр жинақтары мен бір актілі «Нұрлы дүние» пьесасы да басылымдардан жарық көрген……………(жалғасы бар)

Қайырбек Асанов

 («Ұмытып кетпе мені» кітабынан 18.02.2013 ж.)

Жамбыл-Тараз. — 2018. — 21 ақпан 

  • 3253
  • 172
  • 76
Интернет-ресурстан материалдарды пайдаланған кезде кері сілтеме жасау міндетті! © — Тараз қ. ОККЖ. csmb@bk.ru,
Разработано: Агентство «5-й Элемент»

Несіпбек Дәутайұлы – халықаралық «Рух» байқауының жеңімпазы

Несіпбек Дәутайұлы – халықаралық «Рух» байқауының жеңімпазы

 

Біршама уақыт бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген мәселелерді іске асыру, қоғамдық сананы жаңғырту, қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде таныту, жаһандағы қазақстандық мәдениетті дамыту мақсатында елімізде алғаш рет халықаралық «Рух» әдеби байқауы ұйымдастырылған болатын.

«Проза: роман, повесть», «Проза: әңгіме, эссе», «Поэзия: поэма», «Поэзия: өлеңдер», «Үздік драматургия», «Әдеби сын», «Балаларға арналған поэзия», «Балалар прозасы» сынды сегіз аталым бойынша өткізілген байқауға мыңнан астам шығарма түсіп, оның жарамды деп табылған 899-ы «Әдебиет» порталында жарияланған-ды. Әдебиет аламанына Ресейден – 55, Украинадан – 12, Беларусьтен – 6, Әзірбайжаннан 2 шығарма орыс тілінде қатыстырылса, Қытайдан – 40, Моңғолиядан – 23, Түркиядан 5 туынды қазақ тілінде келіп түсіпті. Жалпы, байқаудың қазақ бөліміне 403 шығарма қатыстырылса, орыс бөліміне 493 еңбек, ағылшын тілінде 3 туынды жолданыпты.

Тұңғыш рет өткен Халықаралық «Рух» әдебиет додасының барынша әділ өтуіне барлық жағдай жасалыпты. Ұйымдастырушылар қазақ әдебиетінің жаңа тұрпатына зер салып қана қоймай, сондай-ақ байқауға қатысқан шет мемлекеттер әдебиетінің де бүгінгі деңгейі мен тынысына барлау жүргізуді, олардың ортақ үйлесімін таразылауды мақұл көргені сөзімізді айғақтай түседі. Сонымен қатар, жас ұрпақты өмір ақиқаты мен көркем шындық ықпалы арқылы тәрбиелеуге де ұйымдастырушылар баса ден қойғаны қуантады. Осы байқау арқылы біз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы әдебиетке үлкен серпіліс әкелгенін аңғардық. Ауқымды дүниеге ақын-жазушылардың айрықша ықылас танытқаны да көңіл тоғайтады.

Шынын айту керек, елімізде ашық-жабық шарттарға сай әдебиет аламандары көптеп өтіп келеді. Алайда «Рух» додасындағыдай деңгей бұрын-соңды болған емес. Мұнда әдебиет мәртебесіне деген бүгінгі дәуірлік көзқарас айқын сезіледі. Шараның түпкі миссиясы әдебиетке деген құрмет пен сүйіспеншілікті орнату болды. Қазылар алқасы да осыншама көп шығарманың ішінен ең үздіктерін тани білді.

Қаламгерлер қауымының рухын аспандатқан бірінші «Рух» халықаралық байқауында жерлесіміз, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, өзінің шығармашылық өмірбаянында көптеген ашық және жабық әдебиет аламандарында жеңімпаз, жүлдегер атанған белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлы «Проза: әңгіме, эссе» номинациясында «Тағдыр» атты әңгімесімен сынға түсіп, Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Бұл – жерлес жазушының кезекті үлкен табысы. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында өтті. Салтанатты шара барысында ұйымдастырушылар Несіпбек Дәутайұлын 2 миллион теңгемен, дипломмен және кәдесыймен марапаттады.

Таяуда ғана Еуразия жазушылар қауымдастығының шешімімен Несіпбек Дәутайұлы аталмыш қауымдастықтың құрметті мүшелігіне қабылданған болатын. Жалпы, Еуразия жазушылар қауымдастығына 20 шақты елдің тек мықты қаламгерлері мүше бола алатыны әу бастан белгілі. Бұл ұлт және өңір әдебиеті үшін толайым табыс екені сөзсіз. Алдағы күндері жазушының түрік тіліне аударылған «Аты жоқ әңгіме» жинағының тұсаукесер рәсімі Түркия елінің астанасы Анкара қаласында ресми түрде өтпек.

Жерлесіміздің шығарма-шылығының шарықтай түсуіне тілектеспіз!

 Табиғат АБАИЛДАЕВ

 Ақ жол. – 2017. – 16 желтоқсан 


 

«Старостаның» баламасы – «Сақа» (Мейрамбек Төлепбергенов)

«Старостаның» баламасы – «Сақа» (Мейрамбек Төлепбергенов)

десек, әріптесіміз Мейрамбек Төлепбергенді дәл сипаттау үшін бұларға үшінші «саңлақ» сөзін де қосу керек 

Староста. Бұл сөз мектептен құ­лаққа сіңген. Аударылмаған. Аударылмас та. Жарты ғасыр бұрын оқыған мектепте қай оқушының староста болғаны есте жоқ, ал елу қиырдан құйылған елу студенттің ішінен екі топқа екі староста шыққанда, бірі – Мейрамбек Төлеп­берген еді. Онда Төлепбергенов. Түскен оқуымыз – Қазақ мемлекеттік универ­ситетінің журналистика факультеті.

Журфактың деканы – Қожакеев. Ол тұста «партия десең – Ленин еске түсе­тіні» сияқты бұлар да біріне-бірі кін­дігінен байланған егіз ұғым еді.

Темірбек Қожакеев жайында бірнеше кітап шықты. «Мықшеге» деген кітапты өзіміз құрас­тырып, Қожакеевтің және бір алғыр шәкірті Мұхтар Құл-Мұхаммед басып берген. Сол кітаптардың өзегі журфак деканының жыл сайын орыстілді, қазақ­тіл­дісі бар екі бөлім, төрт топқа бөлінетін жүз бала­ны қалай адам етемін, қайткенде журналист қыла­мын деп жүз түрлі тәсілге барғаны жа­йында. Қаталдық пен әділдік те, тездік пен сөз түріндегі кездік те декан­­ның бойынан табылатын. Жазықты студент­тердің жатақханадан шығып, стипен­диядан қағылуы – жазаның оңай түріне жатады. Осындай тағдыр қыл ұшына ілінген кезде шырылдайтын біреу бар – топтың старостасы.

Бұл старостаның міндетін жиырма бес қыз-жігіт оқу бітіріп, Темекеңнің темір шеңгелінен шыққанша Мейрамбек адал атқарды. Тіпті жанын сала жүгірді десе де болады. Деканның қабағын қателеспестен бағатын мықтыға басқа кафедра меңгерушілерінің, оқытушы­лардың қыбын табу қиын емес қой, сынақ кітапшамызды Мейрамбектің портфеліне жиып салып беріп, «кітап­хана емес, сырахана қайдасың» деп кеткен кез болған шығар. Қазір ойласаң, өкі­нішті.

Айтпақшы, сол кезден қолына портфель ұстады. Кейін облыс әкімінің орынбасарының портфелін ұста­ғанда таңырқамағанымыз сондықтан. Бірақ ол студенттер старостасынан облыстың екі-үш басшы­сының біріне дейінгі жолды оңайлықпен жүріп өтпегені хақ.

Сол университеттегі жылдары Мей­рамбектің бойынан бірнеше қасиетті көргенбіз. Біріншісі – білімділік. Иә, білім жарыстыра алатын аз ғана үздік­тің бірі болды. Жұмабек Кенжалин, Шархан Қа­зығұл, Әмір Оралбай, кейін қосылған Кәрібай Мұ­сырман… Президент әкімшілігінде, Үкімет кеңсе­сінде, «Қазмұнайгаз» сынды мығым мекемеде қызмет істеу, ақпарат саласында республикалық деңгейдегі акционерлік қоғамды басқару, Парламент де­путаты болу – біздің курстастардың қиналмай ал­ған биігі. Биікке жеткеннің бірі – Мейрамбек те білім­ділігімен және білімге құмарлығымен тәнті етті.

Оның бойындағы келесі қасиет – жауапкершілік аталса керек. Тал бо­йынан қылдай мін табылмаса, сол қасиетінен. Өткенде Елбасы туралы бір зерт­теу­мен танысқанбыз. Ресейлік деректанушы-жазушы, атақты мемлекет басшылары мен қолбасылар 14 тілде шыққан кітаптардың авторы Николай Зень­кович былай дейді: «Әр азамат иығы­мен үш жүкті көтереді, олар: Отан­ның, отбасының және жеке басының жүгі. Назарбаев осы үштіктің ішінен әрдайым алдымен Отанның жүгін көтеруді бірінші кезекке қойды». Біздің старостамыз тәуелсіздік тәй-тәй басқан шақта біраз уақыт Елбасының сапар­ларын сипаттап жазатын «президенттік пул» аталатын топта жүрді. Отаншылдық сезімі сол сындарлы шақта жүрекке терең ұяласа керек.

Отан алдындағы, отбасы алдындағы, жеке өз басы алдындағы жауапкершілікке адал болу абырой баспалдағы екен. Үлкен атақтарға жетті. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері» атағы берілді. Басқа да мемле­кеттік наградалары болуы керек. Бірақ төсіне тағып, кеудесіне сыңғырлатып жүргенін көрмеппіз. Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің Бұқаралық ақ­парат құралдары саласындағы сыйлы­ғынан бастап, бірқатар құрметке жетті. Бәрібір атаққа емес, иықтағы жауапкер­шілікке жұмыс істейтіні сонау диплом алып Алматы облыстық «Жетісу» газетіне қызметке барған күнінен белгілі еді. Иә, қызметке тұрардың о жақ-бұ жағында сұлу Светаны қолынан жетек­тей кеткен, содан бері отбасы алдындағы жауапкершілікті де бір сәт ұмытпаған.

Қызметке тұрардан бұрын диплом алдық. Диплом алар, бір-бірімізбен қоштасар күндерде біз елу курстастың әрбіріне аттарын атап, бір-бір шумақ өлең шығардық. Қадыр Мырза Әлидің атақты «Студенттер» өлеңіндегі «Бірінші жыл ауылы естен кетпей, Бесінші жыл қимайды астананы» дегені айна-қатесіз біздердің де басымызға келген. «Бірін-бірі қолынан ұзатып салған» қыздар, «бірін-бірі қолы­нан үйлендірген» жігіттер шынында қалай қиыссын?!

Сол қимастық әсерімен бәріне бір-бір шумақ арналғанда Мейрамбекке былай жазыппыз:

–Болған жоқ ренжуің, кектесуің,

Болған жоқ мақтануың, көп бөсуің.

Мейрамбек староста ылғи өстіп,

Аман өт ортасынан от пен судың.

«От» – азуын айға білеген декан Темірбек Қожа­кеев те, «су» – староста жауап беретін топтағы қапер­леріне түк кірмей жайылып жатқан жиырма бес жүгірмек. Осы арада Мейрамбектің және бір қасиеті жатыр. Тіл табысу. Әрқайсысы әр қиырға ауа жайылатын жиырма бес болашақ «классик» пен диірмені дүрілдеп тұрған деканның аралығына дәнекер болғаны сондықтан.

Ол кіммен де болсын тіл табыса алады. Өйткені түсінік пен таным әлемі кең. Ел мен жер жайында сұрасаң да, тарих пен тілге тереңдесең де, ғарыш пен техника тақырыбына салсаң да, ішкі саясат пен сыртқы саясатты талқылатсаң да суырылып шығады. Кешегі өзіндей өндір студент пен Кеңес Аухадиев сынды абыз ақсақалды екі жағына алып, тонның ішкі бауындай болып ортасында отыру – оған түк те қиын емес.

Және бір қасиеті, шамасы қоғамға пайдалы, бірақ өзіне пайдасы азы – ақиқатты айтатыны. Студент кезімізде 45 минуттан қосарланған бір жарым сағаттық дәрісі жалықтыратын доцентке «аға, мына лекцияңыз түк қызық емес» дегенді айта алса, Мейрамбек айтатын. Басын кесіп алса да шындықтан жалтармайтын. Сабақты дұрыс өткізе алмаған ұстазға ол мінін бетке айту – студент үшін оңай ма? Жоқ. Бәлкім, деканымыз Мейрамбекті староста қойғанда осы тайсалмайтын, жалтар­майтын мінезін бағаласа керек.
«Қоғамға пайдалы, бірақ өзіне пайдасы аз» деуіміз тегін емес. Беріде үлкен мекеменің елеулі буынын бас­қарып тұрғанда жоғарыдағы министрдің қисынсыз талабын орындаудан бас тартады. Жай бас тартпайды, «мы­науыңызды орындайтын болсақ, онда тура керісінше жүзеге асады» деп хабарлайды. Нәтижесі… біздің турашыл досымыздың бұл қызметті өткізіп беруімен аяқталған.

Жылдар жылжыған сайын ол мінезден қайтпады, қайтқан не өткірлей түсті. Осы мінезі оны депутат етті. Жам­был облыстық мәслихатына. Республи­каның парламентіне біздің курстан бір азамат депутат болды. Облыстық және республикалық бағыныстағы қалалық мәслихатқа депутат болған үштің бірі – осы Мейрамбек досымыз.
Студент кезінде бәріміз оны Мейрамбек деп айтқанда, жалғыз қыз оған «Сақа» деп сөйлейтін. Ол қыз – Оңлагүл Арзықұлова старостамызбен бір ауылда өсіп, бірге оқыса керек. Мектеп­те, сосын факультетте бірге оқу – ерекше құбылыс. Екеуі туған топырақтың қасиетінен болса керек деп санаймыз.

Оңлагүлден білсек, оны бала кезінде бүкіл ауыл Сақа деген екен. Кейін бір кітабына алғысөз жазғанда рухани ағасы Шерхан Мұртаза да оны «Сақа» атаған.
Сақа. Ол да, біз де – асық атқан ауыл баласымыз. Сақа басқа асықтан анағұрлым ірі, сондықтан салмақты, қолға ұстағанға қолайлы келеді. Бояп қойса, тіпті көрікті. Иіріп, тастап жібергенде алшы түссе, өзіңді де айқұлақтандырып жібереді. Көзің түскен асықты шертіп атып қалғанда қалай мерейіңді үстем етеді.

Сақа – кезінде біз аударылмас деп жүрген староста сөзінің баламасы екен. Оның қызметін құйып қойғандай дәл бейнелейді. Сөйтіп, декан Қожакеев жиырма бес студенттің ішінде сақа таға­йындаған Мейрембекке өмір кейін де осы міндетті жүктеп отырды.

Мейрамбек Төлепбергеннің сақалы­ғы кейін өмір сатысының түрлі басқыш­тарында байқалып тұрды. Айталық «Қазақстан темір жолы» ұлттық компа­ниясында департамент директоры болған жылдары. Қарамағындағы бірнеше қызметкерімен бірге біздің досымыз анау-мынау электровоз тарта алмас жүкті діттеген жерге жеткізіп жүрді. Онда Қорғастағы Алтынкөл стансасын және басқа ком­муникациялық нысандарды салу енді басталған. Мейрамбек топты журналисті ертіп болашақта мұндай қандай сәулетті қала, экономикалық аймақ, логистикалық орталық болатынын түсіндіретін. Тілші қауымын ол жерде темір жол тұрмақ, кеден, экономика, сыртқы сауда, құры­лыс және басқа салалардың жілікті мамандары күтіп тұратын, кез келген сұрақтарға жауап берілетін.
Мейрамбек топты журналисті жинап алып, «Ақтөбе Қостанаймен, Арқалық Жезқазғанмен, Жезқазған Қызы­лор­дамен, Шалқар Бейнеумен байланысады әлі» деп сайрап тұратын. Тура геогра­фиядан сабақ беріп жатқандай. Онда Шар мен Өскеменді қосқан жол бітіп, Ақсу мен Курчатов арасындағы жол енді-енді салынып жатқан шығар. Мейрамбек ертек айтып тұрғандай көрінетін. Біледі екен, білген соң айтады екен. Енді бір кездегі курс­тастар карта­сымен айтсақ, Мылтықбайдың (Торғай даласы) ауылынан Әмірдің (Сыр бойы), одан Мұраттың (Маңғыстау түбегі) ауылына бір пойызбен жетуге болады. Соның бәрін әттең Сақамыздың осы үш курстасы да көрмей кеткені өкінішті.
Жоғарыдағы сөзімізде оның облыс әкімінің орынбасары болғанын тілге тиек етсек керек. Мұндай қызметке журналистер сирек жетеді. Біздің көз алдымызда облыс басқарған журналист Мұхтар Құл-Мұхаммед ғана. Облыс әкімінің орынбасары қызметіне қалам ұстаған қауымнан Шыңғыс Мұқан, Мақат Садық, Рауан Кенжеханұлы сияқты аз ғана азамат жетсе, соның бірі Мейрамбек дейміз.

Мұнда да сақалығын көрсетті. Денсаулық, білім, мәдениет, спорт салаларын дамытуға үлес қосты. Тараз­дың мерейін асырған спорт сарайлары салынды. Қаншама әлеуметтік және өнер орындары жаңадан іске қосылды, ескілері жөнделді. Рас, қаржыны бюд­жеттен депутаттар бөлгізетін шығар, бірақ Мейрамбектің талап қойғыштығы байқалмай қалмады.

Кейбіріне облыс әкімінің орын­басары ретінде тікелей жауапты болып, кейбіріне оның алдында немесе кейінірек ел-жұртқа жаны ашитын, жөн білетін ағалардың қатарында жүріп Тараздағы талай іргелі мәдени-рухани шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Иісі қазаққа ортақ Кененнің, Баукеңнің мерейтойлары тұсында, көзі тірі Шерхан Мұртазаны, Асанәлі Әшімовті, Күләш Ахметова мен Қа­йырбек Асановты елге шақырып құрмет­теуде бірқатар шаруаларға Сақамыз бас-көз болғанын білеміз.
Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға Тараз қаласы таңдалғанда, бұл – аймақтағы атқамінерлерге де, менмін деген азаматтарға да үлкен сын еді. Сол сыннан сүрінбей өтуге кеңес беріп қоймай, білек түре кіріскеніне куәміз. Елдік тойын теледидар арқылы қазақ даласы тұрмақ, түркі әлеміне көрсету мақсатымен барғанымызда Мейрамбе­гімізді аймақтағы қолынан нақты іс келген басшылар тобынан көріп, марқайғанбыз.
Сақа болмаса, депутат сайланар ма? Бергі үрдісте облыстардағы, Астана мен Алматы сияқты қалалардағы депутаттар тобында қалталы адамдар көптігі байқалатын. Орынды қаржысымен бірдеңе етіп ала ма, жоқ ақшалы адамнан аз да болса артық пайда келер деп халықтың өзі сене ме, мұны социологтар анықтай жатар. Біздің білуімізде, бұта басын шалар бизнесі жоқ журналистер: Мейрамбек Төлепбергеннің Жамбыл облыстық, Ержан Байті­лестің Қызы­лорда облыстық, Қали Сәрсенбайдың Алматы қалалық мәслихаттарына депутат болуы – демократияның көрі­нісі. Ұлттық жаңғыру жоры­ғының ба­сында жүрген осындай әріптесте­рімізге сүйсінеміз.

Депутат достарымыз сессияларда әкім баян­дамасына бас шұлғып отырмай, дүр сілкінтер мәселе көтер­генде жаңғырығы Астанадағы бізге жетіп жатады. Осындайда журналис­тердің «төртінші билік» деген алдамшы сөзді қанағат қылмай, биліктің нақты үш бұтағының бірі – заң шығарушы дәрежесіне жеткені қуандырады.

Сақа ретінде енді Қазақстан телерадио корпо­рациясының Жамбыл облыстық филиалын басқа­рып отыр. Төңірегінде: жас журналист, режиссер, оператор, дизайнер, тағы басқалары. Оларға журналистикада не істеуді өзі үйретеді. Студент кезімізде «ойыншы-жаттықтырушы» деген ұғым болды. Әсіресе, командалық ойындарда: фут­бол, баскетбол, регбиде кездесіп жа­татын. Біздің досы­мыз – соның дәл өзі. Күніне ондаған бағдарлама шығатын «Қазақстан – Тараз» телеарнасындағы «Сыр-перненің» автор-айташысы. Эфирді жүргізгеннің қалай екенін бастан өткізген тұлғаның телеарнаны басқарғандағы жетістігі ерекше болмақ. «Жамбыл облыстық филиалының директоры Мейрамбек Төлепберген 180-ге жуық хабарды өз авторлығымен эфирге шығарды». Бұл 2016 жылдың басындағы есеп болса, алдағы уақытта футболда Криштану Рональдудың соққан доптары сияқты бұл санның да өсе түсері күмәнсіз.

Өмірдің ғажаптығына таң қалмасқа болмайды. Студенттік жылдарды бір аудиторияда өткізген староста досы­мызбен міне, алпыстың асқарына іліккенде тағы да бір мекемеде қызмет етіп отырмыз. Ол әлі сақа. Саны сексен­нен асатын қызметкері бар ұжымның басшысы. Баяғы 25 баланың жауап­кершілігіне қарағанда, мұнда талап үлкен. Мемле­кеттік ақпараттық саясат. Күнделікті және суыт жаңалықтар. Қоғамды жаңғыртудағы Елбасы қойған міндеттер. Аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуы. Тіпті «Тараз» командасының қалай доп тепкеніне дейін. Бәріне эфирден орын берілуі керек.

Доп тепкен демекші, бұл досы­мыздың тағы бір қабілеті – спорт комментаторлығы. Кезіндегі Қына­бай Аралбаев марқұм, қазір «Жетісу» арнасын­дағы басшылардың бірі Мейрам Жанділдин сияқты сексенінші жылдар басындағы көгілдір толқында тікелей репортаж жүргізіп шыныққанның бірі. Содан шығар, ара-тұра қазіргі «Қазақ­стан» мен «Казспорт» телеарнала­рындағы комментаторлардың орашалақ тілі мен қарадүрсін ойларын сынап көш-құлаш шолу жолдайтыны бар. Ерік­кеннен емес, жаны ашығаннан.
Сонымен, біздің курстың сақасы енді үлкен ұжымның басшысы ретінде дүбірге толы мына дүниенің тынысын Қордай асуынан Шақпақ асуына дейінгі, Алатаудың өрінен Бетпақдаланың ортасына дейінгі алқаптағы қалың елге жеткізуде. Үлкен жауапкершілік. Қазіргі кезде күнділікті , үйреншікті тіршіліктен басқа террористік лаңкестік әрекеттер, су тасқыны, жердің дүмпуі де кездеспей қалмайды. Мұндай ақпаратты жеткізуде жеделдікпен қатар, жауапкершілік те үлкен. Сол сыннан бір ұжымның бас­шысы Мейрамбек Төлепберген сүрінген емес. Сүрінбесін де.

Саңлақ. Бұл сөзді үшінші сипат­тама ретінде таңдап едік. Саңлақ журналист екені даусыз. Оны оқу бітіре салып орналасқан Алматы облыстық «Жетісу» газетінде дәлелдеген. Бұл – өте ерекше газет. Облыстық басылым болса да редакциясы ол жылдары астана Алматыда орналасып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің баспасының баспаханасында басылып шығатын. Редакцияның өзі «Социа­листік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерімен, «Қазақстан коммунисі», «Ара» және басқа мүйізі қарағайдан басылымдармен бір ғимаратта еді. Осының өзі газеттің басқа облыстағы қатарластарына қарағанда, қағазының және безендірілуінің сапалы болуымен қоймай, ішіндегі материалдарының салмақты шығуына себеп бола­тын.

Жұмабек Кенжалин «Социалистік Қазақстанда», Қали Сәрсенбаев, Дүрәлі Дүйсебаев үшеуіміз «Лениншіл жаста», Комунар Тәбеев, Болатбек Орманов «Қазақстан пионерінде» дегендей, бірнеше курстас ертеңгілік-кешкілік сол старостамызбен бір есіктен кіріп-шығатынбыз.

Алматыда басылатындықтан «Жетісу» газеті аптасына бес күн ертемен сиясы кеппеген қалпы алдымызда жатады. Басқа достар: Әмір Оралбаев, Уәлихан Тоқпатаев, Өтеген Наукиев, Мылтықбай Исмағұлов, Иса Тасқұлов, Мұрат Әбуов және басқала­ры не жазға­нын оқу үшін Алматыдағы бас почтамп жанындағы аллеяға баратынбыз. Ал­леяның екі шетінде әйнектелген тақтай­шалар тұратын. Оған облыстық газет­тердің Алматыға келген жаңа нөмірлерін (анығында үш-төрт күн бұрынғы) айқара беттерін іліп тастайтын. Содан курс­тардың фами­лиясын іздейтін едік. Енді мына интернет, элек­тронды-сандық заманда ертек айтып отырған сияқты­сың.

«Жетісудан» журналист әріптесі­міздің талай мақаласын қызыға, құныға оқып едік. Кейбірі әлі есте. Одан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылда­рының басында егемендікке иек арттық. Жаңғырту (ол кездегі Горбачевтің үкілеген атауы – қайта құру) желімен «Халық кеңесі» газеті шығатын болды. Жаңа республикалық күнделікті басылымға сайдың тасындай іріктелген журналистер жиналды. Жанболат Аупбаев, Марат Тоқашбаев, Самат Ибраи­мов, Нұрдәулет Ақышев, Бақыт­жан Тобая­қовтармен қатар Мейрамбек те осында шақырылып, белсене қызмет атқарды. Ана тіліне мемлекеттік мәртебе әперу, республиканың тәуелсіздігі мен тұтастығына көз алартқандарға тойтарыс беру, Қазақстанның ғарыш державасы болуын негіздеу, ұлтаралық алауыз­дықты қоздырмақ болғандарды саба­сына түсіру – ол жылдардың басты әрі өзекті тақырыптары еді. Мылтығы, анығында қаламы қолы­нан түспеген Мейрамбек Мылтықбайұлы осы жауапты шептерде елдікті қорғаған тілшілік күзетте тұрды.

Сосын елдің ең басты газеті «Егемен Қазақстанға» қызметке келді. Бұл – республикада жаңа Консти­туция арқылы экономикалық, құқықтық, әлеуметтік реформалар басталған тұс. Біздің сақамыз енді саң­лаққа айналып, ең қажетті тақырыптарды толғады.

Жалпы, «Жетісу», «Халық кеңесі» және «Егемен Қазақстан» газеттерінде қызмет еткен жылдары жаз­ған мақа­лалары бірнеше кітаптың өзегіне айнал­ды. «Сағасында Таластың бір ауыл бар», «Ақиқат алдында», «Саңырақ ба­тыр», «Баһадүр Бақтыораз», «Қос жүрек – бір тағдыр», «Заман сөзі» тура қазір біздің алдымызда жатыр. Көбін баспадан шыға сала оқығанбыз. Баспадан шыққан не, талайы мақала кезінде сол газет беттерінде тамсандырған. Қарап отыр­сақ, бәрі әлі өзекті.

«Латын әліпбиі – келешектің кілті» атты фило­логия ғылымдарының док­торы, профессор Әлімхан Жүнісбе­ковпен сұхбаты осыдан он жыл бұрын «Атамұра» баспасынан шыққан «Замана өзі» кіта­бына басылған. Оқыңыз: «Әліпби ауыстырудың үш деңгейі бар: біріншісі – әліпби, екіншісі – таңба, үшіншісі – емле-ереже деңгейі». Міне, қазіргі күннің бағдарламасы.

Қазір Мемлекет басшысының ұлттық сананы жаңғырту жайындағы айтулы мақаласы қоғамға қозғалыс түсірді. Бұл орайда Мейрамбек телеарна басшысы ретінде де, жеке журналист ретінде де өзі­нің тың үлесін қосар, ал ХVІІІ ғасырда ел қорғаған Саңырық батыр, ХІХ ғасырда қазақ айтыс өнерінің жауһары болған Ұлбике Жанкелдіқызы, ХХ ғасырда бұрын ата-бабасы мінбеген әскери ұшаққа мініп Отан қорғаған Бақтыораз батыр, қазақ даласына соны спорт түрі, кейін Олимпиада алтынының кені­шіне айналған боксты әкелген Шоқыр Бөлтекұлы туралы зерттеу кітаптары – ұлттық сананы жаңғыр­тудың іргетасына құйылған материалдар деу керек. Әркім ұлттың рухани көгіндегі 100 есімді айқын­дайды десек, біздің курстасымыз газеттегі, кітаптағы мақала, телеэфирдегі сұхбаттары арқы­лы ондай тұлғалардың талайын наси­хаттаған. Ұзақ жыл үкімет басқарған Бәйкен Әшімов, қаламгер Әкім Тарази, Қаратау қазынасын тапқандардың бірі геолог Хасан Исмурзин, кешегі күркіреп өткен соғыстың талай ақтаңдағын ашқан тарихшы Төлтай Балақаев – журналист кейіпкерлерін санап тауыса алмаймыз.

Мемлекет басшысының мақала­сында туған жерге қатысты терең ойлар бар емес пе?! Бұл орайда Мейрамбек Төлепберген жиырма екі жыл бұрын шыққан «Сағасында Таластың бір ауыл бар» кітабы­нан бастап әлі күнге туған жер жайындағы толғаныстан арылған емес. Еліне арнайы апармаса да ауылы­ның әрбір адамы, әрбір сайы мен тасы бізге таныс болып кеткен. Жазбалары арқылы да.

Электронды ақпарат саласындағы еңбегі тағы бір төбе. Өзінің «Қазақстан – Тараз» арнасындағы қазіргі хабарын айтпағанда, «Хабар» мен «Жетісу» және «Қазақстанда» көптеген бағдарламасы эфирден өтті. Жетісу өңіріндегі елге елеулі, халыққа қалаулы Кеңес Аухадиев, Бижамал Рамазанова, Сәкен Иманасов, Әбілсейіт Айханов, Ізбасар Балтағұлов, Алмабек Нұрышев, Нүсіпбек Әшімбаев сияқты аға-апалар оның «Аманат» хабарына қатысып, іргелі ойларын, жарқын естеліктерін айтты. Осы және басқа кейіпкерлердің кейбірі енді о дүниеге аттанып кеткенін ойласақ, олардың бейнесінің телевизияда, яғни ұлттық жадыда сақталып қалулары – Мейрамбектің тілші ғана емес, азамат ретіндегі еңбегінің арқасы.

Шерхан Мұртаза туралы деректі фильмінің атының өзі неге тұрады – «Шындықтың жебесі». Төле би туралы фильмін қалай үкілеген – «Қазақтың кемеңгері». Мұндай журналистік ізденістер ізсіз кетуі мүмкін емес, ол үшін Мейрамбек Төлепберген респуб­ликалық байқауларда талай жүлде алған.

Бір сөзбен, журналистика саңлағы.

Үш тарауды қосып түйіндесек, ста­роста, сақа, саңлақ – біздің Мейрамбек.

Қайнар ОЛЖАЙ

Айқын. – 2017. – 3 мамыр (№64)


 
 

«Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым»

«Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым»

Ұлт поэзиясының қара нары Жамбыл Жабаев 1846 жылдың ақ түтек, ақ боранды ақпанының соңғы күнінде Шу өзені бойындағы Жамбыл тауының етегінде дүние есігін айқара ашқаны мәлім. Ақтаңгер ақын ол туралы «Менің өмірім» атты өлеңінде бүй дейді:

           «Көз аштым, сорғалаған қанды көрдім,

             Қамыққан, қанды жасты жанды көрдім,

             Ел көрдім, еңіреп босқан аңды көрдім,

             Қойнында Алатаудың зарды көрдім…».

Иә, ол дәуірдегі ел ішіндегі әлеуметтік жағдайды теңсіздікті Жәкеңнің жыры арқылы да жазбай тани түсеміз. Қоқан хандығының езгісінен қапа болған қара орман халықтың қайғысын ақын жүрегі қарс айырыла сезбесе, кім сезсін?! Ақ патшаның әмірі мен қоқандықтардың жосықсыз алым-салығы елді титықтатқанын да ХХ ғасыр Гомерінің зарынан аңдай түсетініміз тағы бар. Ол сол дәуірдегі қалың бұқараның тұрмыс кешу қалыбын, діңкелеген кейпін айна-қатесіз жанды картина ретінде көз ұшында көлбеңдетіп қоя берді.

Әсілінде көпшілік айтыс ақыны ретінде таныған Жамбыл Жабаевтың жазба поэзияға жатық болғаны да есті жұрттың көңіл түкпірінде сақтаулы. Сегіз жасында әкесі молдаға бергенде тәлімгерінің тәлімі кәллаға қонбай, ескіше оқуды қомсынбаған Жамбыл өлеңдерінің бірінде:

«Бала келсе сабаққа,

Жем аңдыған дорбадан.

Ақ сәлдесі басында,

Бозінгендей боздаған», –

деп, молданың қисынсыз әрекетін әшкерелей түседі.

Шапыраштының Екей руынан тараған Жәкең «Екейде елу бақсы, сексен ақын» деп өз руында алдаспан ақындардың көп болғанын да сөз етеді. Қазіргіше айтсақ, осындай үлкен әдеби орта Жамбылдың қанатының қатаюына мол септігін тигізгені ақиқат. Сонымен қатар, ХІХ ғасырдағы суырыпсалмалық өнердің классигі, М.Әуезов «ақындардың ақыны айдын көлдей ақылы» деп атаған Сүйінбай Аронұлынан бата алған. Содан болса керек, «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп, ұлы ақын ұстазының атын ұран етті.

«Жылқышы», «Сараң бай мен жомарт кедей» атты өлеңдерінде сол кездегі бай мен кедей арасындағы арақатынасты шендестіре отырып жырлады.

Малы көп бай жылайды қар жауғанда,

Бәрін тастар ниеті малға ауғанда.

Жерден алтын тапқандай кедейлер жүр,

Әйелі шелек толы сүт сауғанға.

Малы көп бай ертемен жейді қаймақ,

Қой шығарып, кедей жүр қозыны айдап.

Ең болмаса, айранға тойғызса деп,

Жатса, тұрса тілейді «а, құдайлап», – деп дәуір үнін жеткізген Жамбыл Жабаев ақындық сертіне адалдық танытып, елдің мұңын мұңдаудан еш танбады.

Жамбылдың да жүрегін махаббат дерті меңдеп, алпыс екі тамырын идірсе керек. Мәселен, Бұрым қыз хақындағы өлеңінде ол «Сен лашын болғанда, мен ақ сұңқар Бір көріп дидарыңа болдым іңкәр» деуінен махаббаттағы сәтсіздігі аңғарылатындай. Қалай десек те, өлеңдерінде лашын, ақ сұңқар, тұлпар, қорғасын, қаңбақ, құрық, құлын секілді сөздерінен ақынның ойлары теңеулермен қымталып, ойды образға орап беретіндігін аңғару қиынға соқпайды.

Жалпы, айтыс әлемі туралы сөз бола қалса, Жамбыл мен қырғыз ақыны Тоқтағұл арасындағы сөзсайыс жұрттың есіне бірден түсіп, елең еткізері хақ. Тоқтағұл мен Жамбыл ілгеріден таныс, бір-бірінің өнерін қатты қадірлеген елдің маңдайалды ақындары екені айқын. Шәбден манаптың асында «қашқын» атанған Тоқтағұлға:

 «Тұлпарды тұлпар таниды,

Ертеден шапса талмайтын.

Сұңқарды сұңқар таниды,

Ілерде жемін самғайтын.

Батырды батыр таниды,

Ұрандап жауға шапқанда.

Жауған оқтан қайтпайтын,

Жақсыны жақсы таниды,

Сыртынан ғайбат айтпайтын.

Ел бұлбұлы Тоқтағұл,

Жырымен жауын жасқайтын.

Пенде емес пе Тоқтағұл,

Ордаға аяқ баспайтын.

Қарғаны қарға таниды,

Қарқылдап қағып қанатын.

Құзғынды құзғын таниды,

Өлексеге ауыз салатын.

Болысты болыс таниды,

Параны жалмап алатын.

Манапты манап таниды,

Нашарға құрық салатын.

Ақынды ақын таниды

Сөз қадірін аңдайтын.

Тоқтағұл мен Жамбылдың

Жырлары сел боп ағатын.

Қиядан ұшса қос қыран,

Бірін-бірі табатын», —

деп сөз бастаған Жамбыл маңдайынан тарамдалып тер ағып, Тоқтағұл досының ірілігі мен серілігін, ақжарқын мінезін, пейілін толғатады. Осы сәтте жүзіне шаттықтың табы ұялаған Тоқтағұл да шамырқанып, досының ниетіне тәнті қалыппен қомузын қолына алып:
           «Қазақта Жамбыл сен едің

Шалқып жатқан көл едің.

Өлеңі оттай лаулаған

Тасып бір өткен сел едің.

Қырғызда бір бауырың

Тоқтағұлың мен едім.

Қай қырғыздан кем едім,

Қарсы болып манаппен

«Итжеккенді» көргенмін.

Жаласымен бектердің

Сібірде де өлмедім.

Қорлық көріп жүргенде

Өлең болып ермегім.

Сағынып елге келгенде

Намысты қолдан бермедім», –

деп, Сібірге айдалғандағы көрген құқайлары жайлы термелеп, қыр соңына шырақ алып түскендерге ерекше екпінмен үн қатады.

         – Ей, манаптар, манаптар

Шәбденнің бұл асында

Қырғыз бенен қазақтар,

Бас қосады деген соң

Жиналыпты санаттар.

Болыс пенен билерің,

Қазан аңдып бұл күнде

Бұралқы иттей жалаңдар, –

деп барып тоқтағанында, зорсынғандардың жолында жанын құрбан санаған әлдекімдердің танаулары делдиіп, шамданып, шатынап кетеді. Алайда кім не десе де, достықты ту еткен қос алыптың уытты шумақтары көпшіліктің көңіл пернесін дөп басқанын ешкім де жоққа шығара қоймас.

Жамбылдың Айкүміспен айтысы да қыз бен жігіт арасындағы айтыстың классикалық үлгісі ретінде тарихтан ойып тұрып орын алғаны мәлім. «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, ел бірлігін сақтаған татулықты айт» деп жырлаған Ұлы абыз мінеки, 170 жасқа толып отыр. Оның мол мұрасын ұрпақтар санасында жаңғырта түсу баршамыздың парызымыз екені анық. Жалпы, Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы, айтыс өнеріндегі рөлі туралы бір мақалада толыққанды айтып кету мүмкін емес. Ендеше ХХ ғасыр Гомері туралы алдағы уақытта да айтыла, жазыла жатар…

Табиғат АБАИЛДАЕВ,

                                                                                                                                                                                             Ақ  жол. – 2016. – 23 ақпан. – 6 б.

Қаһарман барлаушы

Қаһарман барлаушы

Архив деректеріне жүгінсек, Ошақбай Ілебайұлы Апбасов 1942 жылдың қаңтарында 19 жасында Жамбыл облысының Жамбыл аудандық әскери комиссариаттан соғысқа шақырылған. Майданда түрлі әскери амалдарды меңгеріп, қысылтаяң кезде қырағылық танытқан сержанттың жауды қапыда қалдырып, әбжілдік танытқан кезі аз емес. Алдымен, 1944 жылдың маусымында жауға қарсы шайқаста көрсеткен жанқиярлық қайсарлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады (№30674078 жазба). Бұл медальға ұсынылған марапаттау қағазында 1-дивизионның 2-батареяс­ы есептобының командирі, гвардия сержанты Ошақбай Апбасовтың 1944 жылдың 27 маусымында жасаған алғашқы ерлігі жайында баяндалады. Дәл осы күні сағат

11-де Бешенковичи ауданынан ілгері жылжып бара жатқан кеңестік әскерлерінің колоннасына бір топ неміс солдаты Верховье селосында шабуыл жасайды.

 Ал, 1944 жылдың 23 мау­сымындағы гвардия сержанты О.Апбасов берген нақты дерек­тердің арқасында, Шуми­ли­но ауда­нында жау­дың екі батареясы табанда жойыл­ған. Міне, осылайша қазақ сарбазының ұрыс даласында көрсеткен табандылығы мен қырағылығын, жаудан сес­кенбес қайсарлығын, ақыл­ды­лығы мен білгірлігін жоғары баға­ла­ған 1-дивизионға қарасты 2-батарея командирі, гвардия капитаны Угрюмов мемлекеттік награ­даға лайық деп тапқан. Бұл әскери құры­лымның Белоруссия жерін азат ету майданына белсене қатысқанын архивтік деректер айғақтайды.

Қазақ жерінен аттанған май­дан­гер­лердің қай-қайсысы да елден жырақ, қан май­данның қақ ортасында жүріп, сол кез­дегі ортақ Отанын басқыншылардан азат ету жолында бар қабілетін, білімін жұм­сап, жау қолында қалған қалалар мен ауыл­дарды босатып алуда кескілескен ұрыс­ты бастан кешіп, ерліктің үлгісін көр­сет­кені ақиқат. Олардың алдыңғы сапын­да гвардия сержанты Ошақбай Апбасов­тың болғанына тарихи деректер куә.

Тағы бір архивтік мағлұматқа көз жіберелік. Бөлімшенің 1944 жылдың 23 қыркүйегіндегі №68 бұйрығында (архив ЦАМО, қор 33, хаттама 690155, сақтау бірлігі 6243, жазба №35454998) гвар­дия сержанты Ошақбай Ілебайұлы Апбасовтың «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылғаны жөнінде толық мәлімет келтірілген. Мара­паттау қағазында баян­дал­ған­дай, Витебск бригадасы 1/37 гвардиялық армиясы зеңбі­рек артиллерия басқармасы бақы­лау­шылар взводының аға барлау­шысы О.Апбасов 1944 жыл­дың 13 қыркүйегінде жау әскерінің күш­­ті қар­сылығына қарамастан, өз өмі­ріне қауіп-қатер төніп тұр­са да, қаһар­ман­­дық­пен жау шебіне бақылау жүр­гіз­ген. Қазақ бар­лау­шысының себеле­ген оқ­тың астында қалып, батыл әрі же­дел іс-әрекетінің нәтижесінде жау­­дың 2/105 мм батареясы мен 3/75 мм бата­­рея­сының ор­ны анықталып, Балдон ауда­нын­да дұшпанның жаяу әскерінің танк­ке шоғырланып жатқаны туралы мәлі­­меті дер кезінде қол­бас­шылыққа жет­кі­зі­леді. Соның нәтижесінде кеңес артил­лерис­тері жаудың 2 батареясының тас-талқанын шығарады. Сондай-ақ, неміс басқыншыларының жаяу әскер батальоны жауындай себелеген зеңбірек оғынан тоз-тозы шығып, жан-жаққа бытырай қа­ша­ды. Сөйтіп, фашистердің бір машинасы табанда істен шы­ға­ды. Аға барлаушы Ошақбай Ілебайұлы осы ерлігі үшін 1-барлау­шылар дивизионының бастығы, гвардия аға лейтенанты Тюхов пен бригада командирі, гвардия майоры Кулиштің ұсынуымен жоғары марапатқа – «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болады. Бұл май­дангердің ұрыс даласында елін қорғау жолында көрсеткен жан­қиярлық ерлігіне көрсетілген үлкен құрмет екені сөзсіз.

Әрине, оқ пен оттың астында, толар­сақтан саз кешіп, ел мен жердің азат­тығы үшін күші басым, айлалы жау­мен алысқан жауынгерлердің бәрі де қолы­нан келгенше аянып қалмағаны бел­гілі. Қай майдангер де жеңіске жету үшін кескілескен майдан шебінде бірінші болып бас­қын­шыларға тап беріп, жусатып салуға ұмтылатынын әр ар­да­гердің әңгімесінен естіп, ұғып жүрген жоқпыз ба?! Сол себеп­ті кейіпкеріміз Ошақбай Ілебай­ұлының біз сөз еткен істері де басқа майдангер серіктестерімен бірге жүзеге асырылған сәтті опе­ра­циялардың бірі екендігінде еш күмәніміз жоқ.

1945 жылдың сәуірінде неміс басқын­шылары жеңіліске ұшы­рап, Кеңес Одағының аума­­ғы­нан өз жерлеріне қарай тық­сыры­лып, кеңестік армия­сы­ның же­ңіс­ке қол жеткізе бас­таған кезі еді. Бұл уақытта кіші лейтенант әскери шенін алған Ошақбай Апбасовтың тағы бір ерлігі үшін 1945 жылдың 9 сәуірін­де дивизион командирі, гвардия майоры Малышевтің ұсынуымен, оған II дәре­желі «Отан соғысы» ордені беріледі. Гвар­дия кіші лейтенанты О.Апбасов бұл жолы қандай ерлік жасады дейсіз ғой?! Енді соған тоқталайық. Бұл кезде Кеңес әскерлерінен күн-түн санап, сағат санап, сәт санап үлкен шығынмен, зор күш­пен ығысқан неміс басқыншылары әр­бір сүйем, әрбір орам үшін жанталаса той­тарыс беруге тырысқаны тарихтан аян. Әсіресе, Кенгисберг қаласы үшін қан­ды шайқас жүріп жатқан болатын. Ошақ­бай Апбасовтың осынау шайқаста көрсеткен ержүрек іс-қимылы жөнінде марапаттау қағазында гвардия майоры Малышев былай деп нақты әрі сүйсіне жазады: «Кенигсберг қаласы үшін болған шайқаста өзін ержүрек офицер ретінде көрсетті. Жаяу әскер қатарында жүріп, жаудың батареяларын, ДОТ, ДЗОТ орнын анықтауды ұйымдастырды, осылайша 4 артиллерия батареясын, ДОТ, 6 ДЗОТ-тын байқаған. Бір өзі 2 артиллерия батареясын, 3 миномет батареясын және 4 ДЗОТ-ты тапты. Батареяның оқ ату нысанасына түзетулер жасау ар­қылы жаудың артиллериялық батареясының көзі жойыл­ды, 2 ДЗОТ-ы мен жаяу әскер взводына дейін талқандалды». Міне, нағыз ерлік деген осы болар, сірә!..

Осылайша, Ошақбай Іле­бай­ұлы­ның жаудың берік бекі­нісін дөп басып, анық танып, артиллериялық, минометтік батареяларының орналасуы жөнінде аса құнды деректерді алуы арқасында, олардың көзі жойылып, әскерлерімізге жеңіспен алға жылжуына мүмкіндік туған. Архивтерде қатталып, осы күнге дейін құнды құжат ретінде сақ­талып келген фактілер бізге батыл барлаушы, қайсар майдангер, қаһарман қазақ офицері жайында осылайша сыр шертеді.

Ошақбай Ілебайұлы елге оралысы­мен, еңбекке бел шеше араласып, пар­тия ұйымдарында бірқатар жауапты қыз­меттер атқарды. Атап айтқанда, Жам­был облыстық партия комитетінің партия бөлімінде нұсқаушы, кәсіподақтар және комсомол органдарында жауапты жұ­мыстар атқарады. Өз ісіне мығым, ортасына сыйлы еңбек ардагері партия қызметінде де үлкен абыройға бөленгені анық.

Жамбыл облысы Жамбыл ауданын­дағы сол кездегі Сталин атындағы кең­шар­да партия бюро­сының хатшысы, Жамбыл атындағы кеңшардың, Жуалы ауданының Ленин атындағы кең­­­шардың төрағасы болып абыройлы қыз­меттер атқарған. Бейбіт күнде де бір тыным таппаған еңбек ардагері, партия қыз­мет­кері Ошақбай Апбасовтың бар қажыр-қайраты, қабілет-қарымы, білімі мен тәжірибесі туған елін көркейтуге, экономикасын еселеуге, өзі­не жүктелген қыруар тап­сырмаларды бел­сен­ділікпен атқаруға жұмсалғаны шүбәсіз.

 Нұрлан ҚАЛҚА,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты

 Жамбыл облысы

Егемен Қазақстан. – 2016. -10 мамыр. – 4 б.


 
 

Қос ғасырдың куәсі (Несіпбек Таңатаров 100 жасқа толды)

Қос ғасырдың куәсі (Несіпбек Таңатаров 100 жасқа толды)

   Ғасыр жасаған ардагер 1918 жылдың 20 ақпанында Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. 1939 жылы әскер қатарына шақырылған. Осы жылы алғаш Куйбышев қаласындағы 217-ші полкта болып, Украинаның Житомир қаласына жіберіледі. Онда екі жыл борышын өтегеннен кейін Приморье өлкесіне, Владивосток қаласында болады. Соғыстың қарсаңында Киевте Отан алдындағы борышын өтейді. Ал соғыс басталысымен, бірден майдан даласына аттанады. Соғыс даласында Полтава түбінде екі рет жараланып, госпитальға түскен. Дәл осы кезде қала жаудың қоршауында қалып кетеді. Немістер госпитальда жатқандарды тұтқындайды. Тұтқындалғандардың қатарында Не сіпбек Таңатаров та болады. Ол 1945 жылға дейін тұтқында болып, одан кейін екі жыл Донбасста зауыттарды қалпына келтіру жұмыстарына араласқан.

  Елге 1947 жылы оралып, туған ауылында 20 жыл шопан болған. 1976 жылы зейнетке шыққанша құрылыс саласында тер төккен. Несіпбек ата әр жылдары Ұлы Отан соғысының мерекелік медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ «Үздік шопан» деген атаққа да ие болған. 100 жасаған ардагерді қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләш Әбдікешова мен ТИГУ-дің қызметкерлері құттықтап барды. Қонақтарды мерейтой иесінің өзі қарсы алып, емен-жарқын әңгіменің тиегін ағытты.

   Сондай-ақ олармен суретке түсіп, сауалдарына жауап беріп отырды. Осы арқылы ол ғасырды еңсерсе де әлі қуатты екенін байқатып, соғыстағы естеліктерімен бөлісті. Несіпбек ата ұзақ жасаудың ешқандай құпиясы жоқ екенін алға тартып, әрқашан көңілді жүру қажет екенін айтады. Сонымен қатар жан-жағындағы адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатып, туындаған мәселелерді жүрекке алмау қажет екенін де тілге тиек етті. Ақсақалдың осыншама жасқа келуінің тағы бір сыры – өмір бойы таза ауамен тыныстап, дала еңбегімен шұғылданған. Сол әдетінен әлі күнге дейін танбаған Несіпбек ата қазір де үй шаруасына араласып кетуге бейім екен. Бүгінде қос ғасырдың куәсі болған ҰОС ардагері 5 ұл, 1 қызынан 21 немере мен 10 шөбере сүйіп отырған бақытты қария.

Шынболат Сейдуалиев

Жамбыл-Тараз. — 2018. — 23 ақпан 


 
 

Майдангерлермен мақтанамыз

Майдангерлермен мақтанамыз (Ұлы Отан соғысының ардагері Шалданбай Шаңбаев )

Ұлы Жеңісті жақындатқан ардагерлердің ерлігі, өнегеге толы өмірі арада қанша жыл өтсе де, ұрпақтан-ұрпаққа үлгі ретінде айтыла береді. Өйткені Жеңіс мерекесі – жер басып жүрген барша адамзат баласы үшін мерейлі той.

Осындай қуанышты мерекеге орай «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалының ұйымдастыруымен  Жамбыл медициналық колледжінің студенттері Ұлы Отан соғысының ардагері Шалданбай Шаңбаев және «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер одағы» ҚБ төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Дүкенбай Ермековпен кездесті. Сол сұрапыл отты жылдарда кеудесін оққа тосып, ерліктің үлгісін көрсеткен жерлес жауынгерлердің арасында Шалданбай Шаңбаевтың есімін ерекше атауға болады. Тағдырдың жазуымен қаршадайынан соғысқа аттанған ол кезінде өзі секілді барлық майдангердің көкейінде тек бір ғана мақсат болғанын айтты: «Ол – Отанды жаудан қорғау және тек қана жеңіс» болатын. Міне, сол мақсатқа жеткен, бізге бүгінгі бейбіт тірлікті сыйлаған аға буын өкілдеріне құрметтің қандайы да лайық.

Шалданбай ата 1924 жылы Т. Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Балалық шағы, отызыншы жылдардағы қиын нәубет жылдары әлі күнге дейін көз алдында. Сол тұста көрген қиындықтар бала Шалданбайды төзімділікке тәрбиелеп қана қоймай, басқа түскен ауыртпалықтарды жеңе білу қасиеттерін де бойына сіңіре береді. 1942 жылы әскерге шақыру хатын алған кезде ол он сегіз жаста еді. Әскери жолы Волга өзенінің бойында оқу-жаттығудан басталады. Осында төрт ай оқығаннан кейін 27 желтоқсанда параходпен Сталинград қоршауына аттанады.

– Сол кезде тізеден қар, үскірік аяз болды. Соған қарамастан жеңіс үшін тек қана алға қарай адымдай бердік, – деп еске алады ақсақал.

Осы жерде немістермен алты ай қырғын соғыс болады. Генерал Павел Павлович басқарған Сталинград майданының әскерлері келіп, жауды артқа шегіндіреді. Павловичтің әскеріне қосылып, ол Кательниково, Запорожье, Одесса қалаларын, Румыния мен Венгрияны жаудың қолынан азат етуге қатысқан. Содан Франкфурт-на-Одере қаласы арқылы Берлинге жақындайды. Осылайша 9 мамырда Жеңіс күнін Берлинде тойлайды. Соғыс біткеннен кейін 1946 жылы елге аман-есен оралады. Алайда ауылға келген кезде Шалданбай ата ағасының соғыста хабар- ошарсыз қалғанын естиді. Ағасының 2 ұл, 2 қызын асырап-бағу үшін оқудан бас тартып, тракторшы болып жұмыс істейді.

Бүгінде 95 жасқа қараған Шалданбай ата ағайын-туғандары, бала-шағасының ортасында бақытты да, берекелі ғұмыр кешіп отыр. Тоғыз ұл-қыз өсіріп, олардан немере-шөбере сүйіп отырған ақсақал әлі де тың, сергек. Кеудесіндегі орденьдер мен медальдар – ардагердің жүріп өткен жолдарының бедерлі белгісіндей. Осылайша әсерлі әңгімесімен бөліскен Ұлы Отан соғысының ардагері Шалданбай Шаңбаев студенттерге оқуда озат, еңбекте ешкімнің ала жібін аттамай, адал болуларын айтып, ақ батасын берді. Бұдан соң «Ауған соғысы ардагерлері» ҚБ төрағасы Дүкенбай Ермеков сұрапыл соғыста елдігімізді нығайта білген азаматтардың ерен ерліктерін баяндап, жастарға үлгі етті. Оның айтуынша, Ауған соғысына облыстан 2200 азамат аттанып, оның 71-і келмеген.

Сондай-ақ кездесуде әскери дайындық тобының студенттері «Соғыс сабақтары» атты ойын-тренинг өткізіп, қонақтарға автоматты шашып-жинау бойынша біліктіліктерін көрсетті.

Шынар Асанқызы

Жамбыл — Тараз. — 2018. — 11 мамыр

  • 3201
  • 72
  • 107
Интернет-ресурстан материалдарды пайдаланған кезде кері сілтеме жасау міндетті! © — Тараз қ. ОККЖ. csmb@bk.ru,
Разработано: Агентство «5-й Элемент»

Бабалар ерлігі – ұрпаққа үлгі / Байтұрсын Маймышұлы

Бабалар ерлігі – ұрпаққа үлгі / Байтұрсын Маймышұлы

Сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін кеудесін оққа тосқан миллиондаған қазақстандық майдангер-сарбаздардың бірі атам – Байтұрсын Маймышұлы еді.

Атамыз Байтұрсынның әкесі Маймыш Бекжанов 1930 жылдардағы ашаршылық кезінде отбасымен Талас ауданы, Ойық ауылынан қазіргі Тараз қаласына қоныс аударады. Сөйтіп қала аумағындағы Бурыл қыратының етегінде диханшылықпен айналысып, отбасын аштықтан сақтап қалыпты. Ал жолдасы, әжеміз Сәтбике Көшербайқызы қолынан келген әр түрлі жұмыстарды кәсіп етіп, қиын-қыстау кезеңде жан бағудың амалын жасайды. Маймыш пен Сәтбикеден Бәтшай, Байтұрсын, Жексенәлі, Ақшай есімді ұл-қыз тарап, бүгінде бір қауым елге айналған.

Атамыз Байтұрсын Маймышұлы 1915 жылы дүние есігін ашады. Ескіше сауат ашқан. Қалаға көшіп келгенде 15-16 жасар бозбала болған екен. Қаладағы мектептердің бірінде 8-сыныптық білім алады. Мектепте оқи жүріп, халықтан жүн-тері жинайтын мекемеде жүн жинаумен, кейінірек қабылдаумен айналысады. Жастайынан еңбекке жақын, пысық, ержүрек, палуан, жекпе-жектің хас шебері болып өскен атамыз Байтұрсын 1937-1938 жылдары әскерге шақырылып, Қиыр Шығыстағы Владивосток флотында азаматтық борышын өтеген. Фин соғысына қатысып, 1941 жылы қаңтар айында кіші командир дәрежесімен міндетін аяқтап, елге оралады. Сөйтіп Жамбыл қалалық (қазіргі Тараз) әскери комиссариатында жұмыс істеп, 1941 жылы маусым айында әскер қатарына сұранған. Алайда әскери комиссариат Жамбыл қаласы азамат­тарынан әскер қатарына жауынгерлер дайындау керек болғандықтан, оны 1941 жылдың тамыз айына дейін соғысқа жібермеген.

Әскерге кеткен Байтұрсын атамыздан 1941-1942 жылдары «Взвод командирімін, үнемі жау тылында (разведчик болған) боламын» деген хаттар келіп тұрған. Сонымен қатар «Егер менен хат-хабар келмесе, елге көшіп барыңдар» деген аманат та айтады. 1942 жылдың соңынан бастап атамнан хат келу тоқтаған. Іздестіру барысында 1942 жылы маусым айынан із-түссіз жоғалғандар тізімінде деген ақпарат қана таба алдық.

Бірақ қаншама айлар, жылдар өткенімен ерлік ешқашан естен шықпайды. Қай кезде болмасын лайықты құрмет көрсетіледі. 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай, Ойық ауылында майдангерлердің құрметіне соғысқа ауылдан аттанған азаматтардың есімдері жазылған мемориалдық тақта ашылды. Сонымен қатар облыс орталығындағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы «Ерлік» мемориалдық кешенінде ҰОС қатысқан майдангерлердің есімдері қашалып жазылған мәрмәр қабырғаға да Байтұрсын Маймышұлының есімі бедерленген. Бұл ұрпақтары үшін мақтаныш және ұрпақтың аталар аманатына деген құрметінің үлкені болса керек. Біз атамызды әрдайым құрметпен еске алып, ерлігіне тағзым етеміз.

Ал атамыздың бауыры Жексеналы Маймышев (1926 жылы туған) соғысқа жасы жетпегендіктен еңбек армиясына барып, Сібірде ағаш кесіп, Жеңістің жақындауына үлес қосқан. Кейін елге оралып, Ұлбосын Жаханқызына үйленіп, елге көшкен. Әжем Сәтбике әскерге кеткен офицердің анасы есебінде өмірінің соңына дейін Үкіметтен көмек алып тұрды.

Жеңіс күні – ұлы мереке. Отаны үшін қанын төккен майдангерлер мәңгілік есте қалады. «Ер есімі – ел есінде» демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аға буын ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

   Бекбол Маймышев, немересі

Arai. – 2020. – 7 мамыр

Әкемнің ерлігі – ұрпаққа үлгі / Әуесбек Бекболатов

Әкемнің ерлігі – ұрпаққа үлгі / Әуесбек Бекболатов

Ұлы Отан соғысында Кеңес үкіметінің көзсіз ерлік көрсетіп, неміс басқыншыларына қарсы соғыстың аяқталғанына биыл 75 жыл толып отыр. Жыл өткен сайын жеңіс жолында жанын шүберекке байлап айқасқан жауынгерлер қатарының сиреуі өкінішті, әрине. Сол қанды майданда елі үшін соғысқа аттанған батырлардың қатарында менің әкем Әуесбек Бекболатов та болған.

«1932 жыл адамзат тарихындағы ірі оқиғаның орын алған кезі. Жанталас жолындағы адамдардың басына түскен қайғыны 8 жасар Әуесбек өз көзімен көрді. Аспан асты, жер үстінде тіршіліктің тамыры үзілгендей. Киіз үйлер босап, қаңырап жатты. Бүкіл халықтың басына төнген нәубет өмірден біраз адамды өзімен бірге алып кетті. Халық саны күрт азайып, ел арасында жұқпалы індет те тараса керек-ті. Қайта үкімет қамқорлық жасап, балаларды орталықтағы интернатқа оқуға алып кетіп жатты». Бұл оқиғаны айтуға аштықтың зардабын татқандардың жүрегі дауалай бермейді.

Менің әкем Әуесбек те 8 жасында интернатқа оқуға барғандардың бірі еді. 1924 жылы дүниеге келген әкемнің балалық шағы баянды болмағаны анық. Ол да ауылдағы балалар секілді интернатта 7 жыл білім алған. Ол оқуды үздік бітіріп, Мойынқұм ауданы, бұрынғы «Қоқи» кеңшары, қазіргі Қарабөгет ауылына, туған жеріне қайта оралады. Бұл кезде елдің тұрмысы тіктеліп қалған. Сөйтіп, колхозда жұмыс істеп жүргенде соғыс басталады. 1942 жылы ауылдағы мұғалімге де соғысқа шақырту келіп, ол да ауылдағы жігіттермен сарбаздардың қатарына қосылады. Дәл осы шақта аудандық білім бөлімінің басшысы колхоз басшысынан оқыған, білімі бар азаматтарды сұрастырыпты. Сонда колхоз басшысы әкем Әуесбекті көрсетіпті. Осыдан кейін екі колхоздың бастауыш сыныптарын біріктіріп, ауылдағы мектептің меңгерушісі әрі мұғалімі етіп 17 жасар бозбаланы тағайындайды. 1943 жылдың ақпанында әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Алдымен Омбы қаласында алты айлық оқу-жаттығудан өтіп, сержант шенін алады. Артынша жеті-сегіз адам болып, Ресейдің Нижний Тагил қаласында 19-шы полктің танкистер дайындайтын екінші батальонына қабылданып, «командир орудия» қызметіне тағайындалады. «Командир орудия» деген – танктің ішіндегі зеңбірек атушы сарбаз. Сонда майдан даласында танкте жүріп соғысқа кірген қазақ балалары да некен-саяқ болған. Ол кездерді әкем де кейін еске алып айтқаны бар.

– Нижний Тагил қаласына келгенде, майдан даласына шығатын күннің жақын екенін білдім. Бір күні танктің ішінде зеңбірек ататын сарбаздардың барлығын жинап, сапқа тұрғызды. Кілең орыстың еңгезердей жастары сапты бастаған соң, мен олардың саясында қалып қойғандай болдым. Осыдан кейін танктің командирлері келіп, өздеріне бір-бір баладан бөліп әкетіп жатты. Ең соңғы болып мен қалдым. Бір кезде алып денелі, салмақты аға лейтенант Дедов дейтін кісі «пойдем» деп танк жаққа алып кетті. Көп ұзамай атыс алаңында дайындықты пысықтайтын кез де келді. Сондағы үздік нәтиже көрсетіп, аға лейтенант Дедовтың басқа командирлерге қарап мақтанғаны бар, – дейді әкем.

Сол командир Дедовтың мақтағанындай-ақ әкем соғыс жылдары қырағылығымен көзге түседі. Сондай-ақ әкем сол командирдің соғыс тактикасын шебер жүргізгенін әлі күнге дейін айтып отырады. Алдыңғы шепте жүрсе де, командирдің шеберлігінің арқасында әкем отырған танктің 5 сарбазы да көп соғыстан дін-аман шығыпты. Сондай соғыстың бірінде көп танкілер өртке оранып жатқанда командир Дедов қатты жараланып, госпитальге кетеді. Сөйтіп, көпке дейін сақталған құрам өзгеріп, басқа экипаж жасақталған.

Басқыншыларға тойтарыс беріп қана қоймай, елден ығыстыра қуған Кеңес жауынгерлері немістің Хойнице қаласына дейін барады. Одан кейін Руммельсбург, Полнов, Балтық теңізі жағалауындағы Кезлин, Штольп, Лауэнбург, Картузы, Диршау, Нойштадт қалаларын босатуға қатысып, Шығыс Померанияда фашистерді қоршауға алған кеңестік әскердің ішінде болады. Кескілескен шайқастың бірі – немістің мықты қорғаны саналатын Балтық теңізіндегі фашистердің бірінші класты базасы Гданьск (Данциг) қаласын басып алуы болды. Осы ұрыстағы ерлігі үшін әкем Әуесбек Бекболатов «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Негізі әкем Польша бағытында, Балтық теңізінің жағалауында көп соғысқа кірген. Ал соғыс аяқталар тұста сәуір айындағы Берлин маңындағы шайқастың орны тіптен бөлек болған. Қанды майданның даласында қасындағы жолдастары жан тапсырып жатқан соғыстың бірінде әкем қатты жараланған.

– 1945 жылдың 26 сәуірінде таңғы сағат 6:00-де жасыл белгі (сигнал) берілді. Шабуылдауды білдіретін белгіден кейін барлаушы топ алда күшті қорғаныс шебі күтіп тұрғанынан хабардар еткен. Қару-жарақ дайындалып, алғы шепті атқылай шабуылдадық. Ондай сәтте көзіңе не көрінсе, соны қарауылға аласың. Бір уақытта танкі шайқалып кеткендей болды. Есімді білмей қалдым. Танкіге снаряд тиген екен. Ол оқтың танкінің ішіне кіріп қана қоймай, майда темір шашырататын қасиеті бар болатын. Ауыр жараландым. Оң аяғымның үлкен сүйегі сынды, екі қолымнан бірдей жараланып, танкінің ішінен өздігімнен шыға алмадым. Оң жақ төменде отырған украин жігіті радист-атқыш мерт болыпты. Механик-жүргізушіміз де жараланған, бірақ ол аяғына тұрып, сыртқа шықты. Танкіні оқтаушы дін-аман, механик-жүргізуші кейін басын таңып алыпты. Мен жоғары люктен шығуға талпыныс жасап едім, оң аяғым тіреуге келмеді. Екінші мәрте күшімді жинап, сол аяғымды тіреп шықпақшы болдым. Сол уақытта сырттан командирдің «тірі, тірі екен» деген дауысын естідім. Командир мені кеудемнен құшақтай тартып шығарып, жерге түсірді. Үшеулеп мені көтеріп алып, санитарлар жаққа әкелді. Онда санитарлар аяғымды тартып таңып тастады, – дейді әкем.

Зұлмат замандағы майдан даласында жүріп, неміс ауылдарына барғанын да жиі айтады. Онда ауылдардың жақсы дамып, жаңа технологияларды игеріп кеткенін, тіпті сол кездері төселген жолдардың өзі біздердің қазіргі жолдардай екен айтып отырады.

Жеңіске жетуге санаулы күндер қалғанда ауыр жараланған әкеме ота жасалады. Төрт ай бойы аяғы гипспен таңылған. Германия жерінде бір қаладан екінші қалаға, госпитальден госпитальге ауыстырылып жүріп, соңында Мәскеуге таяу қаладағы ауруханаға жеткізіледі. 1946 жылдың қаңтарында балдақпен жүре алатын жағдайға жеткенде, ол Ұлы Отан соғысының II топтағы мүгедегі болып елге оралды. Әрине, майдан даласында замандастарының оққа ұшқанын көру де оңай емес. Кеңес әскерінің жеңіске жеткенін көрмей кеткен сарбаздардың өзі қаншама?! Ұлы Отан соғысы сол үшін де майдан даласынан оралған күрескерлердің өмірінде өшпес із қалдырған.

Сөйтіп, майдан даласынан оралып ауылға келсе, апамыз әкемнің мұғалім болып жүргендегі қаулысын сандықтың түбіне сақтап қойыпты. Сол арқылы ауылдағы Қызылотау бастауыш мектебіне мұғалім болып орналасады. Ұстаздық қызметте жүріп, Жамбыл педагогикалық училищесінде (қазіргі Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі) білім алып, оны үздік түлек ретінде тәмамдайды. 1949 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына (қазіргі ҚазҰПУ) түсіп, оны 1955 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік аяқтайды. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ғибратты ғұмырының 58 жылын ұстаздық қызметке арнайды. Оның 18 жылында оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры сияқты жауапты қызметтер атқарған. Мемлекеттік қызмет саласында қызмет еткені де бар.

Соғыс жылдарындағы жастарды сол дәуірдің тіршілігі мен майдан даласы ерте есейткен. Соғыстан кейінгі жылдарын босқа өткізбей, нақты іспен айналысқан әкем де 96 жасқа таяп қалыпты. Қазіргі жастардың да бойында сондай табандылық болса, елі үшін қызмет ететін патриот жастардың қатары көбейер еді. Соған қарап көрінген нәрсенің жетегіне ермей, өзінің таңдаған бағытымен болашаққа қадам жасаған жастардың түбі жетістікке жететініне сенім білдіруге болады. Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласындағы жан алысып, жан беріскен жауынгерлердің отансүйгіштігі ғасырдан ғасырға жалғасып айтыла бермек. Тарих қойнауында өшпес із қалдырған батырлардың ерлігін үлгі ететін жастардың көп болу – Мәңгілік ел болудың кепілі екенін ұмытпайық!

   Серікхан Бекболатов,

Нұрғиса Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернатының

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Jambyl -Taraz. — 2020. — 29 сәуір 

  • 3200
  • 72
  • 106
Интернет-ресурстан материалдарды пайдаланған кезде кері сілтеме жасау міндетті! © — Тараз қ. ОККЖ. csmb@bk.ru,
Разработано: Агентство «5-й Элемент»