Төл тарихтың тарланы (Талас Омарбеков — 70 жас)

Төл тарихтың тарланы (Талас Омарбеков — 70 жас)

Талас Омарбеков 1948 жылы 29 мамырда Жамбыл облысының Байзақ ауданы Ақжар ауылында дүниеге келді. Ол орта мектептен соң сол кездегі Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих факультетін бітіріп, 1971 жылы Жамбыл облысының Жуалы және Байзақ аудандарында тарих пәнінің оқытушысы, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1972 жылдан бастап жас тарихшы өзі еңбек ететін Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Чапаев атындағы орта мектепте алғаш рет «Тарих және археология» музейін ұйымдастырды. Бұл музейге езінің кезінде Тараз қаласына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізгендегі, облыстық музейдің ғылыми қызметкерлерімен бірге жүргізген аудан өңіріндегі ортағасырлық төрткүлдерге, ежелгі Охум қаласына қазба жұмыстарының нәтижелері, олардан табылған археологиялық ескерткіштер, ежелгі түркі тас мүсіндері және т.б. қойылған еді. 1972 жылы ол республикалық баспасөз беттерінде тарихты оқыту әдістемесіне арналған көлемді мақалаларын жариялай бастады. 1977 жылы өзі білім алған Абай атындағы ҚазПИ-дің аспирантурасына іштей оқу бөліміне түсіп, оны аяқтаған соң осында оқытушылыққа қалдырылды. Ал 1982 жылы ол кандидаттық диссертациясын қорғады.

1991 жылы Компартияның тарауы Т.Омарбеков тәрізді ұлттық мүдде тұрғысынан ойлайтын тарихшылардың зерттеу жұмыстарына кең жол ашты. ОГПУ-дің құпия мұрағаттарынан алынған құжаттар мен деректерді көптеп жариялауға, қордаланған тарихи тақырыпқа кең құлашпен, тың тыныспен, зор құлшыныспен мақалалар жазуға толық мүмкіндік туды. Төл тарихтың ділгір мәселелерін жан-жақты талдаған еңбектері республикалық ақпарат құралдарында дүркін-дүркін жарияланып жатты.

1994 жылы ол академик К.Нұрпейісовтың ғылыми кеңесшілігімен докторлық диссертация қорғады. Диссертациялық жұмыс «Қазақ шаруаларын меншігінен айыру және күшпен ұжымдастыру» тақырыбына арналды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Т.Омарбеков тел тарихтың 70 жыл бойы қордаланған мәселелерін кетеріп, олқылығын толтыруға білек сыбана кірісті. Осы жылдары ол «Ақиқат» журналының белім меңгерушісі, жаңадан ашылған «Қазақ тарихы» журналының қызметкері, әрі редакциялық алқа мүшесі, «Қазақ әдебиеті» газетінің тарихи тақырыптарға байланысты ғылыми кеңесшісі қызметтерін жоғарғы оқу орындарындағы оқытушылық қызметтерімен қоса атқарды. Бұл кезең зерттеуші ғалымның XX ғасырдың 20-30-жылдарындағы Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірдегі өзгерістер, кеңестік модернизациялау саясатының ақтаңдақтарын ашып, бұрмаланған тарихи ақиқаттың шымылдығын түрген аса бір белсенді ғылыми жұмысының шоқтығы биік бөлігіне айналды.

Т.Омарбек 1991 жылы бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ үлттық университетіне қызметке ауысады. Осы кезеңнен бастап ғалым-ұстаздың тағдыры арадағы жеті ай мерзімді есептемегенде (1994 жылдың қазан айынан 1995 жылдың сәуіріне дейін М.Тынышбаев атындағы транспорт және коммуникация академиясында Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланыста өрбіп келеді. Алғашында Білім жетілдіру институтында кафедра меңгерушісі, Тарих факультетінде профессор, ал 2001-2010 жылдар аралығында Қазақ халқының ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы кафедрасының, ал 2011 жылдан университеттегі үш кафедраны қосып жасалған Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.

Танымал тарихшының ғылыми-шығармашылық қызметінің жаңа бір белесі қазақ халқының этникалық тарихын зерттеу мәселелерімен байланысты болды. 2005 жылы жеке демеушілердің қолдауымен «Алаш» тарихи-зерттеу орталығын ұйымдастырып, оның директоры қызметін атқарды. Осы орталықтан Т.Омарбековтің жетекшілігімен және авторлық қатысуымен «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» жобасы бойынша 30 томнан тұратын монографиялық еңбектер жарық көрді. Республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша да ғалымның жетекшілігімен және авторлығымен «Қазақтың этникалық тарихы» ғылыми жобасы негізінде 9 томнан тұратын еңбектер баспадан шықты. Осы бағыттағы ғылыми зерттеулер жалғасын тауып, «Қазақ түркілерінің этникалық тарихы (б.з.б. I мыңжылдық — б.з. ІХ ғасыры)», «Қазақ түркілерінің шығу тегі» (ІХ-ХІҮ ғғ.) атты жеке монографиялары баспадан шықты.

Т.Омарбекұлының ғылыми-зерттеу жұмыстарының келесі кезеңі көшпелілер өркениетінің мәселелерін зерттеуге ұласты. Ол 2013 жылы Елбасының «Халық — тарих толқынында» атты мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жанынан «Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерделеудің республикалық ғылыми-зерттеу орталығын» құрып, директоры әрі ғылыми жетекшісі ретінде тың бағыттағы тарихи зерттеулерді жүзеге асыруға кірісті. 2013 жылдан өз жұмысын бастаған бұл орталық профессор Т.Омарбековтің жетекшілігімен Орталық Азиядағы дәстүрлі мәдениеттерді зерттеудің методологиялық мәселелері; көшпелілердің далалық им-перияларының тарихы; қазақ халқының этногенезі; Орталық Азия көшпелілерінің көшпелі емес, көрші халықтармен қарым-қатынастары тарихы; Дешті-Қыпшақтағы дәстүрлі қоғамның әлеуметтік және этно-мәдени құрылымына байланысты бес ірі ғылыми бағытта жұмыс атқарды.

Профессор Т.Омарбековтің тікелей бастамасымен ғылыми жобаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңінде мәселенің теориялық-методологиялық жақтарын зерттеу қолға алынды. Қазіргі отандық және шетелдік гуманитарлық ғылыми әдебиеттердегі Орталық Азияның көшпелі халықтарының дәстүрлі өркениетінің тарихын зерттеуді көздеген талдаулар жасалды. Мұндайда Орталық Азиядағы тайпалар мен болашақ қазақ халқын құраған әрбір қазақ тайпаларының этникалық, әлеуметтік-саяси және мәдени байланыстарын зерттеуге, осы аймақтағы көшпелілер қауымдастығының этно-территориясының тарихы мен халықтардың дәстүрлі шаруашылық жүргізу түрлерінің ежелгі дәуірден бастап, кейінгі ғасырларға дейінгі ағымдары мен бағыттарын талдауға баса назар аударылды.

Орталықтың айқын жетістігі — Т.Омарбековтің тікелей ұйымдастыруымен әрі ғылыми жетекшілігі, авторлығымен жарияланған 4 томдық монографиялық зерттеу және «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы» оқулығы. «Орталық Азияның көшпелілер өркениетінің тарихы» деп аталатын зерттеудің жалпы көлемі 80 баспа табаққа жуық. Ал 4 кітаптан тұратын, ҚР БҒМ бекіткен «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы» деген оқулық университет студенттеріне арналған. Бұлар шын мәнінде Қазақстанның тарих ғылымында бұрын-соңды жазылмаған, жаңа, көлемді де іргелі еңбектер.

Бүгінгі таңда да үнемі ізденіс пен шығармашылық шабыт үстінде жүретін ғалым-ұстаз «Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерделеудің республикалық ғылым-зерттеу орталығының» директоры ретінде халықаралық және республикалық деңгейдегі зерттеу жобаларына қатысып, жаңа ғылыми еңбектердің көшбасынан көрінуде.

Академик Т.Омарбековтің бүгінгі таңдағы жарияланған тарихи және тарихи-танымдық еңбектерінің жалпы саны 500-ге жуық. Ғылыми еңбектері алыс және жақын шет елдерде өткен халықаралық конференцияларда баяндалып, материалдар жинақтарында және жоғарғы импакт факторлы беделді шет елдік басылымдарда жариялануда.

Т.Омарбековтің ғылыми-педагог кадрлар дайындаудағы еңбегі де бір төбе. Оның 1997-99 жылдары ҚазҰУ жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беретін диссертациялық кеңестің алғашқы төрағасы болғаны белгілі. Сондай-ақ, оның өзінің тікелей ғылыми жетекшілігімен 31 ғылым кандидаты, 7 ғылым докторы, 3 РҺD дайындалды. 2007 жылы ҚР Білім және ғылыми министрлігінің «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері атанды. 2009 жылы Елбасының шешімімен «Құрмет» орденімен марапатталды. 2008 жылы Байзақ ауданының «Құрметті азаматы» атағына ие болды. 2011 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің арнайы «Қазақстан ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісі берілді.

Бүгінгі таңда мерейлі жетпіс жастың белесіне жетіп отырған белгілі ғалым, ардақты ұстаз Талас Омарбекұлына зор денсаулық, отбасына амандық, мол ырыс пен берекелі бірлік тілейміз! Төл тарихтың тарланы атанған ағамыздың келешекте мерейі тасып, мей-манасы асып, ғылыми-шығармашылық табыстары молая берсін! 

Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінің деканы,

Әбділдабек САЛЫҚБАЙ,

жазушы, Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің Бас жүлдесінің иегері. 

Қазақстан тарихы. – 2018. — №4. – 2-3 б.


 
 

Қазақтың алғашқы дипломат қызы (Балжан Бөлтірікова)

Қазақтың алғашқы дипломат қызы (Балжан Бөлтірікова)

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Тұлғатану» орталығы ұйымдастырған «Ел үмітін ақтаған қазақ қызы» атты кездесуге университеттің профессор-оқы­тушылар құрамы, студенттерімен қатар құрметті қонақ ретінде университет ректоры, профессор Такир Балықбаев, белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғайнекен Бибатырова, Қазақстан дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері Қайрат Исаға­лиев, Балжан Бөлтірікованың қызы Бағлан Қожабаева, Чехия және Моңғолоия елдерінің экс-елшісі Советқали Қартбаев қатысты.

Балжан Бөлтірікованың есімін былайғы жұрт аса біле қоймайды. Себебі, тарихтың қай кезеңінде болмасын, елшілердің есімдері көп атала бермеген. Француз философы Жюль Камбонның: «Тарихшылар солдаттарға қарағанда, дипломаттардың есімін әйгілей бермейді, кейбіреулері тіпті ескерусіз қалады», – дейтіні шындыққа саяды. Дегенмен елі үшін еңбек еткен азаматтардың есімінің ардақталғаны абзал.

Б. Бөлтірікова 1922 жылдың 22 қара­шасында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қасық ауылында дүниеге келген. Балжан оқуда озат болған. Жетінші сыныпта оқып жүргенде Мәс­кеуге жолдама жеңіп алады. Сөйтіп, Бүкіл­одақтық пионерлер мен мектеп оқушыларының слетіне қатысады. Оның алғашқы ұзақ сапары осы кезден басталған екен.
Орта мектепті алтын медальға бітірген болашақ дипломат тіл мен әдебиет мамандығын таңдап, ҚазПИ-ге оқуға түседі. Онда оқып жүргенде өз маман­дығына терең бойлаумен қатар, сол кезде Ленинградтан жер аударылып келген Любовь Федулова есімді ұстаздың көме­гімен ғылым-білімді, әсіресе орыс тілін жетік меңгеруге күш салады. Сол кезде студенттерге тағайындалатын ең жоғары шәкіртақы–Лениндік стипендияның иегері атанады. Кәдімгі стипендияның мөлшері 30 рубль болса, Лениндік сти­пендияның көлемі ол уақытта 500 рубль екен. Ол ата-анасына да қаржылай көмек көрсетіп тұрады. Осы жылдары қазіргі Медеу ауданы, бұрынғы Фрунзе аудандық кеңесіне депутат болып сайланады. Соңғы курста оқып жүргенінде мұғалімдік қызметке көптеген жерден шақырту келеді. Алайда оқу бітіргеннен кейін Б.Бөлтірікова Лепсіге жолдама алып, сонда мектептің оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады. Бірақ бұл қызметте көп бөгелмей, Алматыға қайтып келіп, №12 мектепке директор болып тағайын­далады. Ал 1949 жылы Қазақ КСР Бас­тауыш және орта мектеп Кәсіподақ қызметкерлері Орталық комитетінің төрайымы болып сайланады.

№12 мектепке директор болып кел­генінде небәрі 21 жаста екен. Әрине, бұл сол заман үшін қалыпты жағдай бол­ғанымен, бүгінгі ұрпақ үшін үлкен ерлікпен пара-пар. 34 жасында Қазақ КСР Халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалады. Бұл оның білік­тілігігі мен ұйымдастырушылық қабілеті қатар сынға түсетін ең жауапты қызметі еді. Осы кезде оның іскерлігінің арқасында көптеген жұмыстар атқарылды. Соның ішіндегі ең елеулілері, Алматыда Протезді-ортопедиялық зауытпен қатар көптеген құрылыс нысандарының бой көтеруі, Әлеуметтік қорғау туралы заңның қа­былдануы.
Б.Бөлтірікова 1966-1971 жылдар аралығында Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары қыз­метін атқарды. Бұл қызметте жүргенде оған Қазақ КСР-нің Сыртқы істер ми­нистрі қызметі қоса жүктеледі. Қанша ауыр болса да қайсар қыз қызметіне ешқашан мойымады. Табандылығы мен сабырлылығының арқасында алдына қойған міндеттерді абыроймен атқарды. Қазақтың қарапайым қызының осы бір қайсар мінезіне қарап, оны әріптестері мен замандастары «байсалды министр» деп атап кеткен екен. Осы қызметтерде жүр­генде Кеңес Одағы Жоғары кеңесінің Ұлттар палатасының депутаты болып сайланады. Осылайша, 15 республиканың басын біріктірген алып елдің сыртқы саясатына да араласады. Азия мен Африка елдерімен ынтымақтастық комитетінің мүшесі ретінде басқа елдерге көп сапар шегеді.

Балжан Бөлтірікова Сыртқы істер министрі лауазымына қазақ әйелдерінің ішінен бірінші болып тағайындалған тұлға. Ол – БҰҰ Бас ассамблеясының 23, 25 сессияларына Кеңес одағы делега­циясының құрамында болып, мінберде сөз сөйлеген тұңғыш қазақ қызы. Оның сонда сөйлеген сөзін кейін БҰҰ өкілдігі қызметкерлері архивтен тапты.
Көп жылдар Қазақстанның Сыртқы істер министрі қызметін атқарған Ерлан Ыдырысов Балжан апайымызды «Қазақ дипломатиясының ханшайымы» деп атап, Қазақстан дипломатиялық мектебінің негізін қалаған Нәзір Төреқұлов, Төлеген Тәжібаев, Әди Шәріпов, Мәлік Фазылов, Қайырғали Байғалиев, Асқар Зәкәрин, Мүсілім Базарбаев, Михаил Есенәлиев сияқты көрнекті мемлекет қайраткер­лерінің қатарына қояды.

1971 жылы Б. Бөлтірікова республи­камыздың Оқу-ағарту министрі болып тағайындалады. Сол жылдары елімізде жалпы орта білімге көшу жұмыстары басталған. Маңызды да ауқымды шаруаны ұйымдастыру Оқу-ағарту министрінің пешенесіне жазылған екен. Бастауыш және сегіз жылдық мектептердің біразын толық орта мектепке айналдырып, көп жерде мектеп-интернаттар ұйымдас­тырды. Сонымен қатар министр жоғары білімді педагог кадрларын дайындау жұмыстарын өз министрлігіне беруді талап етті. Ол кейін солай болды да.

Б. Бөлтірікова соңғы қызметінде халық шаруашылығына қажетті әртүрлі даяр­лайтын кәсіптік-техникалық мектептер ведомствосын басқарады. Бұл қызметте алты жыл отырып, 1980 жылы зейнеткерлік демалысқа шығады. 1998 жылы 11 мамырда дүниеден өтті. Жары Ескендір Қожабайұлымен 52 жыл отасқан оның артында екі ұлы, екі қызы қалды.

Нұрмұхаммед Мамырбеков

Айқын. — 2018.  — 18 сәуір


 
 

Солтыбаев соқпағы

Солтыбаев соқпағы

Қазақта «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал ала алмайды» деген сөз бар. Біздің алдымызда өзімізге үлгі-өнеге болған атпал ағаларымыздың, қатарлас-қанаттас өмір сүріп келе жатқан жампоз замандастарымыздың, тіпті кейінгі толқын ізетті інілеріміздің өмір белестеріне көз жібере отырып, осы бір қанатты халықтық қағиданың дәл айтылғанына тәнті боласың. Өңірімізге белгілі азамат Еркінбек Солтыбаевты мен сол ордабұзар отызында Жуалының іргелі ұжымшарында партком хатшысы, одан сәл кейінірек Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы, Жуалы аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып жүрген кезінен біледі екенмін. Ерекеңнің қамал алар қырық жасында тағдыр біздерді біріміз басшы, келесіміз қосшы болып Сарысу ауданында бірге қызмет атқаруды маңдайымызға жазыпты.

Бұл жылдарды көзге елестетудің өзі қиын. Былай да жартылай шөлейтті аймақ болып есептелетін туған ауданымыз сол жылдары құрғақшылықтың құрсауында қалған еді. Соның салдарынан болса керек, Талас пен Асаның, Шудың суы сарқылып, аудан аумағындағы жалғыз Шабақтының кенезесі кеуіп тынған. Өрістегі малға, сол мал соңындағы адамдарға Қырым қанды безгегі деген ауру тарататын кенелердің бүйідей тиген кезі де сол тұс. Одақтық бағыныстағы «Қаратау» кен-химия комбинаты басшыларының маңайдағы қазақ ауылдарына шекесінен қарап, қыр көрсетіп, өктемдік танытқан өрескелдіктері де әлі есте. Қырықты алқымдаған жылы бірінші хатшы болып сайланып, атқа қонған Солтыбаевтың күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмытып, әр жағы Сарыарқа мен Бетпақдала, бергі жағы Мойынқұмның бұйра құмдары мен Қаратаудағы көсегенің Көкжоны арасындағы далада мал баққандар мен егін салғандардың ортасында шаруаның жайымен шапқылап жүргенін көзіміз көрді.

Ерекең көп ұзамай-ақ Сарысу елін дау-дамайсыз, айғай-шусыз-ақ өзіне үйіріп алды. Сан шаруаны ұршықша иірді. Ең бастысы – бұған дейінгі жабық, көп шаруа астыртын, жартылай құпия жүргізілетін партия жұмысына ашықтық, жариялылық, демократиялық сипат әкелді. Кез келген күрделі шаруаны ел жақсыларымен ақылдасып отырып шешті. Менің ойымша, Еркінбек Солтыбаевтың Сарысу ауданындағы бес жылға жуықтайтын бірінші басшы болып еңбек еткен жылдары оның өмірлік белестерінің саяси және өмірлік мектептен өткен ең маңызды кезеңі болды. Сол тұста ауданда төрт түлік малдың басы өсті. Шалғайдағы Шу бойынан жаңа мектептер салынды, алыстағы ауылдарға асфальт жол төселді. Байқадам аталып келген тарихы терең ауылға Саудакент атауы қайтарылды, Ықылас Дүкенұлының 150 жылдығын атап өту және Шоқай датқа кесенесін қалпына келтіру жөнінде республика басшылығына хат жолданды, өзі де осы мәселелермен республика басшылығының есігін қағып, Алматыға арнайы барып қайтты. Сол істердің бастауында болған Ерекеңдей жампоз азаматтың қасында жүріп, тиісті құжаттарын дайындап, жақсы шаруаның қолдаушысы болғанымызды бүгінде үлкен қанағат сезімімен еске аламыз.

Киелі Саудакент топырағында Еркінбек Солтыбаевпен ата-бабаларымыз аңсап күткен, сол жолда қанымен-жанымен күрескен тәуелсіздігіміздің арайлы ақ таңын бірге қарсы алдық. 1992 жылдың ақпанында ол кісі алғашқылардың қатарында өзінің туған жері Жуалыға әкімшілік басшысы болып тағайындалды. Шалғайдағы Сарысу ауданынан абыроймен аттанды.

Осы орайда «Өзі жақсы кісіге, бір кісілік орын бар» деген қазақтың дана сөзін тағы бір рет еске ала кетуді жөн көріп отырмын. Міне, осы ауданнан Еркінбек Солтыбаев «Өзіміздің Ерекең» атанып, «Сарысудың бір баласы» болып, құдандаласып, араға үзілмейтіндей жібек жіп жалғап аттанды. Ел қариялары «Қарағым, бала болып келіп едің, дана болып кетіп барасың, қайда жүрсең де абыройың жолдас болсын» деп, ақ батасын беріп, шығарып салды.

Сонымен Солтыбаевтың Сарысудан бастау алған соқпақты жолы осылайша арынды өзендей өзінің туған ауданында жемісті түрде жалғасын тапты. Одан кейінгі жылдарда облыстық халықты әлеуметтік қамсыздандыру басқармасында біршама уақыт басшылықта болды. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын да, күрделі жылдары еді ғой, зейнетақылар мен әлеуметтік жәрдемақылар төленбей, әлеуметтік дүмпулер бірде облысымыздың бір аймағынан, кейде басқа бір тұсынан көрініс беріп жатты. Тәжірибелі басшы осындай қиын жағдайдан шығатын жол тауып, көппен тіл табыса білді.
Еркінбек Солтыбаев облыстық мәслихаттың әлденеше шақырылымының депутаты болып сайланып, елдің аманатын абыроймен алып жүрді. Облыстық тексеру комиссиясының төрағасы ретінде бюджет қаржысының тиімді жұмсалынуына күш салды. Кейінірек «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы аппаратында жауапты қызмет атқара жүріп, белсенділігімен партия активінің үлкен сеніміне ие болды…

Зейнет демалысында жүрген Ерекеңмен бірде кездесіп қалдық.

– Біз екеуміздің арамызды ендігі жерде «Ғұмыр-Дария» жалғап тұратын болады. Ардагерлерге арналған жақсы бір газет шығарып жатыр екенсің. Барлық бастамаларыңа тілеуқормын, – деп еді сол жолы.

2015 жылдың қарашасында облыстық ардагерлер кеңесінің пленумы шақырылып, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың ұсынысымен Еркінбек Солтыбаев облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Е.Солтыбаевтың басшы­лығы­мен атқарылып жатқан жұмыстар бүгінде елдің көз алдында. Ол ардагерлер ұйымдары жаңа заманға бейімделген, жаңаша жұмыс істейтін, игі бастамалардың бел ортасында жүретін белсенді, ықпалды күш екендігін жаңа қырынан дәлелдеп бағуда. Жастарға патриоттық тәрбие беруде, ұлттық, тарихи құндылықтарды насихаттауда, зейнет жасындағы ардагерлердің қоғамнан таса қалмай, белсенді ортаға шығуына ықпал етуде, қарт адамдардың қарап отырмай кәсіптерін дамытуына жағдай жасауға, ардагерлер ұйымдарының ықпалын арттыруға Еркінбек Бейсенбекұлы көп күш жұмсауда.

Бүгінде облыстың ардагерлер ұйымы аймақтың үкіметтік емес ұйымдары арасында өзінің көшбасшылық орнын мығым сақтап келеді. Қазір облыстық ардагерлер кеңесіне келетіндер көбейді, кеңесетіндердің қатары артты. Қарияларымыз аймақ ардагерлерінің бас кеңсесіне жиі-жиі соғып тұруды әдетке айналдырды.

Еңбектің өз өтеуі болады. Жақында облыстық мәслихаттың сессиясында Еркінбек Солтыбаев облыстың Құрметті азаматы атанды, өткен жылы Елбасы Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Аймақ халқының, облыс ардагерлерінің құрметі мен сенімі өз алдына. Меніңше, марапаттың үлкені – сол, көптің құрметі мен сенімі дер едім.
Бүгінде асыл жары, ардақты ана Қалима екеуі – ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерін есейтіп, олардың қызығына кенеліп отырған бақытты отбасы.

  Жаңабай МИЛЛИОНОВҚазақстанның Құрметті журналисі.

Ақ жол. – 2017. – 14 желтоқсан 

  • 3180
  • 72
  • 86
Интернет-ресурстан материалдарды пайдаланған кезде кері сілтеме жасау міндетті! © — Тараз қ. ОККЖ. csmb@bk.ru,
Разработано: Агентство «5-й Элемент»

Ғалым, ел ардақтысы (Мұқатай Немеребаев — 70 жыл)

Ғалым, ел ардақтысы (Мұқатай Немеребаев — 70 жыл)

 Техника ғылымдарының докторы, профессор, Аймақтық менеджмент академиясының академигі, Ресейдің жаратылыстану ғылымдары Акедемиясының корреспондент мүшесі Мұқатай Немеребаевтың 70 жылдығына орай ТИГУ-де «Жақандану заманындағы жаратылыстану және техникалық ғылым» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. 

«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» – деген тәмсіл бекерге айтылмаса керек-ті. Саналы ғұмырын ғылым жолына арнап, маман даярлау ісіне сарп еткен Мұқатай Немеребаев биыл 70 жасқа толып отыр. Жер ұйық саналатын Жетісуда дүниеге келген ол 1970 жылы Қарағанды политехникалық институтының құрылыс инженерлері факультетіне түсіп, оны 1975 жылы құрылысшы — инженер мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп шыққан. Алғашқы еңбек жолын Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтынан оқытушы болып бастаған ғалым 1978 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтында конкурспен өтіп 1994 жылға дейін оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор, деканның орынбасары қызметтерін атқарған. М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, А.Ясауи атындағы ХҚТУ Тараз институтында, ТИГУ және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеттерінде әртүрлі қызметтер атқарған. Бүгінде ғалым ТИГУ-дің «Денешынықтыру және бастапқы әскери дайындық» кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істейді. Мұқатай Немеребайұлының негізгі ғылыми бағыты – ұшақтар мен зымырандар түріндегі құрылымдардың және құрылыс бөлшектерінің бірі болып табылатын көп қабатты арматураланған композит материалдардан жасалған қабыршақтарды, олардың иілу қатаңдығын көбейтуге арналған тор көзді қабыршақтарды динамикалық күштерден, температурадан және құрылыстық әсерлерден есептеудің инженерлік әдісін жасауға арналған. Жалпы зерттеп жүрген ғылым саласы бойынша 180-нен астам ғылыми әдістемелік мақалалары жарық көріп, үш аспирантқа және 10 магистрантқа жетекші ретінде олардың жұмыстары жоғары бағаланып, ғылым кандидаттары мен магистр атанған. Сонымен қатар 7 монография, 55 оқулық пен оқу құралының және 8 патенттің авторы. Оқулықтардың ішінде екі оқулық «Материалдар кедергісі» және «Материалдар менконст рукциялық материалдар технологиясы» ҚР Білім және ғылым министрлігінің тематикалық жоспары негізінде орындалып, жоғары оқу орындарының базалық оқулығы ретінде пайдаланылуда. Ғылымға қосқан елеулі еңбектері үшін ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің Грамоталарымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен бірнеше рет марапатталған. Ғалымға жерлестері Алматы облысы, Ақсу ауданының Құрметті азаматы атағын берген. Сондай-ақ Ресейдің жаратылыстану ғылымы академиясының Петра Великого «Небываемое Бываеть» орденімен және «Ғылым мен білім берудегі құрметті қызметкері» және В.Вернадскийдің күміс медалінің иегері.

ТИГУ-дің мәжіліс залында өткен конференцияға еліміздің және шет елдің көптеген мамандары, ұстаздың әріптестері мен жерлестері қатысты. Шараны аталған оқу орнының проректоры Ерман Шертаев құттықтау сөзімен ашып, Мұқатай Немеребаевтың еңбектерін сөз етті. Сондай-ақ оған жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің атынан Ы.Алтынсарин төсбелгісін табыс етті. Мұнан соң ғалым туралы техника ғылымдарының докторы, доцент Сәбит Баубеков хабарлама жасап, оның атқарған еңбектеріне тоқталды.

– Мұқатай Немеребаевтың есімі 2013 жылы шыққан ҚР ғалымдары «Ғылымға арналған өмір» атты библиографиялық жинаққа енген. Ресейдің жаратылыстану ғылымдары академиясының президиуымының шешіміменен, оның монографиясын Германияның Франкфурт-на Майне, Лондон қалаларында өткен кітап көрмесіне қойылып, онда сертификат пен алтын медальге ие болды. Редакциялық ұйымның шешімімен ғалымның биографиясы «Ресейдің белгілі ғалымдары» атты интернет энциклопедияға еніп, сайтқа қойылды, – деді ол.

Шарада М.Х.Дулати атындағы ТарМУ проректоры Асқар Абдуалы мерейтой иесімен талай жыл әріптес болғандығын сөз етіп, ТИГУ- дің университет болып құрылуы барысындағы төккен терін айтып өтіп. М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбековтың құттықтау хатын табыс етті. Алматы облыстық мәслихатының депутаты, ғалым оқыған мектептің директоры Рахат Ибраимова ғалымның Ақсу ауданының Құрметті азаматы екендігін мақтанышпен айтатындығын жеткізіп, аудан әкімі Әділбек Далғабаевтың құттықтау хатын оқып берсе, аталған аудан газетінің бас редакторы Дүйсен Мухамедшаров оның адами асқақ қасиетін сөзіне арқау етті. Сондай-ақ ТИГУ студенті, айтыскер ақын Айым Көшербай М.Немеребаевқа арнау айтты.

 Шынболат Сейдуалиев

 Жамбыл-Тараз. — 2017. — 18 қазан 

Елі ардақтаған азамат

Елі ардақтаған азамат

 

    Тарихи сурет 1997 жыл. Қазан айы. Ортада Жамбыл облысының әкімі Амалбек Тшанов және Тараз қаласының әкімі Болат Жылқышиев.Тараз қаласының күні алғаш рет аталған күн.

Тарихқа үңілсеңіз, көне шаһар Таразды кімдер басқармады? Орта ғасырдың өзінде Ұлы Жібек жолы бойында атақ- даңқы алысқа кеткен, қаланың билігін қолына алған небір абыз-әкімдердің есімі тарих бетіне айшықталып жазылды. Тарих жазылады, жалғасады… 1997 жылдың 8 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Жамбыл қаласына көне Тараз атауы қайтарылғанда, қаланың тізгінін Болат Әбжаппарұлы Жылқышиев ұстап тұрған еді. Иә, тәуелсіздік жылдарында Тараз қаласының тұңғыш әкімі болу бақыты да Болат Жылқышиевке бұйырды. Ал алдағы 17 қыркүйек күні Тараз қаласының Құрметті азаматы Болат Әбжаппарұлы мерейлі 60 жасқа толып отыр.

Мен қала әкімінің орынбасары болып 1997 жылы келдім. Сол жылдары шаһарды басқарған Болат Жылқышиевтің азаматтық болмысы, іскерлік келбеті, шебер ұйымдастырушылық қабілетін жанында жүрген әріптестері жоғары бағалады. Бұл өзі өтпелі кезең болатын. Қиындықтар да болды. Дегенмен жұмысты алға жүргізіп, тұралап қалған қала өндірістерінің қазанын қайнатуға Болат Жылқышиев мықтап кірісті. Мұғалімдер айлап жалақы алмады, зейнеткерлерге зейнетақы төлеу мен жәрдемақы төлеуде қиындықтар туды. Бюджеттік мекемелердің де қарызы жиналып қалған кез. Коммуналдық қызметтің алдындағы қарыз да шаш етектен жиналып қалған. Нарықтық экономикаға көшудегі баспалдақтарды жұртшылыққа түсіндіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етуге шақыруда біздер Болат Әбжаппарұлының басшылығымен көп іс тындырдық десем артық айтқандық емес. Бар шаруа қаржыға келіп тірелгендіктен, олардың да тетігін тауып, рет-ретімен шешіп отырдық. Тіпті қаланың тазалығына жауапты мекемелер де қаржы тапшылығынан жапа шегіп, жұмыстары тұралап қалды. Алайда осындай келеңсіздіктерге қарамастан, облыс орталығын таза ұстадық. Бұған уақыт куә. Сондай-ақ түйіні тарқамаған мәселелер шешеді деуге негіз болар бастамалардың басынан табылды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қала тұрғындарының ертеңгі күнге деген сенімі, жарқын болашаққа жетелеу қала тізгінін қолға алған азаматтың күндіз-түні ойынан шыққан емес. Болат Әбжаппарұлы тұрғындармен өткен кездесулерде осы мәселені терең болжай, анық та айқын жеткізіп бағатын. Бар саладан хабары бар білікті басшының бұл бағыттағы ойлары да өз жемісін берді. Сол жылдардағы қала әкімдігінің қызметкерлері де қала әкіміне сенімді серік болып жанынан табыла білді.

Жалпы облыс орталығын Болат Жылқышиев басқарған шақ елімізді алға қарай дамыту жөніндегі экономикалық және саяси реформалар жаңадан белгіленіп, енді ғана еңсе түзеп келе жатқан кез болатын. Дегенмен проблемалар да жетерлік еді. Нақтырақ айтқанда, тіл мәселесі Елі ардақтаған азамат өте күрмеуі қиын күрделі проблема болды. Орыс мектептері қазақ мектептеріне қарағанда басымдығы айқын байқалатын. Ол кезеңдерде облыс орталығында таза қазақ мектептері саусақпен санарлықтай ғана болған. Болат Әбжаппарұлы осы мәселеге ден қойып, оны шешуді басты орынға қойды. Тіпті бір жыл ішінде аталған мәселе негізінде екі ауқымды жиын өтті. Ол жиындарда Болат Жылқышиев жауапты азаматтарға тиісті тапсырмалар мен ұсыныстар берді. Әрине, ол ұсыныстардың барлығы сараптаудан өткен, талқылауды қажет етпейтін ұсыныстар еді. Дегенмен төрт мектепті бірден қазақ мектебіне ауыстыру өте қиынға түсті. Себебі ата-аналар наразылық білдіріп, қарсы шыққандар да болды. Одан қала берді қалалық әкімдікке түрлі хаттар келіп, Үкіметке жолдауды талап еткендер де кездесті. Бірақ Болат Әбжаппарұлының ұстанған бағыты мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында оны да еңсеріп шықтық. Мектептер қазақшаланды. Бұл оң шешімін тапқан, қала халқы қолдаған игі істің бір парасы ғана еді. Сөйтіп, аймақтағы қазақ тілінің көсегесін көгертуде үлкен жемісті іс тынды. Қазір қалалық қай мекемеге барсаңыз да, мемлекеттік тілде іс жүргізіледі. Мұны сол жылдардағы жемісті істің нәтижесі деп айтуға да толық негіз бар. Болат Әбжаппарұлы қол астында қызмет еткен әріптестеріне тың жол көрсетіп отыратын десем артық айтқандығым болмас. Себебі сол кісі әкім болып тұрғанда тіл мәселесін, шаһар тазалығын, халықтың күйбең тірліктен рухани рухын көтеру мәселелерін көтеріп, оң шешілуіне ықпал ете алдық. Сондай бір қала халқын рухани қолдау мақсатында қолға алған істің бірі – қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің ашылуы еді. Көне шаһардың өз үні, өз айнасы болуын қалаған тұрғындардың тілегі бұған дейін де көтеріліп келген болатын. Ал мықтап қолға алынған кез Болат Жылқышиевтің қолдауымен болды. Қаржылық қолдау тауып, кадрлық жасақтау осы кезеңде тікелей қала әкімінің басшылығымен қолға алынып, 1996 жылдың 16 ақпанында «Жамбыл-Тараз» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бүгінде толықтай тараздықтардың үніне айналған, 21 жылдық тарихы бар қалалық басылым осылай жарық көрген еді. Білесіз бе, сол алғашқы кездің өзінде газеттің таралымы 22 мың данаға дейін жетіп жығылды. Барлық қала тұрғындарының игілігі үшін қолға алынған бастамалар өз жалғасын тауып жатты. Дегенмен ол істердің барлығында Болат Жылқышиевтің өзіндік қолтаңбасы қалды. Сондай-ақ ол кісінің тұсында Тараз қаласының күнін атап өту алғаш қолға алынды. Сөйтіп, алғаш рет Қала күні 1997 жылы орталық стадионда ауқымды түрде аталып өтіп, сол кездегі облыс әкімі Амалбек Тшанов қала әкіміне қаланың символикалық кілтін табыс еткен болатын. Міне, сол уақыттан бері дәстүрін үзбеген бұл мереке жыл сайын қоңыр күзде, қазан айының алғашқы он күндігінде шаһар тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлап келеді. Биыл осынау күнді 20 жыл қатарынан тойлағалы отырмыз. Осы жылы да барынша сән-салтанатымен аталып өтілетініне сенімім мол.

Тағы бір айта кететінім, ол жұмыста өте қатал болды. Өзіне де, өзгеге де жоғары талап қоя білетін. Мемлекеттік қызметшілерге әуелі халық үдесінен шыға білуін талап ететін. Әрине, олар еткен еңбегімен ғана халықтың сенімін ақтай алады. Сондай-ақ ол сол кезеңдегі қала мен халықтың әлеуметтік жағдайын көре тұрып, қазіргідей таңғы сағат 8:00-ден бастап емес, 6:00-де жұмысқа келуді де талап ететін. Сол уақытта қызметкерлермен жұмысты жоспарлап алып, бірден іске кірісіп кететін. Ал өзі жұмысты жоспарлағанға дейін қаланы бір аралап шығатын болған. Осы қасиеті жұмысқа берілгендігін аңғартса керек. Болат Жылқышиев қаланы басқарған жылдары етене ара- ласып, қызметте қатар жүрген азаматтардың дені – бүгінде сан салада, биік лауазымдарда отыр. Соның бірі қала әкімінің орынбасары Кенжебек Мамашбайұлы Олжабаев сол жылдары қалалық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған бо- латын.

Болат Әбжаппарұлы адам өмір жолының асқар биігі алпыстың асқарына шығып отыр. Ол кісіні көпшілік мемлекет қайраткері, ғұмырын ел дамуына арнаған зиялы азамат ретінде таниды. Еңбексүйгіштігі, қоғамдық белсенділігі жоғары, азаматтық қасиеттерімен елдің құрметіне бөленген азаматты тараздық жұртшылық ірі тұлға ретінде бағалайды. Киелі Әулиеата жерінде Болат Әбжаппарұлының қоғамдық және жемісті еңбегі нағыз кемеліне келген кезең болды. Туған жерге деген сүйіспеншілігі арқылы парасатты да рухы биік ізбасарлары ретінде біз де ол кісіден алған тәлім-тәрбиесін бойымызға сіңірдік. Дарынды ұйымдастырушылық қырын жадымызға түйдік. Тараз шаһарын басқарғаннан кейінгі қоғам игілігіне бағытталған ерен еңбектері еліміздің нығаюына өзіндік үлесін қосты. «Алпыс — тал түс» дейді халқымыз. Осынау жасқа дейін атқарған және алда атқаратын игілікті істе қанаты талмай, қажыр-қайраты арта беретініне сенім мол.

 Күлімхан Тоғызбаева,

Жамбыл -Тараз. — 2017. — 13 қыркүйек

Алғыс арқалаған азамат. Алдиярбек Әли-Асқарұлы Түсіпов

Алғыс арқалаған азамат. Алдиярбек Әли-Асқарұлы Түсіпов

          Желмаядай желдірте жететін, жемістері желкілдей пісетін жетпіс деген мәуелі жасқа адам баласының ажары таймай, адымы талмай жетуінің өзі бір ғанибет қой. Осындай еңселі де елеулі жасқа келген, ел ықыласына бөленген өңіріміздің ардақты азаматтарының бірі – Алдиярбек Әли-Асқарұлы Түсіповтің өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деген мақсатпен қалам тартқанды жөн көрдік.

Жасынан білімге құштар болып өскен жас Алдиярбек орта мектепті ойдағыдай бітіргеннен кейін Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтына түсіп, 1973 жылы құрылысшы инженер-гидротехник мамандығын меңгеріп шығады. Еңбек жолын «Химпром» өндірістік бірлестігінде инженер болудан бастап, өзінің іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылған ол бас инженер дәрежесіне дейін көтеріледі.

Жаны жаз, жүрегі сәулелі, істеген ісі тиянақты азамат қызмет қуған жоқ, оны қызметтің өзі іздеді. 1979 жылы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласы Орталық аудандық партия комитетіне қызметке шақырылып, онда нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болған Алдиярбек Әли-Асқарұлы саяси сауатты, жан-жақты, ісіне адал қарайтындығын таныта білді.

Өзіне сенімді, ары таза, досқа адал, көпшіл тұлға болып қалыптасқан, қабілет-қарымын шыңдай түскен осынау азамат бұдан кейін 1983 жылы Орталық аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалады. Алты жыл бұл қызметті мінсіз атқарған тәжірибелі кадр ретінде жоғарғы басшылықтың ұйғаруымен 1989 жылы Қаратау қалалық атқару комитетінің төрағасы болып ауыстырылады. Бұл жерде де химия өнеркәсібінің шикізатын дайындауда зор рөл атқаратын өңірде адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға белсене кірісті. Тұрғындарды күнделікті тұтыну тауарларымен қамтамасыз етуде іскерлік танытты. Қалалық атқару комитетінің төрағасы ретінде өзіне қойылған талаптан шыға білді.

1992 жылы Алдиярбек Әли-Асқарұлы Тараз қалалық атқару комитетінің төрағасы, көп ұзамай қаланың тұңғыш әкімі болғанда абыройы арта түсті. Зауыт, фабрика, комбинат атаулының жұмысы тоқтап, бюджеттік сала мамандары күнкөріс үшін жабайы базар жағалап кеткен мұндай уақытта қаланы басқару өте күрделі көрінді. Ескі әдіспен іс бітіру мүмкін емес еді. Ең алдымен қаланы дамытудың жоспары жасалды. Ірі кәсіпорын басшыларына талап қойылып, бюджет алдындағы қарызды өтеу мерзімі белгіленді. Бойкүйез, монополист атқамінерлер қарсылық танытып, селкілдеді, сілкінді. Бірақ, амал жоқ, міндеттемеге көнді. Жағдай түзеле бастады. Қала басшысы ішкі резервтерді дұрыс жұмсай білудің арқасында экономикалық ауыртпалықты біртіндеп жеңіп отырды. Ең бастысы, адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға барын салды.

1996 жылы облыстық экология басқармасының басшысы болып тағайындалған Әлекең байсалды, істің мәнін жетік білетін азамат екендігін байқата білді. Бұл кезеңде электр қуаты, табиғи газ тапшылығы салдарынан ел жол бойындағы ағаштарды отай бастады. Экологиялық апатқа алып баратын бұл іске тосқауыл қоюға қатаң шаралар қолдануға тура келген кездер де болған. Бірақ, Алдиярбек Әли-Асқарұлы мәселені адами тұрғыдан шеше білді. Осы қызметтің орынтағында отырған сегіз жыл ішінде іскерлік, азаматтық бейнесі ашыла түскен тұлғаға тағы да зор сенім көрсетіліп, 2004 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Халық қалаулысы Парламентте табиғат қорғау, экология жөніндегі тұрақты комиссия мүшесі ретінде салада жаңа Заң қабылдауына, оның заманауи талаптарға сай болуына белсене атсалысты.

Депутаттық мерзімі аяқталғаннан кейін 2008-2010 жылдар аралығында қайтадан облыстық экология басқармасының басшысы Алдиярбек Түсіпов табиғат жанашыры ұстанымында қоршаған ортаны ластаушылармен ымырасыз күресе білді.

Алдиярбек Әли-Асқарұлы сеніп тапсырылған қай қызметте де өзінің іскерлігімен, жауапкершілігімен мәртебесін биіктете білді. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де құр қарап отыруды құп көрмей, қаламыздың дамуына ары қарай да үлес қосуды жалғастыру мақсатында 2015 жылы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінің тізгінін ұстады.

Оның бастамасымен соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін әлеуметтік қорғау және қолдау бойынша бірқатар қоғамдық жобалар жүзеге асырылып келеді. Осындай келелі істердің нәтижесінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігі орталық кеңесінің байқауында Тараз қалалық ардагерлер кеңесі бас бәйгені иеленсе, облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған байқауда жеңімпаз атануы Әлекеңнің кемелдігінің бір асуымен қатар, оның азаматтық келбетінің де айшықтала түскенін аңғартады.

Алдиярбек Әли-Асқарұлы мінезге бай, ашуын артта, ақылын алда ұстайтын, жаны жайсаң, ізгілікті жан. Еш уақытта да дауыс көтеріп сөйлеген емес. Әңгімелесе кеткен адамымен жеңіл тіл табысып, сыйласқанмен сыйласа біледі. Сондықтан да ол жүрген ортасында өте сыйлы.

Ақпейіл, жаны таза, жүрегі жомарт, биік парасаты мен уәдесіне берік, шындық жолынан таймаған, жақсыға жалынбаған, жаманға табынбаған, адамгершілігі мол, иманды, ұлтжанды азамат осындай айтулы жасқа алаңсыз көңілмен, алғысқа бөленіп жетіп отыр.

Қоғам қайраткері, Жамбыл облысының, Тараз қаласының және Талас ауданының Құрметті азаматы Алдиярбек Әли-Асқарұлының бар болмысы осындай. Ел-жұрты үшін жаралған кең пейілді тұлға ретінде танылған Әлекең Құдай қосқан қосағы Айша екеуі дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген ұл-қыздарынан сүйікті немерелерінің қызығын көріп отырған өнегелі де бақытты отбасы.

Алдаберді Мақашев

Ақ жол. – 2017. – 9 қыркүйек

Туған жердің туы биік болсын деп…Асанбай Асқаров

Туған жердің туы биік болсын деп…Асанбай Асқаров

«Асқар тау алыстаған сайын асқақтай түседі» дегендей, біздің қазақта да уақыт өткен сайын биіктеп, есімі мен еңбегі бүгінгі ұрпақпен бірге жасасып келе жатқан таудай тұлғалар аз емес. Олар кеше ұлттың намысы мен арын, болмысы мен бағын сақтап қалуға орасан еңбек етіп, сол жолда жанын да, барын да салып, тар жол тайғақ кешуден тайынбай, тер төкті. Ұлтымыздың сондай бірегей ұлдарының бірі – Асанбай Асқаров еді.

Сонау 1922 жылы, осыдан дәл тоқсан бес жыл бұрын 15 қыркүйекте облысымыздың Меркі ауданындағы Тәтті ауылында өмірге келген Асанбай әкеден небәрі жеті жасында қалып, ерте есейіп, қатарластарынан бұрын бой тіктеп, ой түзейді. Содан болар, ол мектептен кейін Фрунзедегі педагогикалық училищені бітіріп, бар-жоғы он жетіге толар-толмас шағында еңбек жолын мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастайды. 1942-1946 жылдары әскер қатарына шақырылып, батальон, полк деңгейінде әскери-саяси ұйымдастырушылық қызметтер атқарды. Ұлы Отан соғысы жылдарында жауынгерлерді баптап, оларды қаһармандық, ерлік көрсетуге баулып, жеңіске жетуімізге үлкен үлес қосты. Соғыстан елге оралған соң, саяси және идеологиялық жұмыстармен ай-налысты. Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық, облыстық комсомол комитеттерінің хатшысы болды. Облысымыздың Красногор және Меркі аудандарында партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Небәрі 36 жасында Жамбыл облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, екі жылдан кейін осы облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Өңірдің экономикасын, мәдениетін дамытуға орасан зор еңбек сіңірді. Ірі өндіріс орындары бой көтерді, ғылыми-зерттеу орталықтары, мәдениет ошақтары ашылды. Жамбыл қаласы өсіп-өнген, гүлденген қалаға айналды. Халықтың мәдениеті мен тұрмысы әлдеқайда түзелді. 1965-1978 жылдары Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Ол жақтың да ғылыми-техникалық, мәдени-әлеуметтік, экономикалық әлеуетін биік деңгейге көтерді. Балқаш өңіріндегі Ақдала алқаптары күріш өсіретін аймақ ретінде танылды. Қарадала, Шеңгелді, Күртідегі Бозай аймақтары суландырылып, молшылық, береке мекеніне айналды. Бүкіл Жетісу өңірі гүлдей жайнап түрленді. Алматы қаласы көркейіп өсе түсті. Жаңа ірі өндіріс ошақтары ашылып, ықшам аудандар салынды. Көптеген сәулетті ескерткіштер мен алып ғимараттардың іргесі қаланып, көшелердің сәулеті артты. 1978-1985 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысын басқарғанда да өзінің өрелі істерімен көптің көңілінен шықты.

«Замана – соққан жел. Мағыналы өмір сүргің келсе, оған желкен бол. Желкен болу – ұдайы желдің өтінде тұру. Айтуға ғана оңай. Оған мықтылық керек. Жай мата желкен бола алмайды» деген екен бір ғұлама. Сол айтқандай, Асанбай Асқаров та заманның құйындатып соққан желіне қарсы өз көкірегін тосып, елінің қорғаны бола білгені де шындық. Ол сол арқылы абырой биігіне, адамдық асуына көтеріле алды. Сондықтан ол туралы көп айтылады, жиі жазылады. Бүгінде ол туралы жазылған естеліктер мен мақалаларға көз жүгірте қалсақ, таудай тұлғаның биік болмысы мен азаматтық қырларына қаныға түсеміз. Бәрінен де оның ұлттық мүдде тұрғысындағы ұстанымы, елдік қасиеті, азаматтық көзқарасы анық айшықталып тұрады.

«Қандай да бір қайраткердің еңбегі мен төккен терін саралаған, бағалаған кезде ең алдымен оның өзі өмір сүрген кезеңде қоғам алдында атқарған, сіңірген еңбегі ең басты өлшем болмақ. А.Асқаров өткен кеңестік кезеңде қызмет етіп, билік тұтқасын ұстап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен ғылымының өркендеуіне зор үлес қосқан аса беделді әрі абыройы асқақ, кемел тұлғалардың бірі. Еңбекке жастайынан етене араласып, басшылық мектебінің барлық сатыларынан, өмір мектебі өткелдеріндегі сыннан сүрінбей өткен Асекең жастар ұйымының аудандық, облыстық басшысы қызметі баспалдақтарын басып, өмір тәжірибесін жинақтап, партиялық басшылықта ширек ғасырдан астам уақыт қызмет етті. 26 жылдай үш облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқарды. Атқарғанда да абырой биігінен көрініп, өзі басқарған облыстарда артында өшпестей із қалдырып отырды. Ол қай облысты басқарса да сол аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын заманға сай биік деңгейге көтере білді. Оның ұйымдастырушылық еңбегінің нәтижесін көзімен көріп, көңіл-көзімен сезінген халық оған мейлінше сеніммен әрі үмітпен қарады. Асекең де жаратылысынан ұлтжанды, тарихымыздың сұңғыла білімпазы болғандықтан қолына алған істерінің тарихи мән-маңызына, халықтық мәніне ерекше ден қойып, ұлтымыздың болашағын көздеген басшы болды. Ол бір күндігін емес, алыс болашағын көздеген тұлға еді», – дейді мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетов өзінің бір мақаласында аға туралы ағынан жарылып.

Жалпы алғанда Асекең өзінің туған жері – Жамбыл облысында 19 жыл бойы елеулі еңбек етті. Ол сол жылдары облысымыздың өсіп-өркендеуіне, жаңа өндіріс орындарының, зауыт-фабрикалардың, мәдени ошақтардың ашылуына тікелей ұйытқы болды. Көрнекті тұлғаларға ескерткіш орнату әлі қолға алынып, дәстүрге ене қоймаған кезеңде облыстың атын иемденіп отырған Жамбыл атамызға еңселі ескерткішті Асекең өзі облысқа басшылық жасап тұрған кезде орнатып кетті.

– Адам баласы жарық дүниеге бәрі бірдей боп келгенімен бәрінің алдында не бітірді, не тындырды, фәни жалғаннан бақилыққа кім боп аттанды деген үлкен сұрақтар тұрары анық. Біреулер бұл дүниеден елеусіз, ескерусіз өтсе, біреулер тіпті халықтың қарғысын арқалап аттанады. Тек санаулы адам ғана елінің мерейін өсіріп, мақтанышына айналып, үлкен абыройға ие болады. Сондай жанның бірі − Асекеңді халқы аса көрнекті, қажымас, қайсар қайраткер, айбарлы басшы, ғұлама ғалым, үлкен жазушы, ақын, елінің ардақты да абзал азаматы, ұлы перзенті деп бағалады. Өмірден озғанына біраз жыл болса да атын ұмытпады, атақ-абыройын төмендетпеді, – дейді шәкірт-інісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Көпжасар Нәрібаев.

Иә, адал төккен маңдай тер, тынымсыз кешкен бейнет, еліміздің жүгін қара нардай көтерген қайрат еленбей, ескерілмей қалған жоқ. Әділдік те жарық күн сияқты, нұрлы сәулені қолмен көлегейлеп тұра алмайсың.

«Қырсық шалса жолыңды,

Қысқартады қолыңды,

Іске аспай қалады,

Айтқан сөзің орынды», деп ол текке жырламады.

Ол қайта құру кезеңінің әділетсіз құрбанына айналса да, тағдыр тәлкегі текті тұлғаның сағын сындыра алмады, әділетсіздік қыран қанатын қырқуға қауқарсыз еді. Қолдан ұйымдастырылған жаладан құтылып, ақталып шыққаннан кейін де Асекең қол қусырып қарап отырған жоқ. Тынымсыз еңбек етіп, ұрпақ алдындағы азаматтық парызын көз жұмғанша атқарып кетті. Алдына ақыл сұрап келгендерге жол сілтеп, ағалық, абыздық қасиетінен айнымай, білген-түйгенін айтудан жалықпаған.

Еңбек зейнеткері Әшімқұл Ақпейілов көз көрген ретінде тұлғаның осы болмысына тәнті болғанын айтады.

– Мен Асанбай ағамен үш-төрт мәрте кездестім. Інілік ізет білдіріп, жөн сұрап алдына барғам. Үйінде де болдым. Сонда байқағаным, А.Асқарұлы қабілет қайнары, шығармашылық мүмкіндігі мол, қажуды, шаршап, шалдығу дегенді білмейтін қайратты кісі еді. Оның өзі ол кісінің тектілігінен, рухының мықтылығынан туындап жататын. Көрнекті мемлекет қайраткерінің шығармашыл тұлғасын кейінірек танып, білдік қой. Мен шежіре жазуды қолға алғанымда да, ақылын айтып, ұсақ-түйекті сөз қылмай, нақты мәліметтермен жазу керектігімді ескерткен еді. Шежіремнің алғашқы бөліктері «Қазақ батырлары» газеттерінде жарияланғанда Асанбай аға танысып, өз ойын білдірген еді, – дейді Ә.Ақпейілов.

Сондай-ақ, ол аға өсиеті арқылы көптеген қазақтың ірі тұлғаларына ескерткіштер орнатылып, кітаптар жарық көргенін де тілге тиек етті.

Халық перзенті, көзі тірісінде-ақ аңызға айналған асыл азамат тірі болғанда биыл тоқсан бес жасқа толар еді. Ерен еңбегінің арқасында Социалистік Еңбек Ері атанған ол елімізге ғана емес, кешегі бүкіл кеңес одағына танымал ірі тұлғалардың бірі болғандығы сөзсіз. Ұлтының ұлы, намыстың құлы бола білген барша алаштың ардақтысы атанған Асанбай Асқаровтың есімін ұмытпай, елі үшін еміреніп еткен өлшеусіз еңбегін елеп, ескеріп, құрметтеу – бүгінгі біздердің мерейлі міндетіміз. Сөз соңын ардақты ағаның елім деп соққан жүрегінен тулап шыққан бір шумақ өлеңмен аяқтағанды жөн көрдік.

«Туған жердің туы биік болсын деп,

Жері егінге, қыры малға толсын деп.

Еңбек еттім жанымды бір аямай,

Ел басына бақыт құсы қонсын деп».

                       * * *

Жуырда Ә.Ақпейілов «Асанбай аға өсиетімен» атты кітапша шығарды.

Жанғазы Ахмет

Ақ жол. – 2017. – 14 қыркүйек

Академик Алшанов

Академик Алшанов

ҚР Президенті Архивінде «Мәңгілік Ел» қайраткерлері» циклдық кездесулері аясында мемлекет және қоғам қайраткері, КСРО-ның «Халықтар достығы» ордені, Қазақстанның «Парасат» ордені, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженерлік академияның академигі Рахман Алшанұлы Алшановпен кездесу өтті.

Рахман Алшанов 1947 жылы 13 қыркүйекте Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң мектепте мұғалім болып жұмыс істеп, сонан соң Шу қант зауытында енбек етті.

1969-1974 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың философия-экономика факультетінің саяси экономика бөліміне оқуға түсті. 1973-1984 жылдары комсомол комитетінің хатшысы, ҚазМУ-дың саяси экономика кафедрасының әрі ассистенті, аға оқытушы, доценті қызметтерін қатар алып жүрді. Жастар арасындағы және көптеген қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырушы болды.

1986-1987 жылдарды С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың философия-экономика факультетінің деканы болды. 1988-1992 жылдары республикалық мәдениет қызметкерлерінің біліктілігін артттыру институтының директоры, Қазакстан мәдениет қызметкерлерінін шығармашылық одағының президенті болып сайланды. 1992 жылы бүгінгі таңда он бес мыңнан астам жоғары білікті маман даярлап шығарған, республикамыздағы алғашқы жеке меншік «Тұран» университетін құрды. Бүгінгі таңда оқу орны екі университеттен құралған (Алматы және Астана) екі колледж (Алматы және Астана), «Тұран» лицейі (Алматы), үш ғылыми-зерттеу институты, «Тау-Тұран» оқу-сауықтыру кешені, «Түран-Профи» халықаралық академиясы, бакалавриат-магистратура, докторантурасы бар     үлкен     «Тұран» корпорациясына айналған. Ал Рахман Алшанов сонымен қатар, 2002 жылдың ақпан айынан бастап ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті болып қызмет етіп келеді. Ол аса маңызды сала болып табылатын әлемдік білім беру кеңістігіндегі интеграциялык жұмыстарға, ондағы бәсекелестікті арттыруға белсенді атсалысып келеді. «КазРЕНА» Қазақстан ғылыми білім беру компьютерлік желісін пайдаланушылар қауымдастығының президенті.

1981 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-да кандидаттық диссертациясын және 1992 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде докторлық диссертациясын сәтті қорғаған.

Рахман Алшанов бірнеше қоғамдық Академия мен сайлау органдарының мүшесі, Ұлттык және халыкаралық инженерлік Академияның, жаратылыстану ғылымдары Академиясының, Еуразиялық экономикалық Академияның, Халықаралық қоғамдық туризм Академиясының президенті, Білім және ғылым министрлігі алқасының, ҚР Үкіметі жанындағы республикалық Кеңестер мен комиссиялардың, инновациялық қордың жанындағы талдау кеңесінің мүшесі.

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде 812-ші корының 28-ші сақтау бірлігінде Қазақ мемлекеттік университетінің комсомол комитетінің хатшысы Рахман Алшановтың жеке ісі 1977 жылдан бері мемлекеттік сақтауда. Қазақстан ЛКЖО Алматы облыстық комитетінің хатшысы Шәмша Беркімбаеваның ұсынысына сәйкес, 1974 жылдың 26 наурызында комсомолдың республикалық Орталық Комитетінің шешімімен Рахман Алшанов Қазак мемлекеттік университетінің комсомол комитетінің хатшысы болып бекітілгені туралы, өмірбаяны мен мінездеме құжаттары бар.

Сонымен қатар, архивте оның философия-экономика факультетінің деканы қызметін атқарып жүрген кезіндегі құжаттары және 1986 жылы желтоқсан айында студентін қорғау мақсатындағы қүжаттары да сақталынған. Оның өзіне де жалған айып тағылып, бір жылдан соң жұмыстан кетуге мәжбүр болады. 2015 жылы ҚР Президенті архивіне отбасы атынан Алматы қаласы жеке коллекция жинаушыларынан сатып алып жинақталған Кеңес Одағының Батыры. жазушы Мәлік Ғабдуллиннің құжаттарын сыйға тартқан. Архивке берілген Мәлік Ғабдуллиннің кұжаттары бірегей, әсіресе оның жұбайы жазған «Мәлік туралы өлеңдер» деген жинақтағы жазбалары, жазушының фотосуреттерінің түпнұсқалары және басқа да құжаттар зерттеушілердің сұраныстарына ие.

Осындай айтулы азаматпен болған кездесуге «Нұр Отан» партиясы және баспасөз өкілдері, Алматы қаласы қоғамдық кеңес мүшелері, қызметтестері мен «Тұран» университетінің студенттері мен оқытушылары қатысты. «Дөңгелек үстелдің» алғы сөзінде ҚР Президенті архивінің директоры Б.Жапаров Р. Алшанов жайлы жылы лебізін білдірді. Жиналған қауымға «Формула успеха» деп аталатын Рахман Алшанұлының қызмет жолына арналған бейнебаян көрсетілді. Сонымен қатар, кездесуге келген Алшаңовтың замандастары оның іскерлігі мен еңбексүйгіштігі, шыншылдығы мен қарапайымдылығы жайлы өз ойларымен бөлісіп, ыстық ықыластарын білдірді.

Рахман Алшанов өз сөзін кеш қонақтарына алғыс айтудан бастады. Аянбай еткен еңбектің арқасында көп нәрсеге қол жеткізуге болатынын жастарға айтып, алдағы уақытта әлі де біршама жұмыстарды аткаратынымен бөлісті.

Сондай-ақ, кеш қонақтарына ҚР Президенті архивінің ұйымдастырған Р.Алшановтың өмірі мен қызметі жөнінде ақпарат беретін құжаттық көрмесі таныстырылды. Көрмеге Рахман Алшанұлынын жеке қорынан алынған құжаттары мен фотосуреттері. Алғыс хаттары мен еңбектерінің көшірмелері фотоқұжат ретінде қойылды. Кеш соңы шағын концерттік бағдарламамен аяқталды.

Сымбат Шайжанова

Ақ жол. – 2017. – 23 қыркүйек


 
 

Дипломат

Дипломат

         

          2015 жыл. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге белгілі бір топ тұлғаларды наградтады. Солардың арасында Шу ауданының орталығы Төле би ауылында туып-өскен Сайлау Батыршаұлы «Парасат» орденімен марапатталды. Ол белгілі дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлағаты ұстаз.

          Қой жылы соңында Астана қаласындағы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шарада Нұрсұлтан Назарбаев: «Тұтас бір дәуірлердің куәгері болған біздің халық өз дамуында көпғасырлық күрделі жолдан өтті. Әл-Фараби айтқан екен, мемлекет те адам сияқты өз өмірінде екі табалдырықтан аттайды. Біріншісі – өмірге келуі, екіншісі – ересек өмірге қадам басуы. Осы кезеңдердің әрқайсысы қайталанбайтын әрі қымбат кезең болып саналады. Біздер, қазақ халқы, ұлт өрлеуінің қазақстандық дәуірінің негізін қалаушыға әрі тұңғыш ізбасарына айналдық. Біз өз егемендігімізді бабалардың өнегесі мен халқымыздың парасаттылығының арқасында алдық. Шексіз арман жолында Отан үшін орасан қиындықтардан өтуге болады. Тәуелсіздік – күшті рухпен және мықты мінезбен ғана ұстап тұруға болатын тарих толқыны», – деп өз ойын айтты.

Сол қиын-қыстау кезең саналатын 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болатынына күмәнмен қарағандардың қарасы қылаң берген. Елбасы Н.Назарбаев барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, сол жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялады. Бүгінгі күні ел тәуелсіздігінің ширек ғасырға басқан қадамын тойлауға кірісті.

Бұл жетістікке қазақ дипломаттары да өзіндік үлесін қосты. С.Батыршаұлы 1990 жылдан бастап Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, министрдің міндетін атқарды. Ол еңбек жолын 1965 жылы Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы қызметінен бастады. Мәскеуде Жоғарғы дипломатиялық мектебін (академия) бітірген соң Францияда, Алжирде, Конгода совет елшілігінде дипломат қызметінде болды.
Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған соң шет мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орнатуда Сайлау көп еңбек атқарады. Еліміздің Өзбекстан Республикасындағы бірінші Төтенше және Өкілетті елшісі ретінде екі ел арасындағы қатынасты реттеуге үлкен үлес қосып, Өзбекстандағы қазақ қандастарымызбен тығыз байланыс жасап, олардың ата жұртына оралуына жол ашты. Солардың ішінде қазіргі Қазақстан Республикасы елтаңбасының авторы, әйгілі дизайнер-архитектор Жандарбек Мәлібековке Қазақстан азаматтығын өз қолымен берген осы С. Батыршаұлы болатын.

Ол кезде біз бұрынғы Совет одағының куәлігін пайдаланып жүрдік. Жаңа Қазақстан Республикасының паспорты 1995 жылы 1 қаңтардан бастап енгізілді. Айта кететін тағы бір жайт, Алаш көсемдері және бүгінгі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің суретін салған Өзбекстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ұлты қазақ Әбдімәлік Бұхарбаев сынды өнер қайраткеріне де Қазақстан азаматтығын берген – Елші С. Батыршаұлы. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы, Израильдегі елшіліктердің кеңесшісі болып тер төкті. Соңғы жылдары Сыртқы істер министрінің кеңесшісі лауызымынан зейнетке шықты.

Бүгінде дипломатия қызметіне келгеніне 50 жыл толып отыр. 1944 жылы Республикада Сыртқы істер министрлігі құрылғаннан бері 15 министр қызмет атқарса, дипломат ардагер – солардың 13-імен қызметтес болып, сұхбаттасқан тұлға.
Бұған дәлел белгілі дипломат, мемлекет қайраткері Қ. Тоқаев: «С. Батыршаұлы – білімді, белсенді, өмірлік ұстанымы бар азамат және табиғатынан халықтық дипломатиясынан сусындаған» – деп, «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар» оқулығына жазған алғы сөзінде өз ойын білдірген.

Тәуелсіздікті алар алдындағы 1991 жылғы тамыз айында Елбасы Н. Назарбаевтың шақыруымен Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер Қазақстанға келген болатын. Алып елдің Мемлекеттік хатшысын Елбасы қабылдап, екі ел арасындағы саяси, экономикалық түрлі мәселелер және болашақтағы қарым-қатынас туралы толғамды ойлар талқыланды. Өйткені Қазақстан жерінде стратегиялық ракеталар және ядролық полигондар орналасқан, сонымен қоса, елімізде үлкен мұнай қоры анықталған болатын. АҚШ осы жайларды ескеріп, елімізбен саяси, сауда-экономикалық қатынас орнатуға бел байлады. Сөйтіп, олар тиімді келіссөз жасай алды. АҚШ-тың тәжірибелі ірі компаниялары Қазақстан мұнайын игеруге көмектесетін болып келісілді. Сол уақытта еліміз тәуелсіздікті әлі жарияламаған, қазақ дипломатиясының тәжірибесі де аз болатын. Соған қарамастан, Америка делегациясын жоғары дәрежеде қарсы алып, нәтижелі келіссөз жүргізілді. Жоғары дәрежелі делегацияны қарсы алып, оларды күтуде қазақ дипломатиясы үлкен іс атқарды. Оған дәлел Джеймс Бейкер Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы С. Батыршаұлына арнайы алғыс білдіріп, хат жазады.
1990 жылы 25 қазанда қазақ дипломатиясы «Мемлекеттік егемендік» туралы Декларация даярлауға өз үлесін қосты. Бұл декларацияда тұңғыш рет «мемлекет» деген сөз қолданылып, шетелдермен байланыс жасау мәселесі бекітілді. Тәуелсіздік алу жолында бұл құжаттың маңызы өте зор болды.

Қазақ Үкіметінің тапсырмасы бойынша Мәскеуде одақтық министрлігінде Сыртқы істер министрлерімен кездесу, жиындарда дипломат тәуелсіздік алу жолына белсенді кіріседі. Ол Республика жұртшылығын, оның ішінде басқа да ұлт өкілдерін егемендікке иландыру үшін көп әрекет жасайды, соның бірін айтар болсақ: 1990 жылғы 6 қазанда «Ленинская смена» газетіне берген сұхбатында «Қазақ ССР-і Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуға толық құқылы және бұл мәселе күн тәртібінде тұр» деп мәлімдейді. Ал корреспондент дипломаттың пікірін «фантазия» деп есептейді. Сөйтіп, «Казахстан – полноправный член ООН. Фантазия или реальность?» деген тақырыппен мақала береді. Бірақ, бұл ешқандай да фантазия болған жоқ. Өткен күннің еншісінде қалған шындық. Тәуелсіздіктің таңы атып, көк байрағымыз желбіреп, ел еңсесін көтеріп, болашаққа нық сеніммен қадам басты.

Қазақстан Республикасы 1992 жылы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшелігіне қабылданды. Қазірде Қазақстан мемлекеті әлемдік аренада беделді мемлекетке айналды. Әрине, бұл ең алдымен тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі және бұған қазақ дипломатиясының да қосқан үлесі мол екендігі хақ.

1991 жылы қазан айында Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының сессиясына Кеңес одағының делегациясы құрамында Сыртқы істер министрінің орынбасары С.Батыршаұлы да қатысады. Біздің дипломат осы сәтті пайдаланып, БҰҰ-ға мүше елдердің делегацияларымен жұмыс жүргізіп, Қазақстан туралы мәлімет береді. Ол осы тұста АҚШ Мемлекеттік департаментінің бөлім басшысы Джонсон және АҚШ Конгресінің жауапты хатшысы Джоунстқа Қазақстан басшысының тәуелсіздікке баратын идеясын да жеткізеді.

БҰҰ ғимаратында шетел корреспонденттерінмен баспасөз мәслихатын өткізеді. Оған қатысқан ТАСС агенттігінің корреспонденті біздің дипломаттан сұхбат алады. 1991 жылғы 24 қазанда ТАСС корреспондентінің баспасөз мәслихатынан берген мақаласы республикалық ақпарат құралдары «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» «Жетісу», «Вечерняя Алма-ата» газеттерінде жарияланды. Осы жағдайлардан кейін Министр дипломатты қызметтен босату әрекеттерін жасайды. Осы мәселе жөнінде сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары М. Жолдасбеков С.Батыршаұлын кабинетіне шақырып, мән-жайды сұрайды. Сұхбатта көтерілген Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болатындығына көзі жетіп, дипломаттың өз қызметінде қалуына жәрдем береді.
Бір жарым айдан соң, Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда мемлекеттік Тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары Сыртқы істер министрлігі, елшілер, дипломаттар туралы заңнама, қаулы, ережелер даярлауда мол тәжірибесі пайдаға асты. Сол жылдары Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қалыптасуына, шетелдерде біздің елшіліктеріміздің ашылуына үлкен жұмыс жасалды.

Шын мәнінде Сәкең – «Сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға. Ол кісі тек мемлекет қайраткері, дипломат қана емес, үлкен ғалым-ұстаз. Ол 60-жылдарда Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігіндегі қызметінен қол үзбей жүріп, қосымша Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде, Қазақ педагогикалық институты, Қазақ ауыл шаруашылық институты, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры ретінде қосымша қызмет атқарады.

Халықаралық тәжірибесін, білімін бүгінгі студенттерге беріп келеді. 28 жылдық ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі бар профессор, Еуразия ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетінде дипломаттар даярлауда бакалавр, магистрант және докторанттарға дипломатиялық хаттама және халықаралық қатынастар, халықаралық шиеленістер туралы лекция оқып жүр.

С.Батыршаұлы дипломатиялық қызметпен бірге ғылымда, халықаралық қатынастар мамандығына маман даярлауда жемісті еңбек етуде. 2005-2010 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде докторлық диссертация кеңесінің мүшесі, 2002 жылдан бастап Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің профессоры және ғылыми кеңесінің мүшесі болды.

Еліміздің қоғамдық жұмыстарына белсене араласып жүрген ардагер дипломат, ұстаз Астанадағы «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы қызметін атқаруда қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесіне жеткізу мақсатында көптеген игілікті істер атқарып келеді.

Ол көптеген ғылыми-публицистикалық еңбектер жазды. «Развитие промышленности в развивающихся странах», «Внешнеэкономические и культурные связи Казахстана» және «Дипломатия тек сыртқы саясат емес…», «Мысырдағы Мәмлүк сәулет өнерінің тарихы», «Оман Сұлтандығы» кітаптарының авторы. Республика тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар» оқулығын жазып шыққан бірегей дипломат. Осы еңбегі үшін Қазақстан жоғарғы оқу ассоциациясының шешімімен «Ахмет Байтұрсынұлы» республикалық медалі тапсырылды. Сондай-ақ, Қазақстанның және шетелдердің саяси-экономикалық, әлеуметтік проблемаларына байланысты жүзге жуық мақалалары мен еңбектері жарық көрді.

Дипломатия саласында атқарған ерен еңбегі үшін Кеңес одағы, Қазақстан Сыртқы істер министрлерінің көптеген грамоталары мен Алғыс хаттарын алды. «Қазақстан Республикасы Дипломатия қызметінің еңбек сіңірген қызметкері», Елдің тәуелсіздігіне қосқан еңбегі үшін Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін «Нәзір Төреқұлов» медалімен марапатталған.

Белгілі дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, Еуразия ұлттық университетінің профессоры ретінде студенттерге білім берумен ғана шектеліп қалмай, жастарға ұлттық сананы бойларына сіңіріп, қалыптастыруда атқарып жүрген еңбегі еселі жерлесімізді мақтан тұтамыз.

Лариса АЛДАБЕРГЕНОВА, 

журналист.

Астана қаласы

                                                                Ақ жол. – 2016. – 23 қаңтар(№9). – 4 б.


 
 

Марат Құлибайұлы

Марат Құлибайұлы 1975 жылы 21 ақпанда Жамбыл облысы Жуалы ауданы Бақалы ауылында туған.  М.Х. Дулати атындағы  Тараз мемлекеттік университетінің филология және журналистика  факультеттерін бітірген. Еңбек жолын С. Сейфуллин атындағы  орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары , облыстық «Ар-Ай» газетінде жауапты хатшы, Жуалы   аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық- саяси газеті ЖШС директор – бас редакторының орынбасары, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде тілші болып жұмыс істеді. Қазіргі таңда «AULIEATA-MEDIA» ЖШС еңбек етуде.

«Қолқанат» және «Мейірім» атты әңгімелер жинақтары мен «Жұлдызы биік Жуалы» атты тарихи – т анымдық кітабы жарық көрген. Бірқатар шығармалары мектеп оқулықтары мен түрлі республикалық жинақтарға енген.

Әңгімелері аудандық, облыстық баспасөз беттерінде, республикалық «Балдырған» және «Жыл он екі ай» журналдарында тұрақты жарияланып  тұрады. Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

Толығырақ көру…