Елі ардақтаған азамат

Елі ардақтаған азамат

 

    Тарихи сурет 1997 жыл. Қазан айы. Ортада Жамбыл облысының әкімі Амалбек Тшанов және Тараз қаласының әкімі Болат Жылқышиев.Тараз қаласының күні алғаш рет аталған күн.

Тарихқа үңілсеңіз, көне шаһар Таразды кімдер басқармады? Орта ғасырдың өзінде Ұлы Жібек жолы бойында атақ- даңқы алысқа кеткен, қаланың билігін қолына алған небір абыз-әкімдердің есімі тарих бетіне айшықталып жазылды. Тарих жазылады, жалғасады… 1997 жылдың 8 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Жамбыл қаласына көне Тараз атауы қайтарылғанда, қаланың тізгінін Болат Әбжаппарұлы Жылқышиев ұстап тұрған еді. Иә, тәуелсіздік жылдарында Тараз қаласының тұңғыш әкімі болу бақыты да Болат Жылқышиевке бұйырды. Ал алдағы 17 қыркүйек күні Тараз қаласының Құрметті азаматы Болат Әбжаппарұлы мерейлі 60 жасқа толып отыр.

Мен қала әкімінің орынбасары болып 1997 жылы келдім. Сол жылдары шаһарды басқарған Болат Жылқышиевтің азаматтық болмысы, іскерлік келбеті, шебер ұйымдастырушылық қабілетін жанында жүрген әріптестері жоғары бағалады. Бұл өзі өтпелі кезең болатын. Қиындықтар да болды. Дегенмен жұмысты алға жүргізіп, тұралап қалған қала өндірістерінің қазанын қайнатуға Болат Жылқышиев мықтап кірісті. Мұғалімдер айлап жалақы алмады, зейнеткерлерге зейнетақы төлеу мен жәрдемақы төлеуде қиындықтар туды. Бюджеттік мекемелердің де қарызы жиналып қалған кез. Коммуналдық қызметтің алдындағы қарыз да шаш етектен жиналып қалған. Нарықтық экономикаға көшудегі баспалдақтарды жұртшылыққа түсіндіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етуге шақыруда біздер Болат Әбжаппарұлының басшылығымен көп іс тындырдық десем артық айтқандық емес. Бар шаруа қаржыға келіп тірелгендіктен, олардың да тетігін тауып, рет-ретімен шешіп отырдық. Тіпті қаланың тазалығына жауапты мекемелер де қаржы тапшылығынан жапа шегіп, жұмыстары тұралап қалды. Алайда осындай келеңсіздіктерге қарамастан, облыс орталығын таза ұстадық. Бұған уақыт куә. Сондай-ақ түйіні тарқамаған мәселелер шешеді деуге негіз болар бастамалардың басынан табылды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қала тұрғындарының ертеңгі күнге деген сенімі, жарқын болашаққа жетелеу қала тізгінін қолға алған азаматтың күндіз-түні ойынан шыққан емес. Болат Әбжаппарұлы тұрғындармен өткен кездесулерде осы мәселені терең болжай, анық та айқын жеткізіп бағатын. Бар саладан хабары бар білікті басшының бұл бағыттағы ойлары да өз жемісін берді. Сол жылдардағы қала әкімдігінің қызметкерлері де қала әкіміне сенімді серік болып жанынан табыла білді.

Жалпы облыс орталығын Болат Жылқышиев басқарған шақ елімізді алға қарай дамыту жөніндегі экономикалық және саяси реформалар жаңадан белгіленіп, енді ғана еңсе түзеп келе жатқан кез болатын. Дегенмен проблемалар да жетерлік еді. Нақтырақ айтқанда, тіл мәселесі Елі ардақтаған азамат өте күрмеуі қиын күрделі проблема болды. Орыс мектептері қазақ мектептеріне қарағанда басымдығы айқын байқалатын. Ол кезеңдерде облыс орталығында таза қазақ мектептері саусақпен санарлықтай ғана болған. Болат Әбжаппарұлы осы мәселеге ден қойып, оны шешуді басты орынға қойды. Тіпті бір жыл ішінде аталған мәселе негізінде екі ауқымды жиын өтті. Ол жиындарда Болат Жылқышиев жауапты азаматтарға тиісті тапсырмалар мен ұсыныстар берді. Әрине, ол ұсыныстардың барлығы сараптаудан өткен, талқылауды қажет етпейтін ұсыныстар еді. Дегенмен төрт мектепті бірден қазақ мектебіне ауыстыру өте қиынға түсті. Себебі ата-аналар наразылық білдіріп, қарсы шыққандар да болды. Одан қала берді қалалық әкімдікке түрлі хаттар келіп, Үкіметке жолдауды талап еткендер де кездесті. Бірақ Болат Әбжаппарұлының ұстанған бағыты мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында оны да еңсеріп шықтық. Мектептер қазақшаланды. Бұл оң шешімін тапқан, қала халқы қолдаған игі істің бір парасы ғана еді. Сөйтіп, аймақтағы қазақ тілінің көсегесін көгертуде үлкен жемісті іс тынды. Қазір қалалық қай мекемеге барсаңыз да, мемлекеттік тілде іс жүргізіледі. Мұны сол жылдардағы жемісті істің нәтижесі деп айтуға да толық негіз бар. Болат Әбжаппарұлы қол астында қызмет еткен әріптестеріне тың жол көрсетіп отыратын десем артық айтқандығым болмас. Себебі сол кісі әкім болып тұрғанда тіл мәселесін, шаһар тазалығын, халықтың күйбең тірліктен рухани рухын көтеру мәселелерін көтеріп, оң шешілуіне ықпал ете алдық. Сондай бір қала халқын рухани қолдау мақсатында қолға алған істің бірі – қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің ашылуы еді. Көне шаһардың өз үні, өз айнасы болуын қалаған тұрғындардың тілегі бұған дейін де көтеріліп келген болатын. Ал мықтап қолға алынған кез Болат Жылқышиевтің қолдауымен болды. Қаржылық қолдау тауып, кадрлық жасақтау осы кезеңде тікелей қала әкімінің басшылығымен қолға алынып, 1996 жылдың 16 ақпанында «Жамбыл-Тараз» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бүгінде толықтай тараздықтардың үніне айналған, 21 жылдық тарихы бар қалалық басылым осылай жарық көрген еді. Білесіз бе, сол алғашқы кездің өзінде газеттің таралымы 22 мың данаға дейін жетіп жығылды. Барлық қала тұрғындарының игілігі үшін қолға алынған бастамалар өз жалғасын тауып жатты. Дегенмен ол істердің барлығында Болат Жылқышиевтің өзіндік қолтаңбасы қалды. Сондай-ақ ол кісінің тұсында Тараз қаласының күнін атап өту алғаш қолға алынды. Сөйтіп, алғаш рет Қала күні 1997 жылы орталық стадионда ауқымды түрде аталып өтіп, сол кездегі облыс әкімі Амалбек Тшанов қала әкіміне қаланың символикалық кілтін табыс еткен болатын. Міне, сол уақыттан бері дәстүрін үзбеген бұл мереке жыл сайын қоңыр күзде, қазан айының алғашқы он күндігінде шаһар тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлап келеді. Биыл осынау күнді 20 жыл қатарынан тойлағалы отырмыз. Осы жылы да барынша сән-салтанатымен аталып өтілетініне сенімім мол.

Тағы бір айта кететінім, ол жұмыста өте қатал болды. Өзіне де, өзгеге де жоғары талап қоя білетін. Мемлекеттік қызметшілерге әуелі халық үдесінен шыға білуін талап ететін. Әрине, олар еткен еңбегімен ғана халықтың сенімін ақтай алады. Сондай-ақ ол сол кезеңдегі қала мен халықтың әлеуметтік жағдайын көре тұрып, қазіргідей таңғы сағат 8:00-ден бастап емес, 6:00-де жұмысқа келуді де талап ететін. Сол уақытта қызметкерлермен жұмысты жоспарлап алып, бірден іске кірісіп кететін. Ал өзі жұмысты жоспарлағанға дейін қаланы бір аралап шығатын болған. Осы қасиеті жұмысқа берілгендігін аңғартса керек. Болат Жылқышиев қаланы басқарған жылдары етене ара- ласып, қызметте қатар жүрген азаматтардың дені – бүгінде сан салада, биік лауазымдарда отыр. Соның бірі қала әкімінің орынбасары Кенжебек Мамашбайұлы Олжабаев сол жылдары қалалық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған бо- латын.

Болат Әбжаппарұлы адам өмір жолының асқар биігі алпыстың асқарына шығып отыр. Ол кісіні көпшілік мемлекет қайраткері, ғұмырын ел дамуына арнаған зиялы азамат ретінде таниды. Еңбексүйгіштігі, қоғамдық белсенділігі жоғары, азаматтық қасиеттерімен елдің құрметіне бөленген азаматты тараздық жұртшылық ірі тұлға ретінде бағалайды. Киелі Әулиеата жерінде Болат Әбжаппарұлының қоғамдық және жемісті еңбегі нағыз кемеліне келген кезең болды. Туған жерге деген сүйіспеншілігі арқылы парасатты да рухы биік ізбасарлары ретінде біз де ол кісіден алған тәлім-тәрбиесін бойымызға сіңірдік. Дарынды ұйымдастырушылық қырын жадымызға түйдік. Тараз шаһарын басқарғаннан кейінгі қоғам игілігіне бағытталған ерен еңбектері еліміздің нығаюына өзіндік үлесін қосты. «Алпыс — тал түс» дейді халқымыз. Осынау жасқа дейін атқарған және алда атқаратын игілікті істе қанаты талмай, қажыр-қайраты арта беретініне сенім мол.

 Күлімхан Тоғызбаева,

Жамбыл -Тараз. — 2017. — 13 қыркүйек

Алғыс арқалаған азамат. Алдиярбек Әли-Асқарұлы Түсіпов

Алғыс арқалаған азамат. Алдиярбек Әли-Асқарұлы Түсіпов

          Желмаядай желдірте жететін, жемістері желкілдей пісетін жетпіс деген мәуелі жасқа адам баласының ажары таймай, адымы талмай жетуінің өзі бір ғанибет қой. Осындай еңселі де елеулі жасқа келген, ел ықыласына бөленген өңіріміздің ардақты азаматтарының бірі – Алдиярбек Әли-Асқарұлы Түсіповтің өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деген мақсатпен қалам тартқанды жөн көрдік.

Жасынан білімге құштар болып өскен жас Алдиярбек орта мектепті ойдағыдай бітіргеннен кейін Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтына түсіп, 1973 жылы құрылысшы инженер-гидротехник мамандығын меңгеріп шығады. Еңбек жолын «Химпром» өндірістік бірлестігінде инженер болудан бастап, өзінің іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылған ол бас инженер дәрежесіне дейін көтеріледі.

Жаны жаз, жүрегі сәулелі, істеген ісі тиянақты азамат қызмет қуған жоқ, оны қызметтің өзі іздеді. 1979 жылы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласы Орталық аудандық партия комитетіне қызметке шақырылып, онда нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болған Алдиярбек Әли-Асқарұлы саяси сауатты, жан-жақты, ісіне адал қарайтындығын таныта білді.

Өзіне сенімді, ары таза, досқа адал, көпшіл тұлға болып қалыптасқан, қабілет-қарымын шыңдай түскен осынау азамат бұдан кейін 1983 жылы Орталық аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалады. Алты жыл бұл қызметті мінсіз атқарған тәжірибелі кадр ретінде жоғарғы басшылықтың ұйғаруымен 1989 жылы Қаратау қалалық атқару комитетінің төрағасы болып ауыстырылады. Бұл жерде де химия өнеркәсібінің шикізатын дайындауда зор рөл атқаратын өңірде адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға белсене кірісті. Тұрғындарды күнделікті тұтыну тауарларымен қамтамасыз етуде іскерлік танытты. Қалалық атқару комитетінің төрағасы ретінде өзіне қойылған талаптан шыға білді.

1992 жылы Алдиярбек Әли-Асқарұлы Тараз қалалық атқару комитетінің төрағасы, көп ұзамай қаланың тұңғыш әкімі болғанда абыройы арта түсті. Зауыт, фабрика, комбинат атаулының жұмысы тоқтап, бюджеттік сала мамандары күнкөріс үшін жабайы базар жағалап кеткен мұндай уақытта қаланы басқару өте күрделі көрінді. Ескі әдіспен іс бітіру мүмкін емес еді. Ең алдымен қаланы дамытудың жоспары жасалды. Ірі кәсіпорын басшыларына талап қойылып, бюджет алдындағы қарызды өтеу мерзімі белгіленді. Бойкүйез, монополист атқамінерлер қарсылық танытып, селкілдеді, сілкінді. Бірақ, амал жоқ, міндеттемеге көнді. Жағдай түзеле бастады. Қала басшысы ішкі резервтерді дұрыс жұмсай білудің арқасында экономикалық ауыртпалықты біртіндеп жеңіп отырды. Ең бастысы, адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға барын салды.

1996 жылы облыстық экология басқармасының басшысы болып тағайындалған Әлекең байсалды, істің мәнін жетік білетін азамат екендігін байқата білді. Бұл кезеңде электр қуаты, табиғи газ тапшылығы салдарынан ел жол бойындағы ағаштарды отай бастады. Экологиялық апатқа алып баратын бұл іске тосқауыл қоюға қатаң шаралар қолдануға тура келген кездер де болған. Бірақ, Алдиярбек Әли-Асқарұлы мәселені адами тұрғыдан шеше білді. Осы қызметтің орынтағында отырған сегіз жыл ішінде іскерлік, азаматтық бейнесі ашыла түскен тұлғаға тағы да зор сенім көрсетіліп, 2004 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Халық қалаулысы Парламентте табиғат қорғау, экология жөніндегі тұрақты комиссия мүшесі ретінде салада жаңа Заң қабылдауына, оның заманауи талаптарға сай болуына белсене атсалысты.

Депутаттық мерзімі аяқталғаннан кейін 2008-2010 жылдар аралығында қайтадан облыстық экология басқармасының басшысы Алдиярбек Түсіпов табиғат жанашыры ұстанымында қоршаған ортаны ластаушылармен ымырасыз күресе білді.

Алдиярбек Әли-Асқарұлы сеніп тапсырылған қай қызметте де өзінің іскерлігімен, жауапкершілігімен мәртебесін биіктете білді. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де құр қарап отыруды құп көрмей, қаламыздың дамуына ары қарай да үлес қосуды жалғастыру мақсатында 2015 жылы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінің тізгінін ұстады.

Оның бастамасымен соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін әлеуметтік қорғау және қолдау бойынша бірқатар қоғамдық жобалар жүзеге асырылып келеді. Осындай келелі істердің нәтижесінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігі орталық кеңесінің байқауында Тараз қалалық ардагерлер кеңесі бас бәйгені иеленсе, облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған байқауда жеңімпаз атануы Әлекеңнің кемелдігінің бір асуымен қатар, оның азаматтық келбетінің де айшықтала түскенін аңғартады.

Алдиярбек Әли-Асқарұлы мінезге бай, ашуын артта, ақылын алда ұстайтын, жаны жайсаң, ізгілікті жан. Еш уақытта да дауыс көтеріп сөйлеген емес. Әңгімелесе кеткен адамымен жеңіл тіл табысып, сыйласқанмен сыйласа біледі. Сондықтан да ол жүрген ортасында өте сыйлы.

Ақпейіл, жаны таза, жүрегі жомарт, биік парасаты мен уәдесіне берік, шындық жолынан таймаған, жақсыға жалынбаған, жаманға табынбаған, адамгершілігі мол, иманды, ұлтжанды азамат осындай айтулы жасқа алаңсыз көңілмен, алғысқа бөленіп жетіп отыр.

Қоғам қайраткері, Жамбыл облысының, Тараз қаласының және Талас ауданының Құрметті азаматы Алдиярбек Әли-Асқарұлының бар болмысы осындай. Ел-жұрты үшін жаралған кең пейілді тұлға ретінде танылған Әлекең Құдай қосқан қосағы Айша екеуі дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген ұл-қыздарынан сүйікті немерелерінің қызығын көріп отырған өнегелі де бақытты отбасы.

Алдаберді Мақашев

Ақ жол. – 2017. – 9 қыркүйек

Туған жердің туы биік болсын деп…Асанбай Асқаров

Туған жердің туы биік болсын деп…Асанбай Асқаров

«Асқар тау алыстаған сайын асқақтай түседі» дегендей, біздің қазақта да уақыт өткен сайын биіктеп, есімі мен еңбегі бүгінгі ұрпақпен бірге жасасып келе жатқан таудай тұлғалар аз емес. Олар кеше ұлттың намысы мен арын, болмысы мен бағын сақтап қалуға орасан еңбек етіп, сол жолда жанын да, барын да салып, тар жол тайғақ кешуден тайынбай, тер төкті. Ұлтымыздың сондай бірегей ұлдарының бірі – Асанбай Асқаров еді.

Сонау 1922 жылы, осыдан дәл тоқсан бес жыл бұрын 15 қыркүйекте облысымыздың Меркі ауданындағы Тәтті ауылында өмірге келген Асанбай әкеден небәрі жеті жасында қалып, ерте есейіп, қатарластарынан бұрын бой тіктеп, ой түзейді. Содан болар, ол мектептен кейін Фрунзедегі педагогикалық училищені бітіріп, бар-жоғы он жетіге толар-толмас шағында еңбек жолын мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастайды. 1942-1946 жылдары әскер қатарына шақырылып, батальон, полк деңгейінде әскери-саяси ұйымдастырушылық қызметтер атқарды. Ұлы Отан соғысы жылдарында жауынгерлерді баптап, оларды қаһармандық, ерлік көрсетуге баулып, жеңіске жетуімізге үлкен үлес қосты. Соғыстан елге оралған соң, саяси және идеологиялық жұмыстармен ай-налысты. Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық, облыстық комсомол комитеттерінің хатшысы болды. Облысымыздың Красногор және Меркі аудандарында партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Небәрі 36 жасында Жамбыл облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, екі жылдан кейін осы облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Өңірдің экономикасын, мәдениетін дамытуға орасан зор еңбек сіңірді. Ірі өндіріс орындары бой көтерді, ғылыми-зерттеу орталықтары, мәдениет ошақтары ашылды. Жамбыл қаласы өсіп-өнген, гүлденген қалаға айналды. Халықтың мәдениеті мен тұрмысы әлдеқайда түзелді. 1965-1978 жылдары Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Ол жақтың да ғылыми-техникалық, мәдени-әлеуметтік, экономикалық әлеуетін биік деңгейге көтерді. Балқаш өңіріндегі Ақдала алқаптары күріш өсіретін аймақ ретінде танылды. Қарадала, Шеңгелді, Күртідегі Бозай аймақтары суландырылып, молшылық, береке мекеніне айналды. Бүкіл Жетісу өңірі гүлдей жайнап түрленді. Алматы қаласы көркейіп өсе түсті. Жаңа ірі өндіріс ошақтары ашылып, ықшам аудандар салынды. Көптеген сәулетті ескерткіштер мен алып ғимараттардың іргесі қаланып, көшелердің сәулеті артты. 1978-1985 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысын басқарғанда да өзінің өрелі істерімен көптің көңілінен шықты.

«Замана – соққан жел. Мағыналы өмір сүргің келсе, оған желкен бол. Желкен болу – ұдайы желдің өтінде тұру. Айтуға ғана оңай. Оған мықтылық керек. Жай мата желкен бола алмайды» деген екен бір ғұлама. Сол айтқандай, Асанбай Асқаров та заманның құйындатып соққан желіне қарсы өз көкірегін тосып, елінің қорғаны бола білгені де шындық. Ол сол арқылы абырой биігіне, адамдық асуына көтеріле алды. Сондықтан ол туралы көп айтылады, жиі жазылады. Бүгінде ол туралы жазылған естеліктер мен мақалаларға көз жүгірте қалсақ, таудай тұлғаның биік болмысы мен азаматтық қырларына қаныға түсеміз. Бәрінен де оның ұлттық мүдде тұрғысындағы ұстанымы, елдік қасиеті, азаматтық көзқарасы анық айшықталып тұрады.

«Қандай да бір қайраткердің еңбегі мен төккен терін саралаған, бағалаған кезде ең алдымен оның өзі өмір сүрген кезеңде қоғам алдында атқарған, сіңірген еңбегі ең басты өлшем болмақ. А.Асқаров өткен кеңестік кезеңде қызмет етіп, билік тұтқасын ұстап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен ғылымының өркендеуіне зор үлес қосқан аса беделді әрі абыройы асқақ, кемел тұлғалардың бірі. Еңбекке жастайынан етене араласып, басшылық мектебінің барлық сатыларынан, өмір мектебі өткелдеріндегі сыннан сүрінбей өткен Асекең жастар ұйымының аудандық, облыстық басшысы қызметі баспалдақтарын басып, өмір тәжірибесін жинақтап, партиялық басшылықта ширек ғасырдан астам уақыт қызмет етті. 26 жылдай үш облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқарды. Атқарғанда да абырой биігінен көрініп, өзі басқарған облыстарда артында өшпестей із қалдырып отырды. Ол қай облысты басқарса да сол аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын заманға сай биік деңгейге көтере білді. Оның ұйымдастырушылық еңбегінің нәтижесін көзімен көріп, көңіл-көзімен сезінген халық оған мейлінше сеніммен әрі үмітпен қарады. Асекең де жаратылысынан ұлтжанды, тарихымыздың сұңғыла білімпазы болғандықтан қолына алған істерінің тарихи мән-маңызына, халықтық мәніне ерекше ден қойып, ұлтымыздың болашағын көздеген басшы болды. Ол бір күндігін емес, алыс болашағын көздеген тұлға еді», – дейді мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетов өзінің бір мақаласында аға туралы ағынан жарылып.

Жалпы алғанда Асекең өзінің туған жері – Жамбыл облысында 19 жыл бойы елеулі еңбек етті. Ол сол жылдары облысымыздың өсіп-өркендеуіне, жаңа өндіріс орындарының, зауыт-фабрикалардың, мәдени ошақтардың ашылуына тікелей ұйытқы болды. Көрнекті тұлғаларға ескерткіш орнату әлі қолға алынып, дәстүрге ене қоймаған кезеңде облыстың атын иемденіп отырған Жамбыл атамызға еңселі ескерткішті Асекең өзі облысқа басшылық жасап тұрған кезде орнатып кетті.

– Адам баласы жарық дүниеге бәрі бірдей боп келгенімен бәрінің алдында не бітірді, не тындырды, фәни жалғаннан бақилыққа кім боп аттанды деген үлкен сұрақтар тұрары анық. Біреулер бұл дүниеден елеусіз, ескерусіз өтсе, біреулер тіпті халықтың қарғысын арқалап аттанады. Тек санаулы адам ғана елінің мерейін өсіріп, мақтанышына айналып, үлкен абыройға ие болады. Сондай жанның бірі − Асекеңді халқы аса көрнекті, қажымас, қайсар қайраткер, айбарлы басшы, ғұлама ғалым, үлкен жазушы, ақын, елінің ардақты да абзал азаматы, ұлы перзенті деп бағалады. Өмірден озғанына біраз жыл болса да атын ұмытпады, атақ-абыройын төмендетпеді, – дейді шәкірт-інісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Көпжасар Нәрібаев.

Иә, адал төккен маңдай тер, тынымсыз кешкен бейнет, еліміздің жүгін қара нардай көтерген қайрат еленбей, ескерілмей қалған жоқ. Әділдік те жарық күн сияқты, нұрлы сәулені қолмен көлегейлеп тұра алмайсың.

«Қырсық шалса жолыңды,

Қысқартады қолыңды,

Іске аспай қалады,

Айтқан сөзің орынды», деп ол текке жырламады.

Ол қайта құру кезеңінің әділетсіз құрбанына айналса да, тағдыр тәлкегі текті тұлғаның сағын сындыра алмады, әділетсіздік қыран қанатын қырқуға қауқарсыз еді. Қолдан ұйымдастырылған жаладан құтылып, ақталып шыққаннан кейін де Асекең қол қусырып қарап отырған жоқ. Тынымсыз еңбек етіп, ұрпақ алдындағы азаматтық парызын көз жұмғанша атқарып кетті. Алдына ақыл сұрап келгендерге жол сілтеп, ағалық, абыздық қасиетінен айнымай, білген-түйгенін айтудан жалықпаған.

Еңбек зейнеткері Әшімқұл Ақпейілов көз көрген ретінде тұлғаның осы болмысына тәнті болғанын айтады.

– Мен Асанбай ағамен үш-төрт мәрте кездестім. Інілік ізет білдіріп, жөн сұрап алдына барғам. Үйінде де болдым. Сонда байқағаным, А.Асқарұлы қабілет қайнары, шығармашылық мүмкіндігі мол, қажуды, шаршап, шалдығу дегенді білмейтін қайратты кісі еді. Оның өзі ол кісінің тектілігінен, рухының мықтылығынан туындап жататын. Көрнекті мемлекет қайраткерінің шығармашыл тұлғасын кейінірек танып, білдік қой. Мен шежіре жазуды қолға алғанымда да, ақылын айтып, ұсақ-түйекті сөз қылмай, нақты мәліметтермен жазу керектігімді ескерткен еді. Шежіремнің алғашқы бөліктері «Қазақ батырлары» газеттерінде жарияланғанда Асанбай аға танысып, өз ойын білдірген еді, – дейді Ә.Ақпейілов.

Сондай-ақ, ол аға өсиеті арқылы көптеген қазақтың ірі тұлғаларына ескерткіштер орнатылып, кітаптар жарық көргенін де тілге тиек етті.

Халық перзенті, көзі тірісінде-ақ аңызға айналған асыл азамат тірі болғанда биыл тоқсан бес жасқа толар еді. Ерен еңбегінің арқасында Социалистік Еңбек Ері атанған ол елімізге ғана емес, кешегі бүкіл кеңес одағына танымал ірі тұлғалардың бірі болғандығы сөзсіз. Ұлтының ұлы, намыстың құлы бола білген барша алаштың ардақтысы атанған Асанбай Асқаровтың есімін ұмытпай, елі үшін еміреніп еткен өлшеусіз еңбегін елеп, ескеріп, құрметтеу – бүгінгі біздердің мерейлі міндетіміз. Сөз соңын ардақты ағаның елім деп соққан жүрегінен тулап шыққан бір шумақ өлеңмен аяқтағанды жөн көрдік.

«Туған жердің туы биік болсын деп,

Жері егінге, қыры малға толсын деп.

Еңбек еттім жанымды бір аямай,

Ел басына бақыт құсы қонсын деп».

                       * * *

Жуырда Ә.Ақпейілов «Асанбай аға өсиетімен» атты кітапша шығарды.

Жанғазы Ахмет

Ақ жол. – 2017. – 14 қыркүйек

Академик Алшанов

Академик Алшанов

ҚР Президенті Архивінде «Мәңгілік Ел» қайраткерлері» циклдық кездесулері аясында мемлекет және қоғам қайраткері, КСРО-ның «Халықтар достығы» ордені, Қазақстанның «Парасат» ордені, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженерлік академияның академигі Рахман Алшанұлы Алшановпен кездесу өтті.

Рахман Алшанов 1947 жылы 13 қыркүйекте Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң мектепте мұғалім болып жұмыс істеп, сонан соң Шу қант зауытында енбек етті.

1969-1974 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың философия-экономика факультетінің саяси экономика бөліміне оқуға түсті. 1973-1984 жылдары комсомол комитетінің хатшысы, ҚазМУ-дың саяси экономика кафедрасының әрі ассистенті, аға оқытушы, доценті қызметтерін қатар алып жүрді. Жастар арасындағы және көптеген қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырушы болды.

1986-1987 жылдарды С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың философия-экономика факультетінің деканы болды. 1988-1992 жылдары республикалық мәдениет қызметкерлерінің біліктілігін артттыру институтының директоры, Қазакстан мәдениет қызметкерлерінін шығармашылық одағының президенті болып сайланды. 1992 жылы бүгінгі таңда он бес мыңнан астам жоғары білікті маман даярлап шығарған, республикамыздағы алғашқы жеке меншік «Тұран» университетін құрды. Бүгінгі таңда оқу орны екі университеттен құралған (Алматы және Астана) екі колледж (Алматы және Астана), «Тұран» лицейі (Алматы), үш ғылыми-зерттеу институты, «Тау-Тұран» оқу-сауықтыру кешені, «Түран-Профи» халықаралық академиясы, бакалавриат-магистратура, докторантурасы бар     үлкен     «Тұран» корпорациясына айналған. Ал Рахман Алшанов сонымен қатар, 2002 жылдың ақпан айынан бастап ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті болып қызмет етіп келеді. Ол аса маңызды сала болып табылатын әлемдік білім беру кеңістігіндегі интеграциялык жұмыстарға, ондағы бәсекелестікті арттыруға белсенді атсалысып келеді. «КазРЕНА» Қазақстан ғылыми білім беру компьютерлік желісін пайдаланушылар қауымдастығының президенті.

1981 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-да кандидаттық диссертациясын және 1992 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде докторлық диссертациясын сәтті қорғаған.

Рахман Алшанов бірнеше қоғамдық Академия мен сайлау органдарының мүшесі, Ұлттык және халыкаралық инженерлік Академияның, жаратылыстану ғылымдары Академиясының, Еуразиялық экономикалық Академияның, Халықаралық қоғамдық туризм Академиясының президенті, Білім және ғылым министрлігі алқасының, ҚР Үкіметі жанындағы республикалық Кеңестер мен комиссиялардың, инновациялық қордың жанындағы талдау кеңесінің мүшесі.

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде 812-ші корының 28-ші сақтау бірлігінде Қазақ мемлекеттік университетінің комсомол комитетінің хатшысы Рахман Алшановтың жеке ісі 1977 жылдан бері мемлекеттік сақтауда. Қазақстан ЛКЖО Алматы облыстық комитетінің хатшысы Шәмша Беркімбаеваның ұсынысына сәйкес, 1974 жылдың 26 наурызында комсомолдың республикалық Орталық Комитетінің шешімімен Рахман Алшанов Қазак мемлекеттік университетінің комсомол комитетінің хатшысы болып бекітілгені туралы, өмірбаяны мен мінездеме құжаттары бар.

Сонымен қатар, архивте оның философия-экономика факультетінің деканы қызметін атқарып жүрген кезіндегі құжаттары және 1986 жылы желтоқсан айында студентін қорғау мақсатындағы қүжаттары да сақталынған. Оның өзіне де жалған айып тағылып, бір жылдан соң жұмыстан кетуге мәжбүр болады. 2015 жылы ҚР Президенті архивіне отбасы атынан Алматы қаласы жеке коллекция жинаушыларынан сатып алып жинақталған Кеңес Одағының Батыры. жазушы Мәлік Ғабдуллиннің құжаттарын сыйға тартқан. Архивке берілген Мәлік Ғабдуллиннің кұжаттары бірегей, әсіресе оның жұбайы жазған «Мәлік туралы өлеңдер» деген жинақтағы жазбалары, жазушының фотосуреттерінің түпнұсқалары және басқа да құжаттар зерттеушілердің сұраныстарына ие.

Осындай айтулы азаматпен болған кездесуге «Нұр Отан» партиясы және баспасөз өкілдері, Алматы қаласы қоғамдық кеңес мүшелері, қызметтестері мен «Тұран» университетінің студенттері мен оқытушылары қатысты. «Дөңгелек үстелдің» алғы сөзінде ҚР Президенті архивінің директоры Б.Жапаров Р. Алшанов жайлы жылы лебізін білдірді. Жиналған қауымға «Формула успеха» деп аталатын Рахман Алшанұлының қызмет жолына арналған бейнебаян көрсетілді. Сонымен қатар, кездесуге келген Алшаңовтың замандастары оның іскерлігі мен еңбексүйгіштігі, шыншылдығы мен қарапайымдылығы жайлы өз ойларымен бөлісіп, ыстық ықыластарын білдірді.

Рахман Алшанов өз сөзін кеш қонақтарына алғыс айтудан бастады. Аянбай еткен еңбектің арқасында көп нәрсеге қол жеткізуге болатынын жастарға айтып, алдағы уақытта әлі де біршама жұмыстарды аткаратынымен бөлісті.

Сондай-ақ, кеш қонақтарына ҚР Президенті архивінің ұйымдастырған Р.Алшановтың өмірі мен қызметі жөнінде ақпарат беретін құжаттық көрмесі таныстырылды. Көрмеге Рахман Алшанұлынын жеке қорынан алынған құжаттары мен фотосуреттері. Алғыс хаттары мен еңбектерінің көшірмелері фотоқұжат ретінде қойылды. Кеш соңы шағын концерттік бағдарламамен аяқталды.

Сымбат Шайжанова

Ақ жол. – 2017. – 23 қыркүйек


 
 

Дипломат

Дипломат

         

          2015 жыл. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге белгілі бір топ тұлғаларды наградтады. Солардың арасында Шу ауданының орталығы Төле би ауылында туып-өскен Сайлау Батыршаұлы «Парасат» орденімен марапатталды. Ол белгілі дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлағаты ұстаз.

          Қой жылы соңында Астана қаласындағы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шарада Нұрсұлтан Назарбаев: «Тұтас бір дәуірлердің куәгері болған біздің халық өз дамуында көпғасырлық күрделі жолдан өтті. Әл-Фараби айтқан екен, мемлекет те адам сияқты өз өмірінде екі табалдырықтан аттайды. Біріншісі – өмірге келуі, екіншісі – ересек өмірге қадам басуы. Осы кезеңдердің әрқайсысы қайталанбайтын әрі қымбат кезең болып саналады. Біздер, қазақ халқы, ұлт өрлеуінің қазақстандық дәуірінің негізін қалаушыға әрі тұңғыш ізбасарына айналдық. Біз өз егемендігімізді бабалардың өнегесі мен халқымыздың парасаттылығының арқасында алдық. Шексіз арман жолында Отан үшін орасан қиындықтардан өтуге болады. Тәуелсіздік – күшті рухпен және мықты мінезбен ғана ұстап тұруға болатын тарих толқыны», – деп өз ойын айтты.

Сол қиын-қыстау кезең саналатын 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болатынына күмәнмен қарағандардың қарасы қылаң берген. Елбасы Н.Назарбаев барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, сол жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялады. Бүгінгі күні ел тәуелсіздігінің ширек ғасырға басқан қадамын тойлауға кірісті.

Бұл жетістікке қазақ дипломаттары да өзіндік үлесін қосты. С.Батыршаұлы 1990 жылдан бастап Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, министрдің міндетін атқарды. Ол еңбек жолын 1965 жылы Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы қызметінен бастады. Мәскеуде Жоғарғы дипломатиялық мектебін (академия) бітірген соң Францияда, Алжирде, Конгода совет елшілігінде дипломат қызметінде болды.
Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған соң шет мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орнатуда Сайлау көп еңбек атқарады. Еліміздің Өзбекстан Республикасындағы бірінші Төтенше және Өкілетті елшісі ретінде екі ел арасындағы қатынасты реттеуге үлкен үлес қосып, Өзбекстандағы қазақ қандастарымызбен тығыз байланыс жасап, олардың ата жұртына оралуына жол ашты. Солардың ішінде қазіргі Қазақстан Республикасы елтаңбасының авторы, әйгілі дизайнер-архитектор Жандарбек Мәлібековке Қазақстан азаматтығын өз қолымен берген осы С. Батыршаұлы болатын.

Ол кезде біз бұрынғы Совет одағының куәлігін пайдаланып жүрдік. Жаңа Қазақстан Республикасының паспорты 1995 жылы 1 қаңтардан бастап енгізілді. Айта кететін тағы бір жайт, Алаш көсемдері және бүгінгі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің суретін салған Өзбекстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ұлты қазақ Әбдімәлік Бұхарбаев сынды өнер қайраткеріне де Қазақстан азаматтығын берген – Елші С. Батыршаұлы. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы, Израильдегі елшіліктердің кеңесшісі болып тер төкті. Соңғы жылдары Сыртқы істер министрінің кеңесшісі лауызымынан зейнетке шықты.

Бүгінде дипломатия қызметіне келгеніне 50 жыл толып отыр. 1944 жылы Республикада Сыртқы істер министрлігі құрылғаннан бері 15 министр қызмет атқарса, дипломат ардагер – солардың 13-імен қызметтес болып, сұхбаттасқан тұлға.
Бұған дәлел белгілі дипломат, мемлекет қайраткері Қ. Тоқаев: «С. Батыршаұлы – білімді, белсенді, өмірлік ұстанымы бар азамат және табиғатынан халықтық дипломатиясынан сусындаған» – деп, «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар» оқулығына жазған алғы сөзінде өз ойын білдірген.

Тәуелсіздікті алар алдындағы 1991 жылғы тамыз айында Елбасы Н. Назарбаевтың шақыруымен Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер Қазақстанға келген болатын. Алып елдің Мемлекеттік хатшысын Елбасы қабылдап, екі ел арасындағы саяси, экономикалық түрлі мәселелер және болашақтағы қарым-қатынас туралы толғамды ойлар талқыланды. Өйткені Қазақстан жерінде стратегиялық ракеталар және ядролық полигондар орналасқан, сонымен қоса, елімізде үлкен мұнай қоры анықталған болатын. АҚШ осы жайларды ескеріп, елімізбен саяси, сауда-экономикалық қатынас орнатуға бел байлады. Сөйтіп, олар тиімді келіссөз жасай алды. АҚШ-тың тәжірибелі ірі компаниялары Қазақстан мұнайын игеруге көмектесетін болып келісілді. Сол уақытта еліміз тәуелсіздікті әлі жарияламаған, қазақ дипломатиясының тәжірибесі де аз болатын. Соған қарамастан, Америка делегациясын жоғары дәрежеде қарсы алып, нәтижелі келіссөз жүргізілді. Жоғары дәрежелі делегацияны қарсы алып, оларды күтуде қазақ дипломатиясы үлкен іс атқарды. Оған дәлел Джеймс Бейкер Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы С. Батыршаұлына арнайы алғыс білдіріп, хат жазады.
1990 жылы 25 қазанда қазақ дипломатиясы «Мемлекеттік егемендік» туралы Декларация даярлауға өз үлесін қосты. Бұл декларацияда тұңғыш рет «мемлекет» деген сөз қолданылып, шетелдермен байланыс жасау мәселесі бекітілді. Тәуелсіздік алу жолында бұл құжаттың маңызы өте зор болды.

Қазақ Үкіметінің тапсырмасы бойынша Мәскеуде одақтық министрлігінде Сыртқы істер министрлерімен кездесу, жиындарда дипломат тәуелсіздік алу жолына белсенді кіріседі. Ол Республика жұртшылығын, оның ішінде басқа да ұлт өкілдерін егемендікке иландыру үшін көп әрекет жасайды, соның бірін айтар болсақ: 1990 жылғы 6 қазанда «Ленинская смена» газетіне берген сұхбатында «Қазақ ССР-і Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуға толық құқылы және бұл мәселе күн тәртібінде тұр» деп мәлімдейді. Ал корреспондент дипломаттың пікірін «фантазия» деп есептейді. Сөйтіп, «Казахстан – полноправный член ООН. Фантазия или реальность?» деген тақырыппен мақала береді. Бірақ, бұл ешқандай да фантазия болған жоқ. Өткен күннің еншісінде қалған шындық. Тәуелсіздіктің таңы атып, көк байрағымыз желбіреп, ел еңсесін көтеріп, болашаққа нық сеніммен қадам басты.

Қазақстан Республикасы 1992 жылы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшелігіне қабылданды. Қазірде Қазақстан мемлекеті әлемдік аренада беделді мемлекетке айналды. Әрине, бұл ең алдымен тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі және бұған қазақ дипломатиясының да қосқан үлесі мол екендігі хақ.

1991 жылы қазан айында Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының сессиясына Кеңес одағының делегациясы құрамында Сыртқы істер министрінің орынбасары С.Батыршаұлы да қатысады. Біздің дипломат осы сәтті пайдаланып, БҰҰ-ға мүше елдердің делегацияларымен жұмыс жүргізіп, Қазақстан туралы мәлімет береді. Ол осы тұста АҚШ Мемлекеттік департаментінің бөлім басшысы Джонсон және АҚШ Конгресінің жауапты хатшысы Джоунстқа Қазақстан басшысының тәуелсіздікке баратын идеясын да жеткізеді.

БҰҰ ғимаратында шетел корреспонденттерінмен баспасөз мәслихатын өткізеді. Оған қатысқан ТАСС агенттігінің корреспонденті біздің дипломаттан сұхбат алады. 1991 жылғы 24 қазанда ТАСС корреспондентінің баспасөз мәслихатынан берген мақаласы республикалық ақпарат құралдары «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» «Жетісу», «Вечерняя Алма-ата» газеттерінде жарияланды. Осы жағдайлардан кейін Министр дипломатты қызметтен босату әрекеттерін жасайды. Осы мәселе жөнінде сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары М. Жолдасбеков С.Батыршаұлын кабинетіне шақырып, мән-жайды сұрайды. Сұхбатта көтерілген Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болатындығына көзі жетіп, дипломаттың өз қызметінде қалуына жәрдем береді.
Бір жарым айдан соң, Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда мемлекеттік Тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары Сыртқы істер министрлігі, елшілер, дипломаттар туралы заңнама, қаулы, ережелер даярлауда мол тәжірибесі пайдаға асты. Сол жылдары Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қалыптасуына, шетелдерде біздің елшіліктеріміздің ашылуына үлкен жұмыс жасалды.

Шын мәнінде Сәкең – «Сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға. Ол кісі тек мемлекет қайраткері, дипломат қана емес, үлкен ғалым-ұстаз. Ол 60-жылдарда Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігіндегі қызметінен қол үзбей жүріп, қосымша Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде, Қазақ педагогикалық институты, Қазақ ауыл шаруашылық институты, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры ретінде қосымша қызмет атқарады.

Халықаралық тәжірибесін, білімін бүгінгі студенттерге беріп келеді. 28 жылдық ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі бар профессор, Еуразия ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетінде дипломаттар даярлауда бакалавр, магистрант және докторанттарға дипломатиялық хаттама және халықаралық қатынастар, халықаралық шиеленістер туралы лекция оқып жүр.

С.Батыршаұлы дипломатиялық қызметпен бірге ғылымда, халықаралық қатынастар мамандығына маман даярлауда жемісті еңбек етуде. 2005-2010 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде докторлық диссертация кеңесінің мүшесі, 2002 жылдан бастап Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің профессоры және ғылыми кеңесінің мүшесі болды.

Еліміздің қоғамдық жұмыстарына белсене араласып жүрген ардагер дипломат, ұстаз Астанадағы «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы қызметін атқаруда қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесіне жеткізу мақсатында көптеген игілікті істер атқарып келеді.

Ол көптеген ғылыми-публицистикалық еңбектер жазды. «Развитие промышленности в развивающихся странах», «Внешнеэкономические и культурные связи Казахстана» және «Дипломатия тек сыртқы саясат емес…», «Мысырдағы Мәмлүк сәулет өнерінің тарихы», «Оман Сұлтандығы» кітаптарының авторы. Республика тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар» оқулығын жазып шыққан бірегей дипломат. Осы еңбегі үшін Қазақстан жоғарғы оқу ассоциациясының шешімімен «Ахмет Байтұрсынұлы» республикалық медалі тапсырылды. Сондай-ақ, Қазақстанның және шетелдердің саяси-экономикалық, әлеуметтік проблемаларына байланысты жүзге жуық мақалалары мен еңбектері жарық көрді.

Дипломатия саласында атқарған ерен еңбегі үшін Кеңес одағы, Қазақстан Сыртқы істер министрлерінің көптеген грамоталары мен Алғыс хаттарын алды. «Қазақстан Республикасы Дипломатия қызметінің еңбек сіңірген қызметкері», Елдің тәуелсіздігіне қосқан еңбегі үшін Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін «Нәзір Төреқұлов» медалімен марапатталған.

Белгілі дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, Еуразия ұлттық университетінің профессоры ретінде студенттерге білім берумен ғана шектеліп қалмай, жастарға ұлттық сананы бойларына сіңіріп, қалыптастыруда атқарып жүрген еңбегі еселі жерлесімізді мақтан тұтамыз.

Лариса АЛДАБЕРГЕНОВА, 

журналист.

Астана қаласы

                                                                Ақ жол. – 2016. – 23 қаңтар(№9). – 4 б.