Елдос Сметов Түркия татамиінде топ жарды

Елдос Сметов Түркия татамиінде топ жарды

xa0Түркияның Анталия қаласында дзюдодан кезекті Гран-при турнирі өтті. Әлемнің 78 елінен 533 дзюдошы қатысқан додада қазақстандық балуандар да бақ сынады.

Айдын Смағұлов баптайтын ерлер құрамасы 12 спортшыға сенім артты. Олар: Елдос Сметов (60 келі), Дәурен Сүйеукенов (60 келі), Әбілхайыр Мәуленин (66 келі), Сұңғат Жұбатқан (66 келі), Аңсарбек Ғайнуллин (73 келі), Жанболат Бағытбергенов (73 келі), Руслан Мұсаев (81 келі), Дидар Хамза (81 келі), Ерсұлтан Мұзаппаров (90 келі), Рега Палкин (90 келі), Әділхан Қозыбаев (100 келі), Жамбыл Тұрғыналиев (+100 келі). Әйелдер арасында ел намысын 48 келідегі Отгонцэцэцг Галбадрах қорғады.

Осылардың арасынан екеуі жүлдеге ілікті. Ерлер арасында ең жеңіл салмақта белдескен Елдос Сметов Анталия бозкілемінде чемпион атанды. Ол финалға дейін бес кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Алдымен әзербайжандық Оружа Вализадудың (вазари) осал тұсын тапса, одан кейін болгариялық Валентин Алипиевті (иппон), бразилиялық Фелипе Китадаи (иппон) және ағылшын Эшли Макензидің (иппон) жауырынын жер иіскетті.

Шешуші сында Сметов өзбекстандық Кемран Нуриллаевпен белдескен. Алғашында «вазари» ұпайын алған қазақстандық спортшы кейін қылқындыру әдісін жасап, таза жеңіске жетті. Осылайша, жарақатына байланысты Екатеринбургтегі Grand Slam турнирінен сырт қалған Елдос Сметов Анталияда атой салды.

Ал әйелдер арасында 48 келі салмақта күрескен Галбадрах Отгонцэцэг финалда косоволық спортшыға есе жіберіп, турнирдің күмісіне қол жеткізді.

Сөйтіп, Түркияға барған 13 балуанның екеуі жүлдеге ілігіп, Қазақстан жалпыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Бірінші және екінші орынды Грузия мен Әзербайжан командалары өзара бөлісті.

«Гран-при сыны жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырылу жағынан кемшілік жоқ, спортшылардың деңгейі өскен. Белдесулер кезінде жанкүйерлердің, халқымның қолдауын сезіндім. Жақында жарақат алғанымды білесіздер. Иығымды ауыртып алған соң, Екатеринбургтегі Grand Slam додасынан бас тартқан едім. Араға аз уақыт салып, Анталиядағы сында топ жардым. Дәрігерлер денсаулығымды бақылап отыр. Жарақатымнан жүз пайыз айығып кеттім деп айта алмаймын. Иығым әлі де болса ауырады. Одан бөлек, белдесу кезінде қарсыласым тіземнен теуіп, тағы да ауырсынып қалдым.Дегенмен, бұл – спорт. Спортта мұндай кішігірім жарақат көп кездеседі. Ең бастысы – әрі қарай ушықтырып алмау керек. Токио Олимпиадасына іріктеу сынында жоғары ұпай жинап, төртжылдық додасына жолдама алуды басты мақсат тұттым. Бұйырса, сол ойымызды жүзеге асыруға тырысамыз»,– дейді Елдос Сметов.

Осы Анталиядағы Гран-приден кейін Халықаралық дзюдо федерациясы сәуір айына арналған әлемдік рейтингті жариялады. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов бесінші орынға көтерілген. Сметовтің қоржынында 4380 ұпай бар. Ал 60 келі салмақтағы балуандардың көшін ресейлік Роберт Мшвидобадзе бастады. Екінші орында жапондық Руджи Нагаяма тұр. Үшінші және төртінші орынды грузиялық Амиран Папинашвили мен жапониялық Наохиса Такато бөліскен. Осы салмақтағы тағы бір қазақстандық Ғұсман Қырғызбаев 2882 ұпаймен 13-орынға жайғасқан.

xa0Қазақстан балуандарынан алғашқы ондықта Ерлан Серікжанов (9-орын, 66 келі),xa0 Галбадрах Отгонцэцэг (8-орын, 48 келі) бар.

Ұлан. — 2019. — 16 сәуір

Әбілхан — әлем жүлдегері!

Әбілхан — әлем жүлдегері!

Өткен апта басынан облысымыздың спорт саңлақтары байрақты бәсекелерде топ жарып, қоржынымызды майлауда. Соның бірі – Германия мемлекетіндегі әлем чемпионатында жерлес боксшымыз Әбілхан Аманқұлдың күміспен күптелуі.

Күні кеше «Әулиеата» әуежайында былғары қолғап шеберін облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов бастаған бірқатар жамбылдықтар қарсы алып, құрмет көрсетті.xa0Аталмыш мемлекеттің Гамбург қаласында өткен ересектер сайысына әлемнің 85 мемлекетінен 300-ге жуық күрзі жұдырықтылар қатысты. Кіл мықтылармен шаршы алаңда қолғап түйістірген жерлесіміз бес кездесу өткізіп, төртеуін жеңіспен тәмамдаған. Ол аймақ атынан ҚР Ұлттық құрама командасының сапында өнер көрсеткен болатын. – Құрметті спортсүйер жанкүйерлер, қонақтар! Әбілхан – Болат Ниязымбетов, Болат Жұмаділов, Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев, Ғани Жайлауов секілді талантты бокшылардың жалғасы. Міне, бүгін баршаңызды кезекті жүлдесімен қуантып отыр. Алда сені Олимп шыңы күтіп тұр. Бұл бәсекеде сені тұғыр төрінен көреміз деген сенімдемін, – деген Ерқанат Нұрбапаұлы облыс басшылығы атынан жүлдегердің ата-анасы мен жаттықтырушысына алғысын айтты. 75 келі салмақта 4 кездесу өткізіп, қарсыластарын ақтық мәреге дейін тізе бүктірген боксшымыз шешуші сәтте ресейлік спортшыға есе жіберіп алды. Алайда жерлесіміз жар- тылай финалда әзірбайжандық, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Камран Шахсуварұлын, ширек финалда әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының жеңімпазы, кубалық Арлен Лопесті жеңген болатын. Әбілхан бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті. Байрақты бәсекедегі жүлдесі үшін оған аталмыш оқу ордасының бірінші проректоры Асқар Абдуалы университет басшылығы атынан білім грантын табыстады. Жүлдегерімізді бәсі жоғары аламанға баптаған жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков бұл жүлдені тыңғылықты дайындықтың арқасы деп біледі. – Дайындық жұмыстары Астана қаласында өтті. Үздіксіз 2 айдан аса жаттығу жүргіздік. Бастапқы кездесулер ол үшін қиынға соқпады. Өздеріңіз көргендей, Олимпиаданың оғландарын да ойсырата ұтты. Енді азғантай үзілістен соң жаттығуын жалғастырып, Токио Олимпиадасына дайындаламыз, – дейді жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков.

Толғанай Атабай

Жамбыл-Тараз. — 2017. — xa06 қыркүйекxa0

Ақжолтай Ақжүрек

Ақжолтай Ақжүрек

xa0 xa0Парижде өткен әлем чемпионатында 70 килоға дейінгі салмақта Ақжүрек Таңатаров Қазақстан қоржынына қола медаль салды. Ширек финалда италиялық Франк Чамизо Маркестен жеңілді. Маркес деген бір жампоз. Жолындағының бәрін қиратып, финалдың ауылына атойлап кіріп кетті. Соның арқасында Ақжүрек жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алды. Алдымен өзбекстандық Ихтиёр Наврузовты жеңді. Әлем чемпионатына осал балуан келмейді. Ихтиёріңіз Рио-де-Жанейро олимпиадасында қола медаль алған. Риодан кейінгі әлем чемпионатында финалға шыққан. Азия чемпионаттарында талай рет топ жарған оғлан осымен екінші рет Ақжүректің қанжығасында кетті.xa0Таңатаровпен әлем чемпионатының қола медалі үшін кілемге шыққан түрік Якуб Гора әлем және Еуропа чемпионаттарында жүлде теріп жүрген жігіт.

xa0Алғашқы кезең тепе-тең өткенімен, екінші бөлікте Ақжүректі кілем шетіне жыққан Якуп біздің балуанның аяғын сағыздай созып тартты-ай келіп.

xa0Мұндайда жаттықтырушылардың жаны кеудесінен шығып кете жаздайды.xa0Қазақстан еркін күрестен үміт етіп отырған жүлде қызыл түлкідей көз алдыңда бұлаңдап кетіп барады. Таңатаров талай рет таңғалдырғанымен бұл жолғы жеңісіне сену өте қиын еді. Атой салып түріктің қамалын бұзғанымен, әбжіл жігіт төрттағандап алдырмайды. Оған да қола медаль ауадай керек. Төреші түрікке ескерту жасады. Тоғыз секунд қалғанда Ақжүрек «ұрыста тұрыс жоқ» деп, бар қайратын бойына жиып, шабынған арыстанша атылды. Соңғы секундтар. Түрікті бұқаша сүзген қалпы дырылдатып кілемнің сыртына шығарады. Жеңіске бір ұпай аз еді. Зу етіп артына шығып кетті.

Якуптың жаттықтырушысы басын ұстап, ойбайлады да қалды.xa0Әлгінде ғана қолда тұрған қола медаль жанкешті қазақтың мойнында кетіп бара жатыр.

xa0Париж спорт залындағы аз қазақ сарайды мойнына іліп кетердей ұран салады.

Соңғы секундта жүлдені жұлып алды-ау сабазың.xa0Ақжүрек Таңатаровтың Лондон олимпиадасындағы ерлігі тағы да еске түсті. Көбіне құрамадағы тау халықтары балуандарының көлеңкесінде жүретін Таңатаровқа да кезек келіпті, әйтеуір. Жолдаманы жеңіп алғаны болмаса, әлемдік жарыстарда олжа салған кезі жоқ. Төрт рет Қазақстан чемпионатында топ жарған. Қазақстан кубогының жеңімпазы. Бар болғаны осы. Бірақ, бас бапкер Алтай Танабаевтың құсы 66 кило салмақта осы Ақжүрекке түскен. Қазақ баласы күрессін деген.

Олимпиада алдындағы оқу-жаттығу жиынына тауға іздеп бардық.xa0Бас бапкер Алтай Танабаев сұңғыла жігіт қой.

– Жүрегім сезеді. Лондонда қазақтың бір баласы жүлде алады.xa0Уәде беремін, – деген.

Ол жолы құрамада әлем чемxadпионаттарында жасындай жарxadқылдаған қазақ балуандары қос Дәулет бар. Халықаралық жарыстарда топ жарғандары көп.

Басталды. Елеусіздеу жүретін Ақжүрек украиналық Андрей Квятковскийді еліне қайтарды. Ширек финалға армян үміті Давид Сафарянды тастап кетті. Жартылай финалға ат ойнатып шықты. Қарсыласы үнді Сушил Кумар. Оны ұтса – ақтық сын. Обалы кәні, Сушил Кумардың екі аяғын бір етікке тығып жіберді біздің Ақжүрек. Үнді балуа- ны жаны ышқынғаннан харам әрекеттерге барды. Көріп отыр- мыз. Кумарды құмары қанғанша илеп жатқан Ақжүрек бір көзін ұстаған қалпы аунап кетті. Бір жақ құлағынан қан саулап тұр. Сөйтсе, үнді жігіті жеңіліп бара жатқан соң құлағын тістеп алғаны аздай көзіне саусағын тығып алған. Ортадағы төреші мелшиген қара тастай былқ етпейді. Көпе-көрінеу Ақжүректі Кумардың астына салып берді.

Біздің бапкерлер де қарсылықты кештеу білдірген.

Қола медаль үшін тартыста біздің Ақжүрек түріктің атақты балуаны Рамазан Сахинді жеңді.xa0Айтуға ғана оңай. Рамазаныxadңыз 2008 жылы Бейжің олимпиадасының алтынын мойнына таққан жігіт.

Әлі есімізде. Бауырымызды күтіп алдық. Құлағы таңулы, бір көзі қызарып кеткен Ақжүрек жаңа ғана олимпия ойындарының жеңімпазын жерге қаратқанын білмейтіндей еркін. Есесіне, бас бапкер Алтай Танабаев ботадай боздап келеді.

xa0– Бәке, айтым ғой қазақтың бір баласы жүлде алады деп.xa0Уәдеде тұрдық.

Ақжүректі тік көтеріп алған Дәулет Шабанбай да еңіреп жүр.xa0Біз көңілшектеуміз. Біздің көзден де қуаныштың көз жасы бұрқ ете қалған.

Лондондағы атақты жеңісінен кейін Ақжүректің қолы жүрмеді.xa0Елішілік чемпионатта мықты жігіттер шықты. Риоға бара алмады. Жолы түспеді.

xa0Бапкерлер де үлкен спорттан кетем десе, тосқауыл болған жоқ. Бірақ, отыздан асқан жігіт ағасы кілеммен қоштаспады. Азия чемпионатының алдында Қазақстан біріншілігі өтті. Финалда қызылордалық балуан бірінші кезеңде Таңатаровты 4:0 есебімен жеңіп тұрды. Жарыс Шымкентте өткен. Көріп тұрып іштей аядық. Болдырған екен деп. Жоқ, екінші кезеңде қарсыласын керіп тастады. Одан соң Азия чемпионатына барды. Нью-Делиде өткен чемпионатта Қазақстан құрамасының жампозының жолына ешкім тұра алған жоқ.

Енді, міне, отыздан асқан шағында әлем чемпионатының қола медалін мойнына ілді.

Айтқандай, Лондон олимпиадасында әр елдің балуандары «Спортқа лайық емес әрекет жасадың» деп Сушил Кумарды жүндей түткен екен. Су тиген тауықтай сүмірейіп келіп Ақжүректен кешірім сұраған екен.xa0Жаттықтырушымен. Кешіріпті біздің батыр. Атасы қазақ «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деп ұрпағына нақыл қалдырған. Міне, біздің Ақжүрек бауыр осындай жігіт.

Бақтияр Тайжан

Егемен Қазақстан. — 2017. — 5 қыркүйек


xa0
xa0

Балуан Бекмұхан

Балуан Бекмұхан

xa0 xa0 xa0 xa0 xa0 xa0Балаң шағынан күреске аңсары ауған Бекмұхан атан жілік, апайтөс алыптардың белдесуіне қызығып өсті.xa0Асқаралы арман оны түптің түбінде бозкілем шебері болуға алып барды. Кейіпкеріміз 1987 жылдың наурыз айының 19-шы жұлдызында Кеңес ауылында дүниеге келген. 2004 жылдан бастап қазақ, самбо күресімен айналыса бастайды. 2008 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына алынып, 2009-2010 жылдары мансабын уақытша тоқтатып, 2011 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін қазақ, самбо күресімен қайта шұғылданып келеді.

«Күреске келуіме әуелі Алла, екінші әкем Өмірзақ Әділбеков, үшіншіден «жігіттің жақсысы нағашыдан» демекші, нағашыларым сеп болса керек» дейді балуан.xa0Өйткені, Бекмұханның нағашы жұрты атақты Балуан Шолақтың ұрпақтары екен.
Бекеңді жерлестері қазақ күресінен Азияның екі дүркін чемпионы ретінде біледі. Ол 2012 жылы Семей қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 2-ші орын алып Азия біріншілігіне жолдама алады әрі сол жылы Қарағанды қаласында бірінші рет Азия чемпионы атанады. Араға екі жыл салып, Талдықорған қаласында өткен Қазақстан чемпионатында ақтық бәсекеге жолдама алып, 2014 жылы Семей қаласында екінші мәрте Азия чемпионы болады. Құрлықтық додаға әр елдің «сен тұр, мен атайын» деген кіл мықтылары жиналатыны анық. Құрлық біріншілігіне қатысқан әр спортшының діттеген арманы – жеңіске жету. «Жеңімпаз атану оңай соққан жоқ. Сондықтан екі мәрте құрлықтық доданы бағындыру мен үшін үлкен мәртебе», – дейді чемпион. Сондай-ақ, ол жеңіске жету жолында үлкен еңбек сіңірген бапкерлері Серік Қапалбаев, Руслан Мұхаметқали, Марат Жақыпқа алғысының шексіз екенін жеткізді.

Үстіміздегі жылдың басынан бері Бекмұхан денсаулығына байланысты күрестен алшақтап кеткенін айтады.xa0Алайда, жақын күндері жаттығуға кіріскен кейіпкеріміз Атырау қаласында өтетін Ішкі істер министрлігінің аламанында 100 келі салмақ дәрежесінде бақ сынамақ.

«Бойыңда сенім болмаса, жеңістің ауылы алыс.xa0Спорт болған соң бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Ал жеңімпаз атану үшін қиын сәттерден сүрінбей өтіп, көздеген мақсатқа жету жолында аянып қалмау керек. Сонда ғана жарқын жетістіктерге қол жеткізуге болады. Мен өзімнің тәжірибеме сенім артамын» деген Бекмұханның балуан ретінде толайым табыстарға қол жеткізгені анық. 2006 жылы қазақ күресінен ел жастары арасында өткен «Тайқазан» додасында топ жарып, жастар арасындағы біріншілікте самбодан күміс, қола жүлдені иемденген. Қазақ күресінен жастар арасында бірнеше рет олжалы болған ол ересектер арасында Қазақстан Республикасы кубогының төрт дүркін күміс жүлдегері, Қазақстан чемпионатының ересектер арасындағы екі дүркін екінші орын иегері, екі дүркін Азия чемпионы және Халықаралық дәрежедегі спорт шебері саналады. Бекмұхан Өмірзақұлының өмірде алға қойған мақсаттары көп. Киелі Мойынқұм жерінен болашақта «Қазақстан барысы» шықса деп армандайды. Қазіргі таңда облыстық ішкі істер департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы болып қызмет атқаратын Бекмұхан болашақта темірдей тәртіпті талап ететін қызметінде жарқын жетістіктерге қол жеткізіп, генерал атануды көздейді. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең». Ендеше, арманыңа жет!

Уалихан ЖАЙЛАУ.

Ақ жол. – 2017. – 7 қыркүйек


xa0

Гузалия қарсыластан қаймықпайтын қыз — Гафурова

Гузалия қарсыластан қаймықпайтын қыз — Гафурова

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Азиада чемпионыxa0Гузалия Гафурова бастаған спортшыларды қабылдады.

xa0Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында жамбылдық спортшылар ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Байрақты бәсекенің соңғы күндерінде қоржынға алтын медаль салған каратэші Гузалия Гафурова мен жүз метрлік төрттік эстафетада күміс жүлде иеленген Светлана Иванчукованы тараздықтар алдымен темір жол бекетінде үлкен қошеметпен күтіп алды. Инчхонда елімізбен қоса өңір атын аспандатқан спортшыларымызды облыс әкімі де қабылдады.

xa0xa0Бір рекорд, екі тарихи оқиғаны жамбылдықтар жасады.

Жалпы Азия ойындарына елімізден 420 спортшы аттанса, оның жиырма бірі біздің өңірден екен. Сол жиырма бір спортшының он сегізі жүлдемен оралды. Әрине, Елдос Сметов, Гузалия Гафурова, Светлана Иванчукова, Линария Мингазова, командалық сында күміс алған Азиз Қалқаманұлы секілді қаһармандарымыздан бөлек, су добынан қола жүлде еншілеген, ұлттық құраманың негізін құраған «Айша бибі» вотерполо командасының өкілдері де осы санатқа кіреді.

Азиада қаһармандарын қабылдаған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев: «Байрақты бәсекеге елімізден аттанған төрт жүзден астам спортшының қатарында біздің жиырма бір жерлесіміз болды. Жекелеген сында өздерін көрсете білген алты спортшымыздан бөлек, толыққанды қола жүлдені иеленген су добынан қыздар құрамасы да бар. Осыдан біраз бұрын «Айша бибі» су добы құрамасымен жүздескенімде бізге бесінші, алтыншы орындар қажет емес. Не жеңіске жету керек, не үштікке ену қажет деген тапсырма қойған болатынмын. Бүгін сол сенімнен шыққандары үшін қуаныштымын. Бұл жетістіктер бізде спорттың әр бағытта дамып жатқанының айғағы. Барлық жүлдеге қол жеткізген спортшыларды құттықтаймын. Осы беттен таймауымыз керек» деді өз сөзінде. Сонымен қатар облыс басшысы Азия ойындарында алтынмен апталған Гузалия Гафуроваға миллион теңгенің сертификатын табыстаса, жеңіл атлетикадан күміс медальді қоржынға салған Светлана Иванчуковаға 500 мың теңгенің сертификатын тапсырды. Бұған қоса өзі уәде еткен автобустың кілтін «Айша бибі» командасына тарту етті. Азиадада ұлттық құраманың негізін құраған біздің арулардың тоқсан пайызы жергілікті екен. Олардың ішінен Айжан Ақылбаева облыс әкіміне алғысын айтты. Инчхонда алдымен ирандық Пегах Зангенехкарутиді 5:2, малайзиялық Шри Шарминиді 2:0, ал финалда басты қарсыласы қытайлық Линглинг Тангты 4:3 есептерімен жеңген Гузалия алтын жүлде иегері атанды.

Иә, Азиадада қазақ спортшылары үш мәрте тарих парақтарын жаңалаған болса, соның барлығы да жамбылдық спортшыларға тиесілі. Алдымен Елдос Сметов дзюдодан тұңғыш Азиада чемпионы атанса, каратэші Гузалия Гафурова да сол тұңғыштардың қатарын толықтырды. Үшінші ерекшелік сол, бұған дейін 1994 жылы Хиросимада өткен Азиадада еліміз жиырма жеті алтын алса, биыл сол рекордтың мұрты бұзылды. Және сол рекордтың бұзылуына Гузалия Гафурова себепкер болды. Өйткені, Гузалия еліміз үшін ең соңғы, яғни, жиырма сегізінші алтын медальді алып берді! Міне, біздің қыз-жігіттер осылай ерлік жасады.

Дулатбек Құсбеков, Гузалия Гафурованың жаттықтырушысы:

– Дулатбек, Гузалияның Азиадада топ жарғанын көз көрді. Әлемдік рейтингте біздің ару қаншасыншы орында? Жалпы, қытайлық Тангтен өзге қарымды қарсыластары бар ма?

– Гузалияның бұл жеңісі оның он жылғы еңбегінің жемісі. Он екі жасында жаттығу залына келген Гафурова менің шәкірттерімнің алғашқысы. Ең бірінші болып жаттығу залының есігін қаққан да осы қыз. Азиадаға дейінгі рейтингте Гузалия әлемде оныншы сатыда болатын. Негізгі қарсыластары осы Танг және жапон аруы. Бұлар сары құрлықта да,xa0 әлемдік додада да біздің басты қарсыластар саналады. Рейтингтің өзі әр қилы жарыстарға орай түзіледі. Кейбір спортшылар барлық додаға қатысып, нәтижесінде жоғары болып шығады. Енді Азия ойындарынан кейінгі рейтингте Гузалияның көрсеткіші жоғарылайтыны даусыз.

– Он жыл ішінде Гузалия талай жарақат алған болар. 68 келіде еліміздің нөмірі бірінші спортшысы атанған шәкіртіңіз төзімділіктің арқасында жеңіске жеткен шығар…

– Иә, Гузалия жарақат атаулыға өте төзімді қыз. Сосын өте еңбекқор. Ішкі дүниесі, психологиясы өте мықты. Алған жарақаттарына қарамастан ірі нәтижелер көрсете білді. Шәкіртімнің әлі талай додаларда ел намысын абыроймен қорғайтынына сенімдімін. Гузалиядан бөлекxa0 84 келіде әлем чемпионатына қатысатын Игорь Шехнорев, сонымен қатар Ақерке Сұраншықызынан да үлкен үміт күтемін. Ақерке Малайзияда өткен жастар арасындағы Азия біріншілігінде қола жүлде иеленді. Бірінші кезекте Азиадада топ жарған Гузалиямен мақтанамын. Ол кішкенай ғана Қызыл жұлдыз ауылының емес, еліміздің мақтанышына айналды.

Гузалияның өзі қытайлық Тангтен қарымта қайтарғанына дән риза. «Бұған дейінгі екі кездесуде бір рет жеңіп, бір рет жеңілген болатынмын. Осы жолы Тангтен айламды асырып, жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Алдағы ірі додаларда еліміздің атын аспандату басты мақсатым. Бапкеріме алғысым шексіз. Он жылдан бері мені өз бауырындай баптады» дейді чемпионның өзі. Жеңіл атлетикадан эстафеталық сында күміс медаль еншілеген Светлана Иванчукова да Олимпиада жүлдесін иеленсем деген алдына мақсат қойып отыр.

Табиғат Абаилдаев

Ақ жол. – 2014.xa0 — xa09 қазан(№ 140). – 8 б.xa0


xa0
xa0

Жаз-ата, Шәмші және Мэлс

Жаз-ата, Шәмші және Мэлс

 

xa0 xa0Қазақтың аяулы перзенті, композитор Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңғы жылдарын Жамбыл өңірінде өткізген. Жамбылға оған дейін-ақ талай тамаша әнімен көпшілікке танылған өңірдің көрікті жерлері мен еңбек адамдары да композиторға шабыт беріп, ән-ағаның рухани байлығы тағы да бірнеше тамаша әндермен еселенді. Тіпті, «Мойынқұмда ауылым», «Фосфорлы Жамбыл», «Дүнген қызы» әндері Жамбыл жұртшылығының гимніне айналып кетті десе де болады. Талай жақсы-жайсаңдармен сырласты, дос тапты, пікірлес азаматтармен иық тіресе қатар жүрді. Шәмші ағаның көне шаһарда өткізген ғұмыры өткен ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысы мен тоқсаныншы жылдарының басы аралығына келді.

xa0 xa0Бір қызығы тура осы кезде қазақ өнерінің өткен ғасырдағы тағы бір композиторы – Мэлс Өзбеков те Тараз қаласының іргесіндегі Айша бибі ауылында бұйығы өмір сүріп жатты.xa0Бұйығы дегеніміз жәй теңеу болар. Әйтпесе, шабыты шалқыма өнер адамы тыныш жатушы ма еді. «Келші, Айым!», «Ақтамақ қарлығаштар», «Жазылбекшілер маршы», «Тобылғы сай» әндерімен танылған сазгердің тынысы ашылып, «Келші, Құланға!», «Сұлутөр аруы», «Көкдөнен тау», «Шал тауында ауылым!», «Көгершін алқабында», «Нәзігім» және тағы да көптеген әндермен жүректерді тербеді. Кейде көңілде Жамбыл өңірін әсем әнмен тербеген осы қос сазгер өмірде бір-бірімен кездесті ме екен деген сауал тұрады. Шәмші де, Мэлс те бір-бірінің шығармашылығымен етене таныс болған жандар. Бірін-бірі жоғары бағалаған.

Жазылбектің шарапаты

Жаз-ата, Жазылбек Қуанышбаевтың атақ-даңқы асқақтап тұрғанда, яғни сонау Мойынқұм өңіріне шопан атаның ақ батасын алуға, тіпті бір күн қонақ болуға ағылған жұртта есеп болмаған. Тіпті, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен бөлек, қарапайым еңбек адамдарының өзі Жаз-атаның жүзін көріп, пікірлесудің өзін бақыт санаған. Кейде құшағы қазақтың даласындай кең, пейілі дархан, жүзінен мейірім төгіліп тұратын осы бір қазақтың қара шалының ниетіне дүние-байлығы – адамдарды жақсы көрумен байланғандай көрініп тұрады.

Жаз-ата Шәмшіні де, Мэлсті де баласындай жақсы көрді. Шәмші де, Мэлс те Мойынқұм өңіріндегі сапарлары барысында – шопан атаның дастарханынан дәм татпай кетпейтін. Жәкең ел еркесі қос сазгердің еркелігін жан дүниесімен сезді, еркелетті. Осындай жаны жайсаң жанға тартуы болар, қос сазгер Мойынқұм өңірінің тамаша адамдарына, еңбек майталмандарына арнап ән жазды. Қалай дегенде, өткен ғасырдың орта шенінде осы өңірдегі еңбек адамдарының ерлігін айтқанда, оның көшбасында тың тұрғаны анық.

Шәмшінің «Мойынқұмда ауылым» әнінің сөзін Сабырхан Асанов жазды. Бұл ән бүгінгі күнге дейін мойынқұмдықтардың әнұранына айналды. Рас, Шәмшідей сазгердің Мойынқұм өңіріне барып, шығармашылықпен еркін айналысып, шабыт алуына сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов пен Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбаевтың қолдау білдіргені белгілі. Алайда әннің соншалықты керемет болып шығуына Жазылбектей қара шалдың хошуақ көңілі де әсер етсе керек.

Ал Мэлс Өзбековтің Жаз-атаға арнап жазған «Жазылбекшілер маршы» әнінің сөзін балалар ақыны Әдібай Табылдиев жазды. Қазақстанға, облысқа әйгілі еңбек азаматтарының жеткен жетістіктерін насихаттау мақсатында үздік ән шығару туралы жарияланған конкурспен танысқан Мэлс аға КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған шопан ата Жазылбек Қуанышбаевқа арнап жазады бұл әнді. Мойынқұмға арнайы келіп, Жаз-атаның ыстық ықыласы мен ақ жарқын пейіліне көңілі толған композитордың үлкен ізденімпаздықпен жазылған бұл әні конкурс комиссиясының шешімімен бірінші орынға ие болады. Сөйтіп, бұл ән бүкіл шопандар қауымының әнұранына айналады. Қазақстан қой шаруашылығы саласы бойынша одақ көлемінде қой басын 37 миллион басқа жеткізіп, 1974 жылы Алматы қаласында тың игерушілердің 20 жылдық мерейтойында Дінмұхамед Қонаев қой басын 50 миллионға жеткізу туралы үндеу қабылдаған кез болатын. Осылайша «Жазылбекшілер маршы» дар қауымына шабыт беріп, еңбектерін еселеді.

Жалпы, көзкөргендердің айтуынша Мэлс Өзбеков Мойынқұм өңіріне жиі келіп жүріп, бірнеше ән жазған. Олардың қатарында «Тамаша Талдыөзегім», «Мақтанышым Мойынқұм» әндері бар. Мэлс ағаның әндерін өзінен үйренген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, «Тараз» триосының жетекшісі Асылхан Шүңіреков былай деп еске алады.

– Мэлсті Жаз-ата ерекше құрметтеді. Оны мынадан-ақ байқауға болады. Жаз ата құдалыққа барғанда Мэлс Өзбековті жанына ертіп, бас құда деп таныстырады екен. Ән айтатын қыз-жігіттерді қолпаштап, көрімдік беретін көрінеді. Мэлс кейде көңілі толғанда «Мен Жаз-атаның баласымын» деп еркелейтін. Сондықтан да болса керек, ол Жазылбек Қуанышбаев қайтыс болғанда қатты қайғырды. Өмірде еш нәрсе ол кісінің орнын толтыра алмайтындығын айтып, көз жасын төкті. Асау көңілі жуасып, үнсіздік өмірлік серігіне айналды. Жаз-ата туралы ерекше тебіренетін. Өйткені Мэлс жаратылысында адамға сенгіш, аса таза адам болды. Ондай адамдарды бұл дүниеден кездестіру мүмкін емес-ау. Мэлс ағамен 1987 жылы «Талдыөзек» совхозы кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген кезімде таныстым. Бір күні кешкілік ауылға композитор келіпті деген хабар жетті. Артынша сазгерді күтушілер, совхоз директоры Жартыбай Қожамұратов бастаған азаматтар маған келсін, сазгердің жаңа әнін үйреніп алсын деген хабар жіберіпті. Мен ол кезде жоғары оқу орнының бірінші курс студентімін. Ән құшағына енді-енді ене бастағанмын. Сондықтан композитормен жолығу мен үшін қажеттілік еді. Біздің ауылға арнап шығарған әні – «Тамаша Талдыөзегім». Қазір ауылымыздың аты Қылышбай болғанымен бұл ән ауыл тұрғындары үшін төлқұжаты сияқты. Әнді бүгінгі күнге дейін мен орындап жүрмін. Әсте даусын көтеріп сөйлемейтін, біреудің бетінен қақпайтын, кімді де болса әңгімесін үзбей тыңдайтын қасиеті ол кісіні адамдарға жақындата түсетін. Сазгер ауылға жиі келетін. Келген сайын әннен шашу шашып, ауылымызды құдіретті әуездің бесігінде тербейтін. Бірде ол жаңа жазған «Мақтанышым Мойынқұм» әнін үйретті. Жұбайым Жұмакүл екеуміздің құтты қонағымыз болып, үйде жүрген кездері бізге «Ана», «Көктем вальсі» әндерін де үйреткен еді. Бұл әндерді қазір де шырқаймыз. Мэлс аға негізі айналасы жұп-жұмыр, көркем жыр мәтініне зәру болды. Ол сол кезде қазақтың белгілі ақыны Әбдірахман Асылбековпен шығармашылық қарым-қатынас орнатты. Бұл әндер ұзақ жылдардан бері «Тараз» триосының репертуарында орындалып келеді.

xa0Үш композитордың кездесуі

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Тараз қаласының іргесіндегі Жамбыл ауданына қарасты Головочевка колхозының атақ-даңқы дүркіреп тұрды. Қазір бұл ауыл «Айша бибі» деп аталады. Бірде 1953-1970 жылдар аралығында облыстық мәдениет басқармасын басқарған Есет Ақылбаев колхоз төрағасы Виктор Кимге телефон соғады. Шаруашылық жайында біраз сөйлескен соң:

– Виктор Илларионович, сіздің колхозға композитор Мэлс Өзбековті жібергелі отырмын. Өзі талантты жігіт, Чайковский атындағы музыкалық училищенің түлегі. Шаруашылығыңыздың даңқы өрлеп тұр, енді ауыл өнерпаздарының өнерін шыңдауға бір талпыныс жасап көрейік. Үй бересің, жұмыс бересің, керек болса әйел де алып бересің, – дейді қалжыңдап.

– Әрине, қолда бар барлық көмекті көрсетеміз. Жұмыс та, үй де болады. Ал әйел жағы қалай болар екен… – дейді Виктор Ким.

Осылайша Мэлс Өзбеков төрт-бес жыл осында тұрақтап, ауылдың Мәдениет үйінде еңбек етеді. Осы ауылдың тұрғыны Ұрлыхан Рахманқұлқызымен шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы болады. Үнемі шығармашылық ізденісте жүретін композитор жергілікті ақын Совет Әлімқұловпен «Асадағы ақ сәулешім» әнін жазады. Бұл ән алғаш «Аса жастарының вальсі» аталып жүрді.

Сол жетпісінші жылдардың басында облыстық партия комитетінің хатшысы Ғайникен Бибатыроваға хабарласқан Әсет Бейсеуов: «Ғайникеш, біз Шымкентке кетіп бара жатыр едік» – дейді. Біз дегені – Шәмші Қалдаяқов, Сабырхан Асанов үшеуі. Олардың Сарыағашқа бара жатқан сәті екен. Ғайникен Бибатырова қонақтарын күтіп алып, кешкілік Шымкентке шығарып салады. Әсілінде Шымкентке шығатын жол Айша бибі ауылын қақ жарып өтеді. Ауылдан өтіп бара жатқанда Әсет: «Әй, Мэлсті осы ауылда тұрып жатыр деп естуші едім. Жолығып кетсек болар еді…» дейді. Сөйтіп, бұл үшеуі қайтар жолда Мэлске соқпақшы болады…

Ал колхоздағы кешкі мектептің директоры Сүйінбек Жанғарин Мэлстің шығармашылығын бұрыннан білетін, өнерді қадірлейтін азамат еді. Композитормен етене жақын араласып, өнерге аңсары ауып жүрген ұлы Асылханды қанатының астына алуына өтініш жасайды. Асылхан да Мэлс ағасымен танысқанына қуанып, үнемі жанынан табылады. «Мен үйіріліп, Мэлс ағаның жанынан шықпайтын болдым. Аға біраз әндерін үйретті, ол кісінің музыкалық аспаптарда орындау шеберлігі, яғни кәсібилігі керемет болатын. Менің баянды үйренуім осы кісінің мектебі десем де болады. Ағаның жаңа әндерін облыстық радиоға апарып беріп жүрдім. Тіпті, сол радиода ағаның біраз әндерін де орындадым. Мэлс аға жұмсайды, мен шауып барып орындап келемін. Үйіндегі майда-шүйде жұмыстарға да қолғабыс етіп жүрдім» – дейді Асылхан Жанғарин.

– Ұрлыхан жеңгей қызылшашы, таңнан кешке дейін жұмыста. Мэлс ағаның үйі ауылдың орталығындағы көшенің бойында. Бірде Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов пен ақын Сабырхан Асанов қонаққа келді. Мэлс аға мұны күтпесе керек. Сәл абдырап қалды. Сөйтті де, бір кітаптың ішіне тығып қойған 25 сом ақшаны менің қолыма беріп, дүкенге жұмсады. Жоғары сыныпта оқитын жігітпін, нені алу керек екендігін де түсіне қойдым, жайнатып дастарханды да ұйымдастырып жібердім. Қонақтар екі-үш сағат болды. Өнер, музыка төңірегінде, әуеніне сөз іздеген сазгерлер мен ақындардың шығармашылық одағы, ізденісі жайында жүрек тебіренткен әңгімелерінің біразы есімде қалды, біразы қалмады. Тірі композиторларды көрген менің есім де ауып қалды. Мэлс Өзбеков Шәмші ағаның әндерін пианинода ойнады. Міне, осы кездесуде Шәмші аға көзіне жас алып: «Қайран, Мэлс! Менің шығармаларымды сен секілді соншалықты сауатты орындайтын композиторлар аз-ау» – деп бір тебіреніп, Нұрғиса Тілендиевтің Мэлсті Алматыға шақырған аманатын жеткізді. Әсеттің әндерін орындағанда Әсет Бейсеуов: «Мэлс мен де сендей пианинода шебер ойнайтын болсам, тағы қандай әндер шығарар едім…» – деген еді. Иә, бұл кездесуді мен еш ұмытпайтын шығармын, – дейді Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің ұстазы Асылхан Сүйінбекұлы.

Иә, Шәмші мен Мэлс кездескен, бір-бірінің шығармашылығын жоғары бағалаған, пікірлес болған. Тіпті Шәмші Қалдаяқов 1982 жылы «Лениншіл жас» газетінде «Ән құмар қауым неге ділгір?» деген мақаласында Мэлс Өзбековтің творчествосына жоғары баға береді.

Енді тоғыз жолдың торабындағы «Айша бибі» ауылында Мэлс Өзбеков тұрған үйді тауып, маңдайшасына «Бұл үйде белгілі композитор Мэлс Өзбеков тұрған» деген тақтайша ілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл жайды Жамбыл ауданы әкімдігі ескерер деген үміттеміз. Алайда кезінде осы ауданға қарасты Жалпақтөбе ауылында бір кездері Шәмші Қалдаяқов тұрған үйге де осындай тақтайша ілінсе екен деген әріптестеріміздің өтініші аяқсыз қалып еді…

Ерман Әбдиев, Тараз қаласы

Aq jol. – 2020. – 13xa0mamyr

xa0xa0


xa0
xa0

Алаштың Асанәлісі сахна саңлағы Сарысу ауданында болды

Алаштың Асанәлісі сахна саңлағы Сарысу ауданында болды

xa0 xa0xa0«Мың өліп, мың тірілер актер еңбегін сөз қылғанда, есіңе еріксіз түсер танымал есім, таңғаларлық есім – Асанәлі.xa0Қай құрлыққа, қай ұлтқа көрсетсеңіз де, қысылмай-қымтырылмай арқа сүйер өнерпаз ұлың Асекеңдей болса, әрқалай-ақ асқақтай бергейсің, халқым, қазағым!» деп қабырғалы қаламгер, белгілі жазушы Оралхан Бөкей бағалап кеткендей Асекең – бүгінгі қазақ театры мен кино өнерінің дарабозы екендігі даусыз.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» дегендей, КСРО Халық әртісі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, режиссер, ұстаз Асанәлі Әшімов – Сарысу ауданының тумасы. Сомдаған образдары халықтың жүрегінен орын алған сахна саңлағы биыл мерейлі сексен жасқа келіп отыр. Осыған орай, тұрпаты бөлек тұлға туған жерінің тірегі – тарихи Таразға келіп тағзым етіп, кіндік қаны тамған Сарысу ауданына арнайы ат басын бұрып, жерлестерімен қауышты.
Шәкірттерімен бірге келген актер ең әуелі өзінің кіндік қаны тамған Жайылма ауылында болып, деректі фильм түсірді.xa0«Ысқақ Пірәдар» мешітінде әруақтарға құран бағыштады. Бұдан соң актердің мерейтойы Саудакент ауылындағы Ә.Әдіхалықов атындағы Мәдениет үйінде арнайы ұйымдастырылған мерекелік шараға ұласты. Өнер мерекесіне облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысты. Аудан әкімі Балабек Нарбаев сахна саңлағын айтулы мерейтойымен құттықтады.

– Актерлік деген бекзат өнердің биігіне көтеріле білген сіздің сексен жылдық өмір жолыңыз бүгінгі ұрпаққа, тіпті болашаққа үлгі-өнеге. Сіз кешегі Кеңес өкіметі кезінің өзінде-ақ талантыңызбен қазақ мәдениеті мен өнерін әлемге таныттыңыз. Сіз сомдаған образдар өзінің шынайылығымен көрермендерді тәнті етті. КСРО Халық әртісі атағына ие болдыңыз. Әдебиетке деген құштарлығыңыздың арқасында бірнеше кітаптардың авторы атандыңыз. «Майраның әні», «Жан бөлек», «Алаштың Асанәлісі», «Менің жанрым – күнделік», «Ғұмыр дария» атты кітаптарыңыз әр оқырманның жүрегінен орын алғаны сөзсіз. Қазақстанның тәуелсіздігінің нығаюына қосқан үлесіңіз де ерекше, – деген аудан әкімі Балабек Нарбаев мерейлі той иесіне Сарысу ауданының «Құрметті азаматы» атағын беріп, иығына шапан жауып, астына ақ түйе мінгізіп, құрмет көрсетті. Және ауданда ағымдағы жыл «Асанәлі Әшімов жылы» деп аталатынын жария етті.
Сондай-ақ, Балабек Нарбаев той иесімен бірге келген Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының театр-өнер факультетінің деканы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, профессор Аман Құлбаев, профессор Байдалы Наурызовқа жергілікті шебер Балтабай Дәуірбековтің қолынан шыққан қазақтың қасиетті домбыраларын тарту етті.

КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов өзіне көрсеткен зор құрметі үшін аудан әкімі мен жерлестеріне алғысын жеткізді.xa0«Туған еліме, туған жеріме адал қызмет ету – менің азаматтық парызым», – деді актер көзіне жас алып.
Кеш соңында Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының театр-өнер факультетінің білімгерлері ән мен биден шашу шашып, «Айлакер жесір», «Король лев», «Бір үйдің баласы» атты қойылымдардан үзінділер сахналады. Жас өнерпаздардың талантына зор қошемет білдіріліп, аудан әкімінің ықылас гүлі ұсынылды.

Сәулембай Әбсадықұлы

Ақ жол. — xa02017. – 11 наурыз


xa0
xa0

Тұнық өнер тұлғасы (Асанәлі Әшімов)

Тұнық өнер тұлғасы (Асанәлі Әшімов)

xa0 xa0«Сексеннің сеңгіріне шықса да Асанәлі сахнадан түскен жоқ. Көп бейнелерді, образдарды жасады. Қазір ұстаз. Академияда шәкірттерді дайындайды. Сахнаның, театрдың құпиясын біледі, киноның сырына қанық. Асанәлі – халықтың сүйіктісі, үлкен абыройлы азамат. Асанәлі елмен бірге, байланысы өте күшті. Асанәлі қайда барса да халқы жақсы қарсы алады», деп замандасы, сахнадағы серіктесі, Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев ағамыздың жүрекжарды лебізінің шындығына жақын арада көзіміз жетті.

Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер акадеxadмиясының «Театр өнері» факультеті дүбірлі мерейтой алдында шеберлік шыңдау тәжірибесін ел ішінде өткізуге бел буды.xa0Иә, мұндай іс-шара оқта-текте ғана болады. «Аңызға айналған Асанәлі» (теңеу театр сыншысы – Ә. Сығайдың сөзі болатын) атты бағдарламаны академия ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бибігүл Нұрғалиқызымен бірге жоспарлап, ортақ шешімге келгеннен кейін тәуекел еттік. Бұл іс-шара Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаев мырза мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаевтың тікелей қолдауынсыз іске асуы екіталай болатын. Себебі, А. Әшімовтің шеберханасында 3-курс студенттерінің саны – 35, оған қоса жеке автобус пен 4 ұстаз бірге жүруі керек. Іс-шараның жауапкершілігі аса маңызды. Сонымен 40 адам жолға шықтық. Бағдарламадағы басты міндетіміз – «Аңызға айналған Асанәлінің» ұстаздық қырын халқына таныстыру. Шәкірттерінің үш түрлі қойылымы. Ол қойылымдар кәсіби сахналарда өнерсүйер қауым алдында ойналмақшы. Әр күні – әртүрлі сахна, әртүрлі көрермен, әртүрлі жарық пен акустика, оған қоса жол алшақтығын да естен шығармаған абзал. 3-курс студенттері үшін мың жарым шақырым жол жүріп, төрт кеште көрермен алдына өз рөлдерінің көркемдік деңгейін түсірмей, көрерменнің ыстық ықыласына бөлену – негізгі мақсаттың бірі екенін тамыр-талшығымен сезініп келеді.

Сәл шегініс жасасақ, таңертеңгі астан кейін Жамбыл облысы әкімдігінің мәдени мұрағаттар мен құжаттама басқармасының «Жамбыл облыстық тарихи өлкетану музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жанынан ашылған Қазақстанның дарабоз актері Асанәлі Әшімов шығармашылық орталығының директоры Т.Сұлтанкереев орталық жұмысымен таныстырды.xa0Мұндай шығармашылық орталықтардың жастарға берер рухани тәліміне студенттер мен ұстаздар зор ризаxadшылығын білдіріп, естелікке суретке түсті. Ән шырxadқалды, би биленді, шаттыққа бөленген жастарға қала жастары қосылып, соңы думанға айналды. Бірақ, уақыт шектеулі, келесі тарихи мұрағат – Қарахан кесенесі. Қол жайып, Құран бағыштап, тарихы терең Тараз жері туралы, шежіресі шерлі Айша бибіден де есте қаларлық естелік тыңдап, кешкі репетицияға келдік.

Сонымен, көне Тараз қаласының облыстық қазақ драма театрының сахнасында зал толы көрермен, ортада курс жетекшісі А.Әшімов пен қала, облыс басшылары мен мәдениет, өнер өкілдері.xa0Қойылым бітті, ду қол шапалақ. Ал, ұстаздар қауымы болса, пікір алысып, қойылымды талдауға кірісті. Қойылым соңынан табиғаттың тосын мінезіне қарамай, борандатып Жаңатас қаласы арқылы Байқадамға жол тарттық. Келесі күні Асанәлінің ауылы – Жайылмаға табан тіредік. «Туған ауыл – топырағыңнан айналайын, туған жер! Көңіл дархан, кең пейілді қазақ ауылы! Ғажайып сезімді ұл-қыздарына сыйлап жатқан егемен елдің баға жетпес Жер-анасы!» – деп Асекең ауылға кіреберісте сәл аялдап, жерге түсіп, бас иді. Құшақ жая қарсы алған ағайын мен жастардың қуанышында шек жоқ. «Ассалаумағалейкум! Қош келдіңіз! Ас-аға!». Бабалар басына барып Құран оқып, тағзым еттік. Саудакентке (Байқадам) келіп, Мәдениет сарайында қойылымымызды көрсеттік. Ел-жұрты, көрермендер орындарынан тұрып, жерлесінің тәрбиелеп жатқан жігерлі шәкірттеріне қошемет көрсетіп, құрметтеуден шаршайтын емес.

Түнделетіп жолға шықтық. Келесі нысана – Шымкент қаласы. Екі кештегі төккен терден соң жайдары жылылықпен қарсы алған қонақүйге орналасып, бірер сағат тынығып, Жастар сарайында бас қостық. Өнерге ықыласы зор халықтың қарасы Жастар сарайына әзер сыйып тұр. Екі сағаттық қойылым көңілден шыққанын көрерменнің ыстық қошемет шапалағынан да аңғаруға болады. Ду шапалақ, құшақ толған гүлдер!

Алда – киелі Түркістан. Түркі халқының рухани, мәдени Астанасы! Қазақстанның халық әртісі, профессор Райымбек Сейтметов құрған театр сахнасы. Кішігірім болxadса да рухы биік өнер шаңырағы. Өнер рухы шалқып тұр!

Аталмыш театрдың табалдырығын аттап, қала әкімінің, мәдениет басқармасының, қалың көрерменнің алдындағы жауапты істі өз деңгейінде атқарғанымызға көрермен де, әкімшілік те ыстық ықыласын білдіріп, А.Әшімов ағаларына, студенттеріне қошемет көрсетіп, қол соғып шығарып салды.xa0Әрине, мұндай кездесулер студенттердің, шығармашылық өнер жолына баулып жатxadқан өнер ордасының бастамасына екі облыстың да өнерсүxadйер азаматтары қолдау білдірді. Ректорға алғысын айтты.

«Асанәлі Әшімұлы – қазақтың рухани паспортына айналған адам.xa0Кез келген қазақ Асағаңмен мақтана алады. Кез келген қазақ Асанәліге еліктейді, сондай болxadғысы келеді, бірақ бола алмайды. Неге? Себебі, Асанәлі – жалғыз, дара дарын. Енді тағы бір Асанәлі тууы, болуы үшін бәлкім 100 жыл, иә, 1000 жыл керек болар» – деп «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай айтпақшы, тұлғалардың тұғырының биік әлде аласа екенін халықтық ықылас білдірген рухани сыйластық құрметін білу, сезіну, мақтануын ел арасында сезінеді екенсің. Түнделетіп Алматыға, академияға тарттық. Ұйқы жоқ. Әр шәкірт, әр ұстаз терең ой мен толғаныс үстінде келеді. Ол болашақ сахна алаңына қадам басқандағы жауапкершілік пен кәсіби біліктілік мектебіндегі шыңдалу жолы…

Музыканың тылсым тілінің табиғатын қазақ еліне әсем әрлеп жеткізген КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ғазиза Жұбанова: «Юлий Цезарь» қойылымында Асанәлі Әшімовтің өнері бір төбе.xa0Мен бұл спектакльді бірнеше рет көрдім. Көрген сайын сахна өнерінің құдіретін бұрынғыдан да тереңірек сезіне түскендеймін. Ол үшін Асанәлінің актерлік дарынына таңдана да сүйсіне отырып, шексіз алғысымды білдіремін. Енді Асанәлідей Цезарь тумайды» десе, «сіз (А.Әшімов) ұлы актерсіз. Мен үш ұлы әртісті білемін. Олар осы рөлді (Юлий Цезарь) ойнағандар – Симонов (Петербург), Царев (Мәскеу) және үшіншісі сіз – Асанәлі Әшімов» – деген екен режиссер, КСРО халық әртісі, профессор Марк Захаров.

Иә, дара тұлғаға деген халқының, көрерменнің сүйіспеншілігі мен ықыласы бір бөлек болса, кәсіби мамандардың тұлға еңбегіне берген бағасының өзі бір төбе.xa0Ал, біздің студенттеріміздің арасынан да дара тұлға есімдердің ізін басып, қазағымның өнерін өрге сүйрер тау тұлғалы, өр мінезді, нәзік сезімді дархан дарын иелері шығарына нық сенемін.

Аман Құлбаев

Егемен Қазақстан. – 2017. – 4 сәуір


xa0
xa0

Батырлар бейнесіне жан бітірген — Қ. Мұратаев

Батырлар бейнесіне жан бітірген — Қ. Мұратаев

xa0Жуалылықxa0суретшіxa0Қанатxa0Мұратаевтыңxa0өзxa0мәнеріxa0бар

Талант ешқашан тасада қалмайды. Әсіресе, ел ішіндегі ерекше өнер иелері көпшіліктің көзайымына айналған дүниелер тудырып қана қоймай, өз шеберліктерін үнемі шыңдап отырса, олардың алар асулары да, бағындырар белестері де жетерлік. Өйткені, талантты танытатын да, тың дүниелер тудыртатын да табандылық. Талмай еңбектенгенде ғана бояуы қанық туындылар өмірге келмек. Тұла бойына біткен өз өнерімен тамаша дүниелерді көпшілік назарына ұсынсам деп жүрген өнерпаздың бірі – Қанат Мұратаев.

Қанат – Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылының тумасы. Ол бала кезінен суретшілікке жаны жақын болып, қиялынан туған дүниелерді

қылқалам арқылы қағаз бетіне түсіре береді. Сәт санап осы өнерге деген қызығушылығы артып, балаң шағында-ақ есейгенде суретші болуды армандайды. Содан шығар, ол мектепті бітіре салысымен сол кездегі ел астанасы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түседі. Алайда, белгілі себептермен бозбала Қанат оқуын аяқтай алмайды. Кейіннен Тараз педагогикалық институтында көркемсурет мамандығы бойынша білім алады. Содан бері өзі туған аудандағы №1 балалар өнер мектебінде ұстаз болып қызмет атқарып келеді.

Отбасы-ошақxa0қасыныңxa0қым-қуытxa0тіршілігімен,xa0жұмыстыңxa0жүгіxa0ауырxa0жауапкершілігіненxa0қолыxa0босамайтынxa0Қанаттыңxa0бірxa0кездеріxa0суретшілікxa0өнерденxa0әлдеқайдаxa0алысқаxa0ұзапxa0кеткеніxa0деxa0жасырынxa0емес.xa0Десек те, талант тасада тұншығып жатпайтыны сияқты, ол қолы қалт еткенде қылқаламын жанына серік етіп, ақ қағазға сырын ақтаруды әдетіне айналдырады. Күндіз-түні кірпік қақпай, шығармашылықпен айналысуға уақыты болмаса да, бос кезін тиімді пайдалануды жөн деп білетін Қанекең ауылда жатып-ақ әдемі суреттер салып жүр. Бейнелеу өнеріне деген бейімділігі оның әрбір картинасынан қылаң беріп тұрады. Бұны біз Қанаттың қолымызға тиген бірнеше шығармасынан аңғара алдық. Оның картиналарынан аңқып тұрған қазақилықтың жұпарымен кең тыныстап, бояу арқылы берілген ұлттық болмысымыздың парығын пайымдай аласыз.

«Шеберхана… ауасы – ауыр, түнек дем,

Суретші отыр өз ойынан дір еткен.

Бір суретті көшіре алмай қағазға,

Не онысын өшіре алмай жүректен», – деп ақын жырлағандай, суретшінің де өз-өзімен қалып, қиялынан туындаған дүниелерге өзінше тың өрнек беріп, жансыздыққа жан бітіруге тырысатын сәттері аз емес. Қанат көбіне орта ғасырдағы қазақ батырларының, яғни эпостық жыр кейіпкерлерінің бейнесін өз таным-таразысы бойынша сомдауды жаны сүйеді. Сондықтан оның картиналарынан көбіне алып денелі, сом тұлғалы, сауыт-сайманын, бес қаруын асынған қазақ батырларының кейпін аңғарасыз. Ол өзі бұл туралы былай дейді:

–xa0Біздіңxa0балаxa0кезімізxa0КСРОxa0кезеңіндеxa0өттіxa0ғой.xa0Сол кішкентай шағымда орыстың әдеби кітаптары қолыма көп тиетін. Сонда, солардың қару асынған, атойлап, ұрандап бара жатқан батырларының бейнесін жиі кездестіретінмін. Қызығатынмын. Бірақ, неге қазақтың осындай батырларының суреттері кітаптардан көп кездеспейді деп қайран қалатынмын. Содан өзіме мақсат қойып, ертеректе ел, жер үшін жауға қарсы шайқасып, сүйем қарыс жер үшін жанын қиған қазақ батырларының бейнесін салуға тырыстым. Оларды бейнелей отырып, өзім де рухтанып, тарихқа көз тастап, өткеннен өнеге, ұлағат іздеуге талпындым. Шығармаларым арқылы көрушілерге де сондай ой тастай білсем дедім. Басында суретті қарындашпен салып жүрсем, кейіннен майлы бояумен салуға әуестендім, – дейді Қанат Жарасұлы.

Суретшініңxa0бірxa0ерекшелігіxa0–xa0әдеміxa0өнерxa0тудырамxa0депxa0күндіз-түніxa0шеберханадаxa0отырыпxa0алып,xa0жанынxa0қинамайды.xa0Ол шабыты келгенде, ойында жүріп әбден пісіп жетілген дүниені қағазға түсіреді. Осыдан болар, Қанаттың күні кешеге дейін салған шығармасының жалпы саны – қырыққа жуық. Болашақта ой түкпірінде жүрген шығармаларды дүниеге әкеліп, картиналар санын арттырып, жеке сурет көрмесін өткізуді армандайды.

Шеберханадаxa0қамалыпxa0отырмасаxa0да,xa0суретшініңxa0санасыxa0сарсаңғаxa0түсіп,xa0жүрегіxa0ешқашанxa0байызxa0таппайxa0жүреді.xa0Ол өзін кәсіби суретші деп санамағанымен, табиғи таланты оны бұл өнермен тамырлас, өзектес екенін көрсетіп тұр. Үнемі ізденіс үстінде жүретін оның «Тамыр», «Жекпе-жек» «Кенесары хан», «Аңыз батыр», «Бүркітші», «Көкпар», «Көшпенділер» секілді көптеген картиналары майлы бояумен берілген ұлттық болмысымызбен ұштасып жатқандай. Атап айтар болсақ, «Тамыр», «Мерген» және «Көшпенділер» картинасында ежелгі қазақ даласын мекендеген сақ пен ғұн, түркі тайпаларының болмысы кереметтей көрініс тапқан. Шығарманың шынайылығы сол – суретке қарап отырып, сол дәуірдің әсерлі сәтін сезіне аласың. Ал «Аңыз батыр» картинасында данқты қолбасшы, баһадүр Баукеңнің өзі тірісінде талай мінген ақ боз аттың үстіндегі бейнесі анық та айшықты түрде сомдалған. Бұл шығармасы жерлес батырдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңындағы суретшілер байқауында жеңімпаз деп танылып, бүгінде аудандағы батыр музейінің төрінде ілулі тұр. Суретшінің «Кенесары хан» картинасы өткен жылы аталып өткен Қазақ хандығының 550 жылдық тарихи тойында көрмеден орын алып, той қонақтарының ықыласына бөленіпті. Айта кетейік, жуалылық суретші жоғарыда айтылған бір топ шығармасымен жуырда Шымкент қаласында өтетін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көрме-байқауға қатысып, бағын сынап көрмекші. Қылқалам арқылы қазақ батырларының, халқымыздың ұлттық болмысын бейнелеп жүрген суретшіге сәттілік серік болсын деп тілейміз.

Қанатxa0Мұратаевxa0–xa0бүгіндеxa0жұбайыxa0Розаxa0екеуіxa01xa0ұл, 3xa0қызxa0тәрбиелепxa0өсірген,xa0ардақтыxa0әке,xa0аяулыxa0жар.xa0Үлкен қызы Мадина әке жолын қуып, суретшілік қырын байқатып, бүгінде Чехия астанасы Прага қаласында сәулет құрылысы мамандығы бойынша білім алуда. Ал ұлы Исламбек өз саласы бойынша қызмет етіп жүрсе, екінші қызы Камила биыл мектепті Алтын белгіге аяқтап, арманға қанат қақты. Кіші қызы Амина осы оқу жылында тоғызыншы сыныпқа көшкен.

Жанғазыxa0АХМЕТ,
Жуалыxa0ауданы.

Ақ жол. — 2016. — 4 тамыз. — 4 б.


xa0
xa0

Суретшілер отбасы

Суретшілер отбасы

xa0 xa0 xa0 xa0 xa0Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында суретші Қойшыбай Төремұратов және ұлдары Бауыржан мен Пердеғалидің «Жер жәннаты – Жуалы» атты шығармашылық көрмесі ашылды.xa0

Рухани жаңғыру аясында ұйымдастырылған көрмеде суретшілердің майлы бояумен салған туындыларының 60- қа жуығы көрермен назарына ұсынылды. Олардың қатарында портрет, пейзаж, жи- вопись, натюрморт, тарихи тақырыптағы картиналар бар. Көрменің ашылуында облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнұр Ембердиева қылқалам шеберлерін құттықтап, сәттілік тіледі.

– Бейнелеу өнері – сан ғасырлар өтсе де өзінің мәні мен мағынасын ешқашан жоғалтпайтын шынайы құндылықтардың бірі.xa0Сондықтан бүгінгі көрмеде Қойшыбай ағамыз бен ұлдарының ұсынып отырған қайталанбас жұмыстары уақыт көшінен қалмай, мәңгі өшпес құндылықтар ретінде сақталады, – деді Гүлнұр Бақытқызы. Осы орайда, Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары Нәзипа Тұранқызы көрмені ұйымдастыруда кәсіби қолдау көрсеткені үшін облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымына Алғыс хат табыстап, ықылас танытты.

Жалпы Қойшыбай Тәжімұратұлы бала кезінен сурет салуға ерекше қызығыпты. 2004 жылы Қарақалпақстаннан тарихи Отаны Қазақстанға қоныс аударған суретші бүгінде Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығындағы «Жуалы» халық театрында қоюшы суретші болып қызмет етеді.xa0Бірнеше байқауларға қатысып, түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталған қылқалам шебері көптеген кітаптарға суреттер салып, мұқабасын безендіріп жүр. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Қойшыбай Төремұратовтың 2012 жылы «Өмір – ұстаз» атты өлеңдер жинағы жарыққа шыққан. Сондай-ақ ол ұлдарымен бірге ағаштан түрлі мүсіндер жасай- тын қолөнер шебері. Әкелі-балалы Төремұратовтар өздері қызмет ететін «Жуалы», «Мыңбұлақ» халықтық театрларының түрлі қойылымдарының реквизиттерін жасайды. Театр қойылымдарына арнап жасалған киіз үйдің шаңырақ, кереге, уықтары, батырлардың сауыт-саймандары, хандардың тақтарының фотосуреттері де көрмеден табылды. Әке жолын жалғаған Қойшыбай Төремұратовтың үлкен ұлы Бауыржан пейзаж («Қыс көрінісі», «Гүлдер», «Аула», т.б.), ал кіші ұлы Пердеғали тарихи тақырыпта («Қорқыт ата», «Хан Абылай», т.б.) сурет салғанды ұнатады екен. Өнерлерін жан-жақты шыңдап жүрген суретшілер отбасының әрбір туындысынан туған жерге, өлкеге деген сүйіспеншілік байқалады.

– Жуалы – айналасын Алатау мен Қаратау қоршаған, ауа райы өзгеше, қасиетті де киелі өңір.xa0Жер жәннаты аталған оның ішіне бүгіп жатқан сыры көп. Жуалының тамаша табиғатына арнап «Жуалы атырабы» атты картинаны салдым. Сондай-ақ туындыларымның ішінде өзім ерекше санайтын ол – «Батыр Бауыржан» картинасы. Жуалы – Бауыржан атамыздың қасиетті ұшқан ұясы. Сондықтан біртуар тұлғаның картинасын салу – мен үшін бақыт, – дейді суретші.

Айдана Нұрман

xa0 Жамбыл — Тараз. — 2017. — 20 қыркүйекxa0